Жаңалықтар

ВИКТОР ЦОЙДЫҢ МАНДАТЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПАРЛАМЕНТАРИЗМI

ашық дереккөзі

ВИКТОР ЦОЙДЫҢ МАНДАТЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПАРЛАМЕНТАРИЗМI

Өткен аптадан берi қазақ қоғамы Виктор Цойдың өз бетiмен отставкаға кеткенiн талқылауда. Виктор Цой Ассамблея атынан тағайындалған 9 депутаттың бiрi болатын. Оның депутаттың жұмсақ креслосынан өз еркiмен бас тартуы Қазақстан Парламентi үшiн тосын әрi аяқасты болғаны анық.

Соңғы жылдары Қазақстан парламентiнiң әлеуетi кемiп, бiр партиядан сайланған депутаттардың билiкке қарсы келiп, Үкiметтiң жағасынан алуына қауқары жетпей, заң шығарушы органның беделiн бiраз төмендетiп жiбергенi белгiлi.

Ендi Парламенттiң аты оның депутаттарының жемқорлығымен шығуы мүмкiн.

ВИКТОР ЦОЙ ЖӘНЕ ЕРҚАНАТ ТАЙЖАНОВ

Виктор Цойдың депутаттық мандатынан бас тартуы оның депутат атанғанға дейiн “Ақ ауыл” құрылыс компаниясын басқарғандығы себеп болған. Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов “Ақ ауыл” құрылыс компаниясы үлескерлердiң 2,5 миллард қаржысын өз бас пайдаларына жұмсап жiбергендiгiн анықтаған. Компания басшылары бұл қаржыны жалған фирмалар арқылы өзге есеп шотқа аударып жiберген. Сапарбек Нұрпейiсов әзiрге Виктор Цойдың үстiнен қылмыстық iстiң қозғала қоймағандығын айтады. “Бүгiнде тергеу амалдары жүргiзiлiп жатыр, егер қылмыстық iске қатысы барлығы анықталса, қандай лауазым иесi болса да, заң алдында өзге азаматтармен бiрге жауапқа тартылады” деген ол. Ал, Виктор Цойдың өзi үлескерлердi шырқыратып, далаға тастап, қаржысын үптеп кеткен компаниялар үстiнен қылмыстық iс жүргiзiле бастағанда, “Бұл онсызда тұралап тұрған құрылыс компанияларының жұмысына тұсау салады” деген болатын. Яғни, өзiне тықыр таянғанын бiлгендiгiнен, “қорыққан бұрын жұдырықтардың” кебiн кигендiгi болса керек. Экс-депутаттың көмекшiсi Айжан Құсайынова Виктор Цойдың мандатын өз еркiмен берудi ертеректе жоспарлағанын айта отырып, жақында ғана қабылданған Салық кодексiне құрылыс компанияларынан қосымша құн салығын алып тастау туралы ұсынысын енгiзiп үлгергендiгiн жеткiздi.

“Азаттық” радиосы Бас прокуратура депутаттың мандатынан бас тартуына кеңес бергендiгiн айтады. Өйткенi, Қазақстан Конституциясына сәйкес, Парламент депутатының ерекше мәртебесi бойынша, ешқандай құқық қорғау мекемелерi депутатқа тиiсе алмайды екен. “Бас прокуратураның ресми өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов Виктор Цойдың депутаттық мандатынан өз еркiмен бас тартуы керектiгiн, оның “Ақ ауыл” құрылыс компаниясындағы келеңсiздiктермен тiкелей байланысы бар екенiн мәлiмдедi” делiнген онда. Ал, “Литер” газетiне сұхбат берген Виктор Цойдың өзi “Егер, мен компания басшылығын өз қолыма алмасам ол банкротқа ұшырайтын болды. Мен осыны түсiнгендiктен, отставкаға кеттiм. Олай етпеген жағдайда үлескерлер зардап шегедi, менiң бизнесмен әрi азамат ретiнде ар-намысыма нұқсан келедi. Сондай-ақ, Мәжiлiс пен менi депутаттыққа ұсынған Қазақстан халқы ассамблеясының атына кiр келетiн едi” деген екен.

Виктор Цойдың кебiн Мәжiлiстегi тағы бiр “нұротандық” депутат Ерқанат Тайжанов киюi мүмкiн. Қазiргi тұрғызылып жатқан құрылыс компанияларының көбi – лицензиясыз салынуда. Солардың бiрi – “Азбука жилья” құрылыс компаниясы. Бұл компанияны Мәжiлiс депутаты Ерқанат Тайжановпен байланыстыратындар көп. Ерқанат Тайжанов Мәжiлiстегi ең жас депутат екендiгiне қарамастан “Азбука жилья” құрылыс компаниясының директоры қызметiн атқарған, бизнесi дәуiрлеп тұрғандардың бiрi болған. Мәжiлiске депутат болғаннан кейiн бизнеспен айналысуды қойдым дейдi ол. Алайда, оның бизнесiн туысқаны немесе тағы басқа сенiмдi адамы арқылы басқартып отырғанын Бас прокуратура жоққа шығармайды. Оның үстiне ол таяуда үлескерлермен болған кездесуiнде: “Пәтерлерiңiзге келесi жылы кiресiздер, аяқтап беруге уәде беремiн. Тек сiздер маған тас қалаушылар тауып берiңiздершi, компанияға жұмысшылар жетiспейдi” – деген екен. Бұл жайында “Азаттық” радиосының интернет парақшасы мәлiмдейдi. Егер, оның қылмысы дәлелденсе, ол да заң алдында жауап беретiндiгiн Бас прокуратураның ресми өкiлi Нұрпейiсов мәлiм еткен. Алайда, Е. Тайжанов өз еркiмен мандатынан бас тарта қояр емес. Бұндай жағдайда Бас прокуратура Парламентке оны мандатынан айыру жөнiнде ұсыныс жасайтын болады екен.

ҚАЗАҚ ПАРЛАМЕНТАРИЗМIНIҢ ҚҰЛДЫРАУЫ МА?

Демек, қазiргi Парламенттiң аты саяси әлеуетiнiң аздығымен ғана емес, жемқорлығымен де тарихта қалуы мүмкiн. Бұл елдегi үшiншi билiк – Заң шығарушы органның атына да, затына да сын болары анық. Қазақстан Парламентi тарихында мерзiмiнен бұрын мандатынан айрылған депутаттың саны Виктор Цоймен үшеу. Оның екеуiнiң мандатын Орталық сайлау комиссиясы тартып алса, соңғысы өз еркiмен бас тартып отыр. Олар 2001 жылы “Отан” партиясының атынан сайланған Болат Әбiловтiң партия қатарынан шығып, өзге саяси бiрлестiктiң “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамының мүшесi болғандықтан, оның депутаттық лауазымын мерзiмiнен бұрын тоқтату қажет деп шешкен едi.

Бiр жылдан кейiн Сенат сайлауында жеңген Марат Қойшыбаев бұл мандатқа ие бола алмаған. Өйткенi Ұлттық Қауiпсiздiк комитетi жаңа сайланған депутаттың қызмет бабын пайдаланып, Үкiмет қазынасына түскен деп айыптаған болатын.

Ал, өз еркiмен депутаттық мандаттан бас тартқан В. Цой да жемқорлыққа қатысты болып шығатын болса, Парламенттiң халық алдындағы беделiне де бiршама нұқсан келмек.

Бұның өзi қазақ парламентаризмiнiң жыл өткен сайын құлдырап бара жатқандығының көрiнiсi. Бұндай факторлар мерзiмiнен бұрын сайлаудың өтуiне мұрындық болуы да ғажап емес. Әзiрге, “нұротандық” депутаттар В. Цойдың депутаттық мандатынан оның нелiктен бас тартқандығын анықтап жатпай-ақ, бiр ауыздан мақұлдай салды. Тек Амангелдi Момышов ғана оны Мәжiлiске шақырып, түсiнiк алу қажеттiгiн айтты. “Бiздiң депутаттарға бәрiбiр, ат десе де, 100% иә деп дауыс бередi” деген оның сөзiнiң жаны бар. Мәжiлiсмендер қазiр неге де болса бас шұлғып, қол көтеруден арыға бара алмайтын болды. Дәл мұндай ымырашыл мәжiлiс Парламент тарихында бұрын-соңды болмаған едi.

Есенгүл Кәпқызы