Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ КӨКСАРАЙДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ КӨКСАРАЙДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Елбасы Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған ресми iссапары барысында Шардара су қоймасы мен Арыс өзенi аралығында салынып жатқан Көксарай су реттегiшiнiң құрылысымен де жiтi танысты.

Естерiңiзде болса, биыл көктем мезгiлiнде Үкiметте, Парламентте Көксарай су қоймасын салуға байланысты түрлi пiкiр өрбiгенi мәлiм. Бұл әңгiменiң ұшығы шыққан кезде бiрi — “Көксарай” су қоймасын салсақ су мәселесi толыққанды шешiледi десе, ендiгi бiрi бұл экологиялық зардапқа ұрындырады деген ұйғарымға келген-тұғын. Тiптi, БАҚ-та Көксарай мәселесiне байланысты екi жақтың мақалалары жарияланып, халықтың назарына iлiккен едi. Сөйтiп, бұл мәселеге Елбасының өзi араласып, “Көксарай” су реттегiшi салынуы тиiс деген шешiмге шақырып, тез арада құрылыс жұмыстарының басталуына тапсырма берiп, оны Премьер-министрдiң орынбасары Өмiрзақ Шүкеевке жүктеген болатын.

Сонымен, әуелгi жобасы 8 жыл бұрын дайындалған әлеуметтiк маңызы бар нысанның iргетасы құрылысы мақұлданды. Сыйымдылығы 3 млрд. текше метр болатын су реттегiшiнiң құрылысына 223 млн. доллар көзделген. Ал соның 2,5 млрд. текше метрi қайта айналып Сырдарияға құйылса, қалған 500 млн. текше метр суды өз орнымен жұмсасақ, облыс төңiрегiндегi елдiмекендер мен ауылдарға үлкен табыс әкелетiн көрiнедi. Еңбек етiп, нанын жеймiн деген адам су реттегiшiнiң түбiнде қалған сумен-ақ егiн егiп, тiрлiк етуге болады.

Бiр айта кетерлiгi, бүкiл әлемдi шарпыған қаржылық дағдарысқа қарамастан, құрылыстың арқасында 2 мыңға жуық адам мен 700-дей техникаға жұмыс көзi табылған.

Елбасы бұл сапары нәтижесiнде Көксарай су реттегiшiнiң құрылысы туралы тереңiрек танысып, бұл су қоймасының тереңдегi тарихына бiр сәт көз жүгiрттi. Кезiнде Шардараға су сыймай жатқанда, 1995 жылдан 2008 жылға дейiн Өзбекстанның Арнасайына су жiберiппiз. Соның салдарынан 39 миллиард текше метр су өзбек жерiне тегiннен-тегiн берiлген. Есептесек, бұл бiр емес, тоғыз Шардара су қоймасына сиятын су екен. Әрине, бұл шешiм де қолайсыздығын аңғартып қалды. Есесiне, көктемде Шардара кемелiне толып, асып кеткенде Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облысының көптеген елдiмекендерiн су алып, халықты бiраз әбiгерге түсiрiп келдi.

Көксарай су реттегiшi құрылысын көзбен көрген Елбасы: “Бұл су реттегiшiн салу жөнiндегi шешiмiмiз дұрыс болды. Әсiресе, оңтүстiктiң халқы үшiн пайдасы мол. Жыл сайын осы екi облысты су алу қаупi төнгенде, жыл сайын бюджеттен 100 млн. долларға дейiн қаражат бөлiп, шығын шығардық. Сондықтан да, бұл қадамымыз — батыл болды” – дедi өз сөзiнде. Салынатын бөгеттердiң жалпы ұзындығы 44,7 шақырымды алып жатыр. Биiктiгi шамамен 7,7 метр. Су реттегiшiне су құйылуы үшiн 16 шақырым, ал ол су қайтадан Сырдарияға барып құйылуы үшiн 10,2 шақырым канал қазылмақ. Алдағы қыстан аман қалсақ, су реттегiшi 1 млрд. текше метрге дейiн суды қабылдай алады. Айта кетерлiк жайт — биылға бөлiнген қаражаттың 70-80 пайызы игерiлiп қойыпты.

Бәрiмiзге мәлiм, Шардара су қоймасында су көбейген жылдары 3 мың текше метрге дейiн су жиналады. Ал Қызылордаға жазда су жiбергенде 20-30 мың гектар шалғын шөп қалса, келешекте тамшылап суару арқылы 60 мың гектар жердi сумен қамтамасыз етуге болады екен. Нәтижесiнде дихан қауымы судан тапшылық көрмейдi, суармалы әрi шабындық жерлер ұлғаятын болады, ең әуелгiсi, су реттегiшiнiң құрылысы тез арада аяқталатын болды.

Әрине, қолға алған жауапты жұмыстың тезiрек бiткенi көңiлi алаңдаулы халыққа да жақсы. Алла сәтiн салса, көршi жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан елдерiне тәуелсiз болатын күн де алыс емес.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ