Жаңалықтар

КӨШБАСТАУШЫЛАР “ҚАЗАҚМЫС” ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI

ашық дереккөзі

КӨШБАСТАУШЫЛАР “ҚАЗАҚМЫС” ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI

Бүгiнгi таңға дейiн аса маңызды өндiрiс тақырыбы, кен өндiрушiлердiң өмiрi мен қиындықққа толы күнделiктi тыныс-тiршiлiгi, алға қойған межелi мақсаттары және биiк армандары туралы сүбелi шығармалар әдебиетiмiзде мүлдем жоқ болды десек, шындыққа қайшы келер едiк. Расында әдебиетiмiзде ондай өресi биiк шығармалар бiрсыпыра болды және көбiсi өз кезiнде оқырман қауым тарапынан әдiл бағаларын алғаны да белгiлi.

Дей тұрғанмен, кейiнгi жылдары осы үрдiс, жақсы дәстүрдiң жалғасын таппай, үзiлiп қалғанын да жасырып жабуға болмайды. Қазiргi таңда, тәуелсiз Қазақстанның жаңа, жарқын келешекке бағытталған жасампаз тарихы жасалып жатқанда осындай көркем, жаңарған әдебиетке оқырмандар аса дiлгiр.

Қазақ жерiнiң әр пұшпағы тұңған тарих деу жеткiлiксiз, сонымен қатар бүгiнiмiз өткен күнмен тығыз байланысып, сабақтасып жатқанын да ұмытпауымыз керек.

Ел экономикасы алыптарының бiрi – “Қазақмыс” корпорациясының да тарихы осыдан 80 жыл бұрын, Қарсақпай мыс қорыту зауытынан басталған болатын. Яғни, бүгiнде әлемдегi алып компаниялардың қатарына енген құрылымның шежiресi сонау 1928 жылдың 28 қазанында Қазақстанның алғашқы балқытылған мысы өмiрге келуiнен бастау алған-ды. Түрлi-түстi металлургия алыбының мерейтойы, әсiресе, Жезқазған өңiрi үшiн ерекше маңызды оқиға. Адам мен өндiрiс бiрiн-бiрi көтеруге тиiс. Бұл – 80 жылғы тарихтың осы өңiрдегi бұлжымас ақиқаты, яғни бұдан 80 жыл бұрын Қарсақпайдан шым-шымдап аққан мыс бұлағы аты әлемге әйгiлi “Қазақмыс” корпорациясының арынды өзенiне айналып отыр.

Төгiлген тер, еткен еңбек елеусiз қалмауға тиiс. Осыны жете түсiнген “Қазақмыс” корпорациясының басшылығы бiраз уақыт бұрын Қазақстан Жазушылар одағымен бiрлесе отырып, “Мыс сапырған, кен қазған” деп аталатын республикалық бәйге жариялағанынан жұртшылық кеңiнен хабардар.

Бәйге үш сала: проза, поэзия және драматургия жанрларын қамтиды және жүлдегерлерге қомақты бәйге тағайындалған едi. Бәйгенi ұйымдастырушылардың басты мақсаты – мемлекеттiк тiлдi қолдану аясын неғұрлым кеңейтуге, отандық мәдениеттi қолдауға септiгiн тигiзу, сонымен бiрге жас ұрпақты Отан, туған жерге деген құрмет пен сүйiспеншiлiк рухында тәрбиелеу.

“Қазақмыс” корпорациясы жұртшылықпен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмұдов мырза әдеби бәйгенiң алдына қойған мақсаты толық орындалғанын қанағаттанғандық сезiммен атап өттi.

– Соңғы жылдары әдебиетiмiздiң бүгiнгi күн тынысы, елiмiзде болып жатқан ауқымды өзгерiстерден сырттаңқырап қалғанын жасырып-жабуға болмайды. Мiне, бұл бәйге осы олқылықтың орнын толтыруды да назарда ұстаған едi. Бекер үмiттенбеген екенбiз. Проза саласы бойынша 13, поэзияға 21, драматургияға 4 туынды бәйгеге түстi. Осыларды iрiктеу арқылы арсынан ең озығын таңдап алу елге танымал қалам иелерiне сенiп тапсырылды, – дедi Нұрлан Махмұдов.

Қаламгерлерге жаңа серпiн берген, iзденiстерге түрткi болған “Мыс сапырған, кен қазған” әдеби байқауы мәресiне жетiп отыр. Бас бәйгенi жазушылар Құлтөлеу Мұқаш пен Мақұлбек Рысдәулет бөлiссе, поэзия саласындағы бiрiншi орынның жүлдесi белгiлi ақындар Жәркен Бөдеш пен Бауыржан Жақыпқа бұйырды.

Драматургия саласы бойынша бас бәйге О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетiнiң оқытушысы Кенжебай Ахметовке “Қанда бар ғой, қанда…” атты пьесасы үшiн табысталды.

Үш ұрпақтың тағдырын бейнелейтiн осынау спектакль С.Қожамқұлов атындағы Жезқазаған драма театрының 37 маусымын ашқан 9 қазанда қала театрының сахнасында қойылды.

“Қанда бар ғой, қанда…” спектаклiн таяу уақытта Өскемен қаласының көрермендерi тамашалауға мүмкiндiк алмақшы. Балқаш қаласы театр сүйетiн қауымы да алдағы күндерде аталмыш спектакльдi тамашалап, көзайым болғалы отыр

“Қазақмыс” компаниясының басшылары бәйгеде жүлде алған шығармаларды 1000 данамен баспадан басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұл осыған дейiн қалыптасқан жақсы iстiң заңды жалғасы болмақшы.

Ж.Баққондыұлы