Жаңалықтар

КОНФЕРЕНЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ — ЯСАУИ МҰРАЛАРЫ

ашық дереккөзі

КОНФЕРЕНЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ — ЯСАУИ МҰРАЛАРЫ

Түркiстан қаласында “Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi” атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Бұл iс-шараны “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайы қызметкерлерi өз талап деңгейiнде ұйымдастыра алды.

Конференция жұмысын “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Альберт Сафуллин жүргiзiп отырды.

Конференцияның мақсаты — Қожа Ахмет Ясауидiң рухани мұраларының адамзаттың рухани-мәдени болмысындағы орнын тағы бiр айқындап зерделей түсу болып табылады. Өйткенi түрiк халықтарының рухани дүниесiнiң өзегi болған Ясауи мұрасы әлi күнге дейiн өз дәрежесiнде зерттелiп, ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ, Ясауи мұраларын ғылыми тұрғыдан тану — Қазақ мемлекетi мен қазақ халқының ұлттық идеясын қалыптастыруда, Қазақ халқының рухани тәуелсiздiгi мен Қазақстан халықтарының бейбiт қатар өмiр сүру принциптерiн нығайтуға қызмет етедi.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесi қазақ халқының ғана емес, әлем жұртының мақтанышы. Сол себептi де XIV ғасыр тарихи ескерткiшi 2003 жылдың маусым айында ЮНЕСКО-ның Бүкiләлемдiк мұралар тiзiмiне алынды. Мұражайдың қарамағында 120 аса тарихи ескерткiш бар. Мұражай қорына 20 000-нан астам құнды жәдiгерлер жинақталып, ғылыми топтарға жiктелiп, зерттеу және саралау жұмыстары жүргiзiлiп келедi. 30 жылдық тарихында мұражай бiрнеше рет iрi тарихи конференциялар өткiздi. Бұл iс-шараға қатысқан ғалымдар “Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi” атты ғылыми — тәжiрибелiк конференцияны дәстүрлi түрде өткiзiп тұруды құптады.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ