Жаңалықтар

“ЖҰМБАҚ ЖАНДАР” ҺӘМ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСI

ашық дереккөзі

“ЖҰМБАҚ ЖАНДАР” ҺӘМ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСI

Адамдар өмiрдегi елеулi жайттар мен ерекше құбылыстарды көнекөз тарихтың еншiсiндегi оқиғаларға, емiс-емiс ұмыт бола бастаған жағдайларға жиi ұқсатып, өзара шендестiрiп жататыны үйреншiктi жағдай. Әсiресе, қиялы жүйрiк қазақтар осыған әуес әрi ұлтымыздың басына бұлт үйiрiлген зұлмат кезеңдер көп болғандығынан ба екен, мұндай мысалды қаралы жылдардың қойнауынан көбiрек iздеп табатыны бар. Қазiр дөңкиген, қуатты қара джип пен басқа да қара түстес қымбат машина мiнгендердi 1937-38 жылдары жазықсыз жандарды кез келген уақытта тұтқындап әкетiп, соңынан iз-түзсiз жоғалтып жiберетiн НКВД-ның аты шулы көлiктерiне — “қара құзғынға” теңеп жүруi соның салдары.

Оның жөнi де бар. Көбiне әлгiндей қара джип мiнген мырзалар қарапайым адамдар үшiн бөтен, мүлдем жат әлемнiң өкiлдерi секiлдi. Олардың жан дүниесi көпшiлiкке әрi жұмбақ, әрi түсiнiксiз. Ал жұмбақ нәрсе қашанда қорқыныш, үрей туғызатыны табиғи заңдылық. Бiр ғана нәрсе аян — жаңа сипатты әкiмқаралар мен ортаңқол кәсiпкерлер көбiне әлгiндей “қара құзғындарға” мейлiнше жаны құмар және мұндай бақталастық, бiр-бiрiнен асып түсуге құмарлық көп жағдайларда қазақ азаматтарына тән. Ең бастысы, ондайлардың көбi ұлт мүддесiне қырын қарайтыны, өзге қарапайым қазақтарды көзге iлмейтiнi де құпия емес.

Соңғы жылдары қоғамдық көлiктер мен көпшiлiк орындарда қазақ тiлiнде сөйлеушiлердiң бiртiндеп көбейе түскенiн дәтке қуат санағанымызбен, әлгiндей қара джип мiнетiн кәсiпкерлер мен банкирлер, ортаңқол шенеунiктердiң арасында қазақ тiлiн қажеттiлiк деп мойындайтындар саусақпен санарлық екенiн жасырып-жабуға болмайды. Қатар тұрған жүз қара джиптен кердеңдеп түскен байшыкештердiң кем дегенде тоқсаны ана тiлiн бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiндер болса, оған таңдана қоймайтынымыз да сондықтан.

Әсiлi, қымбат автомашина мiнгендерге “қара құзғындар” деп ат қойып, айдар таққандардың да пiкiрлерiн негiзсiз деуге болмайды. Орта топқа жатқызылып жүргендердiң көпшiлiгi үшiн материалдық құндылықтар басты орында екендiгi, әлгiндейлер ұлттық рухани негiздерден саналы түрде бас тартқан маргиналдар болатыны өмiр шындығы.

Барлық әлеуметтiк топтарда халықтың, ең әуелi ұлттың мүддесi қорғалуы тиiс және қамтамасыз етiлуi керек дейтiн болсақ, соңғы жылдары ұлттың алға қойған мақсат-мұратына, кезек күттiрмейтiн талап-тiлегiне қабырғасы қайыспайтын, жалпы тағдырына жаны ауырмайтын тағы бiр ерекше әлеуметтiк топтың пайда болғанын айта кету керек шығар.

Олар — оққағарлар! Сансыз әкiмқаралардың, кәсiпкерлердiң жанына қарапайым пенденi маңайлатпайтын, қожайынның қабағын қалт еткiзбей бағуға әдеттенген аса суық, дөкiр, ызбарлы жандар кiмге қарсы болса да сiлтенуге дайын жуан сойыл. Аталмыш “оққағарлар” зуылдап ұшқан қой құмалағы-қорғасын оққа қандай тосқауыл, тiктеп келген ажалдан қалай арашашы болатынын кiм бiлсiн, әйтеуiр оққағарларда ой-сана, сезiм атаулының бар екендiгiне күмәнданушылар қоғамда көбейе түскенiн де жасыруға болмайды. Бiр ғажабы, осы оққағар атаулының ұлт пен ұлысын мүлдем айыру мүмкiн емес, әйтеуiр бiр-бiрiнен аумайтын, күлмейтiн, сөйлемейтiн тiрi роботтар. Суық қабақ, жатбауыр, дүлей топ! Оққағарлар өз қожайындары мен қарапайым адамдар арасын бөлiп жатқан берiк Қытай қорғаны сияқты, әсiлi.

Мұндайлардың Қазақстан тәуелсiздiк алған күннен бастап жауыннан соңғы саңырауқұлақтай өрiп шыға келгендерi анық.

Шалқар мұхитта нәһан балықтар мен алып киттерге жабысқақ, арамза шабақтар iлесiп жүзiп жүредi деседi. Сол шабақтар әлгi киттiң денесiн жабысқан балдырлар мен түрлi моллюскалардан, арандай ашылған аузын ас қалдықтарынан мұнтаздай етiп тазалап, өз тамағын асырайтын көрiнедi. Және бұлар бiр-бiрiнсiз күн көре алмайтын болса керек. Оққағарлардың да сол жабысқақ шабақтардан аумайтыны ақиқат және бiр-бiрiнсiз аттап қадам баспайтын осы екi топтағы адамдардың басым бөлiгi үшiн күнделiктi өмiрде ұлттық мүдде, қазақ халқының мақсат-мұраттары деген ұғымдар мәнсiз дүние болып көрiнетiнi тағы аян.

Өткен жылдың қоңыр күзiнде сүт өңдейтiн шағын зауыттың ашылу салтанатына жер-жерден сыйлы қонақтар, Алматы облыстық, аудандық әкiмшiлiктерiнiң ауылшаруашылығына қатысы бар мәртебелi мемлекеттiк қызметкерлерi қала iргесiндегi кiшкентай ауылға шақыртылған-ды. Жиналғандардың басым бөлiгi, дәлiрегiнде барлығы дерлiк өзiмiздiң қандастарымыз. Қазақ болғанда, орысшалары нанталаптан онша аса қоймайтын нағыз оңтүстiктiң қазақтары. Мiнберге мiнiп, кәсiпкердiң жаңадан бастаған жақсы iсiне бата берген қариялардың көпшiлiгi нағыз қазақы тiлде майын тамыза сөз сөйлеген. Тiптен, аталмыш жиынға мұрындық болған кәсiпкердiң өзi де зауыт құрылысы басталғалы осы жерде қона жатып жүргенiн, ауыл адамдарының өзiн құрылысшы өзбектермен шатастырып алатындығын бiр жағы күлкi, бiр жағы шындық ретiнде жасырмай жайып салған. Бұл жиынға Астанадан — Ауылшаруашылық министрлiгiнен де арнайы қонақ шақыртылса керек. Шенеунiк әдеттегiдей терезелерi қараңғыланған су жаңа қара джипке мiнiп келдi және бiр таңданарлығы, осы ортаңқол шенеунiктiң де соңынан бiрнеше тiрi робот — оққағарлар бiр елi қалмай iлесiп жүр екен. Жиында Астанадан келген сол жас жiгiт — “жайсаң” жiгiтке де сөз кезегi тидi. Ауылшаруашылық министрлiгiндегi жанға жайлы, салқын кабинетiнде омалып көп отыратын болғандықтан сұп-сұр жүзiнен қан қашқан әлгi астаналық маман орашолақ, нәрсiз орыс тiлiнде тоқтаусыз толғады-ай кеп бiр. Әлемдiк дағдарысты айтты, ел экономикасындағы өзгерiстер мен реформаларды тiлге тиек еттi. Соншалықты тiлiнен май тамған, ағылып тұрған шешен деп те айта алмайсың, мемлекеттiк қызметте жүрiп үйренген жаттанды, талай жерде қайталап айтып әдеттенген жауыр болған сөздерi.

Ең сорақысы сол, шұбалта ұзақ сөйлеп, елдi әбден мезi еткен әлгi мәртебелi маман ұлты қазақ бола тұра, жиналғандардың бәрi қазақ екенiн көре тұра бiр ауыз қазақша тiс жармады-ау, сабазың! Тiптi, өзiнен бата сұраған кәсiпкердiң алдағы жұмыстарына сәттiлiк тiлегенде де бiрауыз қазақшаға тiлi бұралмады. Әлгi “сабаз” сөзiн аяқтағаннан-ақ қасындағы апайтөс оққағарлар оны қаумалай қоршап, ел-жұрттан оңашалады да, тiгулi тұрған аппақ киiз үйге салтанатпен апарып кiргiзген. Сылаңдаған сұлу қыздар мен толықсыған тоқ балтырлы келiншектер ендi соларға ғана қызмет көрсетуге ойысты.

Әлбетте, бұл кейбiреулер күнделiктi көзi көрiп, етi өлiп алған үйреншiктi көрiнiстер, қалыпты оқиғалардың бiрi ғана шығар. Баз-бiреулерге бұл таңсық та бола қоймас. Ал журналист ретiнде менi шошындырғаны, әлгi шенеунiктiң ортаны менсiнбеуi, тiптi сол жиналғандардың ортақ тiлiнде — қазақша бiр ауыз сөз айтуға талпынбағаны.

Бұл не? Қандай сорақы әдет?! Шын мәнiнде әлгi шенеунiк өзiнiң қазақ екендiгiн, болашағынан ұлтымыз үмiт күтетiн азамат екендiгiн бiржола ұмытқаны ма,әлде парықсыздығы ма? Көпшiлiкпен ортақ тiл табысу, олардың көңiл ауанын аңғара бiлу мемлекеттiк қызметкерлердiң ең бiрiншi мiндетi, басты парызы емес пе және оларды осыған үйретпей ме? Көпшiлiк сөйлеген тiлдi бiлмейтiн, оларды көзiне iлмейтiн мемлекеттiк қызметкерлер ең әуелi Қазақстан Президентiнiң iшкi саясатын ел арасында қалай насихаттамақшы, қайтiп ұғынықты түрде жүргiзбекшi? Қазақстан халқының 70 пайыздан астам бөлiгiн құрап отырған қазақтардың тiлiн бiлмеудi қарапайым адамдар үшiн кешiруге болғанмен, мемлекет құраушы ұлттың тiлiн бiлмеу — мемлекеттiк қызметкерлер тарапынан қылмыспен пара-пар ғой.

Осы орайда елiмiзде жарық көретiн орыстiлдi газеттердiң бiрiнде өткен жылдары жарияланған сұхбат ойыма оралды. Әлгi сұхбатта Грузияға газ тасымалдаушы “Казтрансгаз” ұлттық компаниясының белдi маманы Тбилисидi электр жарығымен де қамтамасыз етiп жүргендерiн, осы елдiң экономикасына Қазақстан айтарлықтай инвестиция құйып отырғандығын, бұл елдегi туризм, қонақ үйлердi дамытуға да қомақты үлес қосып отырғанымызды кеңiнен әңгiмелеген. Әлгi жас маманмен бiрге ұлттық компания атынан осында 30-дай бiлiктi мамандар келгендiгiн және алдағы бiрнеше жыл бойы Грузияда тұратындықтарын сөз ете келiп, барлығының дерлiк қысқа уақытта грузин тiлiн игере бастағандарын және бұл талпыныстары жемiссiз емес екендiктерiн мақтанышпен мәлiмдеген едi. Жарайсыңдар, жiгiттер! Абай атамыз “Есек … жусаң да мал тап” деген, алыс Грузияда ақша табу үшiн кәсiпкерлер мен шенеунiктерiмiз грузин тiлiн үйренуге де дайын.

Ал өз елiмiздегi кәсiпкерлер, әсiресе мемлекеттiк қызметкерлер қазақ тiлiн үйренуге нелiктен құлықсыз? Олар елiмiздегi ең көп ұлт және ең саны көп салық төлеушiлердiң арқасында дәулет жиып, күнделiктi еңбек ақыларын алып отыр емес пе? Бiздiң кәсiпкерлердiң, тiптi бұдан былай да орыс тiлiнде күн көре беремiз дейтiн шенунiктерiмiздiң де өзге халықтар үшiн өздерiнiң бағасы бес тиынға да татымайтындықтарын әлi күнге ұқпайтындықтары, ең бастысы, шындап ұққысы келмейтiндiктерi ешбiр ақылға сыймайтын-ақ iс. Әрине, өмiр бiртiндеп өзгерiстерге ұшырайды, iлгерi дамиды. Оны өзгертетiн, жақсартатын да адамдар екенi еш дау туғызбайтын ақиқат. Дегенмен, осы таңға дейiн мемлекеттiк қызметкерлердiң сансыз армиясы ана тiлiмiздiң мемлекет, қоғам өмiрiне, ғылым мен техника, бiлiмнiң барлық салаларына дендеп енуiне айтарлықтай үлес қоспай отырғандығы бәрiмiздi ойлантуға тиiс. Олардың мұндай игi шаруадан ат-тондарын ала қашуларының астары да мәлiм, өйткенi, бұл қиын да күрделi, шынайы жанашырлықты талап ететiн мәселе жеке бастарына ешқандай материалдық игiлiктер әкеле қоймайтыны белгiлi. Сондықтан да олардың көпшiлiгi саналы түрде жаңару, жаңғыруға аттап қадам баспайтын кертартпа күштерге айналып отыр. Яғни, ондайларды “қара құзғындар” деп жүргендер шындықтан онша алшақтай қоймайтын сияқты.

Осындай “қара құзғындардың” бiрсыпырасы қазақ телевидениесiнiң маңына да шоғырланған секiлдi. Кейбiр телеарналардың күнделiктi ұстанған саясаттарына қарап ерiксiз түрде осындай байлам жасауға тура келедi.

“Xit TV” телеарнасы өткен көктемнiң сәуiр-мамыр айларында әлдебiр кастинг пе, байқау ма, әйтеуiр өзгеше бiр шара ұйымдастырған болатын. Аталмыш телеарна арқылы ән айтқысы келетiн жастар осында келiп, арнайы жиналған комиссияның алдында өз өнерлерiн көрсетуi тиiс. Сол байқауда әлгiндейлердiң алдында қазақтың бай да әсем ұлттық киiмiн киген қаракөз аруларымыздың бiрi өз өнерiн көрсетiп, шырқатып ән салды. Телеарнада қызмет iстейтiн өрiмдей жастардан құралған комиссияның төрағасы — “Xit TV”-дағы “Қалайсын?” (“Қалайсың?” емес) бағдарламасын жүргiзетiн жiгiт табанасты әлгi қыздан мұнда не мақсатпен келгенiн сұраған. Сүйкiмдi бойжеткен: “Осында байқау өткiзiлiп жатқанын естiдiм. Ұлттық киiмiмiздi неге киiп бармасқа дедiм”, — деп ағынан жарылып жауап бердi. Жайшылықта екi қолын қалтаға салып, тiлiн бұрап сөйлейтiн телеарнаның музыкалық жүргiзушiсi — әлi бесiктен белi шықпаған “төраға”:”Мұнда бұлай келуге болмайтынын бiлмедiң бе? Ұлттық киiммен өзге телеарнаға, театрға баруға болады, ал бiздiң телеарнаның саясаты басқаша ғой”, — деп бiраз “ақыл-кеңесiн” айтты. Бойжеткеннiң көзi жасқа тұнып, ерiксiз боталап кеттi, iштей өзiн соншалық дәрменсiз сезiнгенi де байқалған. Ашу-ызамен бiраз әңгiме айтқысы да келген шығар, бiрақ қазақ қызына тән ұяңдық, ибалылық оған жiбермей қалған болуы мүмкiн. Әттең-ай, айтып салуы керек-ақ едi! Бұл — “Xit TV”-ның өзi өткен көктемде көрсеткен хабар екенiн айта кету жөн шығар.

Жартылай жалаңаш қыздар қатысуға болатын, ал ұлттық киiммен табалдырығын аттауға болмайтын бұл қандай байқау? Мұның өзi адамдарды нәсiлге бөлу, кемсiтудiң нақты көрiнiсi емес пе? Әлгi жас “төраға” секiлдi “қара құзғындар” көрнектi тұлға ретiнде төбе би болып отыратын осындай комиссиялар бiздiң елiмiзде қашанғы тайраңдайды? Қашанға дейiн қазақтың мүдделерiн аяққа таптап, жастарды керi тәрбиелеп, ұлттық салт-дәстүр, халқымыздың сан ғасырлық озық тәрбиелерiнен қол үзуге бағытталған саясат жалғаса бермекшi? Бiлмеймiн…. Бiр анығы, “қара құзғындары” көп қоғамның болашағы баянсыз, келешегi күмәндi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ