Жаңалықтар

БЕРЛУСКОНИ ЕЛОРДАҒА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДI

ашық дереккөзі

БЕРЛУСКОНИ ЕЛОРДАҒА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДI

Қазақстанға Италия Республикасы Үкiметiнiң төрағасы Сильвио Берлускони келдi. Астанаға қысқа жұмыс сапарымен келген Берлускони Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесiп, екiжақты ынтымақтастық мәселелерiн талқылады.

Елбасымен болған кездесуден кейiн Италия Үкiметiнiң басшысы Елорданың көрiктi жерлерiмен танысып қайтты. Астананың сұлу келбетiн тамашалаған төраға Есiлдiң сол жағалауында салынған заманауи қаланың бүгiнгi бейнесiн көрiп, жас астананы тұрғызған сәулетшiлер мен құрылысшылардың еңбегiне жоғары баға бердi.

Бүгiнде Италия мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Италия Қазақастанды Азияны Еуропамен байланыстырушы көпiр ретiнде бағалайды. Сондай-ақ, бұл мемлекет Қазақстанның сыртқы саясаттағы, АСӨШК-дегi ұстанған бағытын қолдайды. Сонымен қатар, Италия мен Қазақстан арасындағы байланыстың басым көпшiлiгi экономика саласында өрбидi. Оның үстiне, Италия бiздiң елiмiз үшiн сыртқы саудадағы iрi әрiптестердiң бiрi болып саналады. ҚР статистика агенттiгiндегi мәлiметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Италия арасындағы екiжақты сауда қаңтар-маусым айларында 6,8 млрд. долларды құраған.

Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ