Жаңалықтар

КӘСIПТIК ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫ

ашық дереккөзі

КӘСIПТIК ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫ

КӘСIПТIК ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫ 

Техника мен технологияның қарыштап дамуы осы саланың майын iшкен мамандарды көптеп дайындауды талап етедi. Осы мақсатта, елiмiзде техникалық мамандық иелерiн дайындайтын 4 аймақтық орталық ашылу көзделiп отыр.

Министрлер кабинетi мүшелерiнiң сейсенбi күнгi сенаторлармен кездесуiнде депутаттар сұрағына жауап берген ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев 2012 жылға дейiн республика бойынша 45 кәсiптiк-техникалық бiлiм беру орындары мен олардың жанынан 40 жатақхана салынатынын мәлiмдедi. Сонымен қатар техника саласының мамандарын дайындайтын және қайта дайындаудан өткiзетiн 4 аймақтық орталық ашылмақ. Атырау, Ақтау, Павлодардағы жұмыс берушi компаниялармен ынтымақтастықты жетiлдiруге ден қоятын министрлiк бiр жарым жылдың iшiнде 10 миллион қаржы тартып, iрi шетелдiк орталықтармен келiсiмдер жасаған. Осының нәтижесiнде, былтыр 300-ге жуық отандық маман бiлiмiн жетiлдiру мақсатында шет елге аттаныпты. ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КӨРМЕ 

Алматыдағы “Атакент” сауда-көрме орталығында 7-рет өткiзiлген энергетика және жарықтандыру саласының “POWER Kazakhstan” көрмесi энергетика саласының өзектi мәселелерiн талқыға салды.

Көрмеге Қазақстан, Италия, Сербия, Германия, Мысыр, Қытай, Франция, Чехия, Иран, Өзбекстан, Украина, Ресей елдерiнiң 120-дан астам компаниясы қатысты. Аталған шарада ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрiнiң орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов 2015 жылға дейiн энергетика саласын дамытуға тартылатын 2,8 трлн. теңге 3 трлн. теңгеге жеткiзiлетiнiн мәлiмдедi. Вице-министрдiң айтуынша, бастапқы жоспардың өзгеруiне инфляцияның өсуi себеп болған көрiнедi. Сонымен қатар 23 энергокөзi қайта жасақталып, 26 қосымша электр өндiрушi кәсiпорын салынады. Тұрғановтың айтуынша, қыр астындағы қаһарлы қысқа дайындық та ойдағыдай: “Өткен маусымға қарағанда қиындау болады. Бiрақ оны жеңемiз деген ойдамыз. Өйткенi, стансаларды көмiрмен, мазутпен қамтамасыз ету қоры былтырғымен салыстырғанда, 40 пайызға артық”. Тағы бiр маңызды жаңалық, 2009 жылдың алғашқы жартысында электр жарығына қатысты 3 бiрдей заң жобасы талқыға салынып, қабылдануы тиiс. БӘСЕКЕЛЕСТIКТI НЫҒАЙТУҒА АРНАЛДЫ 

Германия астанасы – Берлинде “Инвестициялар және Орталық Азиядағы бәсекеге қабiлеттiлiк” тақырыбында өткiзiлген аймақтық конференция посткеңестiк елдердегi ынтымақтастық пен бәсекелестiктi дамытуға бағытталған.

ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының экологиялық және экономикалық үйлестiру бюросы мұрындық болған бұл конференцияға қазақстандық делегацияны ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов бастап барды. Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму министрлiгiнiң қолдауымен, Германияның техникалық әрiптестiк қауымдастығы (GTZ) мен Германияның сауда-өнеркәсiп бiрлескен палаталарының (DIHK) бастамасымен үшiншi рет ұйымдастырылған халықаралық шара орталықазиялық аймаққа тартылатын инвестиция көлемiн арттыруды және бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытуды мақсат етедi. ФИНДЕРМЕН БАЙЛАНЫС КҮШЕЙМЕК 

Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық қатынас туралы мәселе қозғалған V қазақ-фин кеңесiнде екiжақты ынтымақтастықты одан ары дамыту керектiгi айтылды.

Кеңесте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақов екi жаққа да тиiмдi серiктестiкке Қазақстанның мүдделi екендiгiн мәлiмдедi. “Кедендiк статистикаға сүйенсек, Қазақстан мен Финляндия арасындағы тауар айналымы 2008 жылдың қаңтар-шiлде айларында 655,8 млн. долларға жеткен. Бұл көрсеткiш өткен жылғы осы мерзiммен салыстырғанда, 77 пайызға артық. 2008 жылдың 7 айында экспорт көлемi 389,6 млн. долларға жетiп, 266,2 млн. долларға теңгерiлген импорт көлемi 76 пайызға өскен” деген Н.Ысқақов екi ел үкiметтерiнiң арасындағы қаржы саласына қатысты келiсiмдерге 2009 жылғы ҚР Президентi Н.Назарбаевтың арнайы сапары барысында қол қойлатынын ескерттi. ТМД елдерi iшiнде Финляндиямен экспорт жағынан – үшiншi, ал импорт жағынан 2-орынды иемденетiн Қазақстанның келешекте серiктестiк қатынастарды нығайта түсетiнiн айтқан Финляндияның сыртқы iстер министрi Пекка Хухтаниеми қазақ министрiмен темiр жол, азаматтық авиация, кедендiк төлемдер мен көлiк жолдары туралы пiкiр алмасты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ