Жаңалықтар

МИЛЛИАРДЕР ДАҒДАРЫСҚА АЛДЫМЕН ҰШЫРАДЫ МА?

ашық дереккөзі

МИЛЛИАРДЕР ДАҒДАРЫСҚА АЛДЫМЕН ҰШЫРАДЫ МА?

Үкiмет әлемдi шарпып келе жатқан экономикалық дағдарыстың Қазақстанды айналып өтетiндiгiн айтып, ел-жұртты сендiрiп бағуда. Бiрақ, соған қарамастан қарапайым жұмысшыларды дағдарыстың алғашқы салқыны соғып өттi. Өзге емес, әлемге миллиардер деген аты шыққан Лакшми Миттал 1-қазаннан бастап жұмысшыларын мәжбүрлi демалысқа жiбердi. Ол бұл жерде жұмысшылардың мүддесiнен өзiнiң капиталының мүддесiн жоғары қойып, тағы да адамшылыққа жат қылық танытып отыр.

Бұған дейiн техникалық құрал-жабдықтарының әлсiздiгiнен жүздеген жұмысшыны қынадай қырып, оларға материалдық көмектi еселеп төлеуге уәде берген, Қазақстан Республикасының қоржынына 100 млн. доллар көлемiнде салық төлеуден жалтарып жүрген Лакшми Миттал дағдарыс лебi сезiлiсiмен өз капиталын сақтап қалуды мақсат еткен екен. 4200 жұмысшыны бiрден мәжбүрлi демалысқа жiберген инвестор бұл шараның бар-жоғы екi аптаға созылатындығын айтқан екен. Алайда, күнi бүгiнге дейiн жұмысшылардың мәжбүрлi демалысы созылып келедi. “Арселор Миттал” компаниясының бас менеджерi Анип Прадхан өндiрiлген өнiмнiң 25-30%-ға қысқарғандығын айтады.

— Қазiр құрыштың бағасы екi есеге дейiн төмендеген. Украинада 19 домна пешi тоқтап қалған. Дағдарыс 6 айға дейiн созылады деген болжам бар. Өнiм бағасы желтоқсанға дейiн құлдырай бермек. Осыған орай, “Арселор Миттал Темiртау” АҚ дайын өнiмдi 120-150 тоннаға дейiн қысқартуға мәжбүр. Сондай-ақ, кокс пен шойын өндiрудi екi есеге дейiн азайтпақ. Сол себептi де, компания айына кем дегенде 2100 жұмысшыны, көп дегенде 3300 жұмысшыны мәжбүрлi демалысқа жiберетiн болады. Ал, бiрнеше жүзiн 4 күндiк жұмыс күнiне көшiрмек.

Металлургтердiң айлық жалақысы 82 мың теңгеден 65 мыңға дейiн төмендеп кеткен. Мәжбүрлi демалысқа жiбергенi үшiн айлық жалақысының тең жарымы ғана қолына тиедi. Ал төрт күндiк жұмысқа көшiрiлген жұмысшылар қолына небәрi 20-25 мың теңге жалақы алған.

Алайда, Үкiмет “Арселор Митталдың” бұл қадамын дұрысқа балап отырған жоқ. Билiк “дағдарысқа қарсы” шаралардан жұмысшыларды сақтандыру үшiн шетел инвесторларын меморандумға қол қоюға мәжбүрлеп отыр. Онда дағдарыс кезiнде жұмысшыларды әлеуметтiк тұрғыдан қорғау мәселесi, компанияның дағдарысқа қатысты барлық шаралары қаралған.

— Жұмысшыларды мәжбүрлi демалысқа жiберу — бiздiң Үкiметтiң компаниялардан күтiп отырған шарасы емес. Әрине, рынок жабық. Бiрақ, ұзақмерзiмдi перспективалы жобалармен, құрылыс салумен, инфрақұрылым жасауға кiм бөгет болыпты? Сiз жаңа металлургиялық комбинат салып жатқаныңыз жайында мәлiм еттiңiз. Демек, негiзгi өндiрiстен босаған жұмысшыларды құрылысқа салатын уақыт келдi. Сiзге бизнесiңiздi табысты жүргiзу үшiн аса қолайлы жағдай туғыздық. Миттал Қарағандыға қарыздар, — дедi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев “Қарметкомбинатқа” келген сапарында.

Қарағанды облысының әкiмi Нұрлан Нығматуллин Митталдың капиталы жұмысшыларды мәжбүрлi демалысқа жiберетiндей деңгейге түсе қойған жоқ деген пiкiрде.

— Бүгiнде құрыш прокатының бағасы тоннасына 600 доллар, бұл соңғы екi айдағы құнымен айтқанда. Ал, қазан айына дейiн 1100-1200 теңге болғаны белгiлi. Менiңше, бұл сiздер болжап отырған 6 айға жететiн қаржы жинауға мүмкiндiк берген болар. Дағдарыс кезiнде бұған дейiн қолыңыз тимеген жұмыстарды жасауға неге болмасқа? Айталық, қызметкердi оқыту, мамандығын жоғарылату, экология, еңбек қауiпсiздiгi, инфрақұрылымдарды жасау т.т. Егер, сiздiңше, бұл проблема емес болса, бiз оны байқауыңызға көмектесемiз. Мемлекеттiк еңбек инспекторлары мен экологтарды жiберемiз. Сiз шешуге 6 ай да жетпейтiн проблемаларды тауып берсiн, адамдарды қысқарту былай тұрсын қосымша қабылдау қажет болатын болсын, — дедi.

Үкiметтiң басты талабы: жұмысшыларды қысқартпау, желтоқсан айынан мәжбүрлi демалысқа жiберудi тоқтату, ұзақмерзiмдi жобалардың мерзiмiн 2009-2010 жылдардан бүгiнге шегеру, қызметкерлердi оқыту. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргiзу, бұл жұмыстарға толық айлық жалақымен комбинат жұмысшыларын тарту. Домна пештерiнiң тоқтамауын қамтамасыз ету.

28 қазанда Астанада Индустрия және сауда министрлiгi мен “Арселор Миттал Темiртау” АҚ, “Корпорация “Қазақмыс”, “Соколов — Сарыбай тау-кен байыту бiрлескен өндiрiсi” АҚ — үш тау-кен металлургиялық кешенiмен меморандумға қол қойды. Онда өндiрiс процесiн тұрақтандыру, жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайын қадағалау мәселесi қаралған.

Үкiмет мүшелерiнiң айтуынша, шахтерлар мен металлургтер жұмыссыз қалмайды. Ең бастысы бұл комбинат басшыларымен қандай жағдайда да ешкiмдi жұмыстан шығармау, қысқарту жүргiзбеу секiлдi келiссөздерге қол жеткiзiлген.

— Бұрын бiз инвесторлардың мүддесiн қорғап келсек, бүгiн мемлекет жұмысшылардың ғана мүддесi ескерiледi, — дейдi Өмiрзақ Шүкеев.

Есенгүл Кәпқызы