Жаңалықтар

«ӘЛИЯМЕН» ӘЙГIЛI БОЛҒАН БӘЙТЕРЕКОВ

ашық дереккөзі

«ӘЛИЯМЕН» ӘЙГIЛI БОЛҒАН БӘЙТЕРЕКОВ

Бәйтереков туралы әңгiме айтыла бастағанда, ең әуелi оқырманның есiне “Жан досым” мен “Әлияның” түсерi хақ. Қазақстанның халық әртiсi, қазақтың әншi қызы Роза Рымбаеваның атын әлемге асқақтатқан “Әлия” болса, қалың жұртшылыққа Сейдолла Бәйтереков есiмiн танытқан да — “Әлия”.

“Әлия қазақтың батыр қызы. Қаршадай ғана қазақ қызының сол ерлiгiн әлемге танытып, атын мәңгi халық жадында қалдыру үшiн осындай ән қажет болды. Бұл ән емес, жоқтау ғой” деген екен композитордың өзi “Әлия” турасында.

Композиторды ән әлемiне алып келген де өнерге деген құштарлық болса керек. Тiптi Мәскеуде, одан кейiн Оралда оқуға түссе де, оған қарамастан, есiл-дертi музыка болған жан соңыра Шымкенттегi музыка колледжiнен бiр-ақ шығыпты. Бауырларының көбiнiң Кентаудағы шахтада өткен, ата-бабасында жоқ өнердi кәсiп еткен Сейдолланың балалық шағы туралы туған ағасы Әбиболла Бәйтерековтың естелiгiнен бiлдiк.

“Сейдолла отбасымызда бесiншi ұл. Алдында төрт ағасы бар. Сейдолла маған жақындау болып өстi. Жақындау болғанда еншiлес iнiм едi. Қай тiрлiгiн де менiмен ақылдасып отыратындығы да сондықтан.

Бойында құдай берген дарыны барын өзi бiледi екен ғой. Оны жер көкке сиғызбай онда, мұнда да байыз тапқызбай, ақыры консерваториядан бiр-ақ шығарған — сол бойындағы дарынның қуаты. Тұла бойын баурап алған әуен “Әлия” болып бiр-ақ шықты. “Әлияның” халық сүйiп тыңдайтын керемет ән болғандығы сол ұзақ толғаныстың нәтижесi шығар. Қазақ “басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды” дегенде осындай үлкен толғаныс үстiнде жүрген жанкештi де ойкештi адамды айтатын шығар. Мен “Әлия” әнi бiр күнде жазыла салды деп ойламаймын. Сейдолланың iшкi толғанысы Мәскеуде жүрген кезде де, одан Оралға барғанда да бiр басылмағандығына өзiм куәмiн. Iнiмнiң сол iшкi бұлқынысына өзiм тосқауыл болмай, қалаған мамандығына қол жеткiзуiне мүмкiндiк жасап, уақтылы кеңес бере алғаныма шүкiршiлiк етемiн. Болмаса халық сүйiп тыңдайтын Сейдолланың әндерi туар ма едi, тумас па едi, кiм бiлсiн?!

Егер ол өмiрден ерте кетпегенде, нағыз айтулы әндерiн, үлкен, ауқымды дүниелерiн ендi беретiнiн Сейдолланы бiлетiндердiң ешқайсысы да жоққа шығармайды. Оның шығармашылық тұлғасы қалыптасып, кемерiне келiп, толыса бастағандығын мен де сезетiнмiн. Ол кейiнгi жылдары өзiн баяғы “Әлияны” жазар кездегiдей күрделi әуен баурай бастағандығын айтып қалып едi. Бойында жңа бiр ерекше жұмбақ күш бар екендiгiн өзi де жақсы бiлетiн. Өнер жолын таңдауы да сондықтан болса керек. Сол өнер оның атын халыққа танытты, сол өнер оны даңққа бөледi. Алайда ол ешқашан масаттанып асып тасқан емес. Құдай берген мiнезiнен өзгермей, мен бiлетiн бала кездегi қыздай сызылған қалпынан бiр де айнымай өмiрден әдемi қалпында өттi. Ешкiмнiң ала жiбiн аттаған емес. Тiптi бiреудiң көңiлiне келер ауыр сөз айтпайтын. Ешкiмге ренжiп, кiнә артпайтын. Аты шығып, жұрттың бәрi қошеметтеп жатқанда да өзiне тән сабырлы қалпынан бiр сәт те айныған емес”.

Сейдолла ағаның қарапайым, салмақты болғанын iнiсi Рүстем Бәйтереков те айтады. “Қай кезде барсаңыз да көп сөйлемей, сабырлы қарсы алатын. Әңгiме айтқанды ұнатпайтын. Бiр отырысқа барса, “сөйлегеннен гөрi ән айтып берейiншi” дейдi екен. Ешқайсымызды да ренжiтпейтiн. Аға боп бiреуiмiзге дауыс көтерген емес. Бәрiн ақылмен, сабырмен айтатын.

Әскерден демалысқа келген сәтiмде маған: “Ағама жаным ашиды. Кiшкентай кезiнен өмiр бойы шахтада жұмыс iстеп, бiздi оқытты. Бүкiл денсаулығын құртты. Сен шахтаға бармашы”, — дедi. “Неге, аға?” десем, “Сенiң әкең, менiң ағаларым бәрi де өмiрлерiн шахтада өткiзiп келедi. Шахтаның жұмысын iстеймiн деп қаншама денсаулығын құртты. Олар шахтадан басқа не көрдi?” дедi. Расында да, менiң әкем де, әкемнiң ағалары да, iнiсi Бекдiлданың да өмiрi шахтада өттi. Туған iнiсi Бекдiлда 33 жасында шахтада қайтыс болды. Сәйкестiк пе, әлде Алла тағаланың құдiретi ме, Сейдолла аға да, iнiсi де бiр күнде 23 мамырда өмiрден өтiптi. Iнiсi отыз үш жасында, Сейдолла аға елу үш жасында…

Өмiрден өтерiнiң алдында Алматының төрiнде шығармашылық кешiн өткiзген. Сол кештен кейiн екi үш күннен соң ауруханаға түсiп қалыпты. Кеш өткiзiп жатқан кезде мини инфаркт алған екен. Оны ешкiмге айтпапты. Содан көп ұзаған жоқ. Жүректен кеттi ғой. Тiрi болғанда мүмкiн одан мықты дүниелердi тудырар ма едi, кiм бiлсiн?!”.

Композитордың көзiн көрген өнер адамдарының көбi Бәйтереков мықтылығы оның классикалық дүниелерiнде, оркестрге, хорға арналып жазылған дүниелерiнде жатқандығын айтады. Өмiрден озарының алдында Сейдолла аға өзiне арнап реквием жазыпты. Ол кiсiнiң реквием жазғанын қасында бiрге жүрген досы Төлеубек Әлпиев бiрiншi тыңдаған екен.

“…Иә, Сейдолла өзiнiң өмiрден озатынын бiлдi. Соған iштей дайындалған да сияқты. Ол өзi кейiнгi жылдары ән шығарумен қатар симфониялық оркестрге, хорға лайықталған күрделi шығармалар жазуға да ден қоя бастады. Тағы бiрде жол түсiп Сейдолланың үйiне бардым. Сонда ол маған өзiнiң жаңадан жазған шығармасын орындап бердi. Шығарма орындала басталған сәтте-ақ бiрден түсндiм. Ол реквием болатын. Кәдiмгi жаназа. Реквием жазу – бiзде жоққа тән. Рас, осыған дейiн Мұқағали Мақатаевтың реквиемi болды. Ол өлеңмен жазылса, мынау әуез. Тағы да қалай жазылған десейшi! Төбе құйқам шымырлап кеттi. Сейдолланың өзi де көзiне жас алып отыр екен. Ойнап бiттi. Көзi жасаураған қалпы маған: “Менi соңғы сапарға шығарып саларда осы реквиемдi қоясыңдар” дедi. Сосын “Қалай екен?” деп менiң пiкiрiмдi сұрады. “Керемет!” дедiм. Шынында да керемет. Жақсы дүниенi “керемет” демегенде не деймiн. Сол реквиемдi тыңдаған сәтте де, Сейдолланың өзi әлгiндей әңгiме айтқанда да ол реквиемдi өзiне арналып жазылған жаназа деп мүлде ойлағаным жоқ. Кейiн бағамдасам, Сейдолла оны шын мәнiнде өзiне арнап жазған екен. Бәлкiм, жүрегi жиi ауыра бастады ма, түс көрдi ме екен, бiлмедiм, әйтеуiр дүниеден ерте кететiнiн бiлгенi анық”, – деп жазыпты композитор туралы естелiктер кiтабында Төлеубек Әлпиев.

Ләззат АХАНОВА-БӘЙТЕРЕКОВА:

“СЕЙДОЛЛАҒА ТӘН АҚСҮЙЕКТIК — ОҒАН ДЕГЕН АЛЛАНЫҢ СЫЙЫ”

Сейдолла ағаның жары Ләззат апаймен жолыққанымызда, ол кiсi еске алу кешiн өткiзем деп, дайындық жасап жүрген кезi екен. Қасында “Хабар” арнасының белгiлi журналисi Дана Нұржiгiт бар. Жуырда 18-қарашада Республика сарайында “Жан досым” атты Сейдолла Бәйтерековты еске алу кешi өтпек. Осы орайда сценарийдi жазу, сахнаны безендiру, оркестрдi дайындау сияқты, түрлi әрекеттердiң жасалатындығы тағы белгiлi. Осындай абыр-сабырда жүрсе де, Ләззат апай Сейдолла аға туралы әңгiмелеп беруден қашпады.

– Сейдолла ағамен алғаш танысқан кезiңiз есiңiзде ме?

– Политехникалық институтта оқитын кезiм. Институттың “Как много девушек хороших” ансамбiлiнде солист болып, ән айтам. Бұл 1982 жылдың күзi едi. Бiздiң басшылар менi Бәйтерековке бар деп жұмсады. Ол менiң дауысыма лайықтап ән жазса, мен оны ансамбльмен Мәскеуге барған өнер сайысында орындауым керек болатын. Сейдолла ол кезде Алматыдағы музыкалық ансамбльдер бiрлестiгiнiң директоры екен. Менiң жасым он тоғыздағы кез. Кабинетке кiргенiмде Сейдолла қолымен үстөлдi тiреп, орнынан көтерiле бердi. Маған сол секунд ұзаққа созылғандай көрiндi. Шынымды айтсам, мен оның алдында ешқандай ән айта алмадым. Даусым бiтiп қалғандай, бiртүрлi болып кеттiм. Ол да аузына сөз түспей, қобалжып тұрды. Ең бастысы, сол жолы Сейдолла маған арнап ән жазған жоқ. Мен де Мәскеуге бара алмадым. Кейiн бiлсем, Сейдолла әдейi жазбаған екен ғой. Менi әртiстiк өмiрге жолатқысы келмеген шығар.

– 39 жастағы композиторға 21 жастағы қыздың тұрмысқа шыққанына ата-анаңыз қалай қарады?

– Қазақ “күйеу баласын Құдайдай сыйлаған” халық қой. Менiң әке-шешем де таңдауыма қарсы бола қойған жоқ. “Мен тұрмысқа шығам” деген кезде мүмкiн қобалжыған болар. Оның үстiне, Сейдолла елге танылып қалған композитор болғандықтан, шығармашылық саласында жүргендiктен тұрақты болмайтын шығар деп қорыққан да шығар. Кейiн Сейдолламен жақынырақ танысқаннан кейiн, баталарын бердi.

– Бәйтерековтер отбасына келiн болып түскен кезiңiзде сiздiң әжеңiз Сейдолла ағаның атасын бұрыннан танитын болып шыққан екен…

– Тарихи нәрсе ғой. Менiң атам Ахан ескiше хат таныған, ауырғандарды құран оқып үшкiрiп жазатын емшi болса керек. Жалпымен бiрге жапа шегiп, 1936 жылы құрбандыққа ұшырап, Жезқазғанда жүрген жерiнен НКВД ның адамдары ұстап әкетедi де, Түркiстанның түрмесiне қамайды. Емшектен ендi шыққан екi жасар баласын, яғни менiң әкем Мүзарафты құшақтап, әжем күйеуiнiң артынан iздеп келедi де, Ащысайдағы кен қазатын жерге жұмысшы боп орналасады. Сөйтiп жүрiп, Бәйтерек атаммен танысып, ол кiсiнiң көп жақсылығын көрген екен. Кейiн 1937 жылы түрмеден “Ахан атылып кеттi” деген қара қағазды алғасын, туған жерiне қайтадан кетiптi.

– Сейдолла аға жазған әндерiн бiрiншi сiзге тыңдататын ба едi?

– Сейдолла әндерiн көп тыңдатпайтын. Сөзге де шорқақтау едi. Орыс тiлдi жолдастары “орыс тiлiнде дұрыс сөйлей алмағандықтан, шорқақтау шығар” десе, қазақ тiлiндегiлер, қазақшаға шорқақтау болғандықтан сөйлей алмайды деп ойлайтын. Шын мәнiнде Сейдолланың iштей үнi болатын. Оның дүниесiнiң бәрi iшiнде жүретiн. Оның түрiнен-ақ музыка жазып жатқанын түсiнетiнмiн.

– Сiзге деген сезiмiн қалай жеткiздi, музыкамен бе?

– Сезiм деген сөзбен келетiн нәрсе емес қой. “Ғашықтың тiлi тiлсiз тiл” емес пе? Екеумiз танысқаннан кейiн екi жылдай араласып жүрдiк. Екi жылдай бiр-бiрiмiздi сынап жүрген шығармыз. Сынадық деп те айта алмаймын. Бiрде онымен бiрге концертке барғанымда, Сейдолланың әнi орындалды. Елдiң бәрi ықыласпен тыңдап жатыр. Сейдолла болса, 12 қатарда отырды. Бiр жағынан, ол кiсiнiң қарапайымдылығына таңдансам, екiншiден, ол кiсiнiң бағы ашылмай жүргендей көрiндi маған. Оған деген жылы сезiмiм оянды. Сол кiсiнi бақытты қылсам деген ой болды. Сол кiсiге сүйеу, демеу болғым келдi. Араласа бастағаннан кейiн көзiм жеттi. Iшкi дүниесi бай, қызық адам екен. Соңғы ауруханада жатқанында жүрегiн кардиологияға түсiрдiк. Жүрегiнде тыртықтар көп екен. Сол тыртықтардың әрқайсысы әр ән жазған кезiнде пайда болды ма деп ойладым. Әр әнi халықтың жүрегiнен орын тапқан әндер. Ол әндер оңай дүниеге келген жоқ деп ойлаймын. Әуелi әнiн бiрiншi Тасқын мен Розаға апаратын. Соңғы кездерiнде “Мен әндi қойып, үлкен симфониялық шығармалар жазсам” деп жиi айтып жүрдi. Бiрақ ол арманына жете алмады.

– Сейдолла аға өзiне реквием жазып кетiптi. Сiзге оны тыңдатты ма?

– Ол кезде мен оны олай қабылдағам жоқ. Мүмкiн, Сейдолланың Алла Тағаладан кешiрiм сұрағаны шығар. Бiз кездесiп жүрген кезiмiзден-ақ айтатын. “Мен елу үш жас өмiр сүрем” дейтiн. “Хемингуэйдiң жасына келсем болды” деушi едi. Өзiне құдай қандай қасиет бердi, соны көрсеттi, соны халқына сыйлады.

Табиғатпен сырласқанды ұнататын. Маған: “айналаңдағы дыбыстарды естiмейсiң, ешнәрсеге құлақ түрмейсiң” деп жиi ұрысатын. Мен “ненi естуiм керек” дейтiн едiм. Күнде кешкiлiк Алматы өзенiнiң маңында балаларды қыдыртып жүрiп, айналадағы табиғаттың үнiне елтiп жүретiн. Сейдолланың тағы бiр ерекшелiгi, ешкiмге ешқандай қызғанышы болмаған. Бiреу ауырып қалды десе, соны уайымдап отырушы едi.

Ол маған жер бетiне тек жақсылық жасау үшiн жiберiлген жан сияқты көрiнетiн. Содан ба екен, ол әр күндi мереке етiп өткiзуге тырысатын. Ол тумысынан бекзат едi. Бекзаттық текпiн, сүйекпен келедi дейдi ғой, оның адамға қаншалықты әсерi барын бiлмеймiн, бiлетiнiм, Сейдоллаға тән ақсүйектiк – оған деген Алланың сыйы. Болмаса қарапайым отбасынан шыққан. Тiптi үрiм бұтағында өзiнен басқа өнерге жақын жүрген де ешкiм болмаған. Сондықтан мен оның бойындағы бар асыл қасиеттi Алладан деп бiлемiн. Оны мен ғана емес, Сейдолланы бiлетiндердiң бәрi де айтады.

– Балалары әкесi туралы көп сұрай ма?

– Олар да Сейдолла сияқты iштей ойлайды. Сыртқа шығарғысы келмейдi. Сағынады әрине. Менiң көңiлiмдi аулап, көрсеткiсi келмейдi. Кейде жатып қалады. Сонысынан бiлем. Екi балама қарасам, Алла Тағала маған Сейдолланы екi бөлiп қалдырған сияқты. Жүрiс-тұрыстары, сөйлеген сөздерi, iс-қимылы, бәрi-бәрi Сейдолланы еске түсiредi.

Ләззат апай бүгiнгi өнердiң бизнеске айналғанына қапаланады. “Ән айтып, ақша тапқан да дұрыс шығар. Бiрақ шығармашылықтың құны ешбiр ақшамен өлшенбейдi ғой” деп қиналады. 18-қарашада Республика сарайында кеш өткiзем деп жанталасып жүрген Ләззат апайдың басты мақсаты – Сейдолланы тыңдарманының есiне тағы бiр рет түсiру, әндерiн қайта жаңғырту. Рухани өнердi қайта тiрiлту. Сейдолла Бәйтерековтiң танылмай қалған әндерiн таныту, халыққа жеткiзу.

Гүлзина Бектасова