Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ

Тығырыққа тiрелген әлемдiк қаржы нарығы Парсы шығанағындағы дамушы елдерге иек артпақ. Ал дағдарыспен күрес шаралары нәтижелi болуы үшiн Жер шарындағы барлық мемлекет тiзе қоса отырып, әрекет етуге мүдделiлiк танытуы шарт.

Сейсенбiде Брюссельде кездескен Еуропалық Одақтың қаржы министрлерi қаржылық жүйенi бақылауды күшейтуге шешiм шығарды. Ғаламдық деңгейдегi қаржылық күреске ден қойған кәрi құрлық еуропалық бюджеттен 2 триллион еуро бөлдi. Ендi осы мол қаражат “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында” кетпеуi үшiн бақылауды қатайтуға мәжбүр. Салықтан жалтарғандарды құрықтауға белсене кiрiскен Германияның соңынан Батыстағы бiрқатар ел iлестi. Ал РФ премьер-министрi Путин үкiметтiк қаржылай көмекке ие болған компаниялар мен банктерге “Мемлекеттен алған қаржыны шет елдерге алып кетсеңдер, қатаң шара, тiптi, санкция қолданамыз” деп қорқытты. Ресейдiң мемлекеттiк бюджеттен бөлген қаржылай көмегi 200 млрд. долларға жуық. Үстiмiздегi жылдың 7 қарашасында Брюссельде өткiзiлетiн Еуропалық Одақтың кезектен тыс отырысы қаржылық дағдарыстың екпiнiн әлсiретуге бағытталмақ. Батыстық шенеунiктердiң көңiлiне алаң кiргiзген экономикалық өсiмнiң мардымсыз қарқыны биыл 1,2 пайыздың төңiрегiнде болатын көрiнедi. Былтырғымен салыстырғанда, екi есеге аз бұл көрсеткiш ЕО-ға мүше 15 мемлекетке тән. Американың сауда министрлiгi таратқан деректерге сүйенсек, қыркүйектегi тұтынушылық белсендiлiк күрт төмендеген. Германияда бұл көрсеткiш – 2 пайыз. Еуропалық Орталық банктен кейiн iле-шала Үндiстан мен Жапония, Қытай есептiк көрсеткiштерiн төмендеттi. Ал Американың Федералдық қор жүйесi қазан айында пайыздық көрсеткiштердi үш есеге дейiн азайтуға мәжбүр болған. Келесi аптада кәрi құрлық пен Жапониядағы онсыз да арзан әрi қолайлы саналатын несие құны тағы да төмендетiлмек. Халықаралық сарапшылар экономикалық өсiм тек 2010 жылға қарай жақсаратынын айтады. Алайда, қолдан келген қайранның барлығын жасап баққан еуропалық шенеунiктер 2009 жыл төзiм мен сабырды сынға салатын ауыр кезең болатынына қарамастан, келешекке деген үмiтiн үзген емес. Мысалы, Брюссельдегi кешегi кездесуде ресми мәлiмдеме жасаған Бельгияның қаржы министрi Дидье Рейндерс: “Бiздi алда қиын кезең күтiп тұр. Бiрақ тиiстi шаралардың бәрiн қабылдай отырып, кездесетiн қиындықтарға төтеп беруге тырысамыз” дедi. Ал Кипрдiң қаржы министрi Харлиаос Ставракистiң пiкiрiнше, еуропалық аймақтың экономикасындағы қаржы саясатына деген сенiмдiлiктi қалпына келтiру мен үкiметтiк шаралар келеңсiздiктiң алдын алуға сеп болмақ.

1997-1998 жылдардағы азиялық экономикалық дағдарыстан сабақ алған АҚШ, Еуропа мен Азия қаржы тапшылығын болдырмауға мүдделi. Өткен аптада Оңтүстiк Корея мен АҚШ ФҚЖ валюта айырбастау саласы бойынша, 30 млрд. долларлық келiсiмге қол қойды. Апта басында Сауд Аравиясының жетекшiлерiмен кездескен Ұлыбританияның премьерi Гордон Браун Парсы шығанағындағы елдердi әлемдiк экономиканың нақты салаларына инвестиция құюға, әлемдiк экономиканы күйреуден аман алып қалуға бағытталған шараларға белсендi түрде қатысуға көндiрдi. Қазiргi таңда тәуекелдiк активтердегi инвестициялық үлес салмағын арттырып келе жатқан араб байлары дамушы елдердiң экономикасын жақсартуға едәуiр сеп боп отыр. Халықаралық ұйымдар – Barclays Wealt және Economist Intelligence Unit (EIU) өкiлдерi дайындаған есепте дамушы экономикалар iшiнде Парсы шығанағындағы мемлекеттердiң байлары, әсiресе, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң миллиардерлерi дамыған елдердегi экономиканың барлық саласына қаржылық қолдау көрсетуде белсендiлiк танытқаны айтылыпты. Barclays Wealt пен Economist Intelligence Unit мамандары жүргiзген сауалнамаға қатысушы 2300 араб кәсiпкерiнiң 43 пайызы салынатын инвестиция көлемiн арттыруға мүдделiлiк бiлдiрген. Парсы шығанағындағы елдерден шыққан қалталыларға мұнай бағасының қымбат болуы үлкен сеп. Көмiрсутегiлерден түсетiн қаражат инвесторлардың кез келген мәселеге қаржылай қолдау көрсетуiне мүмкiндiк жасайды. Қазiргi кезде тiптi, Голливуд пен Болливудқа да қаржы құйып отырған – арабтың байлары. Парсы шығанағындағы Араб елдерiнiң ынтымақтастық одағына мүше мемлекеттердiң шет елдерге салған қаражаты 2 трлн. доллардан асып түскен. Сонымен қатар Азия, Таяу Шығыс, Солтүстiк Африка елдерiнiң инвесторлары үшiн де тамаша мүмкiндiк туып тұр. Бүгiнде 615 мыңнан 37 млн. еуроға дейiн қаржы құйған араб байларын өкшелеп келе жатқан – қытайлар (41 пайыз) мен үндiлер (40 пайыз). Есесiне, Ұлыбритания мен Испания, Италияда тәуекелге бел бууға дайын инвесторлар саны едәуiр азайыпты. Бұған дейiн америкалық және батыстық нарықты төбелерiне хан көтергендер бүгiнде дамушы елдерге иек артуға бейiл. Халықаралық сарапшылар энергетикалық қорларға деген сұраныс өскен сайын мұнай мен газ өндiрушi аймақтардан құйылатын инвестиция көлемiнiң үздiксiз өсiп отыратынын айтады. Қарбаласқа толы қор нарығында мұнай көрсеткiшi қазан айы бойынша 32 пайызға төмендеген. Бағаны тұрақтандыруды көздеген халықаралық ұйым – ОРЕС қазан айындағы кезектен тыс өткiзiлген отырыстардың бiрiнде мұнай өндiрудiң бiр күндiк көлемiн 1,5 млн. баррельге қысқартуға шешiм қабылдады. ОРЕС құрамындағы елдердiң валюталық қоры қазiргi кезде 500 млрд. доллардан астам. Ағылшындардың Barclays банкi өткен аптада таяушығыстық инвесторлардан 7,3 еуро несие алды. Бұл қаражат банктiң “шайқалып кеткен” шаруасын түзеуiне кәдiмгiдей көмек болмақ. Жуырда бiрiгуге шешiм қабылдаған Ұлыбританияның ең iрi екi банкi – Lloyds TSB бен HBOS жекелеген инвесторлардан 17 млрд. фунт (27,2 млрд. доллар) қаржы тартуға талпынуда. Халықаралық Қаржы қорынан бөлiнген 250 млрд. долларлық көмек Еуроодақ экономикасының “жұмырына жұқ болмауы” мүмкiн. Сондықтан еуропалық шенеунiктер банкрот пен күйреуден аман қалудың барлық жолдарын қарастырып әлек. Қордағы қаражаттан Исландия, Венгрия, Украинаға 30 млрд. доллар көлемiнде қаржылық көмек берген Халықаралық қаржы қоры дағадарыспен бүкiл әлем бiрiгiп күресуi тиiс дейдi. Дәл осы пiкiр 2008 жылдың 1-3 қарашасы аралығында Стамбұлда ұйымдастырылған Дүниежүзiлiк экономикалық форумда айтылды. Шараға қатысқан сарапшылар қауымы алдағы жылдың шынымен қиын болатындығын мойындай келе, қаржылық тоқыраудан құтылу үшiн 1,5-3 жылға дейiн уақыт қажеттiгiн, iстiң нәтижелi болуы халықаралық қауымдастықтың серiктестiкке деген талпынысы мен ынтымақтастыққа деген мүдделiлiгiне тiкелей байланысты екендiгiн ескерттi. Яғни, рецессияға қарай құлдилаған ғаламдық экономиканы аман алып қалуға жекелеген елдер ғана емес, бүкiл ғалам мүдделi болуы шарт. Жер шарындағы дамыған және дамушы елдердiң үкiметтерi, қаржылық құрылымдар мен iскерлiк қауымдастықтар тiзе қоса отырып, әрекет еткен жағдайда ғана нәтижелi iске қол жеткiзуге болады. Ең қауiптiсi сол, егер өндiрiстiк тұрғыда дамыған мемлекеттердiң компаниялары қаржылық тұрғыда мүмкiндiгi шектеулi кейбiр дамушы елдердiң экономикасын инвестициялаудан бас тартса, жағдайы онсыз да мәз емес дамушы елдердiң нарығы мен экономикасы құрдымға кетуi әбден мүмкiн. Ал инвесторларды күштеп немесе қысыммен тоқтатуға мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген ақшаны ұлттық қаржылық құрылымдарға шоғырландырған батыстық және америкалық шенеунiктер қауқарсыз болмақ. Бүгiнде АҚШ пен Батыстағы банктер мен компанияларға көрсетiлетiн мемлекеттiк қаржылық қолдау саясатының салық төлеушiлер есебiнен жүргiзiлiп жатқанын ескерсек, қарапайым халық маңдай терiмен тапқан ақшасының желге ұшқанын әсте қаламасы анық. АҚШ қаржы министрлiгi жуырда құрылған құтқару қорындағы 700 млрд. доллардың басым бөлiгiн Америкадағы ең iрi қаржы құрылымдарымен бiрге басқа да алпауыт компаниялардың акция пакеттерiн сатып алуға жұмсауды жоспарлап отыр. Қаржылық дағдарыспен күреске 200 млрд. доллардан астам қаржы құйған Ресей экономиканың нақты салаларын қаржыландыруға ден қойса, мемлекеттiк бюджеттен 11 млрд. доллар бөлген Оңтүстiк Корея үкiметi қаржының қомақты бөлiгiн әлеуметтiк бағдарламаларды жүзеге асыруға, тұтынушылық сұраныс деңгейiн жоғарылатуға жұмсамақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ