Жаңалықтар

СЫНЫҚТАН СЫЛТАУ...

ашық дереккөзі

СЫНЫҚТАН СЫЛТАУ...

Айыпталушы Бахамов соттың жабық түрде өтуiн сұрады

Газетiмiздiң №45 санында Еңбекшiқазақ ауданы, Малыбай ауылында орын алған 37 жасар Айдын Халықовтың жан түршiгерлiк өлiмiне қатысты сот процесiнiң басталғанын хабарлаған болатынбыз. Алайда, көптен күткен сот мәжiлiсiнiң алғашқы шақырылымы айыпталушылардың iс барысын орыс тiлiнде жүргiзуге байланысты өтiнiшiне қарай қысқа қайырылып, кейiнге шегерiлген-тұғын.

Сонымен, өткен апта соңында екiншi сот мәжiлiсi өттi. Айыпталушылар Бишамов пен Бахамов бiрiншi отырыс бастала салысымен, “Қазақ тiлiн бiлмеймiз” деп сылтау тапқан болса, екiншi мәжiлiсте Бахамов Руслан сот төрағасы сөз ала бере, “Қызуым көтерiлiп, ауырып отырмын” деп өзiнiң науқастанып отырғанын жеткiздi. Сот төрағасы Тiлеуқабыл Ғалиев: “Анау-мынау уәжбен сот iсiн кейiнге қалдыруға және құқым бар деп соза беруге болмайды” деген ескертудi баса айтты. Бәлкiм, олар сот процесiн кейiнге шегерудiң түрлi айласын меңгерiп алған ба, Бахамов бұл отырысқа да құр келмей тағы бiр өтiнiшiн ала келiптi. Онда ол сот процесiн жабық түрде өтуiн сұранған. Алайда, жабық сот мәжiлiсi — адам зорлау, мемлекеттiк құпия, тағы басқа жалпақ жұртқа жариялануға болмайтын iстердi қарағанда ғана өтетiнiн жiтi түсiндiрген сот төрағасы ұсыныстың негiзсiз екендiгiн, тiптi жабық өткiзуге мүмкiн еместiгiн қадап айтты.

Содан соң мемлекеттiк айыптаушы Кәрима Нұрқамытова Айдын Халықовтың өлiмiне қатысты мәлiм болған жайттарды оқып шығып, қылмыстық iстi әшкерелеу үшiн әуелi куәгерлерден, сосын жәбiрленушiлерден, соңынан сотталушылардан сұрау алу жұмысын бастауды жоспарға қойды. Бұл жолы жәбiрленушi тараптан — марқұм Айдынның ұлы Ербол Мырза, жеңгесi Гүлнәр Қожабекова және 10-сынып оқушысы Дәурен Жүнiсбеков куә ретiнде, ал зайыбы Несiпкүл Базарова мен ағасы Дәулет Халықов жәбiрленушi ретiнде көрген-бiлгендерiн сот алдында тағы бiр електен өткiздi.

Куә ретiнде шақыртылған 12 жасар Ербол Айдынұлы кәмелеттiк жасқа толмаса да, тергеу амалдарында түсiнiктеме берiп, әкесiне қатысты қылмыстық iстi ашуға септiгiн тигiзсем деп жүр. Бiр айта кетерлiгi, бұл жерде ең басты куә де осы Ербол. Сол үшiн Рафаэль Арзиев оған қастандық жасап, суға тұншықтырмақ болған. Өйткенi, Ербол 27-маусым күнi таңертең әкесiн iздеп жүрiп стадионнан ұзын-сонар созылып жатқан жолдан қан көрiп, оны айыпталушы Бишамов әйелi екеуi топырақпен көмiп жүргенiн көрген. Ерболдың сөзiн Айдынның жеңгесi Гүлнәр да қуаттап, бұл екеуiн анадай жерде көк түстi көлiктiң күтiп тұрғанын, өздерiн көре сала тұра кеп қашқанын дiрiлдей жеткiздi. Әдеттегiдей куәларға мемлекеттiк айыптаушы, сот төрағасы мен қорғаушылар сұрақ қойып, жауап алып жатты.

Еске сала кетейiк, өткен отырыста айыпталушылардың “Қазақ тiлiн түсiнгенмен, сөйлей алмаймыз” деген өтiнiшi қанағаттандырылып, бұл жолғы iс барысына аудармашы да тартылған едi. Бiрақ та куәгерлердiң сөзiне байланысты сұрағын қазақ тiлiнде қойған айыпталушылар мемлекеттiк тiлде әжептәуiр сайрайтындығын көрсетiп қалды. Қысқасы, қазақ тiлiнде сөйлегiсi келмейтiндердiң тiлдi бiлмейтiндiгiн ұмытып кеткенi қызық болды.

Әне-мiне дегенше, үш сағатқа созылған отырыс та тәмам. Сот төрағасы келесi жолы көмегi тиедi деген куәгерлер болса, шақыруды тапсырды. Ал жәбiрленушi жақ айыпталушы Бишамовтың жұбайынан да түсiнiктеме алу керектiгiн сот төрағасына қарата айтты. Бiр айта кетерлiгi, бұл қылмыстық iс процесiнен Бишамовтың бұрынғы қорғаушысы “басын ала қашқан” болу керек, оның орнына басқа қорғаушы келдi, ал Бахамовтың қорғаушысы сот мәжiлiсi басталмай жатып “Маған ақша төлемесе, қорғаудан бас тартамын” деп дүрсе қоя бергенi тiптен ұят болды. Алайда, қорғаушының бұл сөзiн айыпталушы тараптан қатысушылардың келмеуiне байланысты естiр құлақ болмады.

Айтпақшы, бiз өткен санымызда марқұм Айдынның қырық күндiгi асынан кейiнгi өткен митингте “Мен қазақтың азаматымын! Алматыдан келдiм. Ешқандай партия, ұйымнан емеспiн. Бiр отбасыға үш рет қастандық жасалған екен. Неге заңсыз әрекеттерге жол берiледi?” деп сөйледi деген Алқамбай Сатыпалдыға қатысты өткен сот процесiн де тәптiштеп жазған едiк. Оған сот келесi отырыс шешiмi бойынша, ҚР Қылмыстық кодексiнiң 257-нiң 2-бабы “Бұзақылық” бойынша, 164-тiң 1-бабы “ұлтаралық алауыздықты қоздырды” деген айып тағылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкiм шығарыпты. Алайда, Қытайдан келген ұлтжанды қандасымыз адам өлтiрiп, қолын қанға былғамай-ақ жазықсыздан жапа шегiп отырған жоқ па? Тiптi, 2005 жылы бiр емес, 54 отбасыны көшiруге күшiн салып, “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысымен бiрге баспасөз мәслихатын өткiзiп жүрген де осы қандасымыз Алқамбай Сатыпалды. Ата-бабасының қаны тамған атамекенiнде түтiнiн түтеткiсi келiп, тiршiлiк етiп жатқан отбасының ендiгi күнi не болмақ?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ