Жаңалықтар

ҚЫТАЙЛАРДЫҢ ТАҒАМДАРЫ – УЛЫ, ЫДЫСТАРЫ ДА...?

ашық дереккөзі

ҚЫТАЙЛАРДЫҢ ТАҒАМДАРЫ – УЛЫ, ЫДЫСТАРЫ ДА...?

Қытайлық тағамдар ғана емес, тiптi, олардың пластмассадан жасаған ыдыстары да адам өмiрiне қатер төндiредi. Өйткенi, меламинi бар ыдысқа салынған тағамыңыз бiр-ақ сәтте уға айналып, ажалыңызға себеп болады. Сондықтан, дүкен, базарларға барғанда, абай болыңыз, ағайын. Ең бастысы, “сақтансаң, сақтаймын” қағидасын жадыңызға түйiп алғаныңыз абзал.

Вьетнамның денсаулық сақтау министрлiгi Қытайдан келетiн 18 тауар түрiнен меламин тапты. Малайзия, Таиланд, Индонезия мен Еуропалық Одаққа мүше бiрқатар елдерде қытайлық заттардың сатылуына, елге кiргiзiлуiне тыйым салынды. Бүгiнде жаппай тексеру жүргiзiлiп жатыр. Қытайлармен “ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан Қазақстанға келсек, ҚР Санитарлық-эпидемиялық стансасының бас дәрiгерi Кеңес Оспанов Қытайдан әкелiнген 161 келi ұнтақ сүттiң құрамы әлi анықталып бiтпегенiн мәлiмдедi. Бұған дейiн қазақстандық мамандарға жұмбақ болып келген меламиннiң стандарттық үлгiлерi Ресейден жуырда сатып алыныпты. Осы себептi, азық-түлiк тауарларының құрамында меламиннiң бар-жоқтығын анықтау мақсатындағы лабораториялық жұмыстар қорытындысы белгiсiз. Мамандардың айтуынша, қытайлық құрғақ сүттер әсiресе, Қарағанды мен Алматы облыстарында көп кездескен. Елiмiздегi кейбiр компания өкiлдерi өнiмдерiн тексеруден өз ерiктерiмен өткiзiп, тауарларының сапалы да қауiпсiз екендiгiн дәлелдептi. Өкiнiштiсi, тұтынушылар алдындағы жауапкершiлiгiн сезiне бiлген мұндай компаниялар саусақпен санарлықтай.

Қазiр елiмiзде Қытайда өндiрiлген құрғақ сүт, балмұздақ, йогурт, балалардың сүт тағамы сияқты сүт өнiмдерiн сатуға тыйым салды. Құзырлы органдардың сөздерiне сенсек, базарлар мен бөлшек сауда орындарындағы тауарлар жiтi тексеруден өткiзiледi деп отыр. Бiрақ 90-жылдардың басында қазақстандық нарыққа тап берген қытайлардың арзан әрi сапасыз тауарларының сөрелерден түгел алып тасталатыны күмәндi. Отандық жеңiлөнеркәсiп өкiлдерi бiрнеше жылдан берi Үкiметке сөзiн өткiзе алмай, зарын тыңдата алмай, шаршап жүр. Олардың айтуынша, Қытайдан әкелiнетiн киiм-кешек, тағамдар мен тiптi, балалардың ойыншықтары, мектептердегi парталар сапасы сын көтермейдi. Осының кесiрiнен ауру ұрпақ қалыптасқан. Күнi кешегi әскер қатарына шақыру науқаны кезiнде Отан алдындағы борышын өтеуге құлшынған қазақ жастарының басым бөлiгiнде майтабан ауруы анықталған. Бұл – сапасыз қытай аяқ киiмiнiң кесiрiнен туындаған дерт. Бүгiнде жастар әскер қатарына пара беру арқылы аттануды әдетке айналдырған көрiнедi. Құзырлы органдар өтiрiк айтқан жемқор дәрiгерлерге жұдырық түйiп әлек. Мектептердегi арзан парталардың стандарттарға сәйкес келмеуi, балалардың бүкiр, қабырғасы қисық боп бiтуiне әсер етедi. Ал нәрестелерге арналған ойыншықтардағы улы бояулар адам өмiрiне аса қауiптi. Сылдырмақтардан шығатын дыбыстың зорлығы соншалық, көп сәби керең боп қалған…

Осыдан 6 жыл бұрын ҚР Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиялық бақылау органы қазақстандық нарықты жаулап алған қытайлық құрғақ ашытқының құрамынан улы зат тапқан болатын. Құрамындағы тұзда ауыр металдар (мырыш, кадмий т.б.) көлемi 10-50 есеге асып түскен ашытқыны құзырлы органдар саудадан алып тастады да, “жабулы қазан жабулы күйiнде” қалдырған. Бiздiң билiк елiмiздегi аспанасты елiнде өндiрiлген өзге де азық-түлiк түрлерiн тексеруден өткiзбедi, қытайларға Қазақстанға бағыттайтын тауарлар сапасын жақсарту туралы қатаң талап та қойған жоқ. Жыл басында қытайлық тұшпаралардан уланған жапондар халықаралық деңгейде шу шығарып, қытайлардың “iшкенiн – iрiң, жегенiн желiм” еттi. Ал Америкаға тасымалданатын итке арналған тағамдар құрамынан улы зат табылғанда, Вашингтон Пекинге кәдiмгiдей қаһар төккен. Тамыз айында басталған меламин дауының соңы 20 адамның үстiнен қозғалған қылмыстық iспен тәмамдалды. Бiрақ меламинi бар тауар түрлерi көбейе түспесе, азаяр емес. Гонконг билiгi Cadbury кәмпиттерi мен сырдан жасалатын Ritz печеньесiндегi меламин көлемi адам денсаулығына қатер төндiретiн мөлшерде болғанын дәлелдедi. Сонымен қатар улы зат сүттен жасалатын Lipton шайы мен Пекиндегi кондитер фабрикаларының бiрiнде Dairy Milk Cookies Chocolate пен Dairy Milk Hazelnut Chocolate брендтерiмен өндiрiлген тәттiлерде де меламин кездескен.

Бүгiнде тас еденге тарс етiп түссе де, сына қоймайтын қытайлық пластмасса ыдыстарға қызығатындар көп: бағасы арзан әрi ұзаққа шыдайды. Әсiресе, ыдысқа “қырғидай тиетiн” кiшкентай балалары бар отбасылар. Бiрақ қауiптiсi сол, мұндай ыдыстарға салынған тағамдар әп-сәтте уға айналады – меламиннiң құрамына формальдегидпен бiрге асбест қосылады екен. Мұндай өнiмдердiң шыдамды келетiнi сондықтан. Ал асбест – ыдыс тұрмақ, құрылысқа пайдалануға қатаң тыйым салынған улы зат. Өйткенi, асбест те, формальдегид те адам ағзасындағы қатерлi iсiктердiң пайда болуына, бүйрекке тас байлануға, қуық жолдарының ауыр дертiне әкеп соғады. Пластмасса ыдыстардағы суреттер де аса қатерлi: фарфор мен фаянс ыдыстарға пайдаланылатын қауiпсiз әрi сапалы бояуларды формальдегид пен асбест ұстамайды. Сол үшiн ауыр металдары бар бояуларды қолданады. Егер өмiрiңiзге, әсiресе, жас балаларыңыздың өмiрiне қатер төндiргiңiз келмесе, оларды ажал тырнағына өз қолыңызбен iлiктiргiңiз келмесе, қытайлық пластмасса ыдыстардан аулақ болыңыз. ескеретiн жайт, улы заттары бар тауарларда “melamin” деген жазу тайға таңба басқандай анық көрсетiлуi тиiс. Әрине, егер тауардың сертификаты болса. Ал базарлар мен дүкендердегi қытайлық ыдыстарға қарап әуре болмай-ақ қойыңыз. Олардың құрамындағы меламиннiң мөлшерi 360 есе асып түсетiнiн ресейлiк ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мамандардың кейбiрi пластика мен пластмассадан соғылатын құрылыс заттарының кейбiрiнiң сапасына да күмән келтiредi. “Жылтырағанның бәрi – алтын емес” деген ата сөздi естен жиi шығарып алатынымыз өкiнiштi, әрине.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ