Жаңалықтар

БАНКТЕР НЕГЕ БЕЙҚАМ?..

ашық дереккөзі

БАНКТЕР НЕГЕ БЕЙҚАМ?..

Үкiмет қаржылық құрылымдар ақша тапшылығына ұрынбасын, банкротқа ұшырамасын, ел экономикасы рецессияның ауылынан аулақ болсын, өндiрiс тұраламасын, жұмыссыздар саны артпасын, әлеуметтiк ахуал күрт төмендемесiн деген ниетпен отандық банктерге мемлекеттiк бюджеттен қомақты сома бөлдi.

Өкiнiшке қарай, банктердiң бiр де бiрi қаржылық қолдау ретiндегi қаражаттың түгелiн тұрмақ, жартысын да игерiп жарытпапты. Қаһарына мiнген бiздiң билiк халық қазынасынан бөлiнген сол қыруар қаржыны керi қайтарып алуға бекiнiп отыр.

Сейсенбi күнi ҚР Президентi Н.Назарбаев ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Ә.Сәйденовтi қабылдап, қаржылық дағдарыстың алдын алуға қатысты бiрқатар тапсырма жүктедi. Елбасы әсiресе, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсiпкерлiк, құрылыс сияқты маңызды салаларға баса назар аударуды, Шанхай ынтымақтастық ұйымына және ТМД құрамындағы елдердiң қаржылық саясатты бiрiгiп үйлестiрудi мiндеттi. Ал үкiметтiк отырыста премьер Мәсiмов Үкiметтiң экономиканың нақты салаларын несиелендiрудiң жаңа жолдарын тапқанын мәлiмдедi: “Мемлекет басшысының нұсқауымен атқарылып жатқан шаруалар нәтижесiнде экономиканың нақты саласын қаржыландыруға мүмкiндiк беретiн қосымша жолдарды таптық”. Премьердiң айтуынша, атқарылған шаралардың бiрiншiсi, банктерге бөлiнетiн қаржы. Өткен аптада Үкiмет елiмiздегi ең iрi банктердiң қатарындағы Альянс банкiне, ТұранӘлем банкiне, Халық банкi мен ҚазКоммерц банкiне олардың 25 пайыз акциясын мемлекетке сатуға ұсыныс жасаған болатын. Жалпы көлемi 5 млрд. доллар қаржылық көмектi отандық қаржылық құрылымдар бiрден қабыл алды. Бүгiнде келiсiмдi бекiтетiн ресми құжаттар реттелiп жатыр. Екiншiсi, Үкiметтен бөлiнген қаржының нәтижесiнде банктер отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi қосымша несиелеуге мүмкiндiк алады. Үшiншiсi, “Стресстi активтер қоры” АҚ-ын құру. Үкiметтiк отырыста “Ұлттық “СамұрықҚазына” әл-ауқат қорының” басшысына арнайы нұсқаулар берген Үкiмет басшысы “Стресстiк активтер қоры” АҚ-ны құруға байланысты көтерiлген кейбiр мәселелерге қатысты қаулының жобасын мақұлдады. Аталған құжат құрылатын қорға мемлекеттi 100 пайыздық үлеспен қатыстыра отырып, қорды “СамұрықҚазынаға” сенiп тапсыруды мақсат етедi. Қаржы министрi Болат Жәмiшев қордың алғашқы қаржысы 52 млрд. теңге көлемiнде болатынын айтады.

Мәсiмов қарамағындағыларға ресейлiк және қытайлық инвесторлармен жасалған жобалар: Екiбастұз су-электр стансасын кеңейтiп, қалпына келтiру, Ақтаудағы битум зауытының құрылысын салу, вагондар мен электровоздар өндiрiсiн құруға қатысты келiсiмдердi тез арада жүзеге асыру керектiгiн айтты. Қазiргi кезде Елiмiздегi ең iрi деген ұлттық компанияларды, бiрiккен кәсiпорындар мен даму институттарын қамтитын холдинг – “СамұрықҚазына” ел экономикасының нақты салаларына қатысты 19 жобаны iрiктеп алыпты. Жалпы құны 4,8 млрд. доллар болатын 19 жобаның 8-i энергетика саласына қатысты болса, бесеуi – көлiк инфрақұрылымы, үшеуi – мұнай-газ, үшеуi өндiрiстiк салалармен байланысты. “СамұрықҚазына” қорының басшысы Қайрат Келiмбетов Алматы өңiрiндегi “Алма” стансасының құрылысын, Ақмола облысындағы қалалық станса мен Экiбастұз су-электр стансасының құрылысы, Кербұлақ су-электр стансасы, Алматыдағы жылу электр стансаларын қайта қалпына келтiру сияқты басқа да жобалардың 2009 жылы басталатынын айтады. Ресми деректерге сүйенсек, орта және шағын кәсiпкерлiк нысандары несие түрiнде берiлетiн қаржылай көмек – 204,8 млрд. теңгенiң 70,8 млрд. теңгесiн ендiгi алып үлгерген. ҚР Индустрия және сауда министрi В.Школьник әкiмдiктер мен “Даму” қоры 50/50 бағдарламасы бойынша, 19,3 млрд. теңгеге 400 жобаның қаржыландырылғанын, ал 28/28 бағдарламасы бойынша банктердiң 2,7 млрд. теңгеге 149 жобаны несиелендiргенiн көлденең тартты. Әлеуметтiк-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, былтыр мемлекеттiк бюджеттен “Қазына” тұрақты даму қорына” 122 млрд. теңге бөлiнген болатын. Премьер-министр республикамыздағы екiншi деңгейлi банктердiң мемлекеттен алған қаржылық көмектi жылдам игермей отырғанын сынға алды: “Бiз банктер қаражатты қысқа мерзiм iшiнде игередi деп күткен едiк. Бiрақ, олай болмай шықты. Бөлiнген қаржыны керi қайтарып алып, қайта бөлу қажет”. Мәсiмов қулыққа басатын кейбiр банктердiң алғашқы траншпен алған ақшаны игiлiгiне жаратып, кейiн несиелендiруден түк шықпады деген желеумен қайтарып беруi мүмкiн деп алаңдайды. Бiр аптаның iшiнде халық қазынасынан алынған қаржының тағдыры шешiлуi тиiс. Келiмбетов тегiн ақшаны игеруге мүдделi болмаған банктерден мемлекеттiк қаржыны қайтарып алады. Осыған байланысты пiкiрiн бiлдiрген вице-премьер Шөкеев ЦентрКредит банкi (40%), Каспий банкi мен БТА (16%) ғана үкiметтiк қаржыны игергенiн мәлiмдедi. Ал қалған банктердiң шаруасы мардымсыз. “Ақшаны қайтарып алып, “ҚазАгро” арқылы айналымға жiберудi ұсынамын” деген Шөкеев қаржылық көмектiң басым бөлiгiн экономиканың нақты салаларына бағыттауды қолдады. Дүйсенбiде сенаторлар алдында баяндама жасаған Мәсiмов отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға арналған 2 мемлекеттiк бағдарламаның жүзеге асырылатынын айтты. Банктермен бiрiгiп жүргiзiлетiн бағдарламалардың жалпы құны – 156 млрд. теңге.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ