НҰРА СЕЛОСЫНДА ТӨРТ ҮЙ ҒАНА ҚАЛДЫ
НҰРА СЕЛОСЫНДА ТӨРТ ҮЙ ҒАНА ҚАЛДЫ
5-қазандағы Қырғыз елiнiң Ош облысы Алай ауданы Нұра селосында болған жер сiлкiнiсiнiң салдарынан бұл шағын ауыл тұтасымен жермен жексен болды деуге болады. 8-қазан күнi Бiшкекте баспасөз-мәслихатын өткiзген Қырғызстанның Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрi Қамчыбек Ташиев аталған елдiмекеннiң алдағы жылдың көктемiнде қалпына келтiрiлетiндiгiн мәлiм еттi.
Бұған дейiн билiк бұл ауыл тұрғындарын басқа мекенге көшiрудi көздеп келген болатын. Ауылда 900-дей адам тұрса, оның 75-сi жер сiлкiнiсiнiң салдарынан қаза болды. Қаза болғандардың арасында – мектепке дейiнгi жастағы балалардың саны – 32, мектеп жасындағы балалар – 12, ересектердiң саны – 32. Сондай-ақ, 150-дей адам әртүрлi жарақаттар алған. 250-дей адам оқиға болған жерде шатырларда өмiр сүруде. Жер сiлкiнiсiнен кейiн ауылда 4 үй және клуб пен фельдшер-акушерлiк пункт құлаудан аман қалған екен. Олардың өзi бүгiнде апатты жағдайда.
Қырғыстан Төтенше жағдайлар министрi халықаралық ұйымдардан көмек сұрап, үндеу жолдады. Бүгiнде селоға әр аумақтан, әр елден гуманитарлық көмектер келiп жетуде. Қазанның соңына қарай, жеңiл құрастырылатын 130 үй тұрғызылмақ. Бұл мұндағы жұрттың қыстан аман шығуына мүмкiндiк туғызады. Ал, келесi көктемге қарай, село толығымен қалпына келтiрiлiп, жер сiлкiнiсiне төтеп бере алатындай жаңа үйлер бой түзейтiн болады.
Ош қаласынан Нұра селосы – 275 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 144 отбасы бар. Олардың әрқайсысы бұл зiлзалада бiр жақынынан көз жазып қалып отыр. Үш баласынан бiрдей айрылған бiр отағасы әлi күнге дейiн олардың көз жұмғанына сенбейдi. Алты және тоғыз адамы бар екi отбасынан тiрi жан қалмаған.
Алай ауданының Нұра селосы өткен ғасырдың орта шенiнде пайда болған. Үйлердiң көбi iргетассыз, каркастан, шикi кiрпiштен тұрғызылған. Бұған дейiн бұл маңайда анау айтты апат орын алмаған екен. Аяқасты, атаусыз келген зiлзала ауыл халқын есеңгiретiп кеттi. Село жермен жексен болды. Қырғыз халқы бұл күндi аза тұтуда. Табиғи апаттан зардап шеккендерге Қырғыз үкiметi әр отбасына 200.000 мың сом яғни 5,5 мың доллар шамасында жәрдемақы төлейтiн болады. Премьер-министр мен президенттiң жеке қорынан 2 миллион сомнан қаржы бөлiнбек. 17 миллион Төтеншежағдайлар жөнiндегi министрлiкке бөлiнген.
Гүлнәр IЛИЯСҚЫЗЫ