Жаңалықтар

АЙҚОЖА — ДIНИ РУХ СЕПКЕН ҒҰЛАМА

ашық дереккөзі

АЙҚОЖА — ДIНИ РУХ СЕПКЕН ҒҰЛАМА

Айқожа есiмi 200 жылдан берi ел аузында сақталып, оның жасаған керемет iстерi аңыз болып айтылып келедi. Кеңестiк кезеңнiң саясаты тұсындағы дiнге қарсы күрес әрекеттерiне қарамастан Айқожа ишанның ислам дiнi жолындағы игiлiктi жұмыстары ұрпақтан-ұрпаққа жетiп, бүгiнге ұласқан.

Қасиеттi, әулие атанған бабамыз Айқожа ишан Темiрұлының есiмi және ол жасаған iзгiлiктi iстерi ХIХ ғасырда шыққан бiрсыпыра кiтаптарда аз-кем болса да айтылған. Мұның өзi Айқожа Темiрқожа ұлының Перовскi мен Түркiстан арасындағы елдерге қадiрлi болғанын көрсетедi. Ол туралы орыс зерттеушiлерi мен түрлi мамандық иелерiнiң таңдана жазуы — бiрiншiден, Айқожа ишанның ел алдындағы беделi, абыройы болса керек.

Айқожа ишанның көрiпкелдiгi, бiлiм-тәлiмi жайында көптеген аңыз-әңгiмелер бар. Соның бiрiнде Айқожаның Ауғанстанда оқып жүргендегi ұстазы, ғұлама Ислам Шайх шәкiрттерiнiң бойындағы қасиеттерiн байқамақ үшiн, оларды алдына шақыртқаны айтылған. Бiрсыпыра шәкiрттер ұстазының алдына кiдiрмей кiрiп барғанда А.Темiрқожаұлы табалдырықтан өтпей қалт тұрып қалыпты. Сонда Ислам Шайх бұл тұрысының есебiн сұраған екен. Айқожа: “Табалдырықтың астындағы қасиеттi затты басып өте алмадым”, — деп жауап берген көрiнедi. Сөйтсе ұстазы шәкiрттерiнiң қабiлет-қарымын сынау үшiн табалдырық астына Құран Кәрiмдi жасырған екен. Ислам Шайх және өзге шәкiрттер Айқожаның көрiпкелдiгiне таңданса қерек.

Бұрындары да бiрен-саран Айқожа ишан туралы айтылып жүрген. Алайда елiмiз Тәуелсiздiкке қол жеткiзген уақыттан берi ислам дiнi хақында Қазақ даласынан шыққан ғұламалар жайында кеңiнен айтылып, жазыла бастады. Солардың бiрi болып Айқожа ишан өмiр жолы зерделене бастады.

Айқожа ишан Бұхарада, кейiннен Ауғанстанда оқып, терең бiлiм алған. Ол туған топырағына қайта келiп бабалары өмiр сүрген Жаңақорған өңiрiне тұрақтайды. Осында мешiт, медресе ашып, балаларға ислам шуағын шашып, елдi нұрландыра түседi. Айқожаның ел-жұрт алдындағы беделi зор болғанын онымен дос-жар болған кiсiлердiң есiмдерiнен-ақ аңғаруға болады. Керей руынан шыққан атақты Марал ишан (1770-1853), қожадан шыққан Құлболды ишан, Мәделi, Майлықожа және Қоңыраттың алты атасына ұранға айналған Көкен батыр да Айқожа ишанмен көңiлдерi жақын болған.

Айқожа Темiрұлының өмiр жолы хақында түрлi жазбаларда түрлiше жазылып жүр. Көбiне-көп Айқожаны 1773 жылы Жаңақорған аумағында дүниеге келiп, осында 1857 жылы қайтыс болды деген дерек ұшырасады. 1891 жылы Ташкентте шыққан кiтапта Айқожа ишанның Перовскi мен Түркiстан уезiне есiмi кеңiнен жайылғандығын жаза отырып: “…Бұдан 30-35 жылдар бұрын өмiрден өткен Айқожа ишан Бiрқазан мен Түркiстан арасындағы елге (Қоңыраттарға) дiни басшылық жасаған” деп жазған. Демек осыдан 120 жыл бұрын жазылған осы сараң деректiң өзiнде Айқожа ишанның өз заманында бiлiктi де, бiлiмдi ғұлама болғанын айғақтай түседi.

Атақты ғұламамен бiр әңгiмелесу үстiнде шәкiрттерi: «Өмiрiңiзде ненi орындай алмадыңыз?», — деп сұраған екен. “Бойымдағы ақындығымды, палуандығымды, шабондоздығымды елге көрсете алмадым, бiрақ оған еш өкiнбеймiн, өйткенi мұсылман қауымға дiни-ислам шапағын уағыздап өттiм”, — деп тебiренген екен ғұлама.

Айқожа ишан хақында көрнектi ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев жазған-ды. Ғалым Т.Қоңыратбаевтың 1996 жылы шыққан “Ертедегi ескерткiштер”, 1998 жылы жарық көрген “Жаңарған Жаңақорған”, Ш.Әшiмұлының 2000 жылы жазылған “Сыр бойындағы әулиелер” атты кiтаптарда оны 1773 жылы тудырып, 1856 жылы дүниеден оздырады. Ал ендi бiр деректе ишанды 1857 жылы қайтыс болды деп жазса, “Қазақстан ұлттық энциклопедиясы мен “Сыр елi” Қызылорда облысы энциклопедиясы (2006) Айқожа бабаны 1778 жылы туып, өмiрден 1858 жылы озды деп жазған. Осы соңғы цифр дұрыс болуы ықтимал.

Айқожа ишан, бiздiңше,1858 жылы өзiнiң атымен аталатын жерде қайтыс болып, Ақтас қорымына жерленген. Осы аймақта Орта ғасырда Ақтас ата атты дiни әулие өмiр сүрiп, осы жерде шейiт болған көрiнедi. Содан берi бұл жер Ақтас аталған. Айқожа ишанның үлкен баласы Ибадулла әкесiнiң басына 1880 жылы күмбездi кесене салып, Ақтастағы “Айқожа” мешiтiн салдырған. Айқожаның 18 баласынан бүгiнде 400-ден аса отбасы бар. Ақтас мешiтiн Атақожа 1884 жылы қайта жөндеуден өткiзедi. Осы мешiтте 500-дей балалар дiни сауатын ашыпты.

Айқожа кесенесiн бұхарлық Хамит деген ұста салыпты. Күмбезi шаршы пiшiндес, ауданы 9х9 м, биiктiгi 8 м, күйдiрiлген кiрпiштен қаланған. Қабырғасы ою-өрнекпен көмкерiлген. Күмбезде жарық түсетiн 4 терезе салынған. Iргетасының биiктiгi — 4 метр. 1989 жылы жергiлiктi халық асарлатып кесененi жөндесе, 2006-2007 жылдары республикалық “Мәдени мұра” бағдарламасына енiп, күрделi жөндеуден өткiзiлген. Кесене және мешiт республикалық тарихи және мәдени ескерткiштерi есебiне алынып, мемлекеттiң қорғауында.

“Қандай адам болса да жаманшылық ойлама, қолыңнан келсе жақсылық iсте. Сонда өсесiң, өнесiң, көгересiң”, — деп Айқожа бабамыз артындағы ұрпақтарына өнегелi сөзiн арнап кеткен. Осындай ғұламаның артындағы ел-жұрты, ұрпақтары осы жылдың 11-12 қазанында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Айқожа ишан мешiтiнде ишанға арналып ас бермекшi.

Жеке азаматтар, жалпы жұртшылық бұл игi iстен тыс қалмайтын азаматтарға қордың толық әдiрiсi мен есеп-шоты ұсынылып отыр. Жаңақорған қонысы, Аманкелдi көшесi, 27 үй “Айқожа ишан” қайырымдылық қоры. РНН 330900212030, ИИК 000700693, БИК 192101601, код 18.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ