... СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?
... СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?
Мемлекеттiң болашағы — бүгiнгi һәм ертеңгi жас толқын. Тәуелсiздiгiн алып, егемендiк туын желбiреткен қазақ елiнiң жастары бiлiм көкжиегiнен көрiнуi жәй ғана қажеттiлiк емес, үлкен мiндет. Елдiң үкiлi аманатын арқалап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын да солар. Алайда, бiз оларға осындай жауапкершiлiктi сенiп артып отырсақ та, қазiргi бiлiм саласы бұл сұранысты қанағаттандыра ма?
Қашан да елдiң барын баптап, мұңын жоқтап, ашық ойды ортаға салуға шақыратын “Таным” пiкiрсайыс клубы үлкен бастамаға мұрындық болды. Олар мәселенiң түйткiлiн Алматының төрiнде отырып, сөз жүзiнде ғана шешетiн базбiр қоғамдық не партия ұйымының әрекетiнен жиренiп, әрi сабақ алып қана қоймай, кез келген жайттың көзбен көрiп, байыбына жетпей болмайтынын жалпақ жұртқа ұқтырды. Әуелi қоғамның ең өзектi әрi жанды жарасы — бiлiм төңiрегiндегi күрмеулi мәселелерден бастаған “Таным” пiкiрсайыс клубы әр өңiрдегi бiлiм ошақтарының жағдайымен танысуды күн тәртiбiне қойды. Жұмыс жоспарының бастапқы бiсмiлләсiн басқа емес, Оңтүстiк Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен бастағанының өзiндiк себептерi бар. Халқы тығыз қоныстанған өңiрдiң мәселесi де шашетектен. Бiлiм ошақтарының тапшылығы, мектептегi күрделi жөндеу жұмыстарының кешiктiрiлiп, дер кезiнде қолданысқа берiлмеуi, бәзбiр басшылардың сыбайластыққа бой берiп, ақшаны қымқырып кетуi, бiлiм ұяларында мұғалiмдiк мамандықты меңгермеген сауатсыздардың көбейiп кетуi секiлдi заңсыз әрекеттер үйреншiктi жағдайға айналды. Әсiресе, аймақтағы былық-шылыққа батқан мектептердiң жағдайы көзге түрпiдей көрiнетiнi рас.
Шымкент қаласына “Таным” пiкiрсайыс клубынан Жұмаш Кенебай бастаған бiр топ азаматтар келiптi дегендi естiген ұстаз бен ата-ана қауымы жинала кеттi. Талайдан берi жанайқайын кiмге, қайда барып шағымданарын бiлмей жүрген ұстаздар ә дегеннен-ақ өздерi бетпе-бет кездескен мәселелердi жайып салды. Айталық, Шымкент қаласындағы №36 мектептiң ұстазы, төрт баланың анасы Әлия Ахметова қоғамда әдiлдiктiң жоқтығына бiржола көзi жеткен сияқты. Ол ұстаздық еткен уақытта, мектептi, сыныпты жөндеуге деп оқушылардан 500 теңгеден 800 теңгеге дейiн ақша жинау талап етiлiп келгенiн, директордың ақша жинамаған мұғалiмдерге: “Сен ата-аналармен, оқушылармен жұмыс iстей алмайсың, кет!” деп, қолында не тұрса соны лақтырып, ұратын жағдайға жеткенiн, ең сорақысы, сынып сағатын көбейту үшiн “ауадан” алынған оқушылардың болғандығын ашық айтып, мектеп директорынан балалардан ақша жинауды тоқтатуды сұраған. Осы әрекетi үшiн мектеп басшылығына ұнамай қалған болу керек, Әлия Ахметоваға 54-бап бойынша, яғни, “жұмыстан себепсiз қалған” деген айып тағып, қызметтен босатқан. Алайда, бiлiктi ұстаздың аяқ асты жұмыстан қуылғанына дәрiс алған оқушылары мен олардың ата-аналары наразы болып, жабылған жаланың дәлелсiз екендiгiн бiлдiргiсi кеп, қалалық бiлiм беру бөлiмiне өтiнiш жолдаса да, түк шықпапты. Жүрегi жараланған ұстаздың айтуынша, мектеп директоры “мен осы жердiң құдайымын, кiмдi жұмысқа алып, кiмдi шығаратынымды өзiм бiлем” деп құдды бiлiм ұясының жекеменшiк қожайыны сияқты мықтысынған.
Бұл бұл ма, Шымкент қаласындағы №64, №36, №31, №44, №15, №73, №36 орта мектептерiнде сапалы бiлiм берудiң орнына мектеп директоры, мұғалiмдер мен ата-аналар арасында дүрдараздық даулы мәселелер туындаған. Бұның соңында мектептегi жемқорлықты әшкерлеген, оны халыққа жария етуден қорықпаған ұстаздар қудаланып, шындық iздеп шырылдағандардың кейбiрiнiң iсi сотта қаралып, бәзбiреулерi Әлия Ахметова сияқты жұмыстан қуылуда. Айтпақшы, олар мәселенiң басын ашып алғандығы соншалық, мектепке мұғалiм болып орналасу үшiн 800-1000 доллар, ал мектеп директоры немесе одан жоғары бiлiм департаментiне орналасу керек болса, 8-10 мың доллар аралығында пара беру керектiгiн де мүдiрмей айтты. Ал Жүсiпбек Аймауытов атындағы мектептiң мұғалiмi Гүлнәр Тасыбаева мектепте өзi жоқ, бiрақ аты бар оқушылардың бар екенiн басылым беттерiнде жазып, арызға қол қойғандардың бiрi болғаны үшiн қалалық бiлiм департаментiнен ауысып, директор болып келген Асылбекова ханымнан көресiнi көрген. Жаңа басшы келе сала, арыз жазғандарды қудалап, үш ұстазды жұмыстан босатқан.
Шымкенттiк ұстаздар бiлiм ұяларында жайлап кеткен жемқорлыққа тосқауыл қоямыз деп, тiптi шағымдары бойынша қалалық бiлiм беру департаментiнiң бастығының да ауысуына түрткi болғанда, “Былшығын алам деп қылшығын алдымның” керi келiп, жаңа қызметке қазақша сөйлемейтiн Қайрат Сүгiрбеков деген азамат келiптi. Ұстаз қауымының айтуынша, бұл азаматтың педагогика саласына мүлдем қатысы жоқ көрiнедi.
ОҢТҮСТIКТЕ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСТАРЫ АЯҚТАЛМАҒАН
Жақында Премьер-министр К.Мәсiмов орынбасары Ербол Орынбаевқа, Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат министрлiктерiне “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарын тексерудi жүктеген-дi. Өйткенi, үкiметтiк комиссияның тексеруi барысында Оңтүстiк Қазақстан облысында бiрқатар кемшiлiктер анықталған. Iссапар барысында Ербол Орынбаев облыс әкiмдiгiнде кеңес өткiзiп, “Оңтүстiк Қазақстан облысында 84 бiлiм беру және 14 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның iшiнде 39 мектеп пен 9 денсаулық сақтау мекемесiнiң құрылысы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында салынатындығын бас айтты.
Бiлiм және ғылым вице-министрi Күләш Шәмшидинова министрлiк Оңтүстiк Қазақстан облысында салынып жатқан мектептердiң құрылысын соңғы 3 ай бойы тексергенiн, мектептердiң белгiленген мерзiмде тапсырылмауы, құрылыс сапасының төмендiгi секiлдi кемшiлiктер тiркелгендiгiн жеткiздi. Оның сөзiне қарағанда, кейбiр мектептерде әрбiр қабатты жабатын темiр-бетон плиталарды бекiту кезiнде талаптар сақталмаған. Сондай-ақ Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында салынып жатқан кейбiр мектеп құрылыстарында бұрын пайдаланылған ескi плиталар кездесiптi. Министрлiктiң комиссиясы ескерту жасағаннан кейiн ескi материалдар ауыстырылған. Тiптi, Сарыағаш ауданында салынып жатқан мектептердiң бiрiнiң қабырғасы бұзылып, қайтадан қаланыпты. Оңтүстiк Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тоқтар Үсiбәлиев бәрiн де уақытында бiтiруге күш саламыз десе де, бiлiм ұяларының жыл соңына дейiн пайдалануға берiлетiнiне күмәнмен қарайтын министрлiк, “Құрылысшылар өз шарттарын орындамаса, заң жүзiнде жауапқа тартылып, айыппұл төлейтiн болады” — дедi.
Оңтүстiк Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа белшесiнен батып отырғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сорақысы сол, бiлiм ошақтарын да дендеп алған жемқорлықтың зардабынан басқа емес, еңбегi еш, тұзы сор, жалақысы мардымсыз ұстаздар жапа шегуде. Министрлiк “мектептiң керек-жарағына, жөндеу жұмысына айтарлықтай қаржы бөлiнiп жатыр” десе де, оқушыдан ақша жинау салығына тыйым салынбай келедi. Айналып келгенде, осы заңсыз әрекеттерге айқара жол ашып берген мектеп директорлары “сүттен ақ, судан таза” боп шығатыны қынжылтады.
…Биылғы жыл соңына дейiн бiтуi қажет құрылыс нысандары туралы Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын орындауға немкеттi қараған облыс әкiмдерi тiкелей жауап бередi деп тiсiн қайрады…
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ