Жаңалықтар

ӨЗ ЕЛIМ

ашық дереккөзі

ӨЗ ЕЛIМ

Киелiмдей жүретiн кiл есiмде,

Кiр түсiрме ел деген ұлы есiмге

Атамекен — бақыты бабалардың,

Жеңiп алған сан ғасыр күресiнде.

Күндерiмен, түнiмен, гүлдерiмен,

Өзiңдiкi ол сенiң, бiлесiң бе?

Өзiңдiкi ауасы, таң нұры да,

Өзiңдiкi жазы да, жаңбыры да,

Өзiңдiкi даласы, тау қыры да,

Өзiңдiкi мереке, ән жыры да.

Өзiңдiкi барлығы болғаннан соң,

Өзiңдiкi болғаны тағдыры да.

Өзiңдiкi суы да, орманы да,

Өзiңдiкi көлi де, қорғаны да.

Өзiңдiкi үйлерi, бақтары да,

Өзiңдiкi көшесi, жолдары да.

Бар бақыты сенiкi болғаннан соң,

Қайғысы да сенiкi болғаны да.

Ел де сенi сүйедi кезегiнде,

Өмiр бойы жүредi ол өзегiңде.

Қорғайсың сен көзiңнiң қарасындай,

Даласын да, тауын да, өзенiн де.

Өз анаңның алдында ұйықтағандай,

Өзi бақыт — жүргеннiң өз елiңде!

Күләш АХМЕТОВА