Жаңалықтар

100 МЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАНЫ РАС ПА?

ашық дереккөзі

100 МЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАНЫ РАС ПА?

Ақпаратқа себепшi болатын да ақпарат көздерi. Осыдан бiрер апта бұрын “Айқын” газетi “100 мың қазақ қараусыз қалыпты” деген мақала жариялады. Мақаладан бұрын әлгi ақпаратқа сүйенсек, бүгiнгi күнi қазақ жерiне ат басын бұрған мыңдаған оралман тегiн медициналық көмектен қағылып отырғанға ұқсайды.

Автордың осылай ой түюiне Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновойдың: “Егер мемлекеттiң басты құндылығы халық дейтiн болсақ, онда дереу шара қолдануымыз қажет. Көшi-қон үрдiсiне сауатты медициналық қадағалаудың жүргiзiлмеуi ана мен бала өлiмiне, сондай-ақ, түрлi қатерлi дерттердiң өсiмiне тiкелей әсер етуде” деген сөзi себепкер болса керек.

Шындығына келгенде, 100 мың қазақ деген аз халық емес. Сонда сырттан келген ағайындардың көпшiлiгi тегiн медициналық көмектен қағылып отырғаныма? Бiреу-екеу емес, жүз мыңдай қазақтың денсаулығының нашарлағаны кiм-кiмдi болса да бей-жай қалдырмасы анық.

Ал, Қазақстанға жыл сайын квота арқылы он бес мың отбасы көшiп келедi екен. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, оларды баспанамен қамтуға, басқа да қажеттiлiктерiн өтеуге қазынадан жыл сайын 12 миллион теңге бөлiнедi. Ал, сол он екi миллион теңгенi 15 мың отбасыға теңдей етiп бөлу қажеттiгi тағы бар.

Тегiн медициналық көмектiң бар-жоғын бiлмейтiн қандастарымыз да бар көрiнедi. Шын мәнiнде, оралмандарға көмек берiлетiн тегiн медициналық жолдар бар ма, бар болса, сырттан көшiп келген қандастарымыз неге бiлмейдi? Көкiрегiмiздi кернеген көп сауалға жауап iздеп, әуелi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына хабарластық. Ол кiсiлер Қазақстанға көшiп келiп, азаматтық алған оралмандардың құқығы жергiлiктi халықпен бiрдей болатындығын алға тартады. Олар: «Мұндай ақпаратты кiмдер берiп жүр, 100 мың қазақ қараусыз қалыпты деген не сөз?» деп, әуелде өздерi таң қалысты. Тегiн медициналық көмек қазақ азаматтарына қалай берiлсе, оралмандарға да солай берiледi дегендi айтады.

Кейбiр сырттан келген қандастарымыз үшiн басты мәселе – құжат әзiрлеу кезiнде тап болады. Олар тегiн медициналық көмек былай тұрсын, әуелi құжат толтырудың өзi үлкен кедергiлерден тұратындығын айтады. Қазақстанға келгенде олардан бiрiншi төлқұжат, туу туралы куәлiк, әскери куәлiк сұрайтын көрiнедi. Қандастарымыздың көбi осыған күйiнедi. Құжат әзiрлеймiн деп жүргенде, тегiн медициналық көмектi қайдан пайдалансын?! Ауыра қалған жағдайда ақылы көмекке мойынсұнуға тура келедi.

Туу туралы куәлiк демекшi, құзырлы орындардың бұл куәлiктi сұрайтындай жөнi бар. Қазiр қайда барсаңыз да, сырттан ағылып келiп жатқан мигранттарды көресiз. Олардың қазақ жерiне пайда табу үшiн келiп жатқаны жасырын емес. Пайда тапқаннан кейiн, осы жерде бiржола тұрақтап қалудың да жолы мен жөнiн iздемесiне кiм кепiлдiк бере алады?!

Бiрде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына барғанымда бiр жайтқа куә болғаным бар. Iшке кiрген орта жастағы екi азамат өздерiне куәлiк беруiн талап етiп жатты. Түр-тұлғасына қарасаңыз, қазақтан гөрi ұйғырға келiңкiрейдi. Екеуi де төлқұжатын көрсетудiң орнына анықтама қағазын берудi сұрап жатыр. Ал, ол анықтама қағазын кез келген адамға бермейтiнi тағы белгiлi. Бiрақ, әлгiлер төлқұжатын көрсетпестен-ақ, “Қазақпыз ғой, өздерiң шақырып аласыңдар да, анықтама бергiлерiң келмейдi” деп, өзеуреп әлек. Ақырында әлгiлер анықтама ала алмаған соң, есiктi бар пәрменiмен тарс еткiзiп жапты да, шығып кеттi. Қауымдастықтағылар мұндай жағдайлардың жиi кездесетiнiн айтады. Демек, ұланғайыр қазақтың жерiне көз алартып жатқан сырттағылардың қай-қайсысы да “қазақпын” деп елдi алдап-арбап, көшiп келудiң жолын ойлап тауып жатыр.

Сондықтан, «Көшi-қон туралы» Заңды өзгерте бергеннен гөрi, оның күшiн жоғарылату керектiгiн ойлаған да жөн сияқты. Соңғы жылдары тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi де өскен екен. Әуелде 52,4 миллиард теңгеден 195,1 миллиард теңгеге дейiн көтерiлiптi. Демек, бiр адамға шаққанда тегiн медициналық көмек 12 мың 673 теңгеге жетiп отыр.

«Тегiн медициналық көмек» демекшi, бұл қай кезден бастап, жүзеге асты және мұны неге қандастарымыздың көбi бiлмейдi деген сауалмен Денсаулық сақтау министрлiгiне хабарласқанбыз. Ол жақтағылар сұрақтарымызды қабылдап алғанымен, жауап беруге асықпайтын сияқты. Сонда тегiн көмек кiмдерге, қалай жасалып жатыр?! Сауал көп, жауап жоқ.

Шын мәнiнде, медициналық жедел-жәрдем тегiн берiлсе, қазақтың жағдайы жақсарып, адамдардың арасында өлiм-жiтiм мәселесi де азаяр едi. Көшiп-қонып есi шығып жүрген қазақтан құжат талап етудiң де жөнi жоқ шығар. Сол тұрғыдан келгенде, көшi-қон мәселесiмен келген қазақтарға жәрдем беретiн арнайы орталықтар ашудың да аса зияны болмас. Мүмкiн, жоғарыдағы министр айтқан олқылықтардың орны осымен толықтырылар ма едi…

Гүлзина Бектасова