Жаңалықтар

ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

ашық дереккөзі

ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Күнi кешеге дейiн “Қазақстан экономикасына әлемдiк қаржылық дағдарыстың ешқандай кесiрi тиген жоқ” деп бет бақтырмай келген Министрлер кабинетiнiң “құлағына алтын сырға”, дүйсенбiдегi Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында ҚР Президентi Н.Назарбаев: “Былтырғы жылы АҚШ-та ипотекалық дағдарыстан басталған қаржылық тоқырау қаржы жүйесi үшiн нағыз сын кезеңi болды. Бұл дағдарыс Қазақстан экономикасына да залалын тигiздi” деп ашығын айтты.

Үкiметтiк кеңесте “Бәсекелестiктi қамтамасыз ету мен ұлттық экономиканы тұрақтандыру жөнiндегi кейбiр шаралар туралы” жарлыққа қол қойғанын мәлiмдеген Назарбаев 2009-2010 жж. экономикалық ахуалды тұрақтандыруға қатысты шаралар үшiн мемлекеттiк бюджеттен 10 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлiнетiндiгiн, аталған соманың тең жартысы жаңадан құрылған “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры” АҚ-ға бөлiнетiндiгiн жеткiздi. Холдингтiң тiзгiнiн Премьерге ұстатқан Президент Мәсiмовтiң командасына екi аптаның iшiнде әлемдiк қаржылық дағдарыстың дауылына төтеп беру шараларын нақтылауды тапсырды. 2007-2008 жылдары отандық экономиканы қолдау мақсатында 540 миллиард теңгеден астам қаражат бөлiнгенiн көлденең тартқан мемлекеттiк басшы ҚР Үкiметiнiң 2009-2010 жылдарға арналған жұмысының басты бағыты қаржылық дағдарысқа төтеп беруге негiзделуi керектiгiн айтады. Сейсенбi күнi “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының” жаңа басшысы Келiмбетовты ұжымға таныстырған Мәсiмов Президенттiң пәрменiн жүзеге асыруға құлшына кiрiскенiн байқатты: “Осы жұмаға дейiн Елбасының жарлығынан туындайтын Министрлер кабинетiнiң қаулылары дайындалып, көпшiлiк талқысына ұсынылуы тиiс”.

Басты мақсаты – меншiгiндегi ұлттық құрылымдар, ұлттық компаниялар мен басқа да заңды тұлғалардың қызметiн басқару болып табылатын “Самұрық-Қазына” ұлттық басқару холдингi ретiнде әрекет етпек. Екi аптаның iшiнде Үкiмет қандай акционерлiк қоғамның мемлекеттiк акция пакеттерi “Самұрық-Қазынаның” құрамына берiлетiнiн нақтылауы тиiс. Әзiрге “Қазатомпром”, Eurasian Natural Resurces Corporation, “Қазақмыс”, “Қазақстанның ипотекалық компаниясы”, сондай-ақ, “Сарыарқа”, “Оңтүстiк”, “Жетiсу”, “Ертiс”, – Каспий”, “Тобыл” әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларының жаңа холдинг құрамына енетiнi белгiлi.”Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкi” АҚ сенiмдi басқарудан жарғылық капиталға өтуi мүмкiн.

Үстiмiздегi жылы тұрғын үй құрылысы нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға, сонымен қатар үлескерлерге көмек көрсетуге бөлiнген мемлекеттiк қаржылық қолдау 175 миллиард теңге көлемiнде болса, азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын дамытуға – 135 млрд. теңге, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға – 165 млрд. теңге бөлiнiптi. 2008 жылдың 1 шiлдесiнен бастап мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мен мүгедектiкке байланысты берiлетiн жәрдемақы көлемi 30 пайызға, базалық зейнетақы 14 пайызға, ең төменгi зейнетақы 24 пайызға көтерiлген. Президент Назарбаев Ұлттық қордың бүгiнгi жағдайына да тоқталды: “Үстiмiздегi жылдың 1 қазанында жыл басынан берi 34 пайызға артқан елдiң халықаралық қоры мен Ұлттық қор активiнiң жалпы көлемi 51,5 млрд. АҚШ долларынан асты”. “Бiз жүргiзген саясаттың арқасында мемлекет ең күрделi деген экономикалық қиындықтардан сүрiнбеуге мүмкiндiк бердi. Бiреулердiң қорымызды таратып беруге ұсыныс жасағаны елдiң есiнде шығар. Бүгiнде мұндай популистiк мәлiмдеменiң қаншалықты қауiптi екендiгiне көзiмiз жеттi” деген Назарбаев отандық оппозицияны бiр түйреп өттi. Өйткенi, кезiнде “Ұлттық қордағы қаржы әр қазақстандыққа 17 мың теңгеден бөлiп берiлсiн!” деген ұран көтерген ол кезде арасына әлi жiк түспеген “Ақ жол” демократиялық партиясы болатын. Кеңесте Президент қазақстандық банктердiң сырттан қарыз алуға құнығып кеткенiне осыдан бiрнеше жыл бұрын алаңдағанын да айтты: “2005 жылдан бастап мен бiздiң банктердiң сырттан қаржы тартуға негiзделген саясатының тепе-теңдiкке құрылмағанын бiрнеше рет ескерткем. Бүгiнде мемлекет оларды қиын жағдайдан “сүйреп шығаруға” мәжбүр. Бiрақ көрсетiлетiн көмек акционерлердiң қатысуымен үйлестiрiлетiнiн айта кеткiм келедi”. Сонымен, билiк жуық арада отандық банктердiң Ұлттық банктен қысқамерзiмдiк несие таруына жағдай жасайтын шараларды қарастырып, минималдық резервтiк талаптарды төмендетуi керек. Бұл – шырғалаңға түскен екiншi деңгейлi банктерге көмек.

Үкiметтiң, Ұлттық банк пен ҚБА жұмысына көңiлi толатындығын жеткiзген Н.Назарбаев макроэкономикалық тұрақтылықты, қазақстандықтардың әлеуметтiк бақуаттылығын және экономиканың дамуын қамтамасыз етуге Премьер-министр мен оның орынбасарларын жеке бастарымен жауап берудi мiндеттедi. Мемлекет басшысының Үкiметке жүктеген негiзгi үш басымдығы да осы болды. Министрлер кабинетiн қаржылық дағдарыстың өзiн тиiмдi пайдалана бiлуге шақырған Назарбаев «Экономика мен қаржылық жүйенi тұрақтандыру» бағдарламасын жүзеге асыруға Үкiметке үлкен мүмкiндiк беретiнiн жеткiздi. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шара туралы елдi құлақтандыруға Үкiмет те, әкiмдер мен “Нұр Отан” партиясы да мiндеттi. Үкiмет пен әкiмдер тұрақтандыру бағдарламасының шеңберiнде, түрлi қосымша инвестициялық және аймақтық бағдарламалар арқылы елдiң кiрiсiн жоғарылату мен жұмыспен қамтамасыз ету деңгейiн көтеруге пәрмен алды. Айтпақшы, Тұрақтандыру бағдарламасына атсалысуға Қазақстанда еңбек ететiн шетелдiк инвесторлар да мiндеттi. Келешектегi серiктестiк ынтымақтастық олардың белсендiлiгiне тiкелей байланысты болмақ. Мұны Президенттiң өзi қадап айтты. Жуық арада энергетика, химиялық өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылатын болады: “Энергетикалық саланы қолға алу керек. Сөзден iске көшетiн мезгiл жеттi. Энергетика экономиканың дамуын тежеуi мүмкiн. Бiз Балқаштан, Қостанай облысынан электр стансасын салу, Екiбастұз су стансасын кеңейту туралы жиi сөз қозғаймыз. Жыл соңына дейiн инвесторлармен келiсiм-шарт жасауды немесе құрылысты өз күшiмiзбен салуды Үкiметке тапсырамын”. Кеңесте салық мәселесi де шет қалмады. Мысалы, алдағы үш жылдың iшiнде 30 пайыздық корпоративтiк табыс салығының көлемi 2009 жылы – 20 пайызға, 2011 жылы 15 пайызға дейiн төмендетiлмек. Ал қосымша құн салығы 13 пайыздан 12 пайызға азайтылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ