Жаңалықтар

Жаңалықтар

ашық дереккөзі

Жаңалықтар

КҮРIШ БАҒАСЫ — 130 ТЕҢГЕ

“Алтын дән-2008” Сыр бойында бапталған 70 мың тонна күрiш елiмiздiң өзге аумақтарына тұрақты бағамен жеткiзiлетiн болды.

Республикамыздың барлық облыстары мен Алматы және Астана қалаларының өкiлдерi бас қосқан Қызылордадағы жәрмеңкенiң басты мақсаты елiмiздiң барлық аймақтарын арзан күрiшпен қамтамасыз ету мәселесiн шешу болатын. Бүгiнде күрiш бағасы тым қымбат. Бiр жыл бұрын өзiн де, өзгенi де қарық қылған Сыр өңiрiнде де күрiш екi-үш есеге шығандап кеттi. Арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде қызылордалық 40-тан астам күрiш өсiрушiлер мен өңдеушiлер 70 мың тонна күрiштi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне тұрақты бағамен (130 теңге) жеткiзуге мiндеттейтiн Меморандумға қол қойды. Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов биыл су тапшылығына қарамастан, егiннiң бiтiк шыққанын, Үкiмет пен ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң бастамасымен өткiзiлген жәрмеңке елiмiздегi азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, инвестиция тартуға және дихандар мен сатушылар арасында серiктестiк қатынас орнатуға ықпал ететiндiгiн айтты. Ресми деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылы Қызылорда облысындағы 160000 гектар егiстiк алқаптың әр гектарынан 45,3 центнерден өнiм алынған.

“ҚЫСҚАРТУҒА БОЛМАЙДЫ!”

ҚР Индустрия және сауда министрлiгi өндiрiстiк үдерiстердi тұрақтандыру және жұмыскерлердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша арнайы құжаттарға қол қойды.

ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьниктiң пiкiрiнше, экспорттық салада қызмет ететiн отандық кәсiпорындармен жасалған келiсiм еңбек қатынастарындағы тараптар мүдделерiн қамтамасыз етуге және экономикалық тұрғыда туындаған қиындықтарға байланысты әлеуметтiк шығындарды азайтуға ықпал етпек. “Қазақмыс” корпорациясымен, “АрселорМитталТемiртау” компаниясымен, “Соколов-Сарыбай” кен байыту өндiрiстiк бiрлестiгiмен, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры”, жергiлiктi кәсiподақтар мен Қарағанды, Қостанай облыстарының әкiмдiктерiмен бiрге қабылданған меморандум қызметкерлердi жұмыстан шығаруға немесе қысқартуға тыйым салады. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен туындайтын басты қиындықтар арасында жұмыссыздық мәселесi тұрғанын ескерсек, аталған құжаттың республикалық деңгейдi қамтылғаны жөн.

МАЙ АРЗАНДАДЫ

Iшкi нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, “ҚазМұнайГаз” Сауда үйi” АҚ өз жүйесi арқылы сатылатын жанар-жағармайдың барлық түрiнiң бағасын төмендеттi.

Жанар-жағармай стансаларында сатылатын өз тауарын арзандатқан “ҚазМұнайГаз” бөлшек саудадағы АИ-95-тi 114 теңгеден 100 теңгеге, АИ-92/93 — 97 және 93 теңге, АИ-80 78/75 теңге, дизельдi отын 89 және 85 теңге түсiрдi. “Бүгiнгi таңда Қазақстан бойынша жанар-жағармайдың орташа бағасы АИ-95/96 — 113 теңге, АИ-92/93 — 102 теңге, АИ-80 — 83 теңге, дизельдi отын — 95 теңге. Iшкi нарықтағы өзге де кәсiпорындар бiзден үлгi алады деп үмiттенемiз” деп мәлiмдеген “ҚазМұнайГаз” компаниясының сыртқы байланыс және ақпарат департаментiнiң басшысы Ғалым Тұмабаев үстiмiздегi жылдың соңына дейiн iшкi нарықтағы жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруға мемлекеттiк деңгейде жағдай жасалғанын айтты. “ҚазМұнайГаз” Сауда Үйi” АҚ — “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы” АҚ-ға тиесiлi мекеме. Компания активiнде Атыраудағы мұнай өңдеушi зауыты (99 пайыз), Шымкенттегi мұнай өңдеу зауыты (50 пайыз), румындардың “Ромпетрол” компаниясының (75 пайызы) акциялары бар.

“ГАЗПРОМ” АСЫҒАР ЕМЕС

Ресейдiң “Газпромы” Орынбордағы газ және мұнай өңдеу зауытындағы қазақстандық-ресейлiк бiрiккен кәсiпорнындағы жұмысын бастауды кешiктiрiп отыр.

Бұл туралы ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрiнiң орынбасары Ләззат Қиынов мәлiмдедi: “Қазiр “Газпромның” бiрiккен кәсiпорынға беретiн меншiк бағасын анықтау мәселесi созбаққа салынды. Яғни, ондағы зауыт бiрiккен кәсiпорынға толығымен емес, тек газды тазалап, қайта өңдейтiн, сұйық шикiзат алатын бiр бөлiгi ғана берiлмек”. Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы жөнiндегi парламенттiк топтың алдында осылайша мәлiмдеме жасаған вице-министр аталған мәселе шешiмiн тапса, қазақстандық-ресейлiк бiрiккен кәсiпорын бiрден жұмысын бастайтынын айтты. Осыдан екi жыл бұрын бiрiккен кәсiпорынның 50 пайыздық акциясына иелiк ету үшiн 370 млн. доллар төлеген “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы” АҚ Орынбордағы зауытта 2008 жылы өнiм өндiре бастаймыз деп жоспарлаған болатын. Алайда, арқа-басты кеңге салған “Газпромның” кесiрiнен шаруа тоқырап тұр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ