БӘЙДIБЕКТЕ ТОЙ ӨТТI
БӘЙДIБЕКТЕ ТОЙ ӨТТI
Күн iлгерi ғана толассыз жаңбыр жауып, кешкiсiн түнге қарай қытымырлық танытқан ауа райы ертесiне тұп-тура ауданның 80 жылдық мерейтойы өткiзiлетiн күнi шайдай ашылып, күн шуағы күмiстей шашылып шыға келдi.
Таңертең ертелеп-ақ күй күмбiрлеп, әсем ән әуенi шарықтап жатты. Ән құдiретi қандай әсерлi десеңшi. Бiрiнен соң бiрi орындалып жатқан дәстүрлi ән әуезi мен оның әрбiр мақамы сонау бiр өткен жылдардағы оқиғаларды ерiксiз еске түсiредi.
Сонау бiр жыл. Ат соқа. Өгiз арба. Астық, көкөнiс, отын-су бәрi-бәрiн осы арбалар күндiз-түнi тасымалдаушы едi. Ауылда қой қоздап қорада шу, қырман басында қызу еңбек қайнап жататын. Осындай жан-жақты қарбалас кезеңде құрылған аудан 1928 жылдан бергi өзiнiң 80 жылдық тарихи кезеңiнде үш рет таратылып, үш рет қайта қосылған. Алғашқы кезде Шаян ауданы едi, кейiннен Алғабас болды. Ендi 1996 жылдан берi Бәйдiбек ауданы. Тарихты парақтап қарасақ аудан құрылған сол бiр алғашқы жылдарда ауданды Арықов, Канаев пен Доланов деген кiсiлер басқарыпты. Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа осы ауданнан қатысқан 8875 ер азаматтың 3031-i туған жерiне қайта оралмастан ерлiкпен қаза тапқан қара жердiң топырағына көмiлiп, сол жақта қалып қойған. Осындай қан кешкен сұрапыл соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған 102 қазақ ұлдарының екеуi Қарсыбай Спатаев пен Садық Әбдiжаппаров осы ауданның азаматы. Үлкен мақтаныш. Сондай-ақ сонау Украина жерiндегi соғыста партизандық жорықтардың алдыңғы шебiнде жанқиялық пен шеберлiк таныта бiлген жерлесiмiз Әбу Шiлiмбетов те санаулы қазақ азаматтарының бiрi болды.
Соғыс кезiнде ауданымызда 58 ұсақ колхоздар болса, олар көп ұзамай iрiлендiрiп 17 колхозға бiрiктi. Осы тұста аудандық партия комитетiн жерлесiмiз С.Серiкбаев басқарды. Сол сияқты ауданды айтарлықтай басқарып жемiстi жұмыстарға қол жеткiзе бастағандардың бiрi Ж.Жүнiсбеков болды. Сондай-ақ бiр емес, бiрнеше ауданда басшылық қызметте болған К.Қилыбаевтың есiмi де жерлестерi үшiн қашан да мақтаныш.
Сол бiр жылдардан берi аудан көрсеткiшiн қалыптастыруға үлес қоса бiлген бiрiншi басшылар Н.Ысмайылов, Н.Әжiметов, Қ.Әрiпбаев, Н.Тұрсынқұлов, О.Нұрымбетов, Е.Махатовтың iс-тәжiрибелерiн одан әрi өрiп әкетiп, орнықты жалғастыра бiлген жап-жас бiрнеше аудан әкiмдерiнiң iсi де 80 жылдық тарихқа жазылып қалды.
Ендi, мiне осылай 80 жылды артқа тастап үлгерген Бәйдiбек ауданының бүгiнгi келбетi шын мәнiнде тым ерекше, өзгеше өзгерiстерге толы. Елдiмекендердегi ауыз су мен жол мәселесi жылдан-жылға өз шешiмiн тауып отыр. Табыспен жұмыс iстейтiн серiктестiктер мен шаруа қожалықтарының қатары көбейген. Аудан орталығынан бастау алған көшелердi жарықтандыру iсi бұл күндерi алыстағы ауылдарда да жүзеге асырылу үстiнде. Қысқасы, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тiршiлiгi күннен-күнге жақсара түсiп келедi.
Аудан бюджетiнiң кiрiс бөлiгi де жылма жыл артығымен орындалуда. Мысалы, биылғы жылда 9 айлық жоспары 2 млрд. 600,1 млн. теңге болып, 100 пайызға жеткен. Iрi қара өткен жылмен салыстырғанда 2381-ге артқан болса, уақ мал саны 26 451 -ге артып, оның жалпы саны 397816 құрап отыр. Сол сияқты жылқы мен түйенiң де саны әлдеқайда көп. Ет өндiру 106, сүт пен жұмыртқа өндiру 104 пайызға өскен. Осылай, жыл өткен сайын өсу мен өркендеу. Аудан кемелдене түсу үстiнде.
Ауданның 80 жылдық мерейтойына арнайы келген облыс әкiмi Нұрғали Әшiмов ат басын бiрiншi жаңадан ашылған жастар саябағына бұрып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты, шырша отырғызды. Бұдан соң аудан орталығындағы жаңадан салынған қонақ үйiнiң ашылу салтанатына қатысып, ғимараттың лентасын қиып бердi. Екi қабатты мейманхананың әсем безендiрiлген бөлмелерiн аралап көрiп, ризашылығын бiлдiрдi. Жаңадан ғана күрделi жөндеуден өткен Шаян лицей орта мектебiнде болды. Бастан аяқ жаңарып, қайта өзгерген аудандық Мәдениет сарайының әсем де айшықты келбетiмен танысқан облыс әкiмi Н.Әшiмов осында өткiзiлген ауданның 80 жылдық мерекелiк салтанатқа қатысып, жұртшылық өкiлдерiн құттықтап, сөз сөйледi. Ауданның дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына өзiнiң Алғыс хатын табыс еттi.
Ауданның 80 жылдық мерекесiне байланысты аудан әкiмi Садық Кенжебаев баяндама жасады. Ауданға еңбек сiңiрген бiр топ кiсiге ауданның “Құрметтi азаматы” атағы берiлдi.
Аталмыш мерекеге орай кәсiпкер Эдик Бегмановтың демеушiлiгiмен өткiзiлген республикалық ақындар айтысында өз шешендiгiмен суырылып көзге түскен жас ақын Бiржан Байтуов бас жүлденi жеңiп алып, су жаңа “Жигули” автокөлiгiн қанжығасына байлап кеттi.
Осындай көңiл-күйдi көтерiңкi еткен шуақты күнi аламан бәйге ұйымдастырылып, ат спортының басқа да түрлерiнен тартысты жарыс өттi. Жамалбековтер отбасы болса әке әруағына арнап қазақша күрестен облыстық бiрiншiлiк өткiзiп, той қызығын ажарландыра түстi.
Мәдениет сарайы мен орталық саябақта күй күмбiрлеп, ән асқақтады.
Серiкбай ТҰРЖАН