Жаңалықтар

АРМАН ЖЕТПIСБАЕВТЫҢ ТIРЛIГI ЖЕТIСIП ТҰРҒАН ЖОҚ

ашық дереккөзі

АРМАН ЖЕТПIСБАЕВТЫҢ ТIРЛIГI ЖЕТIСIП ТҰРҒАН ЖОҚ

Шенеунiктер Шымкенттiң шырайын келтiргенше…

Уәденi үйiп-төгiп беретiн Арман Жетпiсбаевтың Шымкенттегi тiрлiгi жетiсiп тұрған жоқ. Бар қиыншылықтардың барлығын әлемдiк дағдарысқа сiлтеп, қала бюджетiнiң жетiспеушiлiгiне қарап, ботадай боздай бергенмен Шымкент қаласының экономикасы өркендеп кетпейтiнi шындық. О баста жоспарланған бюджеттiң кiрiс бөлiгiнiң бүйрегi ешбiр бұлтимайтын болды. Бiр рет 6 млрд.-қа, бiр рет 4 миллиардқа қысқартуға ұшырады. Қаншама игiлiктi бағдарламалардың күлi көкке ұшты. Салық пен жер сату, басқа да түсiм көздерi мүлдем азайған. Осының кесiрiнен көптеген тiрлiктер тоқтап, аяққа тұсау түстi.

Жергiлiктi кейбiр басылымдар Арман Жетпiсбаевты сыбайлас жемқорлыққа жол бердi деп улап-шулап жатыр. Ол не шу екенiн жариялыққа шыққанда бiлермiз.

“Таз таранғанша той тарқайды” дегендей Шымкентте билiктегiлер көрiктендiру мен гүлдендiрудi сылтау етiп, жол жиегiндегi бордюрлер мен жолдарды талқандауын тоқтатар емес. Осындай жағдай соңғы екi-үш жылда жиi қайталанып келедi. Қала басшылығында отырған әкiмдердiң бұдан басқа жұмысы құрып қалған ба дерсiң. Себебi, жоспарсыз басталған тiрлiктiң сиқы осындай болады. Жолды қайта жөндеп, бордюрлердi ауыстыра беру қаржы жағынан тиiмсiз. Ал, “ақылды” әкiмдерге не болғанын түсiнбейсiң. Шымкентте идеология жұмысы тәп-тәуiр болғанымен, оларға жетiмдi қаржы бөлiп, қолдап жатқан қала әкiмi жоқ.

Осыдан бiраз жыл бұрын Шымкентте бiраз тiршiлiктер атқарылды. Шымкенттiң шырайы кiрiп, шынында халықтың әңгiмесi басқа болып қалған едi. Сол кезде сапалы жолдар салынып, гүлдендiру мен көрiктендiру iсi бiр жолға қойылғандай болған.

Дегенмен бiз қала халқы “мүйiз сұраймыз деп құлақтан айырылатын түрiмiз бар”. Өйткенi, сол кезде сапалы деп салынған жолдар тас-талқаны шығып, бұзылып жатыр. Және жылу жүйесiне байланысты қала орталығындағы бүтiн жолдардың өзi бұзылып, жарамсыз күйге айналды. “Қала бюджетiнiң өзi жыртыққа жамау болмай тұрғанда бұл не жомарттық?” дерсiз.

Жыл сайын Шымкент көшелерiн қайта-қайта талқандау арқылы мемлекеттiң миллиондаған қаржысын желге ұшыру қала билiгiнде отырғандардың мақсатына айналғандай. Шымкенттiң шырайын келтiремiз деп бүтiн нәрсенi талқандай бергеннен не шығады.

Мәселен Шымкенттiң Бәйдiбек көшесiндегi жағдайды көрсең жылағың келедi. Өткен жылы бұл жерге арша ағаштары отырғызылып едi, бүгiнде оның көбiсi жоқ. Осы жерде ағаштар мен гүлдердi суғаруға арнайы құбырлар жүргiзiлген. Бүгiнде мұның бәрi көзден бұл-бұл ұшты. Қалаға кiре берiс тұста автожуғыш орындары салынған едi. Оның бүгiнде бiр де бiреуi iстемейдi. Сол көгалдандырылатын жерлерге тас төселiп, плита қойылуда. Сонда бүтiндi бүлдiру үшiн мемлекеттiң миллиондаған қаржысын құмға сiңген судай жоқ ету билiктiң ақылға қонымды iсi деп айта алмайсың.

Жолдарды жөндеу арқылы қаншама жүргiзушiлер мен жүргiншiлердiң жүйкесi жұқаратыны рас. Қыс айы жақындағанда жол жөндеу арқылы әртүрлi проблемалар туғызудың қажетi шамалы.

Рысқұлов көшесiндегi ең сапалы (гранит) тастардан қойылған бордюрлердi алып тастаудағы жағдайды түсiну қиын. Қайта қойылған бордюрлер арқылы мемлекеттiң қанша қаржысы желге ұшты.

Қалада өткен жылдары көрiктендiру мен көгалдандыру үшiн жүргiзiлген құбырлардың көбiсi iстен шыққан. Оған басы ауырып, балтыры сыздап жатқан шенеунiк жоқ.

Осы жағдайдың бәрiн мұқият тексерiп, мемлекеттiң қаржысын талан-таражға түсiрмеу мақсатында билiктегi жауапты адамдардың жауапкершiлiгiне қарайтын күн туар деп ойлаймыз.

Биылғы жылы Шымкент қаласының қысқа дайындығы мәз емес. “2008-2009 ж.ж. жылыту мерзiмiнiң басталуы туралы” қала әкiмiнiң өкiмiнде: “Сыртқы ауа температурасының жылыту мерзiмiнiң бастапқы кезiндегi тиiстi шекке дейiн төменделуiне байланысты, Шымкент қаласының бiлiм беру бөлiмiнiң 2008 жылғы 29 қазандағы №1-7/2975 және әл-Фараби, Еңбекшi аудандары санитарлы-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларының №17Р-15-7-2334, №17Р/7-1-86497 хаттары негiзiнде:

“Шымкент қаласындағы орталық жылу көздерi үшiн 2008 жылдың 29 қазанынан бастап 2008-2009 ж.ж. жылыту маусымы басталды деп жариялансын!” делiнген. Сонда жоғарыдағы мекемелер әкiмге хат жазбаса қалаға жылу берiлмеуi керек пе? Өйткенi бар үмiт пен сенiм артқан ТЭЦ-3 жылу орталығы өзiне жүктелген мiндеттi атқара алар емес. Себебi, тұрғын үйлер мен пәтерлердiң қысқа дайындығы жөнiндегi келiсiм шартқа көз салсаңыз, Абай, әл-Фараби, Еңбекшi аудандарындағы көп пәтерлер жылусыз қалар түрi бар. ТЭЦ-3 қала тұрғындарымен келiсiмшартында 1 шаршы метр 3,86 теңге белгiленген тұсы заңды ма? Менiңше бұл заң орындары тексеретiн жағдай.

Бұл жерде қаланың жылу мәселесiне жауап беретiн штаб бастығы, қала әкiмiнiң орынбасары Қалмұрзаев жұмысты талап дәрежесiнде ұйымдастыра алмай отырғандай.

Қыс болса келiп қалды. Жауын-шашынды күндер де басталады. Қалалықтар ала жаздай ән салған шегiрткенiң күйiн кешетiн түрi бар. Айран ботқасы шыққан көшелер мен қазылған шұңқырлар жөнделе қояр ма екен?

Балтабек ТYЙЕТАЕВ