Жаңалықтар

РЕСЕЙЛIКТЕР ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРIН МАРАПАТТАДЫ

ашық дереккөзі

РЕСЕЙЛIКТЕР ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРIН МАРАПАТТАДЫ

Осыдан екi күн бұрын ресейлiктер бiр топ қазақстандық мәдениет және қоғам қайраткерлерiн, кәсiпкерлерiн Ресей Федерациясының орден және медальдарымен марапаттау рәсiмiн өткiздi. “Петербург тұлғасы” медалi мен “Признание” орденi Ресей федарациясы Президентi жанындағы геральдикалық Кеңес, Ресей федерациясының Санкт-Петербург гуманитарлық қорының жасаған арнайы жүлдесi.

Жүлделердi Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласынан келген “Әлеуметтiк ынталандыру жөнiндегi халықаралық марапаттау” қорының Қазақстан Республикасындағы өкiлi, “Ленфильм” киностудиясының актерi, журналист, жерлесiмiз Шерхан Әбдiұлы Әбiлов табыс еттi.

Сонымен, әуелгi медаль, яғни “Петербург тұлғасы” медалi – қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовке, қазақтың Халық ақыны Жамбыл Жабаевқа табыс етiлдi. Екi медальдiң бiрiн — жазушының ұлы Мұрат Әуезов қабылдап алса, екiншiсiн — ақынның шөбересi Бекмұрат Жамбылов келiп, атасына арналған арнайы медальдi қабылдап алды.

Одан кейiнгi “Признание” орденiмен Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесi, Алматы қаласы, Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы, профессор Фархад Таипұлы Хасанов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесi, Алматы қаласы Түрiк мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасимов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Өскенбай Құлатаев, белгiлi кәсiпкер Сәбит Тайжанов, Оңтүстiк Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспаналиева марапатталды.

Сондай-ақ, ресейлiктер мәдениеттiң өкiлдерiн де тыс қалдырмапты. “Отандық мәдениетке қосқан үлесi үшiн” медалiне Халықаралық Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президентi Мұқан Әбдiраманұлы мен “Жұрағат” журналының бас редакторы Сәлия Әбдiкәрiмовалар ие болды.

Ең қызығы, аталмыш төс белгiлер әдебиет пен мәдениет және қоғам өмiрiнде ерекше белсендiлiк танытқан екi ел халықтарының өзара достығы мен ынтымақтастығына елеулi еңбек сiңiрген қайраткерлерге ұсынылады екен. Осы орайда, кеуделерiне орден, медальдерiн таққан жандар екi елдiң ынтымағы, өзара достығы жалғаса берсiн деген ризашылықтарын бiлдiрiп жатты.

Гүлзина Бектасова