Жаңалықтар

«МӘДЕНИ МҰРА» ЗЕРТТЕУЛЕРI ОҚУЛЫҚТАРҒА ЕНГIЗIЛЕДI

ашық дереккөзі

«МӘДЕНИ МҰРА» ЗЕРТТЕУЛЕРI ОҚУЛЫҚТАРҒА ЕНГIЗIЛЕДI

Өткен аптадағы Үкiмет отырысында “Мәдени мұра” бағдарламасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданған болатын. Жаңа қарқынмен дамитын бағдарлама аясында жүргiзiлген ғылыми-археологиялық зерттеулер қорытындысы орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгiзiлетiнi жайында да бiраз сөз болған.

Iле-шала Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнде “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жаңадан ғылыми айналымға енген тарихи-мәдени деректердi орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгiзудiң ғылыми-әдiстемелiк жолдарын жүйелеуге арналған “Рухани-ғылыми мұра” тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өттi.

— Негiзгi мақсат — “Мәдени мұра” бағдарламасының iшiндегi ғылыми мұраларымызды жоғары оқу орындары мен мектептердегi төл оқулықтар мен оқу бағдарламаларына кiргiзу және осы жолда не iстеу керектiгiмiздi айқындап алу. Жалпы, аталған бағдарламаларда философия, тiл, әдебиет, археология, тарих саласында көптеген дерек жинақталды. Ендi соны кешендi түрде зерттеп, ғылыми-көпшiлiк сериялармен халқымызға жеткiзу, шет тiлдерiне аударып әлемге тарату секiлдi ауқымды жұмыстар тұр, – дедi. Конференцияның өткiзiлу мақсатын атап өткен Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев қазiрдiң өзiнде археология, шығыстану, тарих, әдебиет салаларындағы бiрқатар зерттеулер нәтижелерi 5-7 сынып оқулықтарына енгiзiлгенiн де айтты. Сондай-ақ, рухани мұрамызды шетелге таныту мақсатында ғылыми-зерттеу еңбектерi ағылшын тiлiне де аударылып жатыр екен. Жалпы конференцияға министрлiк өкiлдерi және институттар қызметкерлерi қатысты.

Конференцияға қатысушылар мен қонақтар “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жарыққа шыққан оқу басылымдары мен басылым серияларының көрмесiн тамашалай алды. Ал “Идеялар клубында” ғалымдардың идеялары мен тұжырымдамалары талқыланды. Сонымен қатар, “Мәдени мұра” бағдарламасына еңбегi сiңген институттардың белсендi қызметкерлерi мақтау қағаздары, арнайы дипломдармен марапатталды.

Әйгерiм ДОСЫМОВА