Жаңалықтар

БҰЛ — ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР ЖЕҢIСI!

ашық дереккөзі

БҰЛ — ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР ЖЕҢIСI!

Өткен аптада Алматы облысы Панфилов ауданының 80 жылдығы атап өтiлдi. Бұл тойдың тағылымы басқалардан ерекше болды.

Ауданның әкiмi Ермек Келемсейiт 80 жылдыққа арналған салтантты жиында, Жаркенттiң арғы-бергi тарихына тоқталып, бүгiнгi өсiп-өркендеу кезеңiнен бiраз сөз қозғады.

Иә жазиралы Жаркент жерi талай тарихты басынан кештi. “Орбұлақ”, “Жалаулы”, “Қашама”, “Кiсi қырылған” деп аталынған жер атаулары бүгiнде сол тарихтың шежiресi iспеттi. Жерiн жаудан қорғаған Салқам Жәңгiр, Елтiндi батыр, Бағай, Сатай, Бөлек, Аралбай, Қожбанбет, Нұржеке секiлдi ерлердiң, билердiң есiмдерi ел есiнде ұрпақтарының мақтанышына айналды.

Өткен аптада Жаркент жерi аудан болып құрылғанына 80 жыл толғанын тойлады. Қала шетiндегi көгалы көрпедей жұмсақ алаңға жағалай ақ боз үйлерiн тiгiп, қазақы салтымызбен қонақтарын күттi. Елiмiздiң әр облыстарынан келген ақындарын айтыстырып, ат бәйгесiн өткiздi. Күзгi жиын-терiннен соң осындай игi шараларды көрiп, жұрттың көңiлi бiр серпiлдi. Мұндай тойлар қазiр облыстың әр аудандарында кезегiмен өтiп жатыр. Алайда, Жаркенттегi тойдың басқалардан ерекшелiгiн атап айтқан жөн.

Той 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып, елдiң, ұлттың ары мен намысын қорғап, шейiт болған, Жаркент өңiрiнде туып-өскен Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға арнап, Мәдениет сарайы алдындағы алаңға тастан қашап орнатылған ескерткiштi ашумен басталды. Осы ескерткiштiң қойылуына облыс әкiмi Серiк Үмбетов тiкелей мұрындық болған екен. Ол өз сөзiнде бұл ескерткiштiң жастарға, келешекке үлкен мәнi барын жеткiздi.

Салтанатты жиында Желтоқсан көтерiлiсiнiң ақиқаты үшiн жан аянбай күресiп, Үкiметтен саяси бағасын әдiл берудi талап етiп келе жатқан, үш томдық романымен тоталитарлық жүйенiң көтерiлiстi басудағы қитұрқы саясатының қырық қатарын ашып көрсеткен ұлтымыздың үлкен ақыны Мұхтар Шаханов сөз сөйледi.

– Қадiрмендi, бауырлар! 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi – қазақ халқының ұлы мақтанышы, әрi ұлы қасiретi. Мақтанышы болатыны, Желтоқсан көтерiлiсi Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болды. Егер бүгiнгi таңда өздерiнiң егенмендiк туын желбiретiп отырған, бұрынғы Кеңестер Одағының құрамындағы, барлық елдер белгiлi бiр деңгейде Желтоқсан көтерiлiсiне қарыздар. Қасiретi болатыны, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн қазақ халқына ұлтшылдық айыбы таңылды. Қанша мыңдаған қазақтың жiгiттерi мен қыздары, олардың ата-аналары зардап шектi. Бiрақ қай кезде болмасын әдiлдiк өз туын көтердi. Желтоқсан көтерiлiсi неге тұтанды?

1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне дейiн бiр жыл екi ай бұрын КСРО Қауiпсiздiк комитетi, КСРО Iшкi iстер министрлiгi бiрлесiп, егер Кеңестер Одағының бiр елiнде көтерiлiс бола қалса, соны қалай басамыз деген ойдың төңiрiгiнде жұмыс iстеген. Сөйтiп “Метель” операциясын ойлап тапқан. Бiрақ оны сынайтын жер таппай жүрген. Бiр жыл екi айдан соң Алматыда алаңға қарусыз бейбiт шыққан жастарды әлгi жобаны жасағандар жүректерi жарыла қуанып, КСРО Қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Чебисеков Горбачевтың қабылдауында болып, ауызша рұхсатын алып, қанқұйлы әрекетiн жүзеге асырды. Шаханов көтерiлiс кезiнде қарулы әскердiң жастардың бейбiт шеруiн басып-жаншудағы сұмдық iс-әрекеттерiн ашып айта келiп, Ербол мен Ләззаттың тағдырларына арнайы тоқталды. Ерболдың өз ұлтын сүйген қанатты азамат болғанын, ал Ләззаттың сол кездегi жас қыздардың арасынан ұлты үшiн жанын пида еткен батырлар екенiн айта келiп:

– Ләззат ұлт мүддесiн бiлдiретiн үнпарақтар таратып, озбырлық саясаттың ұлтсыздандыру әрекеттерiн әшкерелеуге тырысты. Оны Қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi ұстап алып, жеке тергеп жанын қинап, тiптен бұзақыларға зорлатқан. Сондай зорлыққа қорланған қыз өзiн биiктен лақтыруға мәжбүр болды. Олар Ләззатты айтқандарына көндiрiп, жеңе алмады. Өкiнiштiсi, сол кейiндеу бiреулер: “Не дейсiң, Ләззат Желтоқсан көтерiлiсiне қатыспаған екен” деген өсек таратты. Бұл сол кездегi Қауiпсiздiк комитетi жiгiттерiнiң арандату тәсiлi екен. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бiз оған тойтарыс бердiк. Оған дәлелдi бiз сол комитет қызметкерлерiнiң көтерiлiске қатысқаны үшiн үстiнен iс қозғалғанына байланысты құжаттарды көрсетiп, сотта Ләззаттың арын сақтап қалдық. Сол құжатты Қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi менiң сұрау салған хатыма байқамай жауап ретiнде жiберген едi. Ал Ләззаттың тергеу құжаттарын жойып жiберген. Ләззат шын мәнiнде көтерiлiске қатысқан, ұлт намысын қорғаған бiздiң айбынды қыздарымыздың бiрi – дедi.

Шаханов қазақтың батыр ұлы Ербол мен батыр қызы Ләззатқа арнап жаңа өлеңiн оқыды.

Жаркентте, Желтоқсан қырандары

Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа қойылған ескерткiш – белгiнi ашардағы ой:

Алау етiп, жалау етiп намысын,

Өз ұлтының тiлi, рухы, ары үшiн,

Желтоқсанда қаза болған қос қыран,

Қарап жатыр бiзге жердiң астынан.

Қарап жатыр уыз бала қалпында,

Ел аңсаған өжеттiк бар парқында.

Қарап жатыр екi қайсар асқақ ән

Жiгерсiзге – намысы өле бастаған,

Рухсыздыққа қоныстана бастаған,

Ұлтын жығып орыстана бастаған,

Мұңы қарын мүддесiнен аспаған,

Туған тiлiн жел өтiне тастаған,

Сатқындықта басқа мiнез, басқа заң.

О дүние-ай, желтоқсандық қос қыран

Қарап жатыр саған жердiң астынан…

“Ұлтың үшiн, тiлiң үшiн өр бол,

Өр болмасаң өр болғанға төр бол.

Егер, егер… ұлтты сақтай алмасаң,

Сақтар күштi тiптi жақтай алмасаң,

Бүйтiп тiрi жүргенiңше бор бол,

Рухын сатқан ұлтсыздарға қор бол”, –

Деп тұрғандай Ләззат пенен Ербол.

Салтанатты жиында Ләззаттың анасы Алтынай Асанова мен Ерболдың iнiсi Ержан Сыпатаев өздерiнiң жүрекжарды лебiздерiн бiлдiрдi. Ескерткiштiң ашылуына сенатор Қуаныш Сұлтанов Астанадан арнайы келiп қатысты.

Ербол мен Ләззатқа арнап қойылған ескерткiштi көрген жанның қуанышында шек болмады. Иә, бұл – желтоқсандықтардың жеңiсi. Ел басына күн туған кезеңнiң ақиқаты. Дегенмен, аудан басшыларына құлаққағыс ретiнде айта кететiн бiр жай бар. Ол мынау. Мемориалдың бетiне “Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев” деп олардың құр аты-жөндерi жазылған. Шiркiн, осыны, “Бұл ескерткiш 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерлiсiне қатысып, тоталитарлық саясаттан ұлттың намысы мен мүддесiн батыл қорғағандардың қатарында болған қайтпас, қайсар жерлестерiмiз Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа арналды” деп анықтап жазғанда деген ойда қалдық. Өйткенi келер ұрпаққа бұл екеуiнiң кiм болғандары және ескеткiштiң не үшiн қойылғаны түсiнiктi болар едi.

Мұны мен сынап немесе мiнеп айтып отырғам жоқ, ұсыныс ретiнде жазып отырмын. Аудан басшылары мұны жөн деп бiлсе, қаперлерiне алып, ескерткiштiң мәнiн ашар осындай сөздермен толықтырар деген ойдамын. Жастардың рух-жiгерлерiн көтеретiн жаркенттiктердiң осынау игi бастамасын республикадағы әр ауданның, әр облыстың, әр қалашықтың басшылары қолдап, осындай символдық ескерткiштердi орнатып жатса нұр үстiне нұр болар едi.

Көлбай Адырбекұлы