Жаңалықтар

АСТАНАДА — ТАFЫ ДА АУЫС-ТYЙIС...

ашық дереккөзі

АСТАНАДА — ТАFЫ ДА АУЫС-ТYЙIС...

Билiк эшалонындағы ат ауыстырулар апта басында елдiң саяси өмiрiне бiраз қан жүгiрттi. Болжам жасауға құмар кейбiр отандас “кезектен тыс өткiзiлетiн сайлаудың күнi алыс емес” деп бал ашса, кейбiрi “саяси белсендiлiк сайлаумен аяқталмайды” деп жориды.

Бұған дейiн ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң төрағасы қызметiн атқарған Аслан Мусин 13 қазан күнi ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң басшылығына, Павлодар облысының экс-әкiмi Қайрат Нұрпейiсов оның орынбасарлығына тағайындалды. Павлодардың бүгiнгi әкiмi — Бақытжан Сағынтаев. Дүйсенбi күнi құпия түрде дауыс беру арқылы жаңа спикердi сайлаған мәжiлiсмендер Мусиннiң орнына Орал Мұхамеджановты таңдады. Спикерлiктен бұрын да тәжiрибесi бар Мұхамеджанов “Нұр Отан” ХДП тарапынан ұсынылған екен. Президенттiк әкiмшiлiкке жетекшiлiк еткен Қайрат Келiмбетов “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлiк қоғамының басқарма төрағалығына ойысты. Билiк әлемдiк қаржылық дағдарысқа төтеп беруде Келiмбетовтiң экономика саласындағы тәжiрибелерiне үмiт артып отыр. Ал оның орынбасары болған Дархан Кәлетаев “Нұр Отан” ХДП төрағасының орынбасарлығына бекiдi. Кәлетаевқа креслосын босатқан Әдiлбек Жақсыбеков Ақорда таратқан мәлiмдемеге сәйкес, “басқа қызметке ауысты”. Кәсiпкерлiктен саясатқа ауысқан Жақсыбектовтi қандай қызмет күтiп тұрғаны әзiр белгiсiз.

Президент әкiмшiлiгiнiң жаңа басшысын елге таныстырған Президент Назарбаев билiк пен Парламент арасында тығыз байланыс орнату маңызды екендiгiне тоқталған. Аймақта да, партиялық жұмыстарда да тәжiрибе жинақтаған Мусинге Назарбаевтың бүйрек бұруының астарында не жатқанын уақыт көрсетедi. Бiрақ кейбiр отандық сарапшылар пiкiрiнше, Мусиннiң президенттiк әкiмшiлiкке жетекшiлiк етуi – жақын күндерi кезектен тыс өткiзiлетiн сайлаудың белгiсi. Ал кейбiр “балгер”: “Саяси белсендiлiк сайлаумен шектелмейдi” дейдi.

Қазақстанның Ресейдегi төтенше және өкiлеттi елшiсi Нұртай Әбiқаевтың елге оралатыны туралы әңгiме шыққалы бiраз болған. Сейсенбi күнi Әбiқаев ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасарлығына бекiтiлдi. Бұрынғы орынбасар Анатолий Смирнов, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы Ғабидолла Әбдiрахымов, “Самұрық” мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi” акционерлiк қоғамының басқарма төрағасы Қанат Бозымбаев, “Қазына” орнықты даму” акционерлiк қоғамының басқарма төрағасы Арман Дунаев, ҚР Әдiлет министрлiгiнiң жауапты хатшысы Асқар Кенжеханов “басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтерiнен босатылды”. Кенжехановтың орнына Самат Әбiш, ҚР Президентiнiң канцелярия жетекшiлiгiне Ғабидолла Әбiдрахымов тағайындалды. Ал ҚР Швейцария Конфедерациясындағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Аманжол Жанқұлиев ҚР Ватикан мемлекетiндегi төтенше және өкiлеттi елшiсi қызметiн қоса атқаратын болды.

Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында “Қалған кадрлық тағайындаулар менiң тапсырмаларымды жүзеге асыру барысында анықталатын шығар” деген Президент сөзi ауыс-түйiстiң “жыры” әзiр бiтпейтiнiн аңғартады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ