КИЕЛI САХНАНЫҢ ҚАДIРI КЕТПЕСIН
КИЕЛI САХНАНЫҢ ҚАДIРI КЕТПЕСIН
Жалаңаш тән мен нәрсiз ән…
Бүгiнгi қазақ сахнасының ән әлемiне кiмнiң келiп, кiмнiң кетiп жатқанына ешкiм бас қатырмайды. Себебi, демократиялық еркiндiктi шектемеуiмiз керек. Кеңестiк кезеңде “Қазақта айран көп, орыста мейрам көп” деген мәтел жиi қолданылатын. Осы мәтелдiң қазiргi нұсқасы “қазақта әншi көп, бiрақ та Шәмшi жоқ” деп түйiнделедi. Бiр қарағанда ұлы композитордың талантына тамсанған, қошемет бiлдiрген мәтел болғанымен, астарында үлкен қоғамдық мән бар. Рас, Шәмшi – қазақ өнерiнiң қайталанбас дара тұлғасы. Оның жан-жүрегiнен туған әндерi уақыт жылжыған сайын маңыздылығын арттырып, қазақы тыңдарманның құлақ құрышын қандыруда. Алайда, хас талант иелерiнiң әндерiн өздерiнше “заманауи талапқа” сай орындап, “жаңалық” ашып жүргендер де аз емес.
Ахмет Жұбановтың “Қарлығашын” бұраңдаған бикештерден құралған “Дауыс интернешнл” тобының орындап жүргенi жанымызға батады. Олардың әннiң әуенiн де, маңыздылығын да өз деңгейiнен төмендетiп жiбергенi жасырын емес. Орындаушылардың iшкi дүниесiн қайдам, сыртқы бейнесi әннiң мәтiнiне мүлдем сай келмейдi. “Қарлығашта” қазақ қызының ғана бойында үйлесiмiн табатын сұлулық жиынтығы әдемi өрiледi. Ал әндi орындаушылардың бойынан бiрде-бiр қазақы нақышты, әуездi байқай алмайсың. Керiсiнше, оларды көргенде “Амазонка” қыздары есiңе түседi. Көйлектерiнiң қысқалығына сын айтушыларға: “Өзiмiз жас болғаннан кейiн, оның үстiне заман талабына сай киiнгендi ұнатамыз. Сондықтан кейде көйлегiмiздiң қысқалау болып жататыны шындық. Соған қарамастан, киiмiмiзге әртүрлi ою-өрнек салдырып, әртүрлi ұлттық әшекей бұйымдарды тағуға тырысамыз”, – деп қазақ өнерiнiң құрдымға кетпесi үшiн үлкен бiр iс тындырғандай болады. Олар күнi ертең жалаңаш денелерiне ою-өрнек салдырып, ұлттық асай-мүсейдi асынып сахнаға шығып: “Бiз ұлттық ерекшелiгiмiздi сақтап қалуға тырысамыз” деп айтудан тайынбайтын шығар.
Қазақ сахнасында Батыстың рок, рэп секiлдi даңғазаларына елiктеушiлер де еселеп сандарын арттырып келедi. Аты да, заты түсiнiксiз “Кеш YOU” тобы Сүгiрдiң толғауын орындап жүр. Бұл толғауды эстрадаға салатындай қандай қажеттiлiк туындады? “Заман талабы осы” деп ұлттық құндылықтарымызды “майрағай да тайрағай” етудi қашан қоямыз?! “Азия дауысында” Қыдырәлi Болманов осы толғауды домбырамен орындап шыққанда – ғасырлармен қауышып, Сүгiр бабамыздың рухымен тiлдескендей болып едiк. “Кеш YOU”-дiң шалдыр-шатпағынан кейiн, Сүгiр бабамыздың әруағы арғы дүниеде: “Ұрпағым осыншама дәрежеде құлдырап кеткен бе?” деп, “өкпелеп” жатқан болар, бәлкiм. Бүгiнгi жастар ұлы композиторлардың, ақындардың шығармаларын орындағанда, олардың зор сенiмiн ақтау үшiн емес, өздерiне олардың атағымен жарнама жасау үшiн ғана “жарқ” етiп эфирден көрiнетiн сияқты.
Кейбiр қазақтардың мiнез-құлқы, iс-әрекетi иммунитетi әлсiз ағзаны елестетедi. Батыстың дөрекi мәдениетiне елiктеп, соның ығына жығылып, азғындап бара жатқандаймыз. Арэнби, рэп жанрларының жетегiне ерген Жеңiсхан, Ерболат секiлдi әншiлер қазақтың ешбiр халық қайталай алмайтын төл өнерлерi – толғау, терме, айтыстың бар екенiн неге ескермейдi? Рэп – қара нәсiлдiлердiң әп-сәтте суырып-салып айтатын арзасы болса, жоғарыдағы қазақтың дәстүрлi өнерлерiнiң бұдан қандай кемшiлiгi бар? Жо-жоқ, бiз әлемдi тек ұлттық дәстүрiмiзбен, өнерiмiзбен ғана таңқалдыра аламыз. Немесе “бiреудiң қаңсығы – бiреуге таңсық бола алмайды”. Бұл iлкiден келе жатқан тәжiрибенiң шындығы. Мұндай шындыққа қазiргi “жұлдыздар” мұрындарын шүйiре қарайды. Онысымен қоймай, Жеңiсхан: “Қазақстанда алғаш арэндби жанрын орындау үлгiсiн қалыптастырдым” деп кеуде қаққылайды. Ал, Ерболат… ол туралы әңгiме басқа. Ол “Тамашада” “Салтанат” әнiн орындап шыққанда, “Неге атымды Салтанат қоймадыңдар. Егер, есiмiм Салтанат болғанда, Ерболат маған арнап ән салар едi” деп үйдегiлерге қиғылықты салғаным бар-ды. Бұл бала күнгi әннен әсер алған тәттi қиялым едi. Құдайбергеновтер отбасы қазақ өнерiнде ұлттық болмыстан ажырамайтын күретамыр дiңдей көрiнетiн. Өкiнiштiсi, Ерболат бауырымыз қазақ поэзиясының “жоқшысына” айналып, Мағжан, Мұқағали өлеңдерiн мазақ етiп жүргендей әсер қалдырады.
Музыка – ұлттың тарихының, дәстүрiнiң, тiлiнiң, дiлiнiң бiр арнаға тоғысқан жерi. Ол халық бойындағы асыл қасиеттердi келер ұрпаққа жеткiзетiн ең мұғал құрал. Ол – тәлiм-тәрбие. Ән арқылы адамзат iшкi сарайын тазартады. Десек те, бүгiнгi күнi естi әннен гөрi, есер ән де, әншi де көп. Бұрындары “ұялмаған әншi болады” дейтiн болсақ, қазiр ақшасы барлар әншi болатын заман туды.
Сыртқы сымбатымен қыздардың қолы жетпес “жұлдызына” айналған Бүркiттiң (Беркут) орындайтын әндерi әдепсiз қыздардың аузындағы “шайнаңдаған сағыздың” айналасындағы күлдiбадам дүние. Сөз қадiрiн бiлетiн әншi болса, мұндай әндi (егер ән деуге келсе) шырқамас едi ғой. Талғамсыз әншiден тұщымды дүние күту, сiрә, өгiзден сүт сұрағанмен бiрдей.
Кейде әншiлердiң ән таңдаудағы мәдениетiне қарап, “Е, қойшы, бiлiмдерi жоқ болғасын ұлтымызға не керек екенiнен бейхабар бейбақтар ғой” деп, өз-өзiңдi алдарқатқың-ақ келедi. Мәссаған! Сөйтсек, қазiргi эстрада “жұлдыздары” қып-қызыл саясаткерлер екен. “Үштұғырлы тiл” саясаты үшiн жанталасып, тәп-тәуiр еңбектенiп жатыр. Жемiсi де жоқ емес. Жастардың сүйiп тыңдайтын тобы “До-ми-но”:
Я люблю, я тебя люблю,
Я к тебе пруду, не скучай…
Айым-ай, асыл бағым-ай,
Айым-ай, айым-ай…
деп, орысша-қазақша былдырласа, “Орда” тобы алаңсыз қазақша-ағылшынша сайрайтын болыпты. Тiптi, орыс тiлдi телеарнаның ән шеруiнде алғашқы үштiктен түспейдi. Мұндай қоюыртпақ тiлдi әншiлерiмiз де, “елуден кем болмасын” заңнамасына әбден арқа сүйеп алған болуы керек. Оларға “әй дейтiн әже де, қой дейтiн қожа да”, заң да жоқ.
Қазiргi таңда бейнеклиптiң дәуренi жүрiп тұр. Бiр клип түсiрiп, өздерiн “жұлдыз” сезiнiп жүргендер жетерлiк. Журналистер әншiлерден шығармашылық жаңалықтарын сұрағанда, олардан бiр-бiрiнiң ауыздарына түкiрiп қойғандай “жаңа бейнеклипiмнiң тұсауы жақында кесiлдi” деген сықпыттағы жауап алады. Әншiлердiң танымалдылығы – олардың бейнеклипiнiң санымен өлшенетiн жағдайға жеттiк. Клип түсiрмеген әншi – ақшасы жоқ, болса да жалқаулық жар бермейтiн “маубас” көрiнедi. Бұл – бүгiнгi көптеген өнер иелерiнiң, өнер сүйер қауымның көзқарасы, бiлiктiлiк деңгейi.
Қазақты мазақ етуге арналғандай көрiнетiн “SuperStar kz” мега-жобасына қатысқандар “Перцы”, “Чайна таун” деп топ құрғандары белгiлi. Олар бiрге ән орындап, ұятсыз клиптi ұялмай елге ұсынды. Әлем-жәлем сыртқы бейнелерi ғана емес, табиғи таланттары да жетiспей тұрған мұндай топтардың эфирден түспейтiндiгiне қынжыласың. “Бояушы, бояушы дегенге – сақалын бояпты” демекшi, “Чайна таун” өз-өздерiне қатты сенiп, “Новая волна” халықаралық ән фестивалiне қатысып масқара болып келдi. Жарыстан оралғаннан кейiн топтың бiр әншiсi көпшiлiктiң алдында есiнен танып қалған болатын. Оның себебiн топ әншiлерiнiң қатты сынды көтере алмай, күйзелiстi бастан кешiргендiгiмен түсiндiрдi. Олай болса, бұдан кейiн ешкiм де олар туралы артық ауыз сөз айтпау керек екен!
Айгүл Иманбаева, Бөрте секiлдi өз-өздерiнiң тәнiн аймалаудан әрiге аса алмайтын әншiлердiң “жарылқаушысына” айналған Баян Есентаева да анда-санда “жарқ-жұрқ” етiп эфирден әншiлiк қырымен көрiнiп тұрады. Түрлерiне қарасаң көз тоятын қазақтың арулары өздерiн бұлай жарнамаламаса да, елге қадiрлi, сыйлы едi ғой. Әсiресе, Айгүл Иманбаеваның Ақылбай ақсақалдың келiнiнiң образынан кiлт айнуы – өз сүйкiмiн қарапайым көрерменнiң арасында жоғалтып алғандай. Ол өзiнiң жеке концертiн Республика сарайында дүркiретiп өткiзсе де, әндерiнiң iшiнде “Таңғы елестен” басқа мардымды дүние жоқтың қасы.
Бiздiң мақсатымыз эстрада “жұлдыздарын” жеңiнен тартып, аяғынан шалып, омақастыру емес. Тек тыңдарманға, келер ұрпаққа мән-мағынасы бар әндер ұсынса деген ниет қана. Киелi сахнаны кiм болса, сол ойқастай берсе, онда қандай кие, қандай ұлылық қалар дейсiң?!
Әннiң де естiсi бар, есерi бар,
Тыңдаушының құлағын кесерi бар.
Ақылдының сөзiндей ойлы-күйлi,
Тыңдағанда көңiлдiң өсерi бар,-
деп айтқан Абайдың талғамына жараса деймiз. Қазақтың тiлi, дәстүрi, өнерi, дiлi қазаққа керек болмаса, басқа кiм оны қажетсiнсiн?! Бiр сәт қара бастың қамын кейiнге шегерiп, бүтiн ұлттың келешегiн ойлап көрiңiзшi. Қазақ өнерi жаһандануға жұтылса не болады?! Қорқынышты…
Жадыра НАРМАХАНОВА