СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ИОСИФ СТАЛИН
СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ИОСИФ СТАЛИН
Сұлтанбек Қожанов Түркiстан Республикасындағы жауапты қызметтерде әсiресе төмендегiдей мәселелерге баса назар аударды. Олар: ұлт мәселесi, оқу-ағарту мәселесi және жер мәселесi. Одақ және Республика көлемiндегi съездер мен конференцияларда осы мәселелерде құнды пiкiрлер айтып, қызу айтыстарға түстi. Өзiнiң идеясын қорғау үшiн жан аямай күрестi. Әрi осы күрестердiң нәтижесiнде халқы алдында қоғамдық саяси мемлекеттiк iрi қайраткер дәрежесiне көтерiлдi.
Сұлтанбек Қожанов ТКП Орталық Комитетiнiң 1920 жылғы қыркүйек айында өткен V съезiне делегат ретiнде қатынасты. V съезде Орталық Комитеттiң алдағы атқарар мiндеттерiн анықтады. Алдағы негiзгi мiндеттер деп өлкедегi “отаршылдық” және “ұлтшылдық” бағыттармен күрес деп атап көрсеттi. Сұлтанбек Қожанов ТКП Орталық Комитетiнiң шешiмдерiнiң орындалуын қадағалап отырды, әрi соны iске асыруға атсалысты.
1921 жылы наурыз айында Мәскеу қаласында түрiк халықтары коммунистерiнiң Жалпыресейлiк кеңесi шақырылды. Түрiк халықтары коммунистерiнiң II Жалпыресейлiк кеңесi РКП(б) Орталық Комитетi түрiк халықтары арасында үгiт пен насихат жүргiзетiн Орталық Бюроның ұйымдастырумен, Мәскеу қаласында 1921 жылы 6 наурызда ашылып, төрт күн жұмыс iстеген. Кеңеске РСФКР-дiң iшкi губернияларынан және барлық түрiктiлдес ұлт республикалары мен облыстарынан өкiлдер қатынасты. Кеңеске шешушi дауыспен қатынасып сөз сөйлегендер арасында Түркiстан Республикасының өкiлдерi С. Қожанов, Н. Төреқұлов, Г. Сафаров, Х. Бурнашев т.б. бар. Қазақ АССР-iнен келген делегаттардың тiзiмiнде кеңесшi дауыспен жас саясаткер С. Садуақасовтың есiмi де тiркелген, бiрақ ол кеңесте сөз сөйлемеген. Әзiрбайжан Коммунистiк партиясының атынан Түркiстан Республикасының көрнектi қайраткерi Т. Рысқұлов та қатысқан едi.
Түрiк халықтары коммунистерiнiң II Жалпыресейлiк кеңесiнде қаралған ең басты мәселелердiң бiрi–ұлт мәселесi болды. Бұл мәселе бойынша негiзгi баяндаманы Түркiстан Республикасынан келген Г. Сафаров жасады. Кеңесте Г.Сафаровтың баяндамасын талқылауға Түркiстан Республикасынан келген көптеген коммунистер атсалысты. С. Дожанов та баяндаманы талқылауға белсене араласты, ұлт мәселесiнде өз ойын бiлдiрiп қана қоймай, нақты пiкiрлер ұсынды.
ТКП VI съезi 1921 жылы Ташкентте 11-20 тамыз аралығында болып өттi. Бұл съезде осы жылы наурыз айында Мәскеуде болып өткен РКП(б)Х съезiнiң шешiмдерiнiң орындалу барысы талқыланды. Съездiң екiншi күнi кешкi мәселесiнде Петерс Г. Сафаров, Х. Бурнашев солардан кейiн Сұлтанбек Қожанов сөз алады. Ертеңгiлiк мәжiлiсте Т. Рысқұлов ұлт мәселесi бойынша сөйлеген едi.
1) Отаршылдық күрес; 2)Жетiсудағы отаршылдық мәселесi; 3) Ферғанадағы басшылыққа байланысты әскери мәселе төңiрегiнде сөз қозғалды. Нәтижесi Т. Рысқұлов пен Г. Сафаров арасындағы пiкiрталасқа ұласты. С. Дожанов сөзiнiң басында Орталық Комитеттiң Семенов жасаған баяндамаға тоқтала келiп, Ұлт саясаты жөнiндегi Т. Рысқұловтың пiкiрiне қарсылығын бiлдiрдi. Ұлт мәселесiн интернационалдық жолмен шешуге әрбiр халықтың ұлттық қызығушылығын мойындауға шақырды. Т. Рысқұлов өз баяндамасында Жетiсу облысындағы жүргiзiлiп жатқан саясаттың барысына тоқталып, оны барып тұрған әдiлетсiз саясат ретiнде сынады: “Бiз Жетiсуда жергiлiктi халықтың (қазақтардың – Ж.С.) арасында таптық жiктелiс тудыруға ұмтылып отырғанын көрiп отырмыз, бiрақ орыс тұрғындарын таптық жiктелiске түсiруге тырысқан ешқандай әрекет байқалмайды. Түркiстан Коммунистiк партиясының Орталық Комитетi қазақтарды таптық жiктелiске түсiру принципiн ұстап отыр, бiрақ оны (принциптi) басқа тұрғындарға қатысты колданған жоқ”– дедi. Бұл мәселе жөнiнде Сұлтанбек Қожанов “Рысқұловтың бiздiң Жетiсудағы жұмысқа көңiлi толмайды. Ол ашық айтсын, бiз бәрiн тастап, жұмысты жаңадан бастайық. Ол тек қана қателесудi көрсетпей, одан шығудың жолдарын көрсетсiн, бiздi қайда апаратынын көремiз” – деп оны сабырлылыққа шақырды.
Сұлтанбек Қожановтың Түркiстан Республикасындағы ұлт саясатындағы көзқарасын 2-кезеңге бөлiп қарауға болады. 1-кезең – 1921 жолдың көктемiне дейiнгi; 2-кезең – 1921 жылдың жазынан кейiнгi мезгiлдер. Алғашқы “этаптағы көзқарасы жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен шыққан кейбiр коммунист, интеллигент өкiлдерiмен көзқарас алшақтығы, болашақта үлкен түсiнбеушiлiк күреске итермеледi.
1921 жылы 20 сәуiрде Түркiстан Орталық Атқару Комитетiнiң кезектi сессиясы өттi. Сессияның күн тәртiбiнде ұлт мәселесi де қаралды. Ұлт мәселесi жөнiнде негiзгi баяндаманы Т. Сафаров жасады. Жарыссөзге Бисеров содан кейiн Сұлтанбек Қожанов шықты. “Қырғыздарда (қазақтарда-Ж.С.) “Бояушыны бояушы десе, сақалын бояйды” деген аталы сөз бар. Бұны кейбiр ұлт мәселелерiн дұрыс түсiне бiлмейтiн жолдастардың әрекетiн ашып көрсету үшiн әдейi айтып отырмыз. Ұлттар тағдыры туралы сөз, жолдастар, жай ғана айтылуы керек болған соң айтылып отыр деп ойламаңыздар. Бұл мәселе керек етсеңiздер, Түркiстандағы Кеңес өкiметiнiң не өмiр сүруi, не құрып кетуi туралы болып отыр. Бұған осылай қарау керек, әрбiр саналы азамат мұнымен ойнауға тиiс емес, бұл өте маңызды шаруа”. Коммунистiк ағарту коллегиясының мүшесi және Ташкент Кеңесiнiң мүшесi Бисеров жолдастың сөйлеген сөзi көңiлге қонбайды. Ол халық ағарту мәселесiн тiлге тиек еттi, ескi әдiс бойынша процентке шағып айтып, мұнысы өзiмiз жоғарыда мысал етiп айтып кеткен бояушының әрекетiне ұқсап тұр” – деп, оқуға бөлiнген қаржының негiзгi бөлiгi нелiктен жергiлiктi мұсылмандарға, ал аз ғана мөлшерi еуропалықтарға босатылады?- деген Бисеровтың сұраулы баяндамасына Сұлтанбек Қожанов осылай қатты жауап қайтарды. Оданда ұлттар мәселесiмен айналысатын арнайы бөлiмдер немесе комиссия ашуы туралы, оның мәнiне тереңiрек түсiну жөнiнде айтқан Г. Сафаровтың ұсынысына баса көңiл бөлуге шақырды.
1923 жылы 9-12 маусым аралығында, Мәскеу қаласында РКП(б) Орталық Комитетiнiң ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерiмен өткiзген төртiншi кеңесi болды. Бұл төртiншi кеңес РКП(б) XII съезiнен кейiн бiр жарым ай өткен соң өз жұмысын бастады. Кеңеске 58 депутат одақтас республикалар мен облыстардан РКП(б) Орталық Комитетiнiң мүшелерi толықтай, сонымен бiрге Ұлттар iсi халық комиссариатынан адамдар қатысты.
Кеңестiң күн тәртiбiнде екi түрлi мәселе қаралды: бiрiншiсi – “М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң iсi” жөнiнде Орталық Тексеру Комиссиясының баяндамасы; екiншiсi – партияның XII съезiнiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарын жүзеге асыру үшiн практикалық шараларды белгiлеу iсi болды.
Шын мәнiнде, “М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң iсi” дегенiмiз не? Не үшiн қажет едi?
РКП(б) XII съезiнде ұлт мәселесi бойынша қабылдаған қарарында негiзгi бағыт ретiнде ұлыдержавалық шовинизммен және жергiлiктi ұлтшылдықпен күресу мәселелерi тұрды. Ұлы державалық шовинизммен күресуден гөрi Сталин және оның маңайындағы “коммунистер” үшiн ойдан шығарылып, қолдан өршiтiлген “ұлтшылдық”,”ұлтшыл-ауытқушылдық”, “пантүрiкшiлдiк” дейтiндермен күресу әлдеқайда тиiмдi едi және де тарихта М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң iсi деген атпен белгiлi бұл 4-шi Кеңес болашақ жаппай жазалауға барар қолдағы баспалдақтың алғашқы табалдырығы болатын. Осы 4-шi кеңесi барысын ыждағаттылықпен зерттеген тарихшы О. Қоңыратбаевтың сөзiмен айтқанда “Дүрбелең басы” едi. Сондықтан да жаппай жазалауға кiрiсудi бүркемелеу үшiн бұл “iс” әбден қажет болатын.
Күн iлгерi сценировкасы жазылып дайындалған бұл “қойылымда” М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң “iсi” жөнiндегi баяндаманы В.В. Куйбышев жасады. Белгiленген уақыт көлемiнде баяндамашы М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң жасап үлгерген “қылмыстарының” атын айтып, түсiн түстеуге ғана шамасы келдi. Кеңестiң бастан аяғына дейiн патша дәуiрiнде санасына сiңiп қалған ұлыдержавалық астамшыл ойдан арыла алмай жүрген “коммунист” саясатшылар ойдан шығарылған “iс” бойынша М.Х. Сұлтан-Ғалиевтi кiнәлап көзге көрiнiп қалу үшiн қаттырақ дауыс шығарып, асыра айтып, алдын-ала ойластырылған зұлымдықтың шашбауын одан әрi көтерiп, жанып тұрған отқа май құюға тырысып бақты, әрi құйды да. Әсiресе, И. Қыдыралиев, С. Сайд – Ғалиев, Шамигулов, Ибрагимовтар сияқты мұсылман коммунистерiнiң сөздерi бұған дәлел бола алады.
Бұл кеңесте ағылшын философы Томас Гоббстың айтуынша кiмнiң кiм екенiн бiлiп болмайтын, кiнәлiнi-кiнәсiзден ажыратуы қиын шайқасты “Баршаның баршаға қарсы соғысы” деп атаған мезгiлi жеткен едi.
Кеңесте “М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң “iсi” деген жасанды өршiтiлген дақпыртқа қарсы, қалыптасқан жағдайды сынап пiкiр айтушылар да болмай қалмады. Олар С. Қожанов, А. Икрамов, Т. Рысқұлов, Н. Скрыпник сияқты саясатшы қайраткерлер едi.
Т. Рысқұлов: “Мен ақуалдың терiс бағытқа қарай өзгерiп бара жатқанын сезiп отырмын, жергiлiктi жерлерде XII съездiң шешiмдерiн iске асырудың орнына, бұл жұмыс объективтi түрде iшкi партиялық ұрыс керiске айналып кетуi мүмкiн, қызметкерлер оңшылдар мен солшылдар дегенге жiктеледi және бүл ұрыс-керiс барлық ұрыс-керiс сияқты iстiң байсалдылығын жоққа шығарады. Сондықтан да бұл жағдай жергiлiктi жерлерде бiздiң XII съездiң шешiмдерiн тағы да iске асыра алмауымызға жеткiзедi” – десе, Н. Скрыпник “РКП(б) XII съезiнiң белгiлеген бағытымен келiспейтiн жолдастар, мына жағдайды практикада басқа бағытта жүргiзу үшiн пайдаланып қалуға тырысып отыр” – деп жаңадан бас көтерiп келе жатқан Сталиннiң арамза пиғылын дөп басып, әшкерелеп айта алды. “ Сiздер ұлт аймақтарынан бiздiң саясатқа толық риза бiрде-бiр адамды таба алмайсыздар, бiрақ ол мәселенiң анық-қанығын бiлгiсi келсе де, сұрай алмайды. Ол өзi жолдас Сталинге немесе жолдас Каменовқа келiп: “Жолдас, мен бұған риза емеспiн, түсiндiрiңiз, iстiң мәнi неде?” – деп сұрай алмайды. Ол оны айта алмайды, себебi онда мұнда, оны тұтқындап, атады деген үрей мен түсiнiк қалыптасқан” – деген едi Сұлтанбек Қожановтың ең жақын достарының бiрi Акмаль Икрамов.
Достық – қасиеттi сөз, қасиеттi сезiм, ол тек жөнi түзу адамдар арасында ғана дамиды. С. Қожанов пен А. Икрамовтың арасындағы достық осының куәсi бола алады. “Шынайы белсендi достық бiрiн-бiрi өзара қолдаудан тұрады. Менiң досым менiң ниеттерiмдi қолдайды, ал мен оны қолдаймын, бiздiң ойларымыз әртүрлi болса да, бiз бiрге алға басамыз” деген М. Гетенiң айтқаны оған дәлел болады. С. Қожанов пен А. Икрамовтың арасындағы достық олардың өмiрлерiнiң соңына дейiн, тiптi олардың жанұяларының арасында да жалғасты.
Акмаль Икрамұлы Икрамов–өзбек халқының көрнектi перзенттерiнiң бiрi. Саяси мемлекет қайраткерi. Өз халқының алдында азаматтық борышын адал атқарған тұлға. Сонысына қарамастан, әрi сол себептен де, Сталиндiк репрессияның қанды шеңгелi бұл қайраткердi де уысынан шығармаған.
Бұл төртiншi Кеңестегi М.X. Сұлтан-Ғалиевтiң “iсi” бойынша қаралған жиылыста ерекше өткiр де, қайсар пiкiрмен С. Қожанов дараланады. Ол: “…жолдас Икрамов берген бағадан кейiн (Кеңестегi қалыптасқан жағдайға байлынысты – Ж.С.) мен көп ештеңе қоспаймын. Қандай түстегi советтiк жарнаманы желiмдесеңiз де, отар ел әлi күнге iс жүзiнде отар күйiнде қалып отыр” – дедi. Түркiстандағы басқару аппаратының өзiнде отаршылдықтың, астамшылдықтың сiрескен сеңi әлi де болса сөгiле қоймағанын, ұлт саясаты сияқты өте сезгiштiктi талап ететiн мәселеде шешуiн күткен шаруалардың шашетектен екенiн керiсiнше Түркiстан сияқты елде, ат төбелiндей ғана азшылықтан тұратын ұлттық кадрларға қамқорлық керек екенiн қозғады.
Әсiресе, Орта Азия халықтарының сол кездегi мүшкiл халiн еш бүкпесiз, айтқаны, дереу көмек көрсету керек деп шыдамсыздана шақырғаны, “халықтар көсемiне” ұнай қоюы мүмкiн емес едi. Әрине, солай болды да.
Ақиқатты – бiлуге, болып жатқан өзгерiс, құбылыстарға байсалды қарауға шақырған осылар сияқты аздаған адамдардың үнi кеңестегi қалыптасып қалған жалпы атмосфераны өзгерте алуға шамалары жетпедi. Әсiресе, Д. З. Манульский сияқты күн iлгерi даярланған “шешендер “ ақыл мен парасатқа жол бермедi. Олар болса бар кiнәнi “пантүрiкшiл”, “ұлтшылдардың” басына үйiп – төгiп “М. Х. Сұлтан – Ғалиевтiң iсiнен де қауiптi “iстердi” iздестiрдi.
И.В. Сталин өзiнiң қорытынды пiкiрiнде:”…менiң ойымша Қожанов жақсы сөйледi, Икрамов та жаман сөйлеген жоқ. Алайда, мен олардың сөздерiндегi бiр мәселе жөнiнде мынаны айтпақпын, ол мәселе сөзсiз ойға жетелейдi. Екеуi де бүгiнгi Түркiстан мен патшалық Түркiстанның арасында ешқандай айырмашылық жоқ, тек маңдайшадағы жазуы ғана өзгердi дедi. Түркiстан бұрынғысынша патшалы Ресей кезiндегiдей күйде қалай отыр екен?. Жолдастар, егер бұл айтыла салған сөз болмаса, басмашылардiкi дұрыс та, бiздiкi бұрыс болғаны ғой. Егер айтылған мәселелер дұрыс болса, түсiнбеймiн, онда неге өздерiңiз басшыларға қосылып кетпегенсiңдер. Демек, Қожанов пен Икрамов осы жағында ойланбаған, өйткенi олардың қәзiргi Советтiк Түркiстанның патшалық Түркiстаннан түпкiлiктi айырмашылығы бар екенiн бiлмеуi мүмкiн емес. Аталған жолдастардың сөздерiндегi осы көлеңкелi тұстарын атап көрсетудегi мақсатым, жолдастар осы жөнiнде ойлануға және қателерiн түзетуге тырыссын дегенiм”. И.В. Сталин сөзiн әрi қарай жалғастыра отырып, Орталық Комитеттiң Орта Азия мен Қазақстандағы алаңдатып отырған жағдайларды егжей – тегжейлi зерттей алмағанын, Шығыс республикаларындағы Халық ағарту iсiнiң жағдайы мен мәдениетi шындығында да қиын жағдайда екенiн мойындайды. Алдағы уақыттарда ескеретiн мәселелер екенi айтылды. И. Сталиннiң жоғарыда келтiрiлген сөзiнде сырт адам байқай бермейтiн, өзiндiк қисыны мен астарлы мазмұны бар. Ол Қожанов пен Икрамовқа бiрден “ұлтшылсыңдар”, “антисоветтiк бағыт ұстап отырсыңдар” деп ашық айтпайды. Бiрақ, бұның бәрiн түсiнген адамға кейiнiрек солай болады деген емеурiн болатын. И. Сталин Кеңесте олардың сөздерiндегi “артық-кем түсiп жатқан” тұстарын түзетудi ұсынады.
Төртiншi Кеңесте И.В. Сталин саяси айналымға “сұлтанғалиевшiлдiк” деген түсiнiктi, құбылысты тұжырымдады. Бұл Кеңес сталиндiк зобалаңның Шығысқа қарай салған “сара жолының” басы едi. Ұлт кадрларын қуғындау процесi “М. Х. Сұлтан-Ғалиевтiң “iсiнен” кейiн саяси аренада ресми сипат алды. Кеңестiң барысында И. В. Сталин алғаш рет ұлт республикаларынан шыққан қайраткерлердiң кез келгенiнiң қалаған уақытта “саяси тұлға ретiнде” саудасын тәмамдаудың ең зұлым, ең айлакер және өте дөрекi механизмiн сынақтан өткiздi. Қазан төңкерiсiнен кейiн жаңа дәрежеде өрiс алған ұлт-азаттық қозғалыстардың iрге тасына “М. Х. Сұлтан-Ғалиевтiң iсi” арқылы күйрете соққы берiлдi. Азаматтық, теңдiк үшiн табандылықпен күресiп жатқан қайраткерлердiң iс-әрекетiнде сенiмсiздiк, қожыраушылық пайда болды. Өз қызметiн ұлттық мүддемен байланыстырмайтындар арасында құлшылық ұру психологиясы орын ала бастады.
РКП(б) Кеңесiнiң қараған екiншi мәселесi – Коммунистiк партияның XII съезiнiң шешiмдерiн iске асыруда практикалық шараларды белгiлеу мәселесi болды. Бұл мәселе жөнiнде И. В. Сталин баяндама жасады. И. В. Сталин жасаған негiзгi баяндама талқыланбады. Ұлт республикаларының басшыларына да өз республикаларындағы жағдай туралы баяндама жасау тапсырылды. Кеңесте Түркiстан Республикасының атынан үш адам – С. Қожанов, Т. Рысқұлов және И. Қыдыралиев сөйледi.
Т. Рысқұловтың баяндамасы – республиканың экономикалық жағдайына, И. Қыдыралиевтың баяндамасы – республикадағы басмашылықпен күрес мәселесiне, ал С. Қожановтың баяндамасы – республикадағы жергiлiктi халықты мемелекет өмiрiне тарту және мәдени-ағарту саласы бойынша iске асырылып жатқан шараларға арналды.
Сұлтанбек Қожанов өз баяндамасында Түркiстан Республикасының мәдени әлемiндегi жағдайын егжей-тегжейлi баяндады. Түркiстанда партия жұмысы күн тәртiбiндегi бiрiншi мәселеде айтқанындай, өте-нашар қойылғанын, партия Түркiстанда тура жолмен дамымай, түрлi (характерлiк) қиыншылықтарды бастан кешiрiп отырғанын айтты. Түркiстанда 15 мыңға жуық партия мүшелерi бар, бұрын кейбiр уездiң өзiнде ғана 15 мың болатын, – дедi. Қысқарта келе, бiз бұны белгiлi бiр шекке жеткiздiк. Түздiктер партия қатарында 60 процентке жуық, оның iшiнде 50 процентi сауатсыз, құдайға сенушiлер немесе дiндi ұстаушылар да 50 процент. Сондай-ақ, кейбiр проценттiк көрсеткiштер кейбiр ерекшелiктердiң процентiне тура келедi. Мысал ретiнде: Түркiмен облысында 15 процент партия мүшесi болса, ондағы құдайға сенушiлер де 15 процент. Бұл деген үлкен қиыншылықтарға әкеледi – дейдi Сұлтанбек Қожанов. “Түркiстан Республикасындағы отаршылдықтың белгiсi шикiзат өндiрiлетiн орындарда өңделмейдi, өңделсе тек кустарлық жолмен немесе өте аз мөлшерде өңделедi. Iзiнше, қалаларда шығатын азық-түлiк немесе оны өңдейтiн өндiрiстiк өндiрiс орны жоқ әйтпесе өте аз. Қалалардың негiзгi мiндетi тауардың өндiрiс орталықтары мен деревня (ауыл, қышлақ-Ж.С.) арасына өтуiне делдалдық пункт есебiнде қалып отыр. Сол себептi қалалар ауызекi тiлде “базарлар” деп те аталады”-деген кезде, арадан “Бұл отаршылдықтың белгiсi емес” деген дауыс естiледi.
Ал, Сұлтанбек Қожанов болса бұған саспастан: “Өндiрiстiк жұмысшылардың (пролетариат) жоқтығы отаршылдықтың үлкен белгiсi” – деп жауап қайырған. Сондай-ақ, Сұлтанбек Қожанов баяндамасында республикадағы сауатсыздықты жою проблемасына, мектептер ашудың мектеп интернаттардың қажет екенiне тоқталып, жоғары халықтық бiлiм беру мәселесiнде пiкiрлер айтқан: Ол Түркiстан мемелекеттiк университетiн Орта Азия университетi деп атап, сол аймақтағы төрт бiрдей республиканы жоғары бiлiммен қамтамасыз етуге қызмет жасасын деген нақтылы ұсыныс айтты.
Бұл кеңесте Сұлтанбек Қожанов: “Түркiстанда европалықтар әлi де болса түзелмейтiн чиновник күйiнде қалып отыр. Интелегенция-отар мен метрополияның арасындағы делдалдық группа күйiнде қалып отыр. Бұрын солай болған, қазiр де солай жалғасуда” – деген сияқты ауыр сындарлы пiкiрлерiн ашық, еш бүкпесiз жайып салды.
Осы кеңесте Сұлтанбек Қожанов И. Сталиннен мынадай мазмұндас хат алады:
“Қожанов жолдас! Сiз бүгiн өте жақсы айттыңыз! Егер сiз жергiлiктi жерде де осылайша жақсы жұмыс iстейтiн болсаңыз (мен әзiрге бұған толық сенiмдi емеспiн) мен сiздiң досыңыз, жолдасыңыз болуға дайынмын. И. Сталин”.
Ия, Иосиф Виссарионович Сталиннiң осындай “достық, жолдастық ыстық iлтипатын” Сұлтанбек Қожанов кейiнiрек толығынан басынан кешiрдi.
Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ