“ҚАЙТҚАН МАЛДА ҚАЙЫР БАР”
“ҚАЙТҚАН МАЛДА ҚАЙЫР БАР”
Банктер игерiлмеген ақшаны керi қайтарады
Үкiмет мемлекеттiк қаржылық көмек ретiнде бөлiнген қаражатты уақытында игермеген банктерден ақшаны керi қайтарып алуға бел буды. Ал әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қазақстандық 7 банктiң көрсеткiшiн халықаралық Fitch Ratings агенттiгi “жағымсыз”- ға сырғытты.
Дүйсенбi күнi Жер шарының 17 елiнiң қаржылық ахуалын сарапқа салған Халықаралық Fitch Ratings агенттiгi қазақстандық 7 банк – БТА, Қазкоммерц, Халық, АТФ, Қазақстанның даму банкi, Астана-Финанс, ҚазАгроФинанс банктерiне тиесiлi шетелдiк валютадағы эмитенттер дефолтының ұзақмерзiмдiк рейтингiн “ВВВ” деңгейiнен “ВВВ-” (“ВВВ минус”), ал, ұлттық валютадағы ұзақмерзiмдiк эмитенттiң дефолттық рейтингiн “ВВВ+”-дан “ВВВ”-ға дейiн төмендеттi. Халықаралық сарапшылар қазақстандық банктер көрсеткiшiнiң “тұрақтыдан” “жағымсыз”-ға сырғуын әлемдiк экономиканың тығырыққа тiрелуi мен халықаралық нарықтағы шикiзат бағасының арзандауымен тiкелей байланыстырады. Сонымен қатар қор нарығы мен қаржы алаңына бағытталатын ақша ағынының бәсең таруы дамушы елдердi әлсiреткенiн, соған қарамастан, аталған мемлекеттердiң кез келген ауыртпалыққа төзуге қауқарлы екендiгiн айтады. Өйткенi, өткен қаржылық дағдарыстардан сабақ алған халықаралық қаржылық қауымдастық, АҚШ Федералдық қор жүйесi, Еуропалық Орталық банк, Халықаралық қаржы қоры тарапынан дер кезiнде қабылданған шаралар нәтижесiнде, әлемдiк экономикаға төнген қауiп тойтарылды.Fitch Ratings сарапшыларының пiкiрiнше, 2007 жылдың жазында басталған қаржылық дағдарыс 1980 және 1990 жылдардың алғашқы жартысындағы дағдарыстай ұзақ әрi ауыр болмақ. Дүниежүзiлiк нарық қалпына келтiрiлiгеннен кейiн де дамушы елдер мардымсыз инвестицияны қанағат тұтып, “көрпелерiне қарай көсiлуге”, қолдағы қаржы қорының көлемiн өз күштерiмен арттыруға мәжбүр болмақ. Агенттiктiң дербес эмитенттер жөнiндегi сараптық тобының басшысы Дэвид Райли ғаламдық экономикалық және қаржылық болжамның түбегейлi өзгерiске ұшырауы дамушы елдердегi экономиканың нақты салалары мен саяси шешiмдердiң қиындыққа тап болғанын бiлдiредi дейдi. Сөз жоқ, дүниежүзiлiк экономикалық және қаржылық дағдарыс банктердiң қаржылық құрылымдардан тартатын несиелiк белсендiлiгiне кесiрiн тигiздi. Оны Fitch Ratings агенттiгiнiң сарапшылары да жоққа шығармайды: “Несиелiк қабiлеттiлiкке керi әсер ететiн қаржылық қиындықтар қаупi ұлғайды. Аталған қауiптердiң бiздiң агенттiк жариялаған рейтингтiк көрсеткiштерге ықпал еткенi анық” (Дэвид Райли).
Елдегi экономикалық, әлеуметтiк, тiптi, саяси шиеленiске әкеп соғатын қаражат тапшылығымен күресте қазақ билiгi де қаражаяу емес. Жуырда Үкiмет экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 15 млрд. доллар бөлуге шешiм қабылдады. Оның 5 млрд. долларына Министрлер кабинетi Альянс банкi, Халық банкi, Қазкоммерц пен ТұранӘлем банктерiнiң 25 пайыздық акциясын сатып алуға ұсыныс жасаған. Билiк банктердiң жарғылық капиталына, басқару тетiгiне араласпауға уәде бергеннен кейiн ғана ұсынысты 4 банк бiрауыздан қабыл алды. Үкiмет пен отандық екiншi деңгейлi төрт банк басшылығының арасындағы келiсiмге сәйкес, Халық банкiне – 500 млн. доллар, Альянс банкiне – 370 млн. доллар, Қазкоммерц банкiне – 300 млн. доллар, ТұранӘлем банкiне 2,3 млн. доллар көлемiнде қаржы бөлiнетiн болды. Банктерге тиесiлi 25 пайыздық акцияның құны нарықтық баға бойынша анықталмақ. Мәсiмовтiң мәлiмдеуiнше, ағылшындық Kredit Svis пен америкалық JP Morgan банктерi ҚР Үкiметi мен Ұлттық “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының банктердi капиталдандыру мәселелерi жөнiндегi кеңесшiсi болып табылады.
Тағы бiр маңызды жайт, ҚР Үкiметi 2007 жылдың соңына қарай отандық жекеменшiк банктерге елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу үшiн 122 млрд. теңге көлемiнде қаржы бөлген болатын. Ел экономикасының басты тiреуi болып табылатын шағын және орта кәсiпкерлiктiң жұмыссыздықпен күрес, халықтың әлеуметтiк ахуалын жақсарту, iшкi саясат, ұлттық қауiпсiздiк пен мемлекеттiк тұтастыққа тигiзетiн ықпалы зор. Сондықтан бiздiң билiктiң мемлекеттiк бюджеттен қомақты сома бөлуi тегiн емес. Өкiнiшке қарай, арада жылға жуық уақыт өтсе де, банктердiң басым бөлiгi сол қомақты соманың 50 пайызын да игерiп үлгермептi. Ақшаны қалтаға басып алып, бейқам жүрген кейбiр жекеменшiк банктердi өткен аптада Премьер мен вице-премьер қатаң сынға алды. 2008 жылдың 10 қарашасында Ұлттық “СамұрықҚазына” әл-ауқат қорының жетекшiсi Қайрат Келiмбетов үстiмiздегi жылдың 1 желтоқсанына дейiн қаражатты игермеген банктерден ақшаның керi қайтарылатынын, түскен сома басқа қаржылық құрылымдарға таратылып берiлетiнiн мәлiмдедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ