Жаңалықтар

АТАТҮРIК — АТАЖҰРТҚА ОРАЛДЫ

ашық дереккөзі

АТАТҮРIК — АТАЖҰРТҚА ОРАЛДЫ

Топтан мырзаның әзiлiнде жатқан мұң

Жақында Түркия Республикасы Ұлы ұлттық Мәжiлiсiнiң төрағасы Көксал Топтан мырза ҚР Сенат төрағасы Қ. Тоқаев пен ҚР Мәжiлiсiнiң төрағасы О. Мұхамеджанов мырзалармен кездестi. 2005 жылдан Қазақ-түрiк парламентаралық, заң шығару органдары, депутаттық достық топтары тығыз байланыс орнатып, бiрлесе iс атқаруға тырысып бағуда. Түркия Қазақстанның маңызды және iрi сауда-экономикалық әрiптесi. Кездесуде мәлiм болғандай, бiр жылда екi ел арасындағы сауда айналымы 2.5 млрд. долларды ғана құрап отырғаны өте аз екенi даусыз. Сауда айналымын таяу жылдарда 10 млрд. долларға жеткiзу үшiн алда үлкен күш салынбақшы. Қазақстан Парламентiнiң шешiмi бойынша Астанада Түркияның тұңғыш президентi — Мұстафа Кемал Ататүрiкке ескерткiш қойылатын болды.

Қазiргi Түркия 1923 жылы 29 қазанда Осман империясынан ел тәуелсiздiгiн жариялады. Осыған дейiнгi “османдықтар” деген атынан айнып, бұдан былай “түрiктер” мемлекетi Түркия — деп аталатын болды.. Түркия 1928 жылы араб әлiппесiнен латын әлiппесiне көштi де, халықты жаппай сауатсыздыққа ұшыратты. Қазақтардың мыңдаған жылдар пайдаланып келген араб әлiппесiн латынға көшiрiп, тұтас елдi сауатсыздыққа ұшыратуға қарсы шыққан Алаш ардақтылары орта ғасырларда нағыз бiлiмнiң, ғылымның ордасына айналған Орта Азияда бүкiл бiлiми құндылықтардың бәрi араб әлiппесi мен тiлiнде жазылғанын қадап айтқан болатын. Түркиялықтар да латын әлiппесiне көшiп, Еуропа тiлiндегi терминдердi тiлдерiне енгiзiп, жаңа бiлiм алуға жанталасқанмен Осман дәуiрiндегiдей әлемдi таң қалдырған ғұлама, ғалымдардың шықпауы, терең бiлiм мен ғылымнан кенже қалған ұрпақтың өсiп шығуы ненi бiлдiредi? Ол кезде мұндай “жаңаруға” қадам басқан Түркия елi мен Кеңес одағындағы Орта Азия түрiктерiнiң “реформасын” Кеңес Үкiметi де, Еуропа да қолдап отырды. Олар үшiн бiздiң бiлiмдi болуымыздан гөрi сауатсызданғанымыз пайдалырақ едi. Осман империясын, мұсылман дiнiн жақтағандарды — “ұлт мүддесiн сатқандар”, “османдықтар” деп айыптап “кемалшылдар” мен (Кемалды жақтаушыларды осылай атаған) олардың арасында азаматтық соғыс өртi тұтанды. Ататүрiк бастаған “жаңа түрiктер” жеңiске жетiп, “османдықтарды” жазалады.

Еуропаны алақанында ұстап, әлемдiк мұсылман дiнiнiң тiрегiне айналған Осман мемлекетi мен османдықтар күйрей жеңiлдi. Яғни, өткен тарихпен ат құйрығын кесу арқылы жүздеген жылдар османдықтарға жат болып келген, еуропалық киiмдi заңмен зорлап киiндiрдi, мешiттi, дiндi мемлекеттен аластап, медреселердi жауып, бiлiм алуды, оқуды мемлекеттiк мектептерге ауыстырды. Көп әйел алуға тыйым салып, мешiттерде қиылған неке “заңсыз” деп табылды Бұлайша “ұлтты дамытуды” бiз де Кеңес одағы кезiнде тiлiмiзден, дiнiмiзден, салт-санамыздан айырыла жойылып кете жаздаған жоқпыз ба? Түрiк революциясының ықпалымен ұлттық менталитетiнен айрылған көптеген түрiк жастары, бұрынғы осман ұрпақтары, ата-бабасының асыл қасиеттерiнен безiнiп: “Олардың бәрi ескiлiктiң қалдығы” — деп есептеп, былтыр Стамбул көшелерiнде “азғындар” шеруге шыққанда ләм демей, биыл өздерi мұсылман дiнiне қарсы миллиондап көшеге шықты. Бiр кездерi Ататүрiктiң түрiктердi “еуропаландырып” жатқанына наразы болған Мысырдың бас мүфтиi: “өз ұлтының киiмiнен жиренiп, мұсылман еместiң киiмiн киiп, соған ұқсауға тырысқан мұсылмандардың тұқымы түбiнде сол дiнге кiрiп кетедi” — дегенi келген сияқты. Кеңес Одағында большевиктер билiгiнiң ертеңi әлi мәлiмсiз болып тұрғанда, Лениннiң Түркияны өзiне “жақын” тарту мақсатында Ататүрiкке көмек ретiнде 10 миллион сом алтынды бекер бермегенi мәлiм. Өйткенi, кейiн кеңестiк езгiде жатқан бауырларын құтқару үшiн Түркияға арқа сүйеп барған түркi жұртының күрескерлерi мен “алаштықтар” Ататүрiктен көмек болмаған соң Еуропаға барып паналағаны белгiлi…

Түркияның Ұлы ұлттық мәжiлiсiнiң төрағасы Көксал Топтан мырзаның өткiр ойлы, тереңдi толғайтынын кейбiр сөздерi анық аңғартты. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен брифинг өткiзгенде К. Топтан мырза: — Қырғызстандағы бiр қырғыз бауырым менi көрдi де: — Бауырым, Орта Азиядан түрiң мен сияқты қысық көз, қараторы болып атқа мiнiп кетiп едiң, ендi көк көз, сары болып ұшақпен келiп тұрсың, деген болатын, — деп күлдi.

Иә, алғашқы естiлгенде күлкiлi сияқты болғанымен бұл сөздерде түгелдей бiр ұлттың қайғысы мен қасiретi жасырын жатқан едi. Өйткенi сонау 1025 жылы Саманидтер халифатының iшiнде өзара тақ таласынан көтерiлiстер жиiлеп кеткен соң, сол кездегi халиф Махмуд Ғазнауи Орта Азияда өмiр сүрген айбынды түрiк жауынгерлерiнiң оғыз-селжұқ тайпаларынан төрт мың сарбазды өзiнiң тағын қорғау үшiн жалдап алған едi. Оғыз-селжұқ сарбаздары тыныштықты сақтап тұрғанымен қатар өздерi де парсылардың қыздарына үйленiп, үйлi-баранды болып көбейдi. Нишапур қаласы халифатқа қарсы көтерiлгенде, селжұқ сарбаздары қаланы жаулап алып, өздерiне астана етiп жариялайды.

1282-1326 жылдары Осман сұлтан билеген заманда Кiшi Азияда оғыз-селжұқтар құрған империя халқын “османдықтар” деп атады. Өйткенi, оғыз-селжұқ сарбаздарынан туған ұрпақтар уақыт өте келе мүлдем басқа адамдарға айналып кеткен едi. Османдықтар 1453 жылы православие дiнiнiң кiндiгi, Византия империясының астанасы Константинополь қаласын жаулап, Осман империясының астанасы ретiнде “Стамбул” деп атын өзгерттi. Византия империясын тарих бетiнен жойып, бүкiл Еуропаны алақанында ұстады.

Мәжiлiс төрағасы О. Мұхамеджановпен кездесуде К. Топтан мырза: “Сiздермен кездескенiме бiр-ақ сағат өтсе де сiздердiң сөздерiңiзден қазақшаның жартысын түсiнiп отырмын. Егер бiз жиi кездесiп, қоян-қолтық араласып отыратын болсақ қасымдағы аудармашы кiсi жұмыссыз қалар едi, — деп жымиды. Бiр қуанарлығы парламенттегi кездесулер тек қазақ тiлiнде жүргiзiлдi және достық кездесу әдемi жарасып тұрды.

Тоғайбай Нұрмұратұлы