Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ: МЕН ТЕК БIРЕУIН ҒАНА АЙТЫП ОТЫРМЫН...
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ: МЕН ТЕК БIРЕУIН ҒАНА АЙТЫП ОТЫРМЫН...
“Қазақстан темiр жолы” ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Жақсыбек Құлекеевке тағылған айып бойынша сот iсi жүрiп жатыр. Оған осыдан жетi ай бұрын прокуратура тарапынан “Бекет АСТ” Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң директоры К.Төкеевтен 100 мың АҚШ долларын параға алған деген айып тағылған болатын. Өткен аптадағы соттың iс қарауы барысында судья Нұржан Жолдасбеков айыпқа тартылушы Жақсыбек Құлекеевке тағы да сөз бердi. Сөзiнiң ықшамдап, қысқартылған мәтiнi мынау.
“Мен өзiме таңылған айыптардың ешқайсысын да мойындамаймын. Сот барысында сiздер “Қазақстан темiр жолы” қызметкерлерiнiң сөздерiнен мемлекеттiк сатып алуға қатысты байқаудың қалай жүретiнiнен мәлiмет алдыңыздар. Өтiнiш бермеген, құжаттарын тапсырмаған бiрде-бiр компанияның тендерге қатыса алмайтыны, заңсыз жеңуi мүмкiн емес екенiн бiлдiңiздер. Өзiм де сот барысында көп жайттан мағлұмат алдым.
…Ендi Руслан Местоевқа келетiн болсақ, 2007 жылдың тамыз айында мен оны атқарушы директор етiп тағайындадым. Бiрақ оның маған қарсы айыптар таққаны түсiнiксiз. Ол бұл әрекетке өз еркiмен барды ма, жоқ бiреулердiң нұсқауымен iстедi ме, ол жағын да ашып айту маған қиын. Бiрақ оның қылмыстық әрекетке барғанын мойындағанына қарамастан оған қарсы ешқандай тергеу амалдары қолданылмағаны да маған түсiнiксiз.
…Местоев өзiнiң 100 мың АҚШ долларын алғанын, оны бiр апта бойына үйiнде сақтап отырғанын жазды. Егер ол 100 мың АҚШ долларын сақтаса, басқа да қаржыны сақтай алады деген сөз. Тiптен ол өзiнiң түсiнiктеме хатында мемлекеттiк сатып алуға қатысты “ҚТЖ” — да жемқорлық жүйесi жұмыс iстейдi деп жазыпты. Егер бұл жүйенi әлдекiм құрса, онда оны тек Местоевтың өзi ғана құруы мүмкiн.
…Местоев ғылыми өндiрiс орталығын, мемлекеттiк сатып алу және бақылау департаментiн қадағалады. Ол сонымен бiрге қоймадағы қорларға жауап беретiн. Темiр сүймендердi сату да соның жауапкершiлiгiнде болатын.
…Қоймадағы өте көп соманы құрайтын бағалы тауарлар есептен шығарылатын. Осы мәселенi мен қайта-қайта көтерiп отырдым. Бiрiншi сәуiрде менi ұстар алдында да осы мәселеге қатысты Местоевтың және оның қарамағындағылардың есебiн тыңдаған едiм. Олардың 500 миллион теңгеден астам тауарды есептен шығару туралы актiлерiн қатты сынға алған едiм. Мұндай мысалдар өте көп. Мен тек бiреуiн ғана айтып отырмын. Мемлекеттiк сатып алу арқылы алған 500 миллион теңгенi жәй әншейiн далаға шашқанмен бiрдей. Ал тауардың өз құнын есептегенде бiрнеше миллиардтаған теңге болады. Осы секiлдi темiр сүймендердi өткiзуге байланысты да мәселе көп болды. Компания кемiнде жүз тонна сүймен сатады. Мен осыны зерттегенде соңғы рет темiр сүйменнiң бағасы 2004 жылы ғана қаралғанын бiлдiм. Бұл өте төмен баға. Тоннасын бар болғаны 25-30 долларға сатып келген. Сол кездiң өзiнде нарықтағы бағасы 200-300 доллар едi. Осының анық-қанығына жеткеннен кейiн, мен 2007 жылы екi-үш рет бағаны көтердiм. Нәтижесiнде, осыған дейiн сатып алып жүрген делдалдар кетiп қалды. Есесiне, жаңа бағамен еш қиындықсыз өзгелерге сатып отырдық.
Темiр сүймендi тоннасына 100 долларға сатқанның өзiнде компанияға кемiнде 15 миллион доллар пайда келушi едi. Осы ақшаға бес-алты локомотив сатып алуға болады. Вагондардың құны 70 мың доллар. Яғни 15 миллионға 20-30 вагон сатып алуға болады. Мұндай мүмкiндiктер өте көп. Осы мәселеге қатысты Местоевтың атына бiрнеше рет сын ескертулер айттым. Бiрақ Местоев тарапынан немқұрайлылық байқалып жүрдi.
…Сол себептен мен үстiмiздегi жылдың 27 ақпанында Местоевтың өкiлетiн уақытша шектеуге мәжбүр болдым. Мен қол қойған жарлыққа сәйкес, ол тек 100 миллион теңгеге дейiнгi мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi байқауға төрағалық ете алады. Ал соманың бағасы одан асып түссе, онда вице-президенттiң бiреуi төрағалық етедi.
… Мен ешқашан қызметiмдi асыра пайдаланған емеспiн. “ҚТЖ”-ға өзiммен бiрге тек үш-төрт адамды ғана ертiп әкелдiм. Атамқұлов секiлдi толық командасымен, екi жүз адаммен келген жоқпын.
… Мен елдегi ең жоғары жалақы алатын лауазымды қызметкерлердiң бiрi болдым. Айлық табысым — 10 мың АҚШ доллары. Қоғамдық пiкiрден қорқамын дейтiндей, мен ешқашан кiрiсiмдi жасырған емеспiн. Астанадағы үйiм де өзiмнiң атымда. Бiреулердiң атына да мүлiктердi жаздырып, жасырған емеспiн. Бастапқыда мен компания ұсынған күзет қызметi мен оққағарлардан да бас тарттым. Осыған дейiнгi қызметiмде күзетсiз жүрдiм. Күзет қызметiнен бас тарту арқылы компанияның 10 миллион теңгесiн үнемдедiм. Бiрақ, “ҚТЖ”-ның әкiмшiлiк жетекшiсi компания басшылары үйлерiне, жеке басына күзет қоюы заңға сәйкес мiндет екенiн қайта-қайта айтқан соң ғана үйiме күзет қызметiн қойғыздым. “КТЖ”-ның ақшасын үнемдеудi емес, өзiмнiң жеке басымды қорғауды ойласам, мұндай қақпанға түспес едiм”.
Негiзгi пара берушiнiң соттың iс қарауына келiп, Құлекеевпен бетпе-бет кездеспей жүргенiне қарағанда және Местоевтың өзiне қатысты iстi мойындауы Жақсылық Құлекеевке таңылған айыптың күмәнiн күшейте түседi. Оның жоғарыдағы сөзi “Қазақстан темiр жолы” ұлттық компаниясындағы өзiне дейiнгi басшылықтар кезiнде орын алған орасан зор былықтардың бетiн ашып отыр. Мұндай мысалдардың көп деуiне қарағанда бұл жүзден бiрi ғана болса керек. Құлекеевке дейiнгi басшылар темiр жолға “анау жетпейдi, мынау жетпейдi” деп жол ақысын ауық-ауық көтертiп отырғаны жұртқа ендi ғана түсiнiктi болғандай. Жүк тасымалдау тарифын былай қойғанда көпшiлiктiң қалтасы жол ақысының жоғары бағасын көтермейтiн болған соң амалсыз автобустарға жармасып, баратын жерлерiне шаршап-шалдығып жетiп жүргенiн бас пайдасын ғана ойлайтын жемқорлар ойлап қайтсiн.
Сонымен темiр жолға қыруар табыс әкелетiн iшкi резервтер қаржысы Құлекеевке дейiн қитұрқы жолдармен әлдекiмдердiң қалтасына түсiп келген секiлдi. Сөзiне қарағанда Құлекеев Республика Президентiнiң сенiмiнен шығу үшiн солардың жолын кескен.
Ал “Қазақстан темiр жолының” жаңа басшысы Асқар Мамин мырза қайтер екен? Қаптаған келеңсiздiктермен күресiп, iстi жолға қоя алар ма екен. Оны уақыт көрсете жатар. Қысқасы, бұл сот темiржолға қатысты талай ыңғайсыз жайдың бетiн ашып отыр.
Ендi республикалық монополияға қарсы комитет те мұны қаперлерiнде ұстап, олардың жол ақысын қымбаттату жөнiндегi орынсыз уәжiне көне бермес деген ойдамыз.
Көлбай Адырбекұлы