Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Қаржы алаңынан басталған дағдарыс еңбек нарығына ойысты. Осының кесiрiнен, дүние жүзiндегi жұмыссыздар саны күн санап артып келедi. Әлемдiк қордағы тұрақсыздық пен үздiксiз құлдырау адамдар көңiлiндегi үрей мен сенiмсiздiктi қоюлата түскен.

Соңғы кездерi халықаралық деңгейдегi iрi компаниялар бiрiнен кейiн бiрi қызметкерлердi қысқартуға қатысты жоспарларын жарыса баяндауда. Былтыр әлем бойынша жұмыссыз қалғандардың жалпы саны – 189,9 млн.-ға жеткен. Үстiмiздегi жылдың басында Халықаралық еңбек бюросының мамандары аталған көрсеткiш биыл 5 млн.-ға көбейiп, 6,1 пайызға артады деп болжаған болатын. Алайда, Еуропалық статистикалық агенттiк 2008 ж. наурызында ЕО-дағы жұмыссыздық деңгейi 7,1 пайызға өскенiн хабарлады. Ең нашар көрсеткiш Словакия (9,8%) мен Испанияда (9,3%). Соңғы 10 жылда Испаниядағы иммигранттар саны 800 есеге көбейiптi. Кезiнде экономиканың қарқынды дамуын сырттан ағылған арзан жұмыс күшiмен қамтамасыз еткен испандық билiк қазiр мигранттарды елiне қайтара алмай әлек. Сыртқы миграция мәселесi саяси астар алып үлгерген Испания ел шекарасын 3 жыл бойы аттамауға уәде берген эммигранттарға 20 мың доллар көлемiнде жәрдемақы тағайындады. Еуропа күйреудiң алдында тұрған экономика мен тұралап қалған өндiрiспен, көшеде сенделген жұмыссыздармен бас қатырып жатса, азиялық аймақтағы ахуал көш iлгерi. Мысалы, былтыр Жер шарында құрылған өндiрiс ошақтарының 28 пайызы оңтүстiказиялық аймаққа тиесiлi – ондағы жұмыспен қамтамасыз ету деңгейi 59,7 пайызға жуық. Оңтүстiк-Шығыс және Шығыс Азия тұрғындарының 70,8 және 74,4 пайызы тұрақты қызметке ие.

Сарапшылар пiкiрiнше, жұмыссыздықтың зардабын ең алдымен банктер мен банкке тiкелей немесе жанама қатысы бар кәсiпорындардың (лизинг, сақтандыру компаниялары, дестрибьютерлiк мекемелер т.б.) қызметкерлерi тартатынын айтады. Екiншi лекте жылжымайтын мүлiк пен құрылыс саласының еңбеккерлерi тұр. Сондай-ақ, азық-түлiк түрлерiн өндiретiн шағын кәсiпорындар мен банктердiң несиесiне тәуелдi көлiк компанияларына да қауiп төндi. “Қуырдақтың көкесi” – жыл соңында. Өйткенi, былтыр басталған қаржылық дағдарыстың шарықтау шегi 2008 жылдың соңында көрiнiс бермек. Келер жылға бөлiнетiн бюджет көлемiн анықтауда қысқаратын қызметкерлердiң саны да бiрге айқындалатыны белгiлi. Шығын көлемiн барынша төмендетуге мүдделi iрiлi-ұсақты кәсiпорындар қызметкерлердiң санымен бiрге жалақыны, түрлi жәрдемақы мен сыйақыны азайтуға кiрiседi. Халықаралық сарапшылар қауымы кәсiпорындардың басшылары жұмысшыларды емес, ұжымдық мерекелiк шараларды қысқартуы тиiс деген пiкiрде. Бүгiнде әлем үнемдеудiң барлық жолдарын қарастыруда.

ҚР Статистикалық агенттiгiнiң хабарлауынша, 2008 жылдың екiншi тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздар саны (15 пен одан жоғары жастағылар) 557,2 мың болған. Бұл – 2007 жылдың дәл осы мезгiлiмен салыстырғанда, 44,6 мыңға кем көрсеткiш. 557,2 мыңның 228,7 мыңы (41%) – ер адамдар, 328,5 мыңы – әйелдер (59%). Екi қолға бiр жұмыс таба алмай сенделгендердiң 57%-ы қалалықтар болса, 43%-ы – ауылдағы ағайын. Оның iшiнде, 15-54 жас аралығындағылардың үлесi – 17,5%, 25-29 жастағыларда – 22,1%, 30-39 жастағыларда – 24,6%, 40-44 жастағыларда – 7,7%. Жоғары бiлiмдiлердiң еншiсiндегi пайыздық үлес – 22,2% (123,8 мың), орташа кәсiби мамандық иелерi – 23,2% (129,3 мың), бастауыш кәсiби мамандық иелерi – 9,9% (55,3 мың), орташа жалпы бiлiмi барлар – 38,1% (212,2 мың). Штат қысқарту мен еңбек туралы келiсiм мерзiмi аяқталғандар 116,9 мың адам (21%), өз еркiмен қызметтен кеткендер – 104,6 мың (18,8%). Бүгiнде Қазақстандағы iрi инвесторлардың бiрi – Arselor Mittal тобының 4,2 мың жұмыскерiнiң келешегi де бұлыңғыр. Қазан айында компания басшылығы 4,2 мың қызметкердi ақысыз демалысқа жiберген болатын. Ресми деректерге сүйенсек, түрлi салада тер төгiп жүргендер 7,9 млн.-ға жуық. Елiмiздегi кәсiби бiлiктiлiгi жоғары мамандардың жұмыссыз қалуына сырттан ағылған заңды және заңсыз арзан еңбек күшiнiң ықпал еткенi айқын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ