Жаңалықтар

ҚАРАШАДА ЖЫР ЖАЗДЫ ҚАРА БАЛА

ашық дереккөзі

ҚАРАШАДА ЖЫР ЖАЗДЫ ҚАРА БАЛА

Белгiлi ақын Ғалым Жайлыбайдың есiмi жырсүйер қауымға жақсы таныс. Ердiң жасы елуге толып отырған ақынның жақында “Қайнар” баспасынан “Ардакүрең” атты жыр жинағы жарық көрдi. Төменде ақынның осы жыр жинағынан үзiндi берiп отырмыз.

ҚАРА НӨСЕР. ҚАРАША

Тегене-көктiң тесiлдi түбi,

Қап-қара нөсер құйылды.

Есiлдiң сонда есiлдi күнi

Қараша айында биылғы.

Көңiлiм көкпен жарасасың ба,

Тағдырым едiң,

Таң,

Арай…

Қарайлайтындай қарашасына

Қарашадағы қарағай.

Жүректi түртiп оятты-ау мұңым,

Жабыға қалған жайым бар.

Сан ағаштардан саяқтау бүгiн

Жалаңаштанған қайыңдар.

Керiм кезiмнен келемiн қайтып,

Күзеуге көшкен жұрт едiк.

Өлiара шақтың өлеңiн айтып,

Қап-қара нөсер тұр төгiп.

Төбеңнен нұр боп төгiлген үнiм,

Ей,

Арғымақ ердiң баласы.

Өмiр де бүгiн,

Көңiл де бүгiн

Қыс пенен күздiң арасы…

* * *

Жабырқаулы жаным неден жазықты,

Өрекпiме, өңмеңдеме, тұра тұр.

Сұр қаланың сұрқай өңi қажытты,

Сұры қандай сұрапыл.

Жусан исi,

Бұлбұл даусы жоғалған,

Шұбырынды болмаса да ақтабан.

Торыққан да,

тозған бәрi,

тоналған

Тас көшеде тас адамдар қаптаған.

Мұнар тауы мұң қосады мұңыма,

Қайран өлең!

Сен екеумiз шаршадық.

Радио да тиiп бiттi жыныма,

“Алматының алмасы” деп ән салып.

ҚАРАШАМЕН ҚОШТАСУ

Қап-қара түнек,

Қара тұманды

Қап-қара түндер iшкенде.

Қоңыр қаздардың қанатындағы

Қараша сырғып түскенде.

Әжiмiн көрдiм нұр сiңген құздың,

Гүлдердiң солған сабағы.

Күнi таусылып күрсiнген күздiң,

Қабарып кеткен қабағы.

Мезi бiр әндi мезгiлдiң легi,

Таласа айтып барады.

Селсоқтау көңiл, сездiрдiң ненi,

Қараша қайтып барады.

Қайтып барады қараша бүгiн,

Қараша қайтар,

Қар түсер.

Жалғыз қалғанда жарасар мұңым,

Жанымды жеген жалқы шер.

Күрсiнген күзбен достасқам,

Шыным,

Сайларға қашты сая түн.

Қарашасымен қоштасқан жырын

Бiзден соң жазар қай ақын?

Көңiлiм қашан табады тыным,

Мұз-қармен келер ызғарды ұқ!

Қараша қайтып барады бүгiн —

Қара орман жұртта бiз қалдық…

* * *

Боз белге бардым, бусандым,

Булығып бойда бар мұңым.

Жалғыз түп

Жалқы жусанның —

Тамырына түнеп тағдырым.

Көктемiң қырда көктей ме,

Қараған тектес қарағым?!

Боз көде боздар беткейде —

Бетеге басқан балағын.

Мұнартса мұздай мұң кiлең,

Бәсеңсiр бәсте сүлдерi.

Сәулеге сонда…

— Сүңгiп ем —

Сәуiрдiң сәскесiндегi.

Толған да толқы,

Тасып ап —

Құпия құстың тiлiндей.

Шаттығың кетер шашырап —

Адыраспанның гүлiндей…

Жалғанда жалғыз келемiн,

Жанымда жарық жалқыңдар.

Су емес ақын дегенiң —

Сүмбiле туса салқындар…

* * *

Сәуiрдiң сұлусарысы туды,

Айым да туды оңынан,

Тас тұяқтардың дыбысы сынды —

Дүрмектi таңға жолығам.

Тұңғиықтарда мұңым бар едi,

Сырым бар едi

Ашпаған.

Қандырдың қанша шырынға менi,

Татуға ендi жасқанам.

Шайырым серi

Сейiс көңiлмен,

Сезiм сұңқарын баптасын.

Бауырым бұрсын пейiш төрiнен

Бақыт бұлаққа ат басын…

Дүбiрге мынау дүрбiмен емес,

Жанармен қара,

Жарай ма?

Келер күндерден бiр күрең елес —

Күдiкпен бiзге қарай ма?

Жалғыз қайыңды жай ұрған күнi,

Кеудемдi менiң тескен оқ.

Тұңғиығымның шайылған мұңы,

Тiрлiкте қалған дос керек.

Зеңгiрдi тiлiп қыран ұшқанда,

Тербеген едi тосын ән.

Қол жайып тiлеп қуаныш таңға,

Нұр ағыстарға қосылам.

Сан армандардан сайға құлаған,

Гүл шыбық көктер —

Жыршы үмiт.

Ащы мен тұщы майданы болған

Ғажапсың, ғазал тiршiлiк…

ҚАП АРҚАЛАП БАРА ЖАТЫР ҚЫЗ БАЛА

Бақ тiлегiн сарқып алған, тойын да,

Ақ бiлегiн артып алған мойынға.

Қап арқалап бара жатыр бала қыз

Алматының “Арбатының” бойында.

Көшесi бұл қайыршының, мастың да,

Нөпiр адам…

Ұқсайды екен тасқынға.

Қайысады, майысады — нәзiктiк

Ала тайдай ала қаптың астында.

Көңiлдерге көктем сыйлар күй керек,

Кiмге айтарсың:

— Көрiктiге тиме, – деп.

…Көк базарға бара жатыр көркем қыз

Көне күрте, ескi етiгiн сүйрелеп.

Қалтырап гүл…

Қалады ма қырмызы,

Жарқырап бiр жанады ма жұлдызы.

Қап арқалап бара жатыр көшеде

Арыс туар алашымның бiр қызы.

Ажары да ашық екен ақ таңдай,

Базарына жетсе деймiн қақталмай.

Аузын буған қытай қаптың iшiнде

Тағдырының бар салмағы жатқандай.

Мұқым қайғы,

Таяз бақыт.

Күз.

Қала.

Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.

Жын-ғасырдың жүгiн жеңiлдетем деп,

Қап арқалап бара жатыр қыз бала.