Жаңалықтар

ҚОҒАМЫНА ӨКПЕ АЙТА МА, ӘЛДЕ ТАҒДЫРЫНА МА?

ашық дереккөзі

ҚОҒАМЫНА ӨКПЕ АЙТА МА, ӘЛДЕ ТАҒДЫРЫНА МА?

Бұл фильм туралы бәлкiм бұдан бұрынырақ айтылған да шығар. Мүмкiн, көпшiлiк ол фильмдi көрiп үлгерген де болар. Әдетте жақсы дүниенi жақсы деп айтудың жөнi бiр бөлек те, оны көзбен көрудiң жөнi бiр бөлек. Сол бөлектiгiнен болар, менiң де оны көзбен көргiм келдi.

Фильмдi көрген адамдар оны Алматының ортасындағы “Цезарь” кинотеатрында жүрiп жатқандығын айтқан соң, мерекелiк күндердiң бiрiнде туыстарыммен бiрге солай қарай аяңдаған едiк. Басталатын мезгiлiнен ерте жеткенбiз бе, кинотеатрдың маңайында бiрен-саран адам ғана жүр екен. “Ой, сұмдық, ерте бармасаң билет табу мүмкiн емес. Күнде аншлагпен өтiп жатыр” деп естiгенбiз алдында. Азғана жиналған қауымды көрiп, “мұның аншлагы қайда?” деп iштей таңдандық да қойдық. Сөйтсек, расында да фильмдi көруге деген көрерменнiң ықыласы жоғары екен. Фильм басталғанша, зал толып үлгердi.

“Бұл қандай фильм? Голливудтың тағы бiр шытырман оқиғаға толы туындыларының бiрi шығар” деп, ойлап отырған шығарсыз. Мүлде олай емес. Бұл әлгi көрерменнiң арасында “Жаралы сезiм”, “Менiң де атым Қожа” фильмдерiмен танылып үлгерген Еркiн Рақышевтiң жаңа туындысы. Кәдiмгi өзiңiз естiп үлгерген “Жетiмдер”. “Жетiмдердiң” “Цезарьда” басталғанына бiрер апта болса да, оны көрсем дегендердiң, көргiсi келiп жүргендердiң саны көп. Соған қарағанда, алғашқы фильмдерiне қарағанда, бұл фильмнiң түсiрiлiмi де, сценарийi де өзгеше болған сияқты.

Өзгеше болғандығына фильмдi көргенде өзiмiздiң де көзiмiз жеттi. Тағдыры қиын қос жетiмектiң аянышты өмiрi киноны көруге келген кез келген көрерменнiң көңiлiн бей-жай қалдырмағаны анық. Фильм бiткен кезде жанарлары жасқа шыланған жандарды көрдiк. Бүгiнгi қоғамның бет-бейнесiн сол қалпында, сол күйiнде көрерменге жеткiзген соң, жыламағанда қайтсiн?! Ол әсiресе, ертеңгi келешектiң тағдырына байланысты болса… Бүгiнге дейiн БАҚ бiткен тастанды сәбилер мен қаңғыбас балалардың тағдыры туралы талай жазып жүр. Қазақ қоғамның үлкен дертiне айналған бұл проблема әлi күнге шешiмiн таппай келе жатқанына да айқын. Дүние есiгiн жаңадан ашқан сүйкiмдi ана құрсағынан шыға салысымен-ақ, тастандыға айналып жатқаны қоғамның дертi емей немене? Ал, Рақышевтiң “жетiмдерiнiң” тағдыры мүлдем бiр бөлек. Аружан мен Арманның анасы мен әкесi жол апатынан қаза тауып, қос бүлдiршiнi Ақмаралдың туған әпкесi Сағыныштың қолында қала бередi. Бiрақ, алқаш күйеу әйелiнiң сiңлiсiнiң балаларын бауырына басудың орнына, өзегiнен тептi. Арақ үшiн туған баласын да сататындар өзгенiң баласын қайтсiн?! Араққұмарлық, маскүнемдiк – бүгiнгi күннiң тағы бiр өзектi мәселесi. Отбасын, ошаққасын тастап, бала-шағадан безiп, арақтың соңында құрбан болып кетiп жатқандар қаншама. Мұның да кiнәсiн қоғамға артамыз ба, әлде адамға?!

Баспанасыз қаңғып қалған тастанды баланың тағдыры қандай болатынын көргiңiз келсе, бiлгiңiз келсе, “Жетiмдердi” көрiңiз. Сiз сонда өзiңiз бауыр етi балаңызды, өзегiңiздi жарып шыққан сәбиiңiздi көшеде қалдырып кетсеңiз, ертеңгi тағдырының қандай боларына тағы бiр рет көз жеткiзесiз. Әрине, тастанды бала мен ата-анасынан айрылып, тасжетiм қалған баланың жөнi бiр бөлек шығар. Бiрақ, тағдыры да, мұңы да бiрдей. Олар да аялы алақанның жылуын аңсайды. Отбасының шуағына бөленгiсi келедi. Ошаққасының рахатын сезiнудi армандайды. Ол отбасы бай ма, жоқ-жiтiк пе, мәселе онда емес. Онда ананың ыстық құшағы мен әкенiң мейiрiмдi қамқорлығы бар. Тастанды бала қатыгез қоғамнан соны iздейдi, соған қол жеткiзгiсi келедi.

Сәбилердiң анасының рөлiн сомдаған Күнсұлу Тұрғынбекқызы фильмнiң түсiрiлу кезiнде қиындықтарының көп болғандығын айтады. Жекеменшiк киностудия түсiргендiктен оның қаржылық жағдайы да қиындық тудыратыны тағы белгiлi. “Алла Тағаланың көзi тура болған шығар. Фильмнiң әрбiр сюжетi түсiрiлген сәттерде бiзге жаратушы құдiреттiң жәрдемi болғаны рас. Тiптi, кейбiр эпизодтарда оңай жол тауып шығып кеткен тұстарымыз да болды”, — дейдi Күнсұлу. Расында да, фильмде екi бүлдiршiннiң ата-анасының қабiрiнiң басына келген тұстары бар. Зират басында жылап тұрған сәбилерге анадайдан екi арғымақ көзге шалынады. Былай қарасаңыз, әке-шешенiң елесi сияқты көрiнедi. Ал, шын мәнiнде ол екi арғымақ фильмдi түсiру барысында қабiр басында жайылып жүрiптi.

Фильмдегi ең қиын образды сомдаған әрине, кiшкентай балалар. Бiрi он жастағы, бiрi тоғыз жастағы жетiмдердiң” образы Нұрлан Рүстемов пен Меруерт Қасымбек тым тәуiр-ақ ойнап шығыпты. Әсiресе, кiшкене екi баланы жоғалтып, қала кезiп, аяғынан сандалып, күнi-түнi Алла тағалаға жалбарынып жүрген Сандуғаш — Гүлшат Ахметованың да бейнесi көңiлге жылы тиедi.

Әрине, жеке студия түсiрген соң, әрi қаржылық жағынан қиындық болғаннан кейiн, оның кемшiлiктерi де болмай тұрмайды. Бiрақ, кино саласынан хабары жоқ, кәсiби шеберлiгi тағы жоқ, Еркiн Рақышевтiң кино өнерiне деген сүйiспеншiлiгiн, қазақ киносын дамытсам деген талпынысын көргеннен кейiн қазбалап жатқымыз келген жоқ. Басындағы пәтерiн несиеге тiгiп, кино түсiрiп жүрген жанның ең басты мақтауға тұрарлық дүниесi — өз ұлтына деген патриотизмi. Осы тұрғыдан келгенде, “Жетiмдердiң” де бойында ұлтыңды сүюге, ұрпағыңды қадiрлеуге деген ұлы сезiм жатыр. Онда ең бастысы, тiлiң бар. Қазақ тiлiнде өткiзсе, көрерменнiң келмей қалу қаупi бар дейтiн кейбiр қорқыныштың бәрiн “Жетiмдер” жоққа шығарған сияқты. Оны күнделiктi “Цезарь” алдына келiп жатқан көрерменнен байқауға болады.

Белгiлi әншi, мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан кәсiби шеберлер түсiрiп жүрген бүгiнгi қаптаған фильмдердiң қасында кәсiби мамандығы жоқ Еркiн Рақышевтiң фильмiнiң әлдеқайда жоғары екендiгiн айтып едi. Қазақстанды, қазақтарды экзотика ретiнде көрсеткiсi келiп жүрген кейбiр режиссерлердiң фильмдерiне қарағанда, “Жетiмдердiң” деңгейi әлдеқайда жоғары. Осы жағынан келгенде, депутаттың пiкiрiнiң де жаны бар. Қазақ киносы қазақ елiн мүсәпiр, сорлы, бейшара етiп сүмiрейте көрсететiн жанр болмауы керек. Қазақ киносы да кино дейтiн ұлы өнердiң көшiне iлесiп, әлемге қазақ қоғамын, қазақ елiн жақсы жағынан көрсетсе деймiз. Қазақ ұрпағын патриоттыққа, адамдыққа, адалдыққа, адамгершiлiкке тәрбиелесе деймiз.

Гүлзина Бектасова