Қанат Сiләмұлы, ХХIХ Бейжiң олимпиадасының қола жүлдегерi: “ЖIГIТ БОЛСАҢ, БОПСАFА ШЫДА”
Қанат Сiләмұлы, ХХIХ Бейжiң олимпиадасының қола жүлдегерi: “ЖIГIТ БОЛСАҢ, БОПСАFА ШЫДА”
ХХIХ жазғы Бейжiң олимпиадасында бокстан 69 келi салмақта өнер көрсеткен шетелдiк қандасымыз Қанат Сiләмұлы олимпиаданың қола жүлдесiн жеңiп алған болатын. Бұған дейiн шетелдiк қазақтар арасынан олимпиадада бұндай iрi жеңiске жеткен спортшы болмаған едi. Қанат осы бiр iрi жеңiсiнен кейiн атажұртқа оралып, қандастарымен қауышуда. Бiздiң редакцияға арнайы бас сұққан Қанат Сiләмұлымен әңгiмемiз бокс және Қытайдағы қандастарымыз жайында өрбiген болатын.
Жеңiс тұғырына көтерiлуiме Бақтиярдың Афиныдағы жеңiсi себепшi болды
– Қанат, Қазақстанға қош келiпсiң. Бейжiң олимпиадасында жеңiс тұғырына көтерiлгеннен кейiн, Атажұрт табалдырығын тұңғыш рет аттап отырсың. Жұрт қалай қарсы алуда?
– Маған, шынын айтқанда, қазақ екенiмдi сезiндiретiн осындай бiр орта қажет болып жүрген едi. Қайда да қазақтың мықты азаматтары көбейе берсе, өзге ұлт бiздi мойындай түсетiн шығар.
Мен халықтың маған деген шын ықыласын, ерекше қолпаштауын көрiп жатырмын. Бiр ойласам, бұл мен үшiн үлкен сынақ секiлдi. Қазақ “жiгiт болсаң, бопсаға шыда” дейдi. Мұндай атақты көтерiп жүрудiң өзi қиын. “Жеңiмпаз болу оңай, оны сақтау қиын” деген де тәмсiл бар. Үрiмжiде бiзге дәл осындай қолпаш көрсетiлмейдi. Әдеттегiдей қабылдайды. Ал, Қазақстандағы қолпаштауларды көрiп, мұндағы чемипон жiгiттерге аса қиын болатындығын түсiндiм.
Кеше маған бiр ағамыз мынадай тәмсiл айтты: “Бiр ұлы адамға досы өлтiремiн деп сес көрсетедi екен. Сонда әлгi кемеңгер “менi қалай өлтiресiң, қара орман халқым тұрғанда, сенiң оған дәтiң бара қоймас” дейдi. Досы сонда “мақтап, мақтап, мақтамен бауыздаймын” деген екен. Сол секiлдi осында келгеннен берi менi әспеттеудей-ақ, әспеттеп жатыр. Мақтанға жарылып, сынып кетпей, оны да қасқая қарсы алу жiгiттiң жiгiттiгiне сын деп ойлаймын.
Алда 2012 жылғы Лондон олимпиадасы күтiп тұр.
– Боксқа қалай келдiң?
– Менiң алдымдағы ағам Ерлан спортқа аса бейiм болды. Өзi бокспен шұғылданатын. Қарапайым ауыл қазағы үшiн бокс дегенiмiз жай бiр жабайы төбелес секiлдi көрiнетiн. Мен де жай қызықтағаным болмаса, боксер болуға аса құштар емес едiм. 11 жасымда ағам менi Үрiмжi қаласына ертiп алып келiп, бокстың үйiрмесiне бердi. Бiздiң бұл қадамымызды әке-шешемiз құптамады. Алайда маған ағамның ықпалы ерекше едi.
Боксқа бар ынта-жiгерiмдi арнауды мақсат тұтсам да, оны шын мәнiсiнде жақсы түсiне де қойған жоқпын. Бiртiндеп көңiл қойып, ден бергеннен кейiн ғана оның қырларына қанықтым. Автономиялы районда алғашқы жеңiстерге қол жеткiзiп, мемлекеттiк деңгейге шыға бастадым.
– Ең алғашқы iрi жеңiсiңе қалай қол жеткiздiң?
– Тұңғыш рет 2000 жылы бүкiлқытайлық жасөспiрiмдер сайысына қатыстым. Сол сайыста чемпион атандым. Осы кезден бастап бокс менiң кәсiбiм болатындығын түсiндiм. 2001 жылдан мемлекеттiк сайыстарға қатыса бастасам, 2002 жылдан мемлекеттiк құрама командаға ендiм. Дегенмен, 2008 дейiнгi менiң жеткен негiзгi табысым ел аралап, үлкен-үлкен сайыстарға қатысу, iрi-iрi чемпиондардың түрiн көрiп, қолын алу болды.
– Естуiмiзше, жаттықтырушың қазақстандық Нұрғали Сафиуллин екен. Оны шақыртуға не себеп болды?
– Үрiмжiдегi менiң алғашқы жаттықтырушым ұйғыр адам едi. Ол кiсi өзiнiң деңгейiнiң өзгелерден төмен екендiгiн түсiнiп, қазақстандық жаттықтырушыларға қолқа салған едi.
Менi әуел бастан осы кәсiпке Қазақстан құрамасының бас бапкерi баулыған болатын. Менiң осы өнердi игеруiме, оны әрi қарай жетiлдiрiп алып кетуiме, мұндай iрi табысқа жетуiме осы қазақстандық бапкерлер көп күш салды.
– Жалпы, Қытайдағы бокс жайында не айтар едiң?
– Өздерiңiз өткендегi олимпиада барысында көрiп-бiлгендей, Қытайдың боксы бiрталай биiк деңгейге көтерiлдi. Қазақстаннан және басқа боксы жақсы дамыған мемлекеттерден тренерлер апарып, бокс өнерiн дамытуға күш салып жатыр.
– Бейжiң олимпиадасына дейiн Қытайдың бокспен аты шықпаған едi. Ал, ХХIХ жазғы олимпиада кезiнде жеңiмпаз атанған қытай боксерлерi жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптаған жоқ па?
– Шынын айтқанда, бұл әлем халқы үшiн тосын жай болғаны рас. Бүкiл әлем бұған таң-тамаша болды. Өзгелерге бұның бiр сыры бардай көрiндi. Менiңше, бұл Қытай боксының шарықтау кезеңi болған шығар. Кейiн қалай болатындығын уақыт көрсетер.
– Бейжiң олимпиадасында Қазақ құрамасының атынан шыққан бiрнеше мықты боксерларымызға обал жасаған секiлдi көрiндi? Баға берудегi қаралық көзге ұрып тұрғандай сезiлдi. Бұған не дер едiң?
– Бұрын да үлкен жарыстарда бұндай әдiлетсiздiктер байқалған. Жалпы, бокста қараулық болып жататыны өтiрiк емес. Бiздiң жаттықтырушыларымыз болсын, осы кәсiппен айналысып боксерлар болсын, түсiнбей қалған жайттар көп болды. Бокс дегенiмiз – өнер. Боксерлар да жүйрiк ат секiлдi, кейде маңдайы жарқырап, оза шауып бәйге алатын болады, кейде жоқ жерден сүрiнiп, құлап кетедi. Өмiрдiң өзi бәйге, ал спорттағы бәсекелестiк, майдан тiптi күштi. Спорт сонысымен қызықты, сонысымен тартымды. Спорттың аты – спорт, бәйгенiң аты – бәйге. Кейде үкiлеп, осы бәйгенiң алдын бермейдi-ау, деп отырған спортшы жеңiлiп қалуы мүмкiн. Ал, мүлдем үмiт артпаған адамның аяқасты бағы жанып, жеңiмпаз атануы мүмкiн. Яғни, спорт нағыз майдан алаңы. Онда тек мықтылар мен күштiлер ғана бiлек сынасады. Спорт сонысымен ғана қызық.
– Сенен басқа топ жарып жүрген қазақ спортшылары бар ма?
– Қазiр атын атап, түсiн түстей қоймасам да, қазақтар арасында спортқа деген қызығушылық жыл өткен сайын өсiп келедi. Өз ауылымнан да, ондағы үш аймақ қазақтар арасынан да спортпен айналысып, белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзiп жүргендер жеткiлiктi.
– Қытайда 1 миллиард халық бар. Сол миллиардтың арасынан жарып шығып, жеңiмпаз атанып, ұлттық құрама қатарына ену де оңай болмаған шығар?
– Рас айтасыз, бұл жолға жету мен үшiн оңай болған жоқ. Алайда, биiк баспалдаққа жету жолы ешуақытта оңай болған емес. Қиындықсыз жеңiс жоқ, жеңiлiссiз күрес жоқ. Менiң бұл жолда талай таяқ жегенiм де рас. Дегенмен, жеңiске қол жеткiзгеннен кейiн, бұрынғыңның бәрi көрген түстей өте шығады екен.
– Жаттықтырушыларыңыздың барлығы қазақстандықтар екен. Ал, қазақ боксерларымен ара-қатынасыңыз қандай?
– Қазақ спортшыларының ешқайсысы менiң кеудемнен итерiп көрген жоқ. Бәрi бауырына тартып, қандас, бауырлас деп құшақ жая қарсы алады. Бақтияр, Бақыт секiлдi өзiм қатарлы жiгiттермен аса жақын доспыз. Қазақстанға келген сайын олармен мiндеттi түрде бас қосамыз. 2004 жылдан берi Бақтияр екеумiз Олимпиадаға бiрге дайындаламыз. 2008 Олимпиадаға да бiрге дайындық жасадық. Негiзiнен көп уақытымыз бiрге өтедi.
– Қанат, бұған дейiн 2004 жылы Афины олимпиадасына қатыстың. Онда айрықша көзге түсе қоймаған едiң. Биыл жеңiс тұғырына жетуiңе не әсер еттi?
– 2004 жылғы Афины олимпиадасы мен үшiн жаңа ашылған кезең едi. Бәрi таң, бәрi қызық. Алғашқы iрi баспалдақ, бұл мен үшiн үйрену мектебi болды. Сол жылы бiрге дайындалып, бiрге жүрген Бақтияр чемпион болды. Ол екеумiз деңгейлес едiк. Маған Бақтиярдың осы жеңiсi – шабыт пен дем бердi. Өзге емес, жаныңда бiрге жүрген досың, өз қандасыңның жеңiмпаз атанып жатқаны адамға қуат бередi екен. Яғни, мен де бұл биiктi бағындыра алады екенмiн деген ой келдi сонда. Бұл менiң келесi олимпиадада жеңiмпаз бола аламын деген сенiмiмдi оятты.
– Бұл жолы Бақыт Сәрсекбаевтың жеңiсiн қалай қабылдадың?
– Бәсеке жолында адам өзiнiң деңгейлесi мен қатарласын байқап, сол адаммен сайысуға дайындалады. Шынын айтсам, мен Бақытпен қолғап түйiстiремiн деп, ол менiмен бокстасамын деп дайындалғаны рас. Алайда, маңдайға жазғаны басқаша болды. Мен жеңiс тұғырына өзге емес Бақытпен бiрге көтерiлгенiм үшiн шын жүректен қуандым. Оның жеңiсiне қуанып, алабөтен қимастық көңiлмен құшақ айқастырғанымыз рас.
– Олимпиада кезiнде интернет форумдарда “Бұл салмақтағы қазақтың қос батыры – Қанат пен Бақыт қолғап түйiстiруi мүмкiн. Егер, Бақыт жеңсе оның Қазақстан үшiн қаншалықты маңызды екенiн Қанат түйсiнер. Ал, Қанат жеңсе ол Қытай қоржынына көп алтынның бiрiн салар” деген әңгiмелерден аяқ алып жүргiсiз едi. Егер, Құдай бұйыртып, Бақытпен бетпе-бет келер болғанда, не iстер едiң?
– “Ер кезегi үшке дейiн” дейдi ғой. Бiз бұған дейiн де үш рет қолғап түйiстiрген едiк. Екеуiнде мен, бiрiнде ол жеңген болатын. Ал, осы жолы бiздiң жолымыз түйiскенде, мен мемлекет үшiн емес, бокс үшiн сайысар едiм. Егер, барымды салып, шайқаспасам, көп адамдар менi де ұнатпай қалар едi. Бiрақ, қалай дегенмен де, Алла сәтiн салып Бақыт жеңiс тұғырына көтерiлдi.
– Қай ұлт өкiлдерiмен көп араласасың?
– Қазақтармен.
– Қай тiлдердi бiлесiң?
– Ана тiлiм – қазақ, қытай тiлiн – сiздердiң орыс тiлiн бiлгендерiңiздей бiлемiн. Жаттықтырушыларымның көбi орыстар болғаннан кейiн – аздап орысша да тiл сындырып қалдым.
– Бейжiң олимпиадасы кезiнде рингте жаттықтырушыңыз сiзге қазақша нұсқаулар берiп жатты. Халықаралық аренада өзге елдiң атынан шыққан спортшының қазақ тiлiнде сөйлеп жатқаны бiздiң мерейiмiздi өсiрiп тастады.
– Иә, менiң тренерiм – Нұрғали Сафиуллин, қазақстандық, ұлты татар адам. Алайда, ол өзi қазақша бiлiм алған, қазақ тiлiне өте жетiк кiсi екен. Сонымен қатар, ол кiсi өте тәжiрибелi, мықты жаттықтырушы. Қазақстанда Сидней олимпиадасының күмiс жүлдегерi Мұхтархан Дiлдәбековтiң, Нұржан Сымановтың жаттықтырушысы болған.
– Қытайда олимпиада чемпиондарына қандай марапат көрсетедi? Мысалы, бiзде алтын медаль иегерлерiне 3 бөлмелi пәтер кiлтiн тапсырып, 250 мың доллар бердi. Ал сiздерде?…
– Бiзде әртүрлi iрi компаниялар марапат көрсетедi. Сондай-ақ, өзiм туып-өскен аудан орталығынан 3 бөлмелi пәтер сыйлады.
ТҮБIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛАТЫН БОЛАМЫН
– Өзiңнiң туып-өскен ортаң жайлы айтып өтсең.
– Мен өзiм қарапайым ауыл баласымын. Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы, Алтай аймағының Қаба ауданында туып өскенмiн. Әкем мұғалiм болған, дiни жолды ұстанған отбасында тәрбиелендiм. Бес баланың кенжесiмiн. Мен өз айналамдағы қатарластарымнан ерекшелеу өстiм. Тұрмысым да басқашалау болды. Бiздiң үй аудан орталығында болса да, саздау жерде отыратын едi. Қалада болсақ та, ауылдағыдай мал ұстайтынбыз. Өзге тұстастарымнан өзгешелiгiм – еңбекке ерте араласып, тынымсыз өскендiгiм едi. Малдың бағым-күтiмiнiң бәрi менiң мойнымда болды. Үйдiң кенжесi болғаннан кейiн барлығының ұраны мен едiм, ағаларым да, әпкелерiм де менi жұмсайтын.
Сабақ үлгерiмiм де өте жақсы болған жоқ. Үш пен төртке оқыдым.
– Мектептi қазақша бiтiрдiң ғой?
– Иә.
– Ондағы қазақ мектебiндегi пәндердiң бәрi қазақша ма? Жоқ, ханзу тiлiнде үйретiлетiн пәндер бар ма?
– Бұрын бiздегi сабақтардың бәрi қазақ тiлiнде жүргiзiлiп келдi. Тек соңғы кездерi қытай әдебиетi мен тарихы, тағы басқа да пәндер қытайша үйретiле бастады. Қазiр аудан орталығындағы қытай мектебi мен қазақ мектептерi қосылып, мектепте сабақ екi тiлде жүргiзiле бастады.
– Үрiмжiде көп ұлт өкiлдерi тұра ма? Қазақтар қанша?
– Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы – негiзi, ұйғырдың мекенi. Онда 10 миллионға жуық ұйғыр бар. Үш аймақта – Алтай, Iле, Тарбағатайда қазақтар тұрады. Осы Шыңжаң ұйғыр автономиялы районының орталығы – Үрiмжi қаласы. Үрiмжiде соңғы кездерi қытайлардың саны артып келедi. Өйткенi, мұнда жер көп. Қазақтың ұланғайыр даласы бос жатыр. Сол жерлердi адамға толтыру керек. Жер бос болмауы тиiс.
– Жалпы, Үрiмжiнiң қарапайым тұрғыны ретiнде ондағы қазақтардың әлеуметтiк-рухани жағдайын қалай бағалар едiң?
– Негiзi қай жағынан алғанда да, ондағы қазақтардың тiрлiгi жақсы. Қазақ тiлiнде мектебi, журналы және радио-теледидары жұмыс iстейдi. Салт-санасын сақтау жағынан да, қазақы тiрлiктi ұстану жағынан да ешқандай мұқтаждық көрiп отырған жоқ. Ол тек ондағы қазақтарға ғана қатысты емес. Үрiмжiдегi барлық ұлт өкiлдерi ұлттық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қолдауға ие.
– Қазақстанға оралу ойыңда бар ма?
– Маған осында келгелi ең көп қойылған сұрақ осы. Ол жақта 2 миллиондай қазақ өмiр сүредi. Ондағы жұрттың әлеуметтiк жағдайы, ұлттық мәселелерiнiң бәрi жақсы. Екi ел арасындағы қарым-қатынастар да жақсарып келедi. Ал атамекенге оралу – әрбiр қазақ азаматының сөзсiз мiндетi деп ойлаймын. Бiрақ, асын iшiп аяғына тебуге тағы болмайды. Сондықтан, мен әзiрге бәрiн тастап кетiп қалуды жөн санамаймын. Бiрақ, түптiң-түбiнде Атамекенге келiп, ерiк-жiгерiмдi қазақ халқына арнайтын боламын. Оған мен сенiмдiмiн.
– Осында көшiп келген бауырларыңның тiрлiгi қалай екен?
– Жақсы екен. Қазақстандағы халықтан кем емес, бәрi өз орындарын тапқан.
– Рахмет!
Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ