Жаңалықтар

АРАЛДЫҚТАР БАБАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

ашық дереккөзі

АРАЛДЫҚТАР БАБАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Республика күнiмен Есiл бойында еңсе көтерген Елордамыздың 10 жылдық мерейтойына орай 100 жылдан астам тарихы бар туған қаламызда мақтанып жүрерлiктей рухани орталық, яғни, “Тәуелсiздiк” алаңы бой көтердi. Аудан басшылығының тың жобасы ә дегеннен көпшiлiк тарапынан қолдау тапқан болатын. Мiнекей, ала жаздай тер төккен құрылысшылардың, бастамашы топтың мақсаты ойдағыдай орындалып, алаң ел игiлiгiне жарады. Аралдықтардың шадыман-шаттығына куә болған елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген меймандар: «Бодандық қамытынан арылуды көксегендердiң әруағы бiр аунады-ау» дестi.

Облыс әкiмi Болатбек Қуандықов алдымен 140 орындық балабақшаның және жабық жүзу бассейнiнiң алғашқы iргетасын қалап, бiр кездерде дағдарысқа ұшыраған теңiз-ана қолтығындағы жұрттың келешегi кемел екенiне көз жеткiзiп, қараша халық тiлеуiн тiлеген “Тәуелсiздiк” алаңына табан тигiздi. Облыс басшысы Болатбек Баянұлы мен аудан әкiмi Нәжмәдин Мұсабаев өнерпаз ұландар қойған сахналық көрiнiстi тамашалады. Қайталанбас тұлғаларын дәрiптеген қауымға жүрекжарды лебiзiн жеткiзген өңiр басшысы:

— Арал – талай тарихи оқиғалардың куәгерi. Қиын-қыстау сәттерде сыр бермеген елдiң өткенiне үңiлсек, бiраз жәйтке қанығамыз. Билердiң, батырлардың, ақын-жыраулардың еткен еңбегiн елеп, өскелең ұрпақ санасында жаңғырту үлкен тәжiрибенi аңғартады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлының өзi осы аймақты ерекше назарда ұстап, Кiшi Аралдың қайта толуына ықпал етуi аралдықтарға оң әсер еттi. Кеше мен бүгiндi салыстырсақ, Сiздер қолға алған мазмұнды iстер iлгерiлеушiлiктi бiлдiредi, – дедi. Осыдан кейiн қара қылды қақ жарған әдiлдiгiмен көптiң есiнде сақталған Әйтеке бидiң, хас жауының төсiне найза қадаған Сартай батырдың, тыңдағанды өсиет сөзiне ұйытқан Нұртуған ақынның шынайы бейнесi суреттелген алып мүсiндерiне Болатбек Қуандықов тәу етiп, өмiрi өнеге жандардың ескерткiшiн ашып, гүл шоқтарын қойды. Тағы бiр айта кетерлiгi, қазаққа тән болмыспен туралықты ту еткендердiң жерленген жерлерiнен арнайы топырақ алынып, салынды.

Бұдан бөлек облыс басшысы “Тәуелсiздiк” алаңына қарама-қарсы бой көтерген “Қанағат” жабық базары мен жолаушылар көзайымына жараған Автобекеттiң көгiлдiр лентасын қиып, ашылу рәсiмiн жасады.

Осы кезде ғибратты орынды айнала тiгiлген отыз үш киiз үйдiң маңында тайқазандар бұрқырап, iшiнде дәмге толы ақ дастарқандар жайылып жатты. Елiмiздiң бiрлiгiн, ынтымағын сақтауға сүбелi үлес қосқандардың атына құран бағышталып, жиналған әлеумет өздерi сыйынар бабаларына ас бердi. Облыс басшысы Әйтеке биге арнап тiгiлген отаудан дәм татып, жергiлiктi қарттардың ақ батасын алды.

Осы күнi айтыстың, жыр мүшәйрасының, термешiлер сайысының жеңiмпаздары марапатталып, тиесiлi жүлделерiн еншiледi. Н. Кенжеғұлұлы атындағы Мәдениет үйiнде шымылдық түрген айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде жеңiл автокөлiктiң кiлтi шижағалық Қайрат Құлекешовке табыс етiлдi. Тасы өрге дөңгелеген ақын қуаныш кернеген жүрегiмен тебiрене өлең оқып, тiлекшi елiнiң сенiмiне селкеу түсiрмейтiнiн бiлдiрдi. Қалған екi орынды жалағаштық Айдос Ахметов пен Мұхтар Ниязов иеленсе, III орынға тiгiлген бәйгенi қазалылық айтыскерлер бөлiстi. Басқа да бақ сынасқан ақындар құр қол қалған жоқ. Олардың әрқайсысына қордың есебiнен ынталандыру сыйлығы ретiнде 10 мың теңге берiлдi. Жазба ақындар iшiнен мыңнан жүйрiк шыққан Нәзгүл Бердiқожа бас жүлдеге лайық боп танылып, отты өлеңдерiне баршаны тәнтi еттi. Ал, I орынның сыйы қазалылық арқалы ақын Абдулла Сапарға бұйырды. Тоқабайлық Айман Нартайқызы мен №2 кәсiптiк мектептiң мұғалiмi Шолпан Балманова III орын жүлделерiн қанжығаға байлады. Терме сайысына келсек, Айна Тұяқованың мерейi үстем болды. Кең тынысты термешiлер ортасынан орындау қабiлетiмен дараланған ол бәйгеге тiгiлген 100 мың теңгеге қол жеткiздi. Қызылордалық Күнсұлу Түрiкпенова да өнерлiге өрiс кең екенiн мойындатып, I орынды иелендi. Сырдария, Қазалы аудандарының домбырашылары Гүлнар Суханберлиева, Сандуғаш Бисенбаевалар II орынды қанағат тұтты.

Түс ауа тойшы қауым ипподромды бетке алып, аламан, құнан, тай бәйгесiнiң жарыстарын тамашалап, бiр шетi Сексеуiл, ендi бiр шетi Шиелiден әкелiнген жүйрiктердiң аяқ алысын байқасты.

Ұйымдастыру комиссиясының шешiмiне сай аламан жарысында мәре сызығын бұрын кескен тұлпар егесiне Әйтеке би атындағы бәйге автокөлiк тарту етiлдi. Екiншi орынға Сапақ би атындағы бәйге 200 мың теңге тiгiлдi. Үшiншi орынға Сартай батыр атындағы бәйге мың доллар берiлдi. Реттiк сан бойынша қалған жүлделерге Бақтыбай, Жанқожа батырлар мен Пұсырман би атындағы бәйгелер ақшалай, заттай ұсынылды. Құнан бәйге кезегiнде өзгелерден оқ бойы бұрын келген аттың шабандозы Сартай батыр атындағы бәйгеге тағайындалған “Жигули” көлiгiнiң кiлтiн алды. Сауырынан жел ескен екiншi жүйрiк өз қожасына Байжан би атындағы бәйге 100 мың теңгенi әпердi. Үшiншi, төртiншi, бесiншi орындарға Құлбатыр, Бекбауыл, Ақтандай батырлар мен Пұсырман би сынды тұлғалардың бәйгесi малдай, ақшалай тағайындалды. Тоқ бәйгенiң бiрiншi орынына Жетес би баба атынан мың доллар тарту етiлсе, екiншi орынға бiр жылқы берiлдi. Жорға, тай жарыстарында да ат жаратушылар олжасыз қалмады.

Спорттық бағдарламалар бойынша күш байқасқан жiгiттер қол күресi мен батпан көтеруден сынға түстi. Күш атасын танымас дегендей, бұл жерде жалағаштық Нұрлан Сембековке ешкiм теңесе алмады. Бабындағы спортшы “Нұр Отан” ХДП-сы тiккен түрлi-түстi теледидарды қанжығаға байлап, гир тасының жеңiмпазына әзiрленген 20 мың теңгенi қалтаға салды.

Абай ЕЛЕШ