ПОСТКЕҢЕСТIК КЕҢIСТIК YШIН ЖАНТАЛАС
ПОСТКЕҢЕСТIК КЕҢIСТIК YШIН ЖАНТАЛАС
Қазақ: «Жыланды үш кессе де кесiрткелiк қауқары бар» дейдi. Бұл сөз бүгiнде Ресейге қарата айтылған ба дейсiз. Жарты әлемдi иеленген алып империя 15 мемлекетке бөлшектенiп, iшiндегi тағы 15 республика арасынан ши шығуы мүмкiн бүгiнгiдей жағдайда, Ресей шытынай бастаған iргесiн бекiтудiң орнына әлемдiк қауымдастықтағы өз ықпалын сақтап қалу үшiн жанталасуда.
Өткен аптада Қырғызстан астанасы Бiшкекте өткен ТМД-ының кезектi саммитiнде Ресей империялық пиғылын анық сездiрдi. Ресей тағы да 15 бөлшекке бөлшектенiп кетемiн-ау деп емес, бөлiнiп кеткен 15 мемлекеттi қайтарып алу үшiн әуреленетiндiгiн танытты.
Бiшкектегi саммитке Ресей президентi Дмитрий Медведевтен өзге де бiр топ делегация келiптi. Олар – Ресей Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров, көлiк министрi Игорь Левитин, Экономикалық даму министрi Эьвира Набиуллина, Қорғаныс министрi Анатолий Сердюков, Энергетика министрi Сергей Шматко, бiрiншi вице-премьер Игорь Шувалов.
Сондай-ақ, саммитке Грузия президентiнен өзге, Әзiрбайжан мен Украина президенттерi келген жоқ. Қалған – Армения, Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан мемлекеттерiнiң басшылары бүкiл әлемдi шарпып келе жатқан қаржылық дағдарыс пен ТМД құрылымын жандандыру мәселелерiн талқылап, энергетикалық өзара қарым-қатынас жайында ой қозғады.
ТМД ГРУЗИЯДАН АЙРЫЛДЫ
Ресей ақпарат құралдары “Грузия ТМД-дан айрылды” деп айдарлап, Грузияның 18 тамызда ТМД құрылымынан шығамын деген ресми нотасын қабылдап, Грузияның ТМД-дан шығуын рәсiмдегенiн мәлiмдей отырып, “бұл тек Грузияның өзiне ғана зиянын тигiзедi” деп жазады. Ал, “Независимая газетаға” сұхбат берген мәскеулiк Карнеги орталығының сарапшысы Алексей Малашенко: “Грузияның ТМД-дан шығуы Достастық елдерiнiң өзара қарым-қатынасына әсер етпейдi. ТМД десек, Ресей көз алдымызға келедi. Ал, Грузияның ТМД-дан шығуы Тбилиси үшiн проблема тудыратыны анық” дейдi.
ТМД саммитi жайын саралаған ақпарат құралдары ТМД-ның бастамашыл ядросы және келiссөздер лидерi Ресей екендiгiн айтады. Бұл ретте ТМД мемлекеттерi энергиямен қамтамасыз ету жағынан Ресейге тәуелдi делiнген “ferghana.ru” сайтындағы “В СНГ держат двери открытыми” деген мақалада. ТМД-ны сақтап қалуға және оның жұмысын жандандыруға өзге емес, Ресей мүдделi екендiгi айдан-анық. Алайда, ТМД-дан шыққан мемлекеттердiң ары қарайғы өмiр сүруi қиындайды деу тек Ресей көзқарасы тұрғысынан айтылуда. Шын мәнiсiнде, Грузия ТМД-ға мүдделi ме, әлде ТМД Грузияға мүдделi ме, ол жағын ашып айтып бере алған ешкiм жоқ. Әрине, Грузияның ТМД-ны тастап шығуынан ұтары да, ұтылары да анық.
Бiрiншiден, Грузияның ТМД-ны тастап шыққаны КСРО құлағаннан берi, қалт-құлт етiп әзер келе жатқан ТМД-ының iргесiн сөгiлтуi мүмкiн. Сарапшылар Грузияның соңынан Украина ТМД есiгiн жабатын болады деген болжам жасауда. Дегенмен, бұл саммитке Виктор Ющенко келмегенiмен, украиналық делегация белсендiлiк танытқандығы жайында ресейлiк делегация өкiлдерi ой айтуда. Сондай-ақ, Әзiрбайжан президентiнiң елдегi президенттiк сайлауды сылтау етiп келмеуiн де сарапшылар сан-саққа жүгiртуде. Мәселен, ТМД саммитi өткен аптаның соңына қарай өткенiне қарамастан, осы аптаның ортасында болатын президент сайлауын көлденең тартуы Ильхам Әлиевтiң ТМД-дан бойын аулақ салуға ниеттенгенiн танытпай ма деген болжамдар айтылуда.
Екiншiден, Ресей ТМД ықпалын сәлде болса азайтады. Бұдан былай ұрдажық саясаттың опа таптырмасын түйсiнiп, тiзесiн батыра бермей, басқа саясат ұстануға көшетiн болады.
Үшiншiден, Грузияны Батыс елдерi мен Америка қолдайды. Бұның соңы оның НАТО-ға мүше болуымен аяқталуы мүмкiн. Егер, өйтетiн болса, Батысшыл Америка, Армения, Молдова, Украина мемлекеттерi де Грузияның жолын таңдауы мүмкiн.
Ал, Грузия неден ұтылады? Бiрiншi кезекте, әрине, бизнес саласындағы байланыстар тоқтатылып, Ресей, тiптi, ТМД рыногы Грузия үшiн тарс жабылуы мүмкiн. 250 миллиондай халықты қамтитын ТМД кеңiстiгiнiң рыногының жабылуы – әрине алақандай Грузия үшiн оңдырмас соққы. Бұл бiрiншi кезекте энергетика және мұнай саласына байланысты. Ресейден тасымалданатын газ бағасы қымбаттауы мүмкiн деген болжам бар. Екiншiден, Ресейдiң ықпалындағы посткеңестiк мемлекеттер Грузиямен қандай да бiр экономикалық байланыс орнатудан ығатын болады. Бұл да Грузия экономикасын тұралатуы мүмкiн.
Дегенмен, Ресей сарапшылары айтқандай Грузия басшылығы тым асығыс шешiм қабылдап отыр десек бұл да бiр жақты баға болар едi. Грузия Батыс пен Америкаға сүйенгеннiң соңы не болатынын болжап бiлмей отырған жоқ. Әрине, алғашқы сәтте қиналуы бек мүмкiн. Дегенменде, энергетикалық тасымалдарда Ресейдi айналып өтетiн жаңа жолдарды iздеп жатқан Еуропа да, Америка да Грузияны бұл тығырықтан алыпшығудың жолдарын қарастырмай қоймайды. Демек, Грузияның ТМД-дан шығуы оның экономикалық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауының негiзi болса да, уақытша ғана құбылыс болуы мүмкiн.
ТМД ЖАНДАНА МА?
Сарапшылар ТМД мемлекеттерiн жаңа экономикалық дағдарыс жақындата түседi деген болжам айтуда. Әрине, энергетикасы, жолы, қатынасы, темiр жолы, мұнай құбырлары барлығы Мәскеумен арадағы қарым-қатынасқа тiкелей байланысты посткеңестiк елдердi шарпып келе жатқан жаңа экономикалық дағдарыс Кремльдiң саяси бағытын күшейтiп, ТМД-дағы ықпалын арттыра түсуге оң ықпалын тигiзетiн болады.
Дегенмен, бұл ТМД-ының “өлiқұрылымнан” жанды организмге айналуына қаншалықты ықпал ете алады? Оны болжай қою қиын. Бұдан гөрi ЕурАзЭҚ iсi мығым. Дәл осы қауымдастыққа мүше елдер арасында нақты шешiмдер мен қол жеткiзген келiссөздер баршылық. Мамандар iсiнiң жандана қоюы неғайбыл дей отырып, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан мемлекеттерi мүше болып келетiн осы ұйымның ертеңiнен зор үмiт күтедi. Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдер арасында импорт және экспорттық баж салығы алынып тасталды. Сондай-ақ, Ресей, Қазақстан, Белоруссия және Украина мемлекеттерi бiрiгiп құрмақ болған экономикалық кеңiстiк Украинасыз өз жұмысын жалғастыруға бел шешiп отыр. Бұған ендi Тәжiкстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерi көздеп отыр. Демек, Ресеймен территориялық және геосаяси алауыздығы жоқ, оған көп жағдайда тәуелдi болып келетiн мемлекеттермен арадағы одақтардың уақытша болса да тамырына қан жүгiретiн болады. Бiрақ, бұл жерде Ресей аталған мемлекеттердi өзiне тәуелдi әрi кiрiптар етiп қоюды басты мақсат тұтады. Тең құқықты елдердiң өзара ынтымақты одағынан гөрi империялық амбициясы басым елдiң мүддесiне қызмет ететiн қуыршақ одақтың ертеңiнен күтерi аз болып тұр. Ресей ТМД-дағы ықпалын сақтап қалу үшiн оған мүше елдердiң де мүддесiмен санасатын уақыт жеткенiн түйсiнбесе, Грузияның кебiн өзгелердiң киюi әбден мүмкiн.
Есенгүл Кәпқызы