МӘСIМОВ МӘН БЕРЕТIН МӘСЕЛЕ КӨП
МӘСIМОВ МӘН БЕРЕТIН МӘСЕЛЕ КӨП
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына оңтүстiкте кiм қол үшiн бередi?
— Алло, “Түркiстан” газетiнiң меншiктi тiлшiсi ме екен? — дедi ұялы телефоныма қоңырау шалған бiр әбiржiген дауыс.
— Иә.
— Несие ала алмай сандалып жүрмiз.
— Қайдан?
— “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” — деп түсiндiрдi телефон тұтқасының ар жағындағы дауыс.
— Бiзден не көмек?
— Сандалып жүрген қарапайым ауыл адамдарының жағдайын көрiп, газетке мәселе көтерсеңiздер деймiз, — дедi қарлыққан дауыс.
Ауыл адамының осы ашынған үнi Ауыл шаруашылығы министрлiгiне қарасты “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның кеңсесiне iссапарға баруымызға мұрындық болды.
Ауыл өмiрi қазiр мәз емес. Бүгiн мал шаруашылығымен айналысып жатқан диқанның да, малшының да маңдай терi ақталып жатқан жоқ. Өйткенi, жанар-жағармайдың қымбаттауы, техниканың жетiспеушiлiгi ала жаздай еңбек еткен ауыл адамдарының нәпақа табуына мүмкiндiк бермейдi.
Қазiр ауылдан қалаға жұмыс iзтеп, сандалып кеткен жан көп. Ауылда алдында бiр-екi ұсақ-түйек малы бар, кiшiгiрiм бау-бақшасы барлар ғана «шыда жаным, шыда» деп тiршiлiк кешiп жатыр.
Жалпы ауылды көтеруге бөлiнген қаржылар талан-таражға түсiп, ауылды дамыту саясаты бүгiнде қолдау көрмей жатқанын аңғаруға болады. Ауыл өмiрiнiң тыныс-тiршiлiгiн жақсы бiлетiн, ұлтжанды азамат, белгiлi жазушы Дулат Исабековтiң ауыл жайлы жанайқайын түсiнуге болады: “Ауыл” деп айқайлаймыз, бағдарлама жасаймыз, қаржы бөлемiз. Барлығы дұрыс, жақсы-ақ. Ал бiрақ осының барлығының орындалуында бiр кiлтипан бар. Жыл сайын “ауылға бәленбай қаржы бөлiндi” дейдi, ал ауыл байғұс әлi соның бiрiн де көрмей отыр. Сонда қаржы қайда кетiп жатыр? Мәселен, ауылда жеке шаруашылығымен айналысып жүрген қаншама адамдар бар. Солардың барлығы ешкiмнiң қолдауынсыз, өздерiнiң күшiмен, тырмысып күнiн көрiп жүргендер. Ал “мемлекеттен қолдау көрдiк” дегендерiн естiмеппiн. Егер сол бөлiнген қаржы дiттеген жерiне жеткен болса, ауылдағылар қазiргi қалдерiн басынан кешiп отырмаған болар едi. Сол баяғы айраны мен сүтiн сатып, нәпақасын айырып жүрген адамдар. Кәсiптерi әлi өзгере қойған жоқ. Рас, бөлiнген қаржыларды қадағалайтын құрылымдар құрылған болатын. Бiрақ “қарға қарғаның көзiн шұқымайды” дегендей бақылаушылар барлығын жылы жауып қойып отыр. Мәселен, жылда егiн егетiн уақытта жанар-жағармайдың бағасы аспандап кетедi. Ал мұндай тығырықтан ауыл халқы қалай шығады? Сондықтан барлық олқылықтарды жөнге қойып, ауыл халқының жағдайын жасайтын уақыт келген сияқты.” Тағы бiр белгiлi экономист Тоқтар Есiркеповтiң ауылда болып жатқан жағдайды жариялылық арқылы дөп басып айтқаны құлаққа қонымды сияқты. Белгiлi экономист былай дейдi: “Менiңше, ауылға бөлiнген қаржы талан-таражға түсiп жатыр деп айтуға негiз бар. Өйткенi мұндай қаржылар көп жағдайда ауыл шаруашылығындағы тауар өндiрушiлердiң қолына тие бермейдi. Әдетте, Үкiмет қаржыны үлкен кәсiпорындарға құяды да, ал шағын және орта кәсiпорындар тасада қалып қояды. Мәселен, былтыр азық-түлiк корпорациясы 6 мың кәсiпорын мен шаруа қожалықтарынан астық сатып алды. Ал бiзде шаруа қожалықтарының саны 200 мыңнан астам. Сонда қалғаны қайда қалды? Тағы бiр айта кетер жайт, «агронесие» корпорациясы несие серiктестерiн құрған болатын. Осыған қатысатын ауылшаруашылық тауар өндiрушiлердiң саны тек қана 6 мыңға жетедi. Ал қалған тауар өндiрушiлер қайда? Жыл сайын ауыз су бағдарламасына орай, қаншама қаржы бөлiнедi. Ал осы ақша қайда кетiп жатыр? Әлi күнге дейiн елдi мекендерде су тапшылығы орын алған. Жыл сайын бюджеттi бекiткенде бiр бағдарламаға қанша қаржы бөлiнетiнiн айтып өтедi де, осы қаржымен қандай iс тындырылғаны жөнiнде жұмған ауыздарын ашпайды. Сондықтан қазiр ауылға деген саясатты толығымен өзгертетiн уақыт жеттi деп ойлаймын.” Бұл азаматтардың ой-пiкiрiне жоғарыдағы билiктегiлер құлақ асқаны жөн.
Ауылдағы ағайындарға жанашыр болады деген “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына” көп үмiт артуға болар — деген оймен сол кеңсенiң табалдырығын аттағанымыз рас.
Кеңсе айналасында құжынаған нөпiр халық. Барлығы да несие алып, өз шаруасын дөңгелетсек деген ойда жүр. Бiр аңғарғанымыз қолдау қорының өзiне сүйеу керек сияқты.
Елiмiзде мүлiктi заңдастыру iс-шаралары өткеннен кейiн ауыл адамдарының несие алуға деген құлшынысы да, қарасы да көбейген.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы филиалының директоры Сәрсенбай Тiлегенов ауыл адамдарына қолдан келген көмегiн аянып жатпаған көрiнедi.
Бұл филиалдың басты мақсаты — ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiретiн ауыл адамдарына шағын несиелеу жұмыстарын ұйымдастыру мен дамыту болып табылады.
Дегенмен, биылғы жылы оңтүстiкте табиғат апаттары, құрғақшылық, шегiртке “жыры” орын алды. Осыған орай 833 азамат қаржылай қолдау қорынан (Сарыағаш, Арыс, Бәйдiбек) 166 миллион 600 мың теңге көлемiнде көмек көрген.
Қазiргi күннiң өзiнде қаржылай қолдау қорының жәрдемiне 850-ден астам шаруа зәру. Олардың тиiстi құжаттары Астанаға жөнелтiлген. Ендiгi бар үмiт сол жақта. Шаруалардың үмiтi ақталса деймiз.
Қаржы тапшылығы барлық несие сұрағандардың талап-тiлегiн қанағаттандырмай жатқандығын жасыруға болмайды. Өйткенi, ондай талап-тiлектерiн орындауға шынын айтқанда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ының шамасы жетпейдi. Өйткенi, бұған Үкiметтiң өзi, Мәсiмов немесе Ауыл шаруашылығы министрi Күрiшбаев секiлдi мүйiзi қарағайдай мықтылардың қаржылай қолдау қорына қамқорлықтары керек. Әйтпесе, қолдау қорын, ашынған ауыл адамдары әртүрлi былапыт сөздермен балағаттап қорлауы мүмкiн. Солай болып та жатыр. Сондықтан аурудың алдын алғанымыз да жөн. Оңтүстiкте 2,5 миллиондай халықтың 1,5 миллионы ауылда тұрады. Осы орайда, мемлекеттен қолдау қорына бөлiнген қаржы әр шаруаға шаққанда 1 пайызға да жетпейтiн көрiнедi. Сонда бұл ауыл адамдарын мазақтау ма, қорлау ма? Ал, сондай-ақ жең ұшынан жалғасқан сыбайластық, көз қысты, бармақ басты арқылы жылыжайлар салу үшiн осы мақсатта 1,5-2 миллиард қаржы алып, бүкiл бiр ауылдың несiбесiн қарпып жеп жатқандар да бар. Ондайда қарапайым ауыл адамдарының мүддесi туралы не айтуға болады?
Қазақстан бойынша “Ауыл шаруашылығын қолдау қорларына” — 15 миллиард қаржы бөлiндi деген әңгiме бар. Бұл қай жыртығымызға жамау болады.
Өркениеттi елдерде ауыл шаруашылығына мемлекеттен жеткiлiктi қаржы бөлiнедi. Ондағы ағайындар бiздердегiдей сандалып, несие iздеп жүргенiн көрмейсiз. Олар өнiм өндiрiп, қызығын көрiп жатады. Сондықтан бұл мақсатқа бiздiң Үкiмет 50-60 млрд. қаржы бөлсе, ауыл көркейiп, ауылшаруашылық саласы дамып, елдiң де еңсесi көтерiлер едi.
Әрине, өз арбасын өзi сүйреп жүрген шаруаға облыс әкiмшiлiгiнiң қамқорлығы ауадай қажет. Негiзiнен жергiлiктi билiктегiлер қолдау қоры арқылы 500 миллион көлемiнде қаржылау көмек берiп, жағдай жасаса шаруалардың еңсесi бiр көтерiлiп қалар ма едi.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ