Жаңалықтар

«ДАРАБОЗ» БА, ӘЛДЕ «ДОМ – 2» МА?

ашық дереккөзі

«ДАРАБОЗ» БА, ӘЛДЕ «ДОМ – 2» МА?

Жылт еткен жаңалық болса, оны бiрiншi танытатын телеарна. Әуелде осы бағдарлама жарыққа шығады деген кезде елең еткенiмiз рас. Қайта-қайта ұлттық телеарна насихаттап, “Қазақстанның” “Дарабозына” қатысып, бақ сынаңдар” деген жарнамасы зор болған соң, елеңдемегенде не iстейсiң?!

Жарнамасынан әуелде ұққанымыз, “Суперстардың” қазақша нұсқасы сияқты көрiнген. “Суперстарға” ұқсайтын да жөнi бар. Оның да мақсаты — бүкiл республиканы аралап, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен таланттарды табу емес пе едi. Бұл да басында ауыл-ауылдан, жер-жерден, қыстақ-қыстақтан таланттарды iздей бастаған соң, ұқсатпағанда қайтемiз.

Не болса да, жаңалыққа жаны құмар жан емеспiз пе? Көп күтпей-ақ, жексенбi күнi кешкiлiк “Дарабозды” бастап кеп жiбердiк. Өңшең ақшаңқан үйлер, таудың етегi, көкке оранған сұлу табиғат, безендiрiлуi жағынан қатып-ақ тұр. Тұп-тура байырғы қазақтың бiр байының сұлу жайлауы дерсiң. Тiптi, “айдалада ақ отау” деп теңесеңiз де жарасып кетедi. Көкке оранған сұлу табиғатта қазақтың өрiмдей 10 қыз-жiгiт алтыбақан теуiп, шай қайнатып, атқа шауып, ою-өрнек тiгiп, өздерiмен-өздерi оңаша сауық сайран кешуде. Бiр қарасаңыз, “ақсүйек ойнап, алтыбақан тепкен” кешегi қазақтың бүгiнгi “современный” нұсқасы.

“Қазақтың ұлттық салт-дәстүрi бар, керек десеңiз, жiгiттерiңiз аттың құлағында ойнап жатыр ғой, одан артық не керек?” деп кiнәлайтын да шығар “дарабоздықтар”. Жарайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрiн насихаттау арқылы, бүгiнгi ұрпаққа тәлiм-тәрбие беремiз дегендерiне келiсейiк. Бiрақ, осы бағдарламада, яғни, реалити-шоуда көзге бадырайып көрiнiп тұрған кемшiлiктердi қайда қоямыз?!

Киiз үйде отырып, кесте тiгiп, ою ойған қазақтың қыздарына бағаны кiм берiп жатыр, соны анықтап көрдiңiз бе? Бүгiнгi эстраданың белдi өкiлдерi, жұлдыздарымыз, елге танымал күмiс көмей әншiлер. Бағдарламаның рейтингiсн көтеру үшiн, жұлдыздарды қатыстыру қызық деп ойлайтын болуы керек. Өйткенi, көршi Ресейде орыстың бүгiнгi эстрада жұлдыздары қатыспайтын шоу бағдарлама кемде-кем. Оларға қыруар қаржы төлеп, телеарналар өз бағаларын асыруда. Бiрақ, осы бағдарламалар, әсiресе, спорттық шоулар, бүгiнгi Ресей спортына нұқсан келтiрiп жатқандығы туралы ресейлiк басылымдар жанталаса жазып, ресейлiк сыншылар жиi дабыл қаққанынан көзiқарақты оқырман бүгiнде хабардар. Қалай десек те, көршiлер дайындаған “Звезды на льду” немесе “Ледниковый периодтан” кейiн мұз айдынға шығуға құмартпаған жан қалмаған шығар. Су бетiнде қалқыған аққу сынды мұз айдында тербеле жөнелген Ресей жұлдыздарын көргеннен кейiн, балалардың көпшiлiгiнiң арасында коньки спортына деген құмарлық пайда болғанын жасыра алмаймыз.

Сол тұрғыдан келгенде, қазылық жасауға ою-өрнектiң сырын бiлетiн, он саусағынан өнерi тамған тоқыма өнер шеберлерi қазақтың кең даласынан табылмай қалып па? Iздесе, әрине табылады. Ою-өрнектiң сырын түсiнсе, солар түсiнбей ме? Ал, ат құлағында ойнаумен қатар, аттың бабын да, сырын да бiлетiн атбегiден артық кiм бар?! Шығыс биi мен шығыс әндерiне құмар шала қазақ Беркуттың (дұрысы Бүркiт) аттың мәнiсiн бiлетiнiне күмәнiм бар. Ендеше, Беркутты немесе басқа әншiлердi емес, қазыларды нағыз атбегiлердiң арасынан неге iздемеймiз?!

Ары қарай кеттiк. “Айдаладағы ақ отауға” алыстан, яғни қаладан өзбек саудагер базарлатып келедi. Саудагердiң айналасына шүпiрлеп жиналған жастар сауда жасаудың бүгiнгi үлгiсiн көрсетiп жатады. Саудагер саудасын ғана жасап қоймай, өркениеттiң белгiсi ретiнде қолындағы ұялы телефонымен жастардың сөйлесуiмен де мүмкiндiк жасайды. Көптен берi туған-туысқанымен, ағайын-бауырларымен қатысусыз, хат-хабарсыз қалған қыз-жiгiттер саудагердiң ұялы телефонын пайдаланып, бiр рахаттанып қалады.

Шоудың соңында барлығын жинап алып, жүргiзушiлердiң әңгiме-дүкен құратын эпизоды бар. Мұнда апта сайын әр жастың тағдыры шешiлiп жатады. Шешiмдi айтуға асықпайтын жүргiзушiлердiң сөздiк тiркесiн естiсеңiз, жылауға шақ қаласыз. Құдды бiр сахнаның алдында тұрғандай тiлiн әзер сындырып, жаттаған мәтiнiн әрең-әрең еске алып, кiбiртiктеп сөйлеген сөздерiне қарасаңыз, жыныңыз келедi. Жүргiзушiнiң емiн-еркiн отыруға мүмкiндiгi жоқ па, сонда? Бұл жерде соншалықты сөздi жаттаудың қажетi қанша? Әлде жүргiзушiнiң сөйлеу мәнерi сондай ма? Тағы бiр қызығы, өткенде жүргiзушi қызымыз: “Пәленше, сен түгеншенi ұнатып қалған сияқтысың. Бүгiн ол ұнатқан қызыңыз жарты жолда шығып қалса, сен өз орныңды берер ме едiң” деп қарап тұр. Ал, жiгiт болса, не айтарын бiлмей кiбiртiктеп қалды. Көгiлдiр экранның алдында отырған қыруар көрерменнiң алдында не айтарын бiлмей қалған да шығар жас жiгiт. Не керек, “Дарабозда” бiреудi ұнатып-ұнатпау да сценарийге байланысты құрылатын сияқты.

Ең қызығы, кешегi аптада “дарабоздықтар” қыз алып қашты. Кәдiмгiдей рольге енiп, шоуға қатысып жатқан қыздардың бiрiн алды да кеттi. Естерiңiзде болса, “Көрiскенше қош бол, Медеу” фильмiнде қызды алып қашатын сюжеттер бар едi ғой. Онда аңғал, аңқау екi қазақ “қызды ұрлап қашамын” деп, еркектi ұрлап кетпейтiн бе едi. Ерiксiз езуiңiзге күлкi ұялататын осы бiр көрiнiс фильмде бiр емес, екi рет қайталанатын. Қазақтың аңғал, аңқау кейпiн екi кейiпкер әдемi сомдаушы едi.

Ал, реалити-шоуда бәрi керiсiнше. Мұнда еш күлкi тудырмайды. Тұрмысқа шықпаған жас қызды алып қашып, бетiн ашып жатыр. Бұл не шоу ма, дәстүр сабақтастығы ма, ұлттың өзiне ғана тән дүниесiн өркениетке алып келiп қосу ма? Ескiрген дәстүрдiң қалдықтарын болдырмау дейiн десек, оған да келмейдi. Ал, ұрпаққа ұлттық дәстүрдi насихаттап жатыр дейiн десек, көргенiмiз әлгiндей. Сонда бұл бағдарламаның көрерменге үйрететiн дүниесi не, жақсылық па, жамандық па? Мүмкiн телеарнаның бағасын көтеру шығар. Осыдан бiрер жыл бұрын, осы “Қазақстан” ұлттық телеарнасында “Қыз қуу” деген жақсы бағдарлама жүргiзiлетiн. Салиқалы, сабырлы, көрер көзге ұялмайтын аталмыш бағдарламаны әр жексенбi сайын үй iшiмiзбен асыға күтетiн едiк. Дәстүр сабақтастығы дегенiмiз де, ұрпақ тәлiм-тәрбиесi дегенiмiз де сол емес пе? Оның қаптаған шоулардан несi кем? Қайта ол бiздiң ұлттық менталитетiмiзге тән ұяңдық пен әдептiлiктiң шекарасынан асып кете қойған жоқ. Олар тап бүгiнгiдей қыз алып қашып, тұрмыс құрмаған қыздың бетiн ашқан жоқ. Керiсiнше, “қыз алып қашамыз” деп дайындалған жiгiттердiң кейпiн қалжыңмен, күлкiмен көмкерiп кеткенде, бағдарламаның сәнi арта түсер едi ғой.

Сосын осы бағдарламаны көрген сайын есiме “НТК” арнасы жиi беретiн “Дом-2” бағдарламасы елестейдi. Көрсең көзiң ұялатын аталмыш бағдарламаны не үшiн трансляциялап жатқанын кiм бiлсiн, әйтеуiр аталмыш арнаны қай кезде қоссаңыз да, “Дом-2-ны” көресiз. Орыс жастарының осы бағдарлама арқылы көрсететiн кейбiр қылықтарын орыс қоғамы да қабылдай қоюы екiталай шығар. Жалаңаш тән мен әдепсiз қылықтар ғана бойына тән аталмыш бағдарламада жағылған отты айнала қоршап, әңгiме-дүкен құратын эпизодтары бар. Сол эпизод бiздiң реалити-шоуда да кездеседi. Онда да жастардың емiн-еркiн әңгiме дүкен құруы. Айырмашылығы, онда орыс жастары, мұнда қазақ жастары, қазақша қамзол киiп, киiз үй тiккен.

Ең бастысы, үмiткерлердi бағалау SMS арқылы жүргiзiледi екен. Онда жеңiмпаз тамыр-таныстықпен, ағайындықпен шешiлiп кетпес пе екен?!

Кесте тiгiп, ою ойдық. Атқа шауып, ертоқымды қалай салуды көрсеттiк. Қыз алып қашып, бетiн аштық. Ендi бiздi алда қандай тосын “сыйлардың” күтiп тұрғанын бiр Алла, сосын “Дарабозды” ұйымдастырған топ қана бiледi.

Гүлзина Бектасова