Жаңалықтар

АМЕРИКА ПРЕЗИДЕНТIН САЙЛАДЫ

ашық дереккөзі

АМЕРИКА ПРЕЗИДЕНТIН САЙЛАДЫ

Миллиондаған америкалықтың көңiлiне үмiт отын жаққан жаңа президент Барак Хүсейн Обама — Америка тарихындағы ең алғашқы қаранәсiлдi азамат. Обаманың жеңiске жетуiне америкалық iшкi және сыртқы саясат, Ирактағы соғыс, тұралаған экономика, әлеуметтiк ахуал сынды мәселелер себеп болған. АҚШ-тағы мұсылмандар мен азиялықтар да саяси науқанда маңызды рөл атқарды.

Америка тарихында ең алғаш рет афроамерикалық азамат президент атанды. Арғы тегi кениялық Обама дүйсенбiден сейсенбiге қараған түнi-ақ басымдық таныта бастапты: Нью-Гемпшир штатындағы Диксвилл Нотч елдiмекенiндегi сайлау учаскесiнде Обаманың жақтаушылары көп болған. Оның басты қарсыласы — республикалық партия өкiлi Джон Маккейн сәрсенбi күнi ескi дәстүр бойынша, көпшiлiк алдында саяси додада шаң қауып қалғанын ресми түрде мойындап, Обаманы жеңiсiмен құттықтады. Заңға сәйкес, жиналған дауысқа қатысты деректер қорытынды есеп саналмайды, ресми деректер АҚШ үкiметiнiң мемлекеттiк хатшысы барлық дауыс беру қағаздарын сүзгiден өткiзгеннен кейiн ғана жарияланады. Мерзiм кейде бiрнеше күнге немесе бiрнеше аптаға созылуы мүмкiн. Биыл сайлаушылар әр штат бойынша үстiмiздегi жылдың 15 желтоқсанында үмiткерлерге дауыс бередi. Осы дауыс беру процесiнiң нәтижесi 2009 ж. 6 қаңтарындағы АҚШ Конгресiнiң қос палатасы өткiзетiн арнайы сессиясында жаңартылып, саяси науқан ресми түрде қорытындыланады.

АҚШ Демократиялық партиясының мүшесi, Иллинойс штатынан сайланған сенатор Барак Хүсейн Обама 1961 жылы 4 тамызда Гавайи штатының астанасы Гонолулуда туған. Оның әкесi — Барак Хүсейн Обама иммигранттар елiне Кениядан экономика мамандығын меңгеру үшiн келген. Шешесi — ақнәсiлдi америкалық Сиэнли Энн Данхэм мамандығы бойынша — антрополог. Жаңа президент екiге толғанда ата-анасы ажырасып кетедi. 1983 жылы колумбиялық университеттi, 1991 жылы Гарвард университетiнiң құқық мектебiн бiтiрген Обама Чикагоға қайта келiп, 9 жыл бойы адвокаттық қызмет атқарыпты. Чикаголық университеттiң оқытушысы 1996 жылы Иллинойс штатындағы сенатқа Демократиялық партияның атынан сайланған. Мансап баспалдағында әдепкiде жеңiлiстiң дәмiн көп татқан Барак 2000 жылы АҚШ Конгресiнiң Өкiлдер палатасына үмiткер ретiнде бақ сынап, сайлана алмайды. Бiрақ 2004 жылы АҚШ Конгресiнiң сенатына сайлауға қатысқан Обама 70 пайыз дауыс жинап, Америка тарихындағы бесiншi қаранәсiлдi сенатор атанады. Ол — “Әкемнен қалған армандар” мен “Үмiттiң батылдығы” атты екi кiтаптың авторы. Мишель Робинсон Обама атты жары, Амилиа мен Саша деген екi қызы бар.

Америка халқы алдында беделi бар Обама Еуропаға да сыйлы. Тiптi, “Granma” деген газетке сұхбат берген кубалық көсем — Фидель Кастроның өзi “Маккейнге қарағанда, санасы сергек адам” деп мақтаған. Обаманы iштартатын Израильдiң өз көздегенi бар: еврейлер қауымы Иранға қатысты саясатты жүргiзуде Барак босаңдыққа жол бермейдi деген сенiмде. Кеше Еуропалық Комиссияның төрағасы Жозе Мануэл Дурран Баррозу саяси додада жеңiске жеткен жаңа президент — Обаманы құттықтады. “Қазiргi дағдарысты тойтарып, жаңа әлемге лайықты “жаңа келiсiмдер” жасауымыз керек” деген Баррозу “жаңа келiсiмдердi” түзуде Обаманың белсендiлiк танытатынына үмiт артты.

Сәрсенбi күнгi алғашқы дауыс беру қорытындысында Обама 297, ал 72 жастағы республикалық сенатор Маккейн 138 сайлау мандатын иемденген. Пенсильвания, Флорида, Огайо, Вирджиния штаттарының қолдауына ие болған Обама басымдықпен президент тағына отырмақ. Негiзi Құрама Штаттардағы үш жүз миллионнан астам америкалықтың 15 миллионы — азиялықтар. Демек, халықтың 5 пайыздық үлесi азиялықтардың еншiсiнде. Невада, Калифорния, Гаваийя, Нью-Джерси, Техас пен Вирджинияға шоғырланған азиялықтардың сайлауда шешушi рөл атқаруы мүмкiн екендiгiн екi партияның өкiлдерi де бiлдi. Соның айғағы, 1964 жылдан берi бiрде бiр республикалық үмiткер жеңiлiске ұшырамаған Вирджиния штаты бұл жолы демократттардың жанынан табылды. Вирджиниялықтардың Маккейннен сырт айналуына iшкi саясаттағы ахуалдың себеп болғаны анық. Ирактағы соғыс, Буштың кесiрiнен тығырыққа тiрелген экономика Барактың сайлауалды кампаниясына тиiмдi болды. Әлеуметтiк, экономикалық жағдайлардың қиындауын тиiмдi пайдалана бiлген демократтар жақтастар санатын көбейтуге жанын салды. Нәтижесiнде, жеңiске жеттi.

Маккейн немесе Обаманың қайсысы билiк басына келсе де, Қазақстанмен арадағы байланыс өзгерiске ұшырамақ емес. Сейсенбi күнi АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд та Америкадағы президенттiк сайлаудан кейiн елiнiң сыртқы саясаты айтарлықтай өзгерiстерге ұшырамайтындығына сенiм бiлдiрген болатын: “Дипломат ретiнде мен Рональд Рейганнан бастап, екi саяси партияның мүддесiн көздейтiн барлық президенттермен жұмыс iстедiм. Жаңа әкiмшiлiктiң билiк басына келуiнiң әсерiнен тарихи құбылыстар орын алуы мүмкiн, бiрақ сыртқы саясаттың негiзгi қағидалары өзгерiссiз қалады”. Қазақстан мен АҚШ арасындағы екiжақты қарым-қатынасты тұрақты деп бағалаған америкалық елшi байланыстарды нығайта түсу керектiгiн көлденең тартты. Америкалық елшiнiң сенiмi негiзсiз емес. Өйткенi, орталықазиялық аймақпен, посткеңестiк кеңiстiкпен ынтымақтастық орнатуға ұмтылатын АҚШ пен Батыс аталған аумақтың энергетикалық қорларына зәру. Көмiрсутегiлер күресiнде өзара тартысқа түскен АҚШ, Еуропа, Қытай мен Ресей ықпалын арттыруға мүдделi. Сондықтан көпвекторлық саясатты ұстанатын Орталық Азияға көз алартқаннан гөрi, серiктестiкке иек артқан әлдеқайда тиiмдi екендiгi даусыз. Алпауыт елдiң экономикасы мұнай мен газға тәуелдi болғандықтан, Америкадағы республикалық және демократтық саясаткерлер үшiн сайлаудың қорытындысы емес, елдiң сыртқы саясаты маңызды.

Айтпақшы, сайлауалды кампания барысында Барак Обамаға қастандық ұйымдастырған қылмыскерлер құрықталды. Тарихи деректерге жүгiнсек, АҚШ-тың 8 президентi лауазымын атқару барысында қайтыс болған: Уильям Гаррисон — пневмониядан, Закари Тейлор — гастроэнтериттен, Авраам Линкольн, Джеймс Гарфильд пен Уильям Маккинли — қастандықпен өлтiрiген, Уоррен Хардинг — жүрек талмасынан, Франклин Рузвельт миына қан құйылудан көз жұмған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ