«ҚАЗТЕСТ» ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИIМДI?
«ҚАЗТЕСТ» ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИIМДI?
Қыркүйек айының басында Үкiмет отырысында Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң бастамасымен “ҚазТест”жүйесi тұжырымдамасы қабылданған болатын. Бiлiм және Ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуы бойынша, бұл ағылшын тiлiн бiлу деңгейiн анықтайтын TOEFL бағдарламасының баламасы көрiнедi. Осыдан былай Қазақстан Республикасында жұмыс iстеуге құлықты кез келген адам ұлтына, азаматтығына қарамастан, осы тестiден өтуi тиiс. Бұл мемлекеттiк тiлдi өз тұғырына қондыру үшiн қаншалықты тиiмдi? Осыған орай бiрнеше ұлт жанашырының пiкiрiн бiлгiмiз келдi.
Дүйсембi Болат,”Ұлт тағдыры” қозғалысының Орталық басқарма мүшесi:
– Мұндай жүйенiң қолданысқа енгiзiлгенi құптарлық жайт. Дегенмен бұл бастама қағаз жүзiнде ғана қалып қоймай, нақтылы iске асса екен. Осыған ел болып, жұрт болып бiрауыздан ат салыссақ, нұр үстiне нұр болар едi. Елiмiзде қаншама диаспора өкiлдерi өмiр сүредi. Кейбiр диаспора өкiлдерi осы жүйеге қатысты өз қарсылықтарын бiлдiрiп жатқанға ұқсайды. Десе де, бiз бұған қарамауымыз керек. Себебi, мемлекеттiң негiзгi атрибуттарының бiрi – оның мемлекеттiк тiлi. Еден жуушының өзiн орыс тiлiн бiлмесе жұмысқа қабылдамайтын көршiмiз Ресейден үйренерiмiз көп-ақ.
Осы тұста астын сызып айтуды талап ететiн ендiгi бiр мәселе – жауапкершiлiк. Мұны қаулының бiр тармағы ретiнде енгiзсек те артықтық етпейдi деп ойлаймын. Себебi, әрбiр мемлекеттiк қызметкер тiлге деген жауапкершiлiктi түйсiнуi тиiс.
Болат Бөтеев, “Аллажар” қоғамдық бiрлестiгiнiң үйлестiрушiсi:
– Тiлдi үйренуге деген ниет болатын болса, онда ешқандай ақшаның да, жобаның да керегi жоқ, адамдардың өздерi-ақ үйренiп алады. Ниет тудырып алмай, миллиондап ақша төле, бәрiбiр, одан еш нәтиже шықпайды. Сондықтан менiң айтарым, Үкiмет қаржыны қазақтың ұлттық мәдениетiн дамытуға жұмсау керек. Себебi, қазақ тiлiнде өлең айтатын, қазақтың ұлттық аспаптарын меңгерген диаспора өкiлдерi көбейген сайын қазақтың мәдениетiне, өнерiне, салт-дәстүрiне деген сүйiспеншiлiк артып, тiлiн үйренуге деген құштарлық, талпыныс пайда болады.
Өзiмiздiң орыстiлдi бауырларымыздың арасында да қазақтың үнiн сүймейтiндерi жетерлiк. Сол себептен “ҚазТест”-елге ниет тудыруға бағытталған кезектi бiр iс-шаралардың бiрi. Үкiметтiң тiл үйрену жолында 17 жылдан бергi нақты шараға көшуiнiң бастамасы деп бiлемiн.
Әзiмбай Ғали, саясаттанушы:
– Бiрiншiден, бұл – позитивтi қадам. Ұзақ уақыт сөз бұйдамен келе жатқан, нақты қолдауды қажет ететiн бастама. Бұл жүйенi ең алдымен бiрнеше жыл тәжiрибеден өткiзiп, одан шыққан нәтиженi сараптап, содан кейiн барып қана бiрте-бiрте күрделендiре беру керек. Ендi бiрден нәтижесi бола қоймас, әйтсе де алға жылжиды деп ойлаймын. Содан соң бұл объективтi болуы тиiс, ешқандай сатылмайтын дегендей. Кезi келгенде пәлен адам тесттен өтiп, кейiн қазақша бiлмесе, онда тесттi кiм, қалай қабылдаған, сол туралы тергеу жүргiзу керек.
Сондай-ақ, тестiленетiн мамандықтардың тiзiмiн кеңейтiп, тек мемлекеттiк қызметкерлердi ғана емес, бюджеттiк мекемелердi де тiркеуде тесттен өткiзу мiндеттi болып саналуы тиiс. Демек, мейлi ол президент болсын, премьер-министр, депутат, азаматтық алушы болсын, яғни президенттен бастап, бәрi де тестiлеуден өтедi деген сөз.
Сауалнаманы жүргiзген: Бибiажар ТӘҢIРБЕРГЕНОВА