Жаңалықтар

ШЕРАҒАҢ

ашық дереккөзі

ШЕРАҒАҢ

Шерағаң жайлы сыр-шертпеден

Қыс едi. Күтпеген жерден Шерағаң кеңсеге кiрiп келе жатыр.

– Оу, Қарахан таудай ағамыз, – деймiн көргенiме қуанып. – Қайдан?

– Әуелi, Хал сұра.

Әдетiнше, екi бүйiрi тоқ қара сумкасын еденге қойып жатып:

– Кеп қалдық борандатып, мұндай қысты көрiп пе ең бұрын? – деп жау қабағын керiп, бетiме үңiлдi:

– Бiз Қордайдың асуында өскенбiз, Шераға!

– Өскенде, үнемi сол асудың қыр жотасында жүрiп алмаған шығарсың. Асу десең бiзде де бар Күйiк деген. Кеше самолеттен түсiп, ауылға барып едiм, (Жуалыны айтады) айналаңнан ат құлағы көрiнбейтiн ақ боран. Жаратылыс жарықтық жанын жеп тұр. Сөйтедi, кейде, дүние. Бұлқан-талқан… Не iстейсiң? Жаратылыс… Ей, мына сорлылар үсiп кетедi-ау, ұшып өледi-ау, демейдi.

– Сiбiр болып тұрмыз ғой, Шераға, биыл.

– Сiбiр… Сiбiрiң не… Сiбiр қайда, бiз қайда. Сiбiрдiң қысынан сақтасын, құдай. Жалпы Ресейде небiр қыстар болып тұрады ғой, – деп Шерағаң столға екi қолын тiреп, дәл бiр ұшатын қырандай денесiн қомдап қойды. – Бонапартты бүрсеңдеткен, немiстердi дiрдектеткен… Ресейде болатын сұмдық қысты көзiңе елестеткiң келсе, мынаны айтайын. Антон Павловичты бiлесiң ғой, Чеховты?..

– Оқығанбыз бiраз.

– Қайсысын?

– Ойбай, ендi соны түгендеп отырамыз ба?

– Соның қыс туралы ең қысқа әңгiмесi бар. О заман орыс әдебиетiнiң дүрiлдеп тұрған кезi. Лев Толстой, Федор Достоевский, Иван Тургенов, Максим Горький… Көп қой, көп. Өң алып. Алуан түрлi әдеби процестер жүрiп жатқан ғой, сонда. Бiрде ең қысқа әңгiмеге бәйге жарияланады. Қатты қыс туралы. Ендi жазады келiп… Сол қыста, деп қойып, құдай-ау, ненi айтпады. Қар адам түгiлi, ағаштардың бойынан асып кеткен, деревньялар қарға көмiлiп қалды, жол үстiндегiлер адасып, үсiп… Не керек, бәйгеге қатысқандардың қаламынан небiр сұрапыл қыстар жарыса ысқырып шығып, оқығандардың иманын ұшырып, жүрегiн суылдатады ғой, келiп. Сосын не болды? – Шерағаң маңқиып алақанын жайды. – Сөйткен екен деп оларға ешкiм бәйге бере салған жоқ. Бәйгенi Чехов алды. Сондағы жазғаны жалғыз-ақ сөйлем: “Осы қыста көк қарға, көк мұз болып қатып қалды”. Сұмдық қой. Егер қандай да бiр қатты қыстан тiрi қалса тек көк қарға тiрi қалады екен. Ал, ендi айт, Чеховтың айтқан қысынан кiм ненi асырып айта алды? Мiне, тапқыр, шебер. Ал бiз келiп қай нәрсенiң де дәл теңеуiн тауып айта алмай дiңкелеймiз. Рас па?

– Айтары жоқ.

– Бiздiң Жуалының қысы да айтып-жеткiзуi қиын астаң-кестең. Алшаңды қуырып азынайды-ай келiп. Сөйте салса жақсы, аяқасты арыстандай ақырып, “астапыралланың” астында қаласың.

– Шераға, осы адамдар туған топырағына тартып туады деседi ғой.

– Десе… Не демек едiң?

– Бауыржан көкемiз, сосын өзiңiз де…

– Әй, менi көкеңе қосақтама. Вот Баукең… Дәл Жуалының ауа-райындай не предсказуемый. Аяқасты шатыр-шұтыр. Оқыс астаң-кестең… Ойламаған жерден дауыл… Өзi мұздай, көзi найзағай, сөзi от, өрт… Ал бiздiкi не… – Шерағаң бойын бiр ырғап қойды. – Сонымен амансыңдар ғой.

– Жүрiп жатырмыз.

– Журналыңды оқыдым. Евнейдiң маған арнаған хатын берiпсiң. Нұр жаусын!

– “Бiр кем дүниеңiздi” де бермеймiз бе?

– Ол кiтап болып шыққалы жатыр. Министрлiктен Мәженова ше, Райхан-ау есiмi… Сол кiсi келiп әлгiндей дедi. Сенiң “Көгiлдiр көйлектi келiншек” деген кiтабыңды да ала келiптi. Ал кеп оқиын. Япыр-ау, бәрiн қайдан бiлесiң-ей.

– Ненiң бәрiн?

– Кетшi-әй! – деп Шерағаң мырс еттi. – Өстесiң ә, қарадай.

– Ойбай, ендi…

– Хирург деген бар, – дедi Шерағаң жау қабағын керiп. – Денеге, тәнге операция жасайды, ал сен әйелдiң жан-дүниесiнiң, болғанда рахаттану сезiмiнiң хирургiмiсiң, не пәле, а…

– Қайдағы, – деймiн.

– Бiреуге берiп, “Көгiлдiр көйлектi келiншегiңдi”, артынан сұрасам, қалай екен деп, делебем қозды дей ме, табаным қызды дей ме, едiрең-едiрең етiп, есiмдi шығарды.

– Бұл сонда “Көгiлдiр көйлектi келiншектi” ұнату ма, жек көру ме?

– Әй, сен… – деп мырс етiп күлiп жiбердi. – Оны жек көргендi қай атаңнан көрдiң.

Осылай қалжыңдасып, қатарласып шабу әдетiмiз. Е, сосын тiзгiн тартамыз. Келелi әңгiме килiгедi. Шерағаң айтса, Астанадан екi күн бұрын самолетпен келген. Бiрден Жуалысына тартыпты. Борандатып жүрiстiң мәнiсi: Таразда Тұрар Рысқұлов атындағы санаторий бар. Сол жерде бүгiн республикалық мәндегi кардиохирургиялық орталық ашылмақ. Адам жүрегiн емдейтiн. Жылына жүрекке 500-дей операция жасай алады. Осы күнi ғой бақилыққа аттанатын адамдардың 56 процентi сол жүректен кетедi екен… Сосын да жүрек хирургиясы қазiр елiмiзде дамуға бет алды. Елде бүгiн Қазақстанда 6 кардиохирургиялық орталық жұмыс iстей бастады. Бiреуi мiне, ендi Таразда.

– Соның ашылуына арнайы хабар жiберiптi, – дедi Шерағаң. – Директоры – академик. Осы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында туған. Мәскеуде оқыған. И.К.Ахубаев дейтiн атақты академиктiң шәкiртi. Қырғызстанда көп жыл қызмет iстедi. Кейiн Алматыға келiп едi, ағайын қайтедi, асып туған азаматты алға салып, бетке ұстағысы келмедi, сыйғызбады. Қызығын Қырғызстан көрдi талай жыл. Ендi елге келiп, орталық ашып отыр. Соған ақжол тiлейiн дедiм. Қазақстанына қайтып келген екен, қайырын бергей деу, бiздiкi. – Солай. Жұртқа керектiң бәрi де ұсақ-түйек болмайды. Дегенмен елеулiсi жөнiнде сөз басқа, – Шерағаң көзәйнегiн былай алып қойды. – Бiздiң ең жаман әдетiмiз ылғи кешiгiп жүремiз. Iстi кешiгiп бастаймыз. Кiсiнi кешiгiп танимыз. Әне-мiнелеп жүргенде қайран да қайран асыл уақыттардың өтiп кеткенiнде шаруамыз жоқ. Осыған абай болу керек. Дұрыс па?

– Айтары жоқ.

– Ел игiлiгiне жарайтын үлкен iстiң басына жақсы келмей болмайды-дан хабарың бар шығар.

– Аздап.

– Неге аздап? – Шерағаң басын көтерiп алды. – Осы сен жауабыңды бiр жағынан қайыра салатының не?

– Жарысып отырмайын деймiн де.

– Рас па?

– Шераға, мен шындықтың құлымын ғой.

– Шындық… – Шерағаң иегiн изеп, терең күрсiнiп алды. – Оның құдiретi…

– Александр Невскийдiң бiр айтқаны бар едi…

– Орыстың ерi ме, әлгi.

– Иә.

– Не дептi, сонда?

– «Құдiрет – Құдайда емес, шындықта» дептi.

Шерағаң жалт қарады.

– Сенiң де естiмейтiнiң жоқ. Өйдегенi несi, сонда?

– Рас Құдай оны ерен ер қылып жаратты: ешкiмге бас имеуi, ешкiмнен қаймықпауы тиiс едi. Бiрақ, амал не, Шыңғысханның қаһарлы ұрпағының алдына баласын ерте келiп, тiзесiн бүгiп, тағзым етiп, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болғаны рас. Таза шындық.

Ақиқатты айтып талай-талай тар жерде қасқайып тұрған қаһарман ағам: – Иә, шындық айтылады. Бұрын қайдам, бүгiн одан не пайда. Қалады. Жұртқа жағады, атқамiнерлер жақтырмайды. Айтпай-ақ, жүре берейiн десең iшiңдi тесiп барады, – Шерағаңның көзi алайды. – Тесiп бара жатқан ар-ұят! Мәселе, осында. Ар-ұятта. Бүгiн “анау қараң қалды, мынау суалды, өйту керек, бүйту керек” десiп, мiнбелердi тепкiлеп, столдарды қойғылап, бақырып-шақырып жүргендер көп. Өң әсiре. Бүгiн қазаққа керегi – ең әуелi қазақ өз өмiрiн ар-ұятпен, шындықпен бастауы тиiс. Идеология солай жүруi қажет. Ал әзiрше ондай идеология жоқ. Ол жоқ екен, ар-ұят та сол. Осыдан барып та түрлi пәлекет шаш-етектен. Сорлап жатқан сонда кiм? – Қазақ. Бұдан бiлетiнiң қаншалықты?

Үндемедiм. Дегенмен, iшiм алай-дүлей. Ия, қазақты – қазақ… Қазақ параны кiмнен алады? – Қазақтан. Қазақ кiммен сыбайлас, жемқор болады? – Қазақпен. Қазақты ру-ру, жiк-жiкке бөлетiн кiм? – Қазақ. Абайдың балағынан алып, Жамбылдың жағасынан алып жүрген кiм? – Қазақ. Осы пенделiк, майдалық, ойсыздығын ойламай жүрген кiм? – Қазақ…

Айттым осыны, Шерағаңа.

– Ендi осы шындықтың қанын сорғалатып неге жазбайсыңдар? Қайда жаңағы құдiрет, Құдайда емес, шындықта деп отырғаның.

– “Правда всегда почти неправдаподобно…” дептi ғой, Достоевский жарықтық.

– Е, онысы несi екен?

– Шындықты мойындауға ақыл-парасат, ар-ұят, ер мiнез үнемi жете бермейтiндер оны әдейi жалған қылып отырады, дегенi шығар.

– Шығар… шығар… Неге өйтедi. Қоғамға да, адамға да ең керегi, өздерiнiң түптеп келгенде iздеп жүргендерi ол емес пе. Түсiнбейсiң… – Шерағаң сағатына қарап қойды. – Бiр кем дүние… Қазақ қазақ болғалы iздеп келедi, iздеп келедi, шындықты. Бiз де iздедiк. Иiсi адам баласы түгел… Бiрақ, бiр кем дүние… Қазақ атаң мұны “тұяғы бүтiн тұлпар жоқ, қанаты бүтiн сұңқар жоқ” деп кесiп-пiшкен. Солай екен деп бiрақ, тұлпар заулағанын, сұңқар самғағанын қоймайды…

– Бұл ендi бiр таң дүние емес пе, Шераға.

– Бiр таң деймiсiң?..

– Иә, бiр таң дүние. Бiр кем дүниенi жазып жатырсыз. Бiр таң дүниенi неге жазбасқа…

Шерағаң бiраз үнсiз қалып, сосын қозғалақтады.

– Оған қалқар жете ме?.. Сонымды сұрамайсың ба, әуелi… Баукең көкең, Момышұлыны айтамын, әйел жағынан бiраз неқылған кiсi ғой. Жасы келiп, тағы да сол жалғыз қалыңқырап жүргенде елдегi ақсақал-көксақал басын қосып өздерiнше мәмiле жасамай ма. Сондағылары: “Оу, ағайын батыр бауырымызға осы бiз қатынды неге қыздай әпермеймiз? Елдiгiмiз қайда? Жұлған жерден ненi де жұлып алатын Жуалының жұрты емес пе едiк? Әперейiк бiреудiң қызын, жарылмаған қауындай. Жетпiсбай, Сексенбайларды туғызған атам қазақ” десiп, жер-көкке сыймайды. Қыз iздедi, табылды. Көршi ауылдан. Отырыңқырап қалған демесе, қырғиға шалдырмаған, қылы қисаймаған. Баукең арнайы жiберiлген адам арқылы шақырылды. Келдi. Қойдың басы мүжiлiп, ет желiнiп, қымыз iшiлiп, жұрт ендi сыртқа, Баукең төрде. Ауылда болатын аласа екi аяқты орындықта отыр. Ақсақал-көксақал “сен баста, сен айтпен” бiр-бiрiне иек қағады. Батырдың мысы қиын. Дегенмен пысықтау шалдың бiрi сөз бастады: “Бауке, батыр десе батырсың, жазушысың, атың әмбеге аян, бiрақ, осы қатын жағынан… Соған мына ағайын-туыстың бауыры сыздайды, жүректерi ауырады. Қой дестiк, осы отырған бәрiмiз. Батыр бауырымызға жарылмаған қауындай қыз әперелiк дедiк. Құры деп қана қойған жоқпыз, оны таптық та, көршi ауылдан. “Батырға тимегенде, кiмге тиемiн” дептi ол, айналайын… Сол ендi…”

Баукең айнала отырғандарға жағалай көз салып шықты. “О, менiң бауырларым! Сендер сөйтедi екенсiңдер ғой. Ойлайды екенсiңдер, менi. Қабырғаларың қайысады екен. Қатын да тауып қойыпсыңдар. Қартайып қалды-ау демепсiңдер. Хош. Ой, мың алғыс сендерге. Ал, бiрақ, қатын керек пе, жоқ па деп сендер… – Батыр қолын тақымының арасына апарып, оның сұқ саусағын жерге кезеп-кезеп тұрып: – Мынадан сұрадыңдар ма, оны… А!..” – деп ақырыпты.

Ерiксiз күлiп жiбердiм. Шерағаң да мырс еттi.

– Қалай?

– Сұмдық айтқан екен, – дедiм.

Өзге шал-шауқан сөйтер ме едi. Жас қатын, е оның өзi жарылмаған қауындай десе, жаны қалмай жәмпеңдемес пе едi. Жас жетпiсте. Ал жас қатынға жағдайым келе ме деп ойлар ма едi.

– Қазақ-еркек жас иiс дегенде жағдайын ұмытып кетедi ғой.

– Сөйтедi де… Сонда жас келдi, дәурен өттi, оқ таусылды дейтiн шындықты қайтедi. Сен “Бiр таң дүниенi” жаз дейсiң. Оған ғұмыр, күш-қуат жете ме… Соны сұра, әуелi. Жазушының айтары ғұмырына тәуелдi, – Шерағаң жеңiл күрсiнiп қойды. – “Қыз Жiбектiң” қырық көшiндей iнжу-маржанды қыршынында-ақ атып-қырып кеткендер бар. Мысалы, анау Лермонтов, жиырма жетi жасында! Ал, қазiр бiздiң алпыс-жетпiстегi кейбiр ағайындар Жазушылар одағына ендi-ендi өтiп жатыр немесе өткелi жүр. Бұған дейiн қайда жүрген. Аяқ асты жазушы, ақын бола қалды. Сұмдық қой. Кiтап шығарады, онда-мұнда барып, әкелеп-көкелеп жүрiп. Әкiмдердiң басын қатырады. Бюджеттiң қаржысымен басып бер, айналайын. Әкiм қайтедi, сақалы анау, бiраз қызметтер iстеген, медалi де бар… Сен Жазушылар одағының облыстағы филиалына директор емессiң бе, билiк бұл мәселеде ақыл қостыра ма?

– Қолжазбаны маған жiбередi. Жарайды, не жарамайды деген қолым керек.

– Қолың сонда жарайдыға жүйрiк пе, жарамайдыға жүйрiк пе?

– Әдебиетте азуы ақсиған екен, сақалы сапсиған екен деп бүгежектейтiн әңгiме жоқ қой, Шераға.

– Сөйтесiң, ә.

– Қасқарау емеспiн бе!

– Қасқарау… Әй, сенiң бабаңның аты неге осылай, бiлемiсiң? Қасқыр-ау дегеннен шыққан. Ұстасқанмен ұстасқан, тiстескенмен тiстескен. Еңiреген ердiң бiрi. Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай шешендер, Сарыбас, Кенен сол Қасқараудан шықты. Ары қарай да жетерлiк. Тағы кiм бар едi?.. Жезқазған жақта Найманның бiр руы – Қағаз деп аталады. Қасқараудың жалғыз қарындасы. Сол әпкеңдi бiлушi ме едiң? Жазушысың. Өткен-кеткенiңнен жадыңа жиғаның бар шығар…

– Аздап.

– Мысалы?

– Қағаз әпкем дана болмаса, ру атын алмас едi ғой.

– Ол ендi түсiнiктi.

– Осы арада бiр парызды орындай алмай жүрген өкiнiшiм де бар… Қасқарау бабам алысқа ұзатылып кеткен жалғыз қарындасын қайсыбiр жылдардан кейiн артынан iздеп барады ғой. Жұрт қарсы алып, сый-құрметтi аямайды. Қанша күн жатты, батырды таңқалдырған төрт түйе – екi қара бура, екi iнген. Тек ауыл айнала жайылады.

Қайтатын уақыт та жеттi. “Ал, көке, – дейдi қарындасы. – Бұйымтайыңызды айтыңыз”. “Бұйымтайым… – Батыр қамшысының сабымен әлгi түйелердi көрсетедi. – Ана төртеуi”. “Болмайды, оларды бере алмаймын, көке, – дейдi Қағаз әпкем. – Мен мына босағаны көрпесiн ұзартып, көсегесiн көгертемiн деп аттаған жоқпын ба? Ана төрт түйе осы әулеттiң нәсiбi – малының иесi, көке”…

Қасқарау бабам қаһарына мiндi. Қаны бiр қарындасы, жаны бiр жалғызы сөзiн жерге тастайды, бетiн қайтарады деп қашан ойлапты. Ақырып атына мiндi. “Қап!” деп қара найзаны жерге ұрды. Қара күшке қарағай сап шыдамады, қақ айырыла жаздады, қарс жерi шытынап кеттi. Со бойы нөкерлерiн шұбатып жөнеп берген. Ел-жұрттың аты – ел-жұрт. Құданы қара қазандай өкпемен жiбере алмайды, қуып жеттi, қаумалап құлдық ұрды. Батырды райынан қайтарып керi алып келдi. Құлын сойылды. Құрмет жалғасты. Қайтар күнi қадiрмендi қариялар қайта жиылды. “Қарағым, Қағаз, қазiр мынау менiң найзамды ұстар әулетiмде лайықты ешкiм жоқ, сондықтан саған қалдырамын. Сенiң бiр ұрпағың менiң бiр ұрпағыма табыстар. Осы саған аманат. Сен ұрпағыңа аманат ет. Ол өз ұрпағына…” деп Қасқарау бабам аттанып кетiптi…

– Бұл аңыз ба, шындық па? Болса, кiмнен естiп жүрсiң? – Шерағаң зер сала қарады.

– Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарының соңы. Қазiргi “Өнер” баспасының директоры Әшiрбек Көпiшев бiрде менен: “Сен осы Қасқарау емеспiсiң?” деп сұрады. “Ол неге керек?” “Кiтап iстерi жөнiндегi мемлекеттiк баспаның бас редакторы, жазушы Ғабиден Құлахметов Қасқараудың естi бiр азаматымен таныстыршы,” деп едi маған.

Таныстық. Марқұм болып кеттi ғой, Ғабиден. Нағыз ер мiнез азамат, талантты қаламгер едi, “көке” деп елпiлдеп тұратын. Әлгiнiң барлығын сол әңгiмелеп бердi маған. Қасқараудың найзасының Жезқазған қаласындағы музейде тұрғанын айтты. «Алып берейiн» дедi. Елге барып, естиярларды жиып, жөн-жобасымен алып-келiп Кененнiң музейiне қоюға мәмiле жасасып, әне-мiнелеп жүргенiмiзде, қайта құру басталып кеттi де, қайран шаруа жайына қалды…

– Ендi қимылдасаң, қолыңнан қаға ма, бiреу?

– Қақпайды ғой. Бiрақ, кiмге барып, қалай мәмiле табамын. Ғабиден жоқ…

Шерағаң үндемедi.

– Сол Қасқарауға Сiз де бөтен емессiз, – дедiм мен. – Қызын алып отырсыз. Анаусы-мынаусының емес, ауыз әдебиетiнiң соңғы сүлейi Кенен атамның.

– Солай, солай, – деп қойды Шерағаң. – Қазақты неге қарға тамырлы дейдi, бiлемiсiң. Дейтiнi – қыздары исi қазақты бiр-бiрiне түбi бiр тұтас етiп отырған. Айтып отырсың, Қағаз әпкеңдi. Оның ар жағында Бәйдiбек бабаңның қалың найманның екi руын Қызай, Мұрын атандырған әпкелерiң тағы өткен. Ұлы жүздiң бiр руын өзiнiң жанама аты – Ысты атандырған тағы бiр анаңды бiлесiң. Осыдан екi жарым ғасыр шамасында Арғын Байсейiт бидiң шешесi, аты ауызға айналған Қыс-бике жарықтық Дулаттың қызы… Айта берсең, тiрнектеп, тiзе берсең, қазақ қыздары арқылы үш жүздiң баласы бiр-бiрiне нағашы, жиен, бөле… Тамыры бiр, дiңгегi бiр, бұтақтары бiр. Сөйтiп алып, “сен анаусың, мен мынаумын” деп қарадай бiр-бiрiн бөтенсiп, бөлектене қалатыны, немене… Қазақ өз тарихында тұңғыш рет мемлекет құрды. Тұңғыш рет Астана салды. Тұңғыш рет мемлекеттiк шекарасын белгiледi. Ау, ендi ұлттық бiртұтастықты ойламаймыз ба? Бiреу “осы сен қай жүзсiң?” десе, “Аулақ жүр, қазақпын!” демеймiз бе? Демеймiз. “Мен ендi анау…” деп мiңгiрлеймiз. – Шерағаң тағы сағатына қарады. – Жә, уақыт болып қалыпты, мен әлгi орталықтың ашылу салтанатына барайын. Ал, сен орныңда бол, оралып соғамын. Кешкiсiн самолетке шығарып сал.

Ауа-райы қатты бұзылып, самолет Астанаға ұшпай қалды. Ұрып-айдап темiржол вокзалына келдiк. Билет жоқ.

– Бүгiн бiрге түнейтiн болдық, не қылса да, – дедi Шерағаң.

Қыстың түнi ұзақ. Жайланып, жан шақырып алған соң, жай-жапсары көп тiрлiктiң тiгiсiн түгендеп тiл безейтiнiмiз белгiлi. Шерағаң қазақтың бүгiнiне алаңдайды: барға шүкiршiлiк. Осыдан он шақты жыл бұрынғыға қарағанда буынымыз бекiп, қабырғамыз қата бастады. Әйткенмен осы бiзде мәз болу, масайрау көп. Той-томалақтан көз ашпайсың. Айтыс деген айналайыннан аяқ алып жүре алмайсың. Басы “Тамаша” болып келетiн қилы-қилы театр-шоулардан мезiмiз. Көркемөнерпаздық әләулай кең етек алған.

– Шераға, осы көркемөнерпаз деген ұғым бұрынғы ТМД елдер кеңiстiгiнен өзге әлемнiң бiрде-бiр елiнде жоқ көрiнедi.

– О жағын бiлмеймiн.

– Жалпы, самодеятельность дегенiңiз, маған самозванец болып көрiнедi. Болсаң, профессионал бол. Бюджеттен әлгi көркемөнерпаздар мекемесiне бөлiнетiн қыруар қаржыны сол профессионалдарға төле. Ал мына қалпымызбен мәдениеттiң провинциялық деңгейiнде қала беремiз бе, деп қорқамын.

– Әй, провинциялық деңгейден арылу үшiн рухани мәселеде әуелi ұлттық элиталық ерекшелiк қалыптасуы керек. Ол бар ма бiзде? Бiздiкi ауыл-ауыл, аудан-аудан, облыс-облыстың алаң-алаңына шығып ол да ала жаздай ән салып, селкiлде де билей бер. Европаны қарашы. Несiмен мақтанады? Әуелi қай өнерiн әспеттейдi? Операсын. Бiр қойылымы – 3 миллион доллар! Ал барсаң бос орын таппайсың. Бiздiң қазақты операға ақысыз алып барып кiргiзе алмайсың. Ол түгiлi, драма театрына бара ма?

– Драматургия өте әлсiз ғой, Шераға бiзде бүгiнгi заман ұрпағына лайығы шанда бiреу. Баяғы, балаганный… у-шу, судыраған ақыл-сөздер, сахнада ары-берi сенделiс… Темперамент, динамикадан, уақыт сұранымы – интеллектiден ада-күде.

– Сенiң осы қараң қалдырып жiберетiнiң не?

– Провинциялық деңгейiмiзге қарным ашады. Атақ, даңқ құмарлықтан жүрек айниды. Ақын атымды шығарам деп өлеңмен өлiп-өшiп жүргендер өлеңкештер есепсiз. Поэзия дегенде шаруалары жоқ. Қара сөз құрай алса, осы проза деп жүрген қарадай қаламгер атап жүргендер қай жағыңнан да қабаттасып шығады. Көркемдiк, суреткерлiк қаперлерiнде жоқ.

– Сөйте тұра, озық 50 елдiң қатарына кiрiп кеткiмiз келедi, ә, – деп Шерағаң көзiн алайтып. – Сөйте тұра, әрi мансапшыл, лауазымшылмыз. Арманымыз – билiктiң бiр бұтағына жетiп алу. Шама, қабiлет, кiсiлiк жете ме, пiшту. Осыған сонда қаншалықты тосқауыл қойып жүрмiз. Ешқандай. Мiнезсiздiгiмiзден! Бiздiкi – “Е, мейлi… Не пәле. Тiктеп келген тексiздiктiң бетiн тiлу керек қой, тiкесiнен! Дұрыс па?

– Дұрыс.

– Ендеше, неге өйтпейсiңдер?

– Елдiң бәрi Момышұлы емес, Мұртаза емес қой, Шераға!

– Баукеңдi айтқаның дұрыс, оған сен менi қосақтамай-ақ, қой.

Осындайда еске әр не түседi. Шерағаң ҚР телерадио компаниясының президентi болып, бiраз iстеп, одан Парламент мәжiлiсiнiң кезектi бiр сайлауында депутаттыққа түскенi бар. Сайлау округына келiп, сайлаушылармен кездесу өткiзу үшiн Жуалысына келiп жатқан. Ертең кездесу болады деген күнi тал түсте теледидар қарауында қызмет iстеген бiр жiгiт жылмаңдап келiп тұр. Сөйтсе ол да осы округтан депутаттыққа кандидат болып тiркелiптi. “Аға, алдыңыздан өтейiн деп келдiм”, – дейдi мүләйiмсiп. “Өйткенде, маған немене кандидатураңызды ал деп отырсың ба?!” – деп Шерағаң ақияды.

Содан не керек, ертесiне қара-құрым сайлаушылармен кездесу басталып кеттi. Сөз әкiмде. Депутаттыққа кандидат әлгi жiгiт жайлы әңгiмесiнiң ұзын-ырғасы былай: “Бұл Бәленше Түгеншиевтi бәрiңiз бiлесiздер, теледидардан саяси хабарларын күнде көрiп жүрсiздер. Даусы қандай, сөзi қандай. Күллi әлемдегi саяси жағдайларды жiлiкше шағатыны қандай. Соның ақ-қарасын, асты-үстiн ақтарып-төңкерiп айтқандағы ақылмандығы қандай. Қатпар-қатпар саясатты қақпақыл ойнатқанда қағазға қарамайтыны қандай. Бiр өзi көреген, көсем де, шешен…”

Шерағаң ары қарай шыдамайды. “Бiр ауыз…” деп сөз сұрайды.

– Теледидардың пұшпағын бiз де бiраз илегенбiз, – дейдi сосын. – Мына депутаттыққа кандидат жiгiт менiң қол астымда iстеген көп диктордың бiреуi болған. «Диктор» деген теледидардың тiлiнде – кукла, деген сөз. Себебi ол, тек бiреудiң дайындаған материалын көз алдынан сырғып өтiп тұратын пленкадан оқып қана отыратын адам. Мәтiндi бұларға Қайнар Олжай деген журналист дайындап бередi. Егер оны мұның өзi дайындай алса, бұл баяғыда пайғамбар болып кетпей ме?!

Жаңа ғана әлгiнi жер-көкке сыйғызбай тұрған әкiмнiң де, жұрттың да аузы аңқайды. “Шераға-ау, – дейдi артынан әкiм. – Бiз қайдан бiлейiк. Өзi сондай деп жүрдiк қой”.

Қазiр осыны еске алдым. Шерағам мырс еттi.

– Е, сол қайда жүр осы күнi?

– Қайдан бiлейiн. Әйтеуiр, теледидар жақтан көрмеймiн.

– Қазақта “Өле алмай жүрiп…” деген жаман сөз бар. Естi, бiлiмдi, айбынды бiреу болса, оған айтар сөз қайда. Екi адамның басын қосып соңынан ерте алмайтын қалың көптiң бiрiнiң көрдiң бе, Парламент төрiне деген дәмесiн. Былайғы ел қайдан бiледi, оның шын мәнiнде кiм екенiн. Мен болмасам өтiп те кетер едi, бәлкiм. Осы тектестер Парламентте қазiр жоқ па? Неге жоқ. Отыр онда омалып. Олардың елдiң, қоғамның қамы деген түсiне де, түйсiгiне де кiрмейдi. Бұған сонда не айтасың. Билiктiң әр қилы сатысында қанша ноқай жүр. Санашы…

Мен үндемедiм. Шерағаң да үнсiз. Бiртүрлi еңсесi түсiңкiреп кеттi. Аздан соң, маған ба, жоқ өзiне-өзi ме, ақырын айтқаны: “Ей, бiр кем дүние…”

Қанша жылдан берi байқағаным, Шерағаң ерте тұрады.

Ертеңгiсiн шай үстiнде айтқаны:

– Сен кеше “Бiр таң дүние” дегендi айтып қалдың. Ойланатын-ақ нәрсе. Менiң “Бiр кем дүнием” жалпы философиялық толғамдар ғой. Сөйтсе де мен философ емеспiн. Бiрақ, философ халықтың ұлымын. Бiздiң бiр пәлемiз өз қадiрiмiзге өзiмiз жетпеймiз. Бiрдеңе жазсақ шетелден шыққан ғұламалармен екi ұрттарымыз толып шыға келедi. Мысалы, керемет философ та солар. Сонау Аяз би, Жиренше, Асанқайғы, Мөңке би, Шалкиiзден тартып бүгiнгi Әбiш Кекiлбаев, Ғарифолла Есiмовке дейiнгi жүз, мың ғұлама философтарымыз сол шетелдiктерiңнiң қайсысынан кем. Тiптi, кейбiр жағдайда артық. Абай мен Шәкәрiм ше!.. Бауыржан көкең ше!.. Пайымдап қарасаң қазақ халқы кiм дегенде: – философ! – деу керек. Философия бiздiң ұлттық болмысымыз. Жалпы, қабiлет жетедi ғой, бiзде. Қайсыбiр замандарда ата-бабаларымыз аттан жығылып, бас-сүйегiн талқандап алған адамның басына операция да жасаған. Жарамай қалған құйқаның орнына сиырдың терiсiн тiгiптi. Мына жiгiт… Ана орталықтың директоры Сейiтхан Жошыбаевты айтамын. Жүрекке операция жасаудың сирек кездесетiн хас шеберi. Қанша қырғыздың шаруасы бiткен жүрегiн жөндеп бердi. Сондай ғұлама дәрiгер бар екен деп, Қазақстанның қазақтар да: “ой, бауырымдап” барып, өлмей тiрi қалған. Қой, ендi елiме, Алматыма, Қазақстандықтарыма барайын деп келiп едi… Қазақтары қайта кетiрдi. Шүкiр, мiне, бүгiн әйтеуiр, Таразда. Ендi осы сирек қабiлеттi ардақтап, әспеттеп, таныта аламыз ба, елге. Оның өзi үшiн емес, ұрпаққа өнеге, қабiлетi, iсi үшiн. Қайдам. Газеттерiң жүрдiм-бардым бiр қарыс бiрдеңе жазар. Хабар-ошар… Бiттi. Баспасөз әлсiредi, әбден. Тереңдей алмайды, тебiрене бiлмейдi. Түлейлендi. Сонда, кiмдi қалай таниды, жұрт?!

– Сiздей редактор туа бермейдi ғой, Шераға!

– Бiздей… Парасатпен пайымдауды, мiнезбен қопара айтуды, талдап, тарқатып берудi немене, бiз қалтамызға салып кеттiк пе? Бар ғой, қазiр де бiраз жiгiттер Алматы жағыңда. Әңгiме сондай салған жерден самғап шығатын саңлақ ойлы, сайыпқырандардың барлық жерде болғаны, – деп Шерағаң бiраз көсiлген.

Оқшау жүретiн адам үшiн оқшау, дара бiткен адаммен әңгiме-дүкен – үлкен мектеп. Өзiм өмiр дегендi – үйрену деп бiлемiн. Әттең соны кейде қаперден шығарып, боямасы көп әсiреқызыл күндермен ғұмырдың үлкен бөлегiн рәсуа етiп аламыз.

Шерағаңның қоштасарда қолымды алып, арқамнан қағып тұрып: “Елiң аман болсын! Өзiң де аман бол! Нұр жаусын!” дейтiнi бар. Бұл жолы да сөйттi.

– “Бiр таң дүниенi” ұмытпаңыз, – дедiм мен.

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ