Жаңалықтар

УКРАИНА РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫН КӨРСЕТУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

ашық дереккөзі

УКРАИНА РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫН КӨРСЕТУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

Украинада 1-қарашадан берi “НТВ-МИР”, “РТР-Планета” және “ТВЦ-международный” телеарналарын көрсетуге тыйым салынды. Оның орнына көрермендер “Воля” компаниясының ұсынған өнiмдерiн көруде. Ал, 1 арнаны трансляциялау жалғасуда.

ИТАР-ТАСС агенттiгiне “Воля” компаниясының тұтынушыларды қолдау орталығының операторы Наталья “Украинаның телевидение және радиохабарларын тарату жөнiндегi ұлттық кеңесi бұл үш телеарнаға авторлық, аралас құқық және жарнамаға байланысты қандай да бiр келiспеушiлiгi болды. Сол үшiн олардың Украинада таралуына тыйым салды. 1 арнаның көрсетiлуiн бiз талап еттiк. Қазiр Ресей телекомпаниялары келiссөздер жүргiзiп жатыр. Жақын арада барлық проблемалар реттеледi деген үмiттемiн” деп мәлiмдедi.

Ресей бұл оқиғаға бiрден реакция танытып, Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров “Ресей телеарналарының Украинада таралуын қадағалап, олардың мүддесi үшiн жұмыс iстейтiн болады. Бұл үшiн бiз жалпы қабылданған тәжiрибеге сүйенемiз. Егер, бұның соңында саяси астар болмаса, бұл проблеманы реттеуге болады деп ойлаймын. Сөйтiп Украинада орыстiлдi халықтың мүддесiн қорғап, олардың барлық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiне мүмкiндiк жасайтын боламыз” — дедi.

Сондай-ақ, ол “Мен параллель жүргiзгiм келмейдi. Бiрақ, жаңа ғана Грузия туралы сауал қойылды. Грузияда телеарналар саяси астармен жабылып отыр. Украина билiгi бiздiң компаниялардың ол елдiң заңдылығын сақтамай отыр дегендi көлденең тартады. Егер мәселе онда болса, Ресей компаниялары бұл ескертулердi мойындап, оны жөндеуге келiсiп отыр. Ал, Украин билiгi бұған түсiнiстiкпен қарайды деп ойлаймын” — дегендi айтты.

Ал, Ресей Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Г. Карасин “Украинаның орыстiлдi азаматтары өз елiнiң толыққанды азаматы болып табылады. Сол себептi де орыс тiлiнде сөйлеп, орыстiлдi телевидениенi көруге ерiктi. Ресей телеарналарын Украинада көрсетуге тыйым салуы Ресейдi ғана емес, Украина азаматтарын да ойландыруы тиiс. Бiз орыс пен украин мәдениетiнiң қатар дамығанын қалар едiк. Бұнда ешқандай қайшылық болмауы тиiс. Бiз бұл мәселелердiң екi ел қарым-қатынасының дамуына керi әсерiн тигiзуiне қарсымыз” дедi журналистерге берген сұхбатында.

Ал, Украинаның ресми билiгi тарапынан бұл мәселеге орай қандай да бiр комментарий берiлген жоқ. Ал, Украин бизнесiнiң және Юлия Тимошенко блогының өкiлi Константин Кисленков:

— Бұнда таңданарлық ештеңе жоқ. Әрине, Виктор Ющенко артық кеттi, сөйтiп ақпарат алу бостандығына нұқсан келтiрдi. Бәлкiм, болмағанда “Спокойной ночи, малыши” бағдарламасын қалдыруға болатын едi. Мен өзiм орыстiлдiмiн. Бiрақ, украин патриоты ретiнде орыс тiлiн менiң отаныма қарсы қару ретiнде қолданғандарын түсiне алмаймын. Бұл үшiн басты жауапкершiлiк Ресейге жүктеледi. Ресей Украинаны бөлшектеп, арандатудың амалын ойластыруда. Ал, кейбiр ресей саясаткерлерi оны аннексиялауға шақыруда. Қазiргi жағдайда Ресей телеарналары украинаға қарсы үгiт-насихат жүргiзiп келедi. Оларды Украина мемлекетiн жоюды көздеушiлер ретiнде баяғыда жауып тастау керек едi, — деген ой бiлдiрдi.

Демек, Украина саясаткерлерi, тiптi, қазiргi билiкке оппозициядағы саясаткерлердiң өзi Ресейдiң Украинаға қарсы ақпараттық майдан ашқанын ашына айтып отыр.

Қалай дегенмен де, Ресей мен Украина қарым-қатынасы күн өткен сайын ушыға түсуде. Сарапшылар ТМД құрамынан Грузиядан кейiн ат-тонын ала қашуға дайын отырған ел ретiнде Украинаны атайды. Ал, Ресей бұл ретте Қырым автономиясы мен Севастополь өңiрiн Украинадан бөлiп әкету әрекетiне кiрiсетiндiктерiн айтып, қоқан-лоққы көрсетiп қояды. Жақында Мәскеу мэрi Лужковтың қолдауымен “Севастополь — бiздiкi” деген акция ұйымдастырылып, iрi концерт те болып өткенi мәлiм. Сөйте тұра, олар Украинаның ақпараттық майданнан сақтанған әрекетiнен арандатушылық астар iздеп әлек.

Есенгүл Кәпқызы