Жаңалықтар

“ҰЛТТЫҢ САҚТАЛЫП ҚАЛУЫ ҮШIН ТIЛ ҚАЖЕТ”

ашық дереккөзі

“ҰЛТТЫҢ САҚТАЛЫП ҚАЛУЫ ҮШIН ТIЛ ҚАЖЕТ”

“Түркiстан” газетiнiң өткен санында американың Мичиган университетiнiң докторанты Анна Генинаның сұхбаты жарияланған едi. Сол сұхбатында бiздiң кейiпкерiмiз Америкада, яғни Мичиган университетiнде қазақ тiлiн үйрететiндiгiн, өзiнiң тiлдi сонда жүрiп үйрене бастағандығын айтып едi. Мұхиттың арғы бетiндегi алып мемлекеттiң қазақ тiлiн үйретуге қабiлетi жетiп жатқанда, өз жерiмiзде, өз елiмiзде мемлекеттiк тiлдi үйренуге құлқымыздың жоқтығы таңдандырады бiздi.

Мемлекеттiк тiл туралы жыр бiтпейтiн болды бүгiнгi қазақ қоғамына. Күнi кеше ғана Үкiмет мүшелерiнiң қатысуымен өткен жиында көрнектi жазушы, сенатор Әбiш Кекiлбай: “Ұлттың сақталып қалуы үшiн тiл қажет. Бұл аксиоманы құдай да өзгерте алмайды. Тiл үйрену мәселесiн ақшаға әкеп тiрей берудiң еш қажеттiлiгi жоқ. өйткенi министрлер мен басқа да мекеме басшылары қаражаттың аздығынан тiлдi үйрене алмай отырған жоқ”, — дептi. “Олардың бiрiншi қолғанаттары да сөйлемейдi. Тек министрмен басшылардың орынбасарлары ғана былдырлап үйренiп келе жатқанда ол оларды алып тастайды. Ұлт жоқ жерде мемлекет жоқ, ал ұлт болу үшiн тiл керек. Бұны ешбiр құдай да өзгерте алмайды. Әуелде Құдайдың өзi қателесiп осындай заң шығарғасын оны өзгерте алмайды” деген сенатордың сөзiнiң де жаны бар. Ол кiсiнiң пiкiрiне қарағанда, мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн бөлiнiп жатқан қаржылар құмға сiңген су секiлдi жойылып кетiп жатыр.

Шын мәнiнде, қыруар қаржының қайда кетiп жатқанын кiм бiлсiн, министрлiктердi былай қойғанның өзiнде, жоғары оқу орындарының өзiнде iс қағаздардың әлi күнге қазақ тiлiне аударылмай келе жатқандығы айқын нәрсе. Оқу орындарына барып, бiр жапырақ қағазды толтыруға рұхсат сұрай қалсаңыз, ресми тiлде ұсына кетедi. Тiптi, кейбiрiнiң қазақша нұсқасын да таппайсыз.

Астанада өткен Ассамблея жиынында сөйлеген сөзiнде мемлекет басшысы қазақ тiлiн дамыту бағытында атқарылып жатқан iс-шаралардың көптiгiн, бұл мақсатта биыл 5 миллиард теңгенiң бөлiнгенiн айтқан едi. Соншама қаржы бөлiнiп жатқанда, мемлекеттiк тiлдi неге үйренбейтiнiне таңымыз бар?

Сол қаржының арқасында тiлдi сындырып, мемлекеттiк тiлдi үйренiп жатқандардың саны күннен-күнге артып келедi деп айта аламыз ба? Сонда сенатор айтқандай, қыруар қаржы қайда кетiп жатыр және кiмдi мемлекеттiк тiлге үйретiп жатыр?!

Елiмiздегi алып компаниялар мен акционерлiк қоғамдардың ұйымдастырған кездесу кештерiне барсаңыз, барлығы дерлiк ресми тiлде өтiп жатады. Ал мемлекеттiк тiл есiгiнен де қарауға жарамайды. Олар үшiн Мемлекеттiк тiл амандасудың ғана құралына ғана айналғандай.

Осы жағынан келгенде, тiлдi үйренсiн деп қаржы бөлудiң де қажетi шамалы сияқты. Сондықтан, тiл сындырсын деп қаржы бөлмей-ақ, мемлекеттiк қызметке қабылдамай қою жөн. Сонда ғана тiлге құрмет, ұлтқа құрмет жасайтын шығар.

Гүлзина Бектасова