Жаңалықтар

ДЕПУТАТТАР “НҰРЛЫ КӨШКЕ” БАТАСЫН БЕРДI

ашық дереккөзі

ДЕПУТАТТАР “НҰРЛЫ КӨШКЕ” БАТАСЫН БЕРДI

Осы аптаның басында Парламентте Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi депутаттарға “Нұрлы көш” бағдарламасын таныстырып, олардың батасын алды.

Бұған дейiн жазғанымыздай Президенттiң арнайы тапсырмасымен жасалған “Нұрлы көш” бағдарламасы көпшiлiктiң талқысынан өтiп, Үкiметте қаралып мақұлданған болатын. Парламент бұл құжатты қабылдайтын соңғы орган. Одан кейiн Елбасының қолы қойылып, өмiрге жолдама алатын болады.

Депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың баяндамасын тыңдағаннан кейiн, өз күдiк-күмәндарын да жасырмай айта бастады. Олардың көбi “Нұрлы көш” бағдарламасының орындалатынына күмәндi. Өйткенi, бүкiләлемдiк экономикалық дағдарыс жағадан алып келе жатқан бүгiнгiдей қусырылған заманда бұл құжатты жүзеге асыра қою қиын екенi белгiлi. Сондай-ақ, оның жүзеге асуы үшiн бiр министрлiк ғана емес, бүкiл ел болып атсалысуы қажет. Сонымен қатар, бұл iсте жергiлiктi әкiмшiлiктердiң қолдауы ауадай қажет.

Мәселен, Мәжiлiс депутаты Мұхтар Тiнiкеев:

— Создаётся такое впечатление, что вы им обещаете здесь манну небесную и кисельные берега, потом они приходят к нам на приём и чуть ли не требуют: дай мне квартиру, дай мне работу. Я Вам приведу тысячу фактов, когда они бросают, те места, куда их заселяют. Продают дом, скот, который им предоставило государство, и уезжают в более теплый регион, — деп салды.

Оның сөз ләмiнен жалпы оралмандарға деген оң көзқарасы жоқтығын байқап қалдық. Сондай-ақ, депутат “өзiмiзде үйсiз-күйсiз жүргендер толып отырғанда, шеттен келгендердi жарылқап қайтемiз” деген де ой айтты. Мұхтар Тiнiкеев мырза көшi-қон саясатының Қазақстанның стратегиялық маңызы бар бағыттарының бiрi екенiн не түсiнбейдi, не түсiнгiсi келмейдi. Әрине, жергiлiктi жұрттың шекесi қызып, маңдайы жарқырап отырмағаны белгiлi. Оның үстiне, урбанизация мәселесi де халықты тұралатып кеткенi бар. Iшкi көшi-қонның түйткiлдерi де бастан асады. Аталған бағдарлама да iшкi көшi-қонды реттеу мәселесi де ескерiлген. Оларды болашағы жоқ ауылдардан әл-ауқатты жақсы жерлерге көшiрiп, оларға да жәрдемақы төлеу мәселесi айтылған. Ал, бiздiң депутаттарда да, шенеунiктерде де, жалпы қарапайым халық ұғымында да шеттен келген қазақты сұраушы етiп көрсету белең алып барады. Өйткенi, мен өз басым қол қусырып қарап отырған оралманды көрген жоқпын. Әркiм өзi тiрлiгiн жасап, қолынан келген қызметiн iстеп, Қазақстан Республикасының Салық кодексi бойынша, тиiстi салығын төлеп отырғандығы мәлiм. Бәлкiм, Тiнiкеев мырзаға жұмыспен қамтуға көмектесуiн сұраған, баспана мәселесiн шешiп берудi өтiнген бiр-екi оралманның атынан шағым келiп түсуi мүмкiн. Алайда, бұл оралманның барлығының бiрдей орнын таппай жүргендiгiн бiлдiрмесе керек.

Мәселенiң анық-қанығын бiлетiн депутат Уәлихан Қалижан осындай жат пиғылды пiкiрлердiң туындауына түрткi болатын мәселе — “оралман” ұғымының өзi деген пiкiрде. Өйткенi, бұл сөз “қайтып оралған” деген мағынаны бiлдiредi. Саяси жағдайлар қазақтың шетте қалуының басы болғандығын өзге түгiлi депутаттар мен шенеунiктердiң көбi бiле бермейдi. Мәселен, Қытай мен Ресей арасындағы шекара бөлiсi қазақтың тең жарымына жуығының шетте қалуына себеп болса, кейiн бұл үрдiс Ресейдiң империялық астам саясатымен жүзеге асып қазақ жерлерi Ресейге, Өзбекстанға өтiп кеттi. Сол себептi де, бұл жерде отырған қазақтар бiр сәтте ғана шетел азаматы болып шыға келген. Осы тарихи жағдайды мысал еткен Уәлихан Қалижан мырза “оралман” ұғымынан бас тарту қажеттiгiн көлденең тартты. Министр Бердiбек Сапарбаев заңды терминдi ауыстырудың бiраз әлегi бар екендiгiн айтып, оның болашақта өзге сөзбен ауыстырылуына көңiл аударатындығын жеткiздi.

Ал, Владимир Нехорошев “Нұрлы көш” бағдарламасы тек этникалық қазақтарды ғана қамтиды, сонымен бiрге, қиын-қыстау заман туғанда Қазақстанда артқа тастап кеткен өзге ұлт өкiлдерiнiң қайта оралуына да жағдай жасау қажет деген пiкiрде. Әрине, бағдарламада тұңғыш рет “отандас” терминi қолданылып, онда дәл осы өткен ғасырдың 90-жылдарында Ресей мен Германияға кетiп қалған 2 миллионға жуық адамның қайта оралуына мүмкiндiк жасау жайы айтылған. Онда “отандастар” мемлекеттiк көшi-қон квотасынан дәметпейдi. Оларға жеңiл несиелер алуға, азаматтығын тез алып беруге жағдай жасалынады.

Министрдiң айтуынша 2000-шы жылдан берi Қазақстанға өз еркiмен көшiп келген қандастарымыздың қатары 23 мың отбасына жеткен. Алайда олардың қаншасы қазiрге дейiн азаматтық алғаны, я алмағаны белгiсiз. Сондықтан министрлiк бұл мәселенi көп кешiктiрмей анықтаймыз дейдi.

Ал, сол өз бетiмен келген қандастарымыз баспана мәселесiн шешудi де өз қолдарына алған. Бұған дәлел Алматы қаласының жанынан бой көтерген Байбесiк шағын ауданы. Осы идеяға мұрындық болған Республикалық оралмандардың “Асар” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Қайрат Бодаухан ендi Астана қаласының жанында “Нұр-бесiк” кешенiн салуды жоспарлап отырғандығын айтты:

— Әрбiр салынатын құрылыс объектiлерiнiң жобалары қалалық сәулет-құрылыс департаментi арқылы бекiтiлдi. Қазiр әрбiр объектiнiң құрылыс-чертеждары дайындалып жатыр. Құдай қаласа, құрылысты бастауға рұқсат аламыз, — дейдi ол.

Демек, депутаттардың басым көпшiлiгiнiң “Нұрлы көш” бағдарламасына көңiлi толды. Алайда, оның жүзеге асуының қалай болатындығына ғана алаңдайтындықтарын бiлдiрдi. Депутат Алдан Смайыл солтүстiк облыстардың әкiмдерi дәл осы мәселеге бiр кiсiдей атсалысып, оралмандарды әлеуметтiк баспанамен қамтамасыз етуге, жұмыс беруге жұмылуы керек деген пiкiрде. Онсыз министрдiң бастамасы желге ұшады. Өйткенi, баспанамен қамтамасыз ету, жеңiл несие беру iсi оралман статусы жойылғаннан кейiн, Қазақстан Республикасының азаматы атанғаннан кейiн, жергiлiктi әкiмдердiң мұрындық болуымен жүзеге асатын болады. Егер, бұл бағдарламаның орындалуы ойдағыдай болса, 2004 жылғы Елбасының Дәстүрлi халыққа Жолдауында айтылғандай 2015 жылы халық саны 20 миллионға жетiп қалуы да ғажап емес.

Есенгүл Кәпқызы