ТОСЫН ОЙЛАР
ТОСЫН ОЙЛАР
БIЗДIҢ ҚОҒАМ
Баяғыда бiр бейбақ өмiр сүрiптi. Ол өмiрдi баспен емес, қарынмен бағалапты. Ас суы дайын болса, тамағы тоқ болса, одан басқаның бәрi маңызсыз көрiнедi. Тiптi, тойда да, өлiм жiтiмде де “қыңқ” деп дыбыс шығармай, алақ-жұлақ етiп, алдына қойған асты жей беретiн көрiнедi. Бұл оқиғада сол әулет қана қасiрет шегiптi. Өйткенi, ол көрмейдi, естiмейдi, сезбейдi… Дәл бүгiнде бiздiң қоғам да осындай болып бара ма деп қорқамын. Қоғам да көрмейтiн, сезбейтiн қорқауға айналды. Екеуiнде жоқ ортақ қасиет — iшкi рух десек, қателеспейтiн шығармыз.
БАЛАЛАР МЕН ҮЛКЕНДЕР
Кеше жұмыстан қайтып келе жатып, топ баланың бiр балаға жабылып, жәбiр көрсетiп жатқанын көрдiм. Қастарынан ақсақалдар да, ақылы толысқан жiгiт ағалары да, ақ жаулықты аналар да ары-берi өтуде. Ешқайсысы жәбiрленушi балаға ара түспедi. Өйткенi, олардың бұл көрiнiске көзi үйренген. Ал, сол таяқ жеген бала өз баласы болса қайтер едi? Милицияға жүгiнiп, заң қуалап кетер едi. Ал баласы әлiмжеттiк жасағандар, керiсiнше, баласын сүттен ақ, судан таза етiп, парамен заң қызметкерлерiнiң аузын жабар едi. Тағы да бiр мысал. Өткен жылы мектеп бiтiрушi түлектердiң басым бөлiгi ҰБТ-ны “ұялмай” “беске” тапсырып шықты. Әрине, әкелерiнiң ақшасының, көкелерiнiң “крышалығының” арқасында. Жоғарғы оқу орнына түсудiң небiр әдiс-айласы ойлап табылуда. Тiптi әйгiлi ағылшын iзкесушiсi Шерлок Холмстi әкелiп қойсаңыз да ,ол мұндай шым-шытырықтың шындығын таба алмас.
ЗИЯЛЫЛАР ЕЛЕСI
Егер де бiреу “зиялы деген кiм?” деп сұраса, зиялы дегенiмiз — өз ұлты, жерi, дiлi, халқының барша мұңы, қасiретi үшiн күресiп жүрген қайраткер тұлға дер едiм. Тарихты таразыласақ, зиялылар кешегi Шоқай, Ахмет, Әлихандар. “Ал бүгiнгi зиялы кiм?” деген сұрақты өз-өзiңе қойып, жауап таба алмай, кiбiртiктеп қаласың. Пенде болған соң кейде қиялдағы зиялының аялы алақанын, қамқорлығын сезiнгiң келедi екен. Сондайда есiк қағып елге “қамқорсып” жүрген ағаларды жағалайсың. Олар аман-саулықтан бұрын “қай жердiң, қай жүздiң баласысың?” деген сауалдармен жағадан алады. Егер екi жақтан да жақындығың болмаса, қарындас болып әңгiме-дүкен құрудың өзi мұң. Осыдан-ақ олардың ой-өрiсiн бағамдай берiңiз.
Айтпақшы, есiңiзде ме, бiздiң қазақтар “голливудтықтармен” бiрiгiп, көшпендi халықтың тарихынан сыр шертетiн “Көшпендiлер” фильмiн түсiрдi ғой. Әркiм жаманды-жақсылы пiкiрлерiн бiлдiрiп, кемшiлiктерi мен сәттiлiктерiн санамалады. Маған да сол фильмнiң бiр-ақ эпизоды ұнады. Әбiлмансұр мен Ералының елден ерек “қазақпыз” деп айтатын көрiнiсiн көргенде әжептеуiр көңiлiм марқайып қалды. Бүгiнде неге бiздiң бiразымыз “қазақпын” деп айтуға намыстанамыз?! Шыны керек, жаңа қазақтарға “қазақпын” дегеннен гөрi “Мен бәленше батырдың немесе бидiң ұрпағымын” деген атақ әлдеқайда абыройлырақ.
Ақшасы барлар айға ұшатын заманда кандидат, доктор, профессорлардың қорғайтын диссертациялары терiнiң иленген пұшпағын қайта илегендей оңай боп қалды. “Бәленше батырдың ерлiктерi” немесе “Түгенше шешеннiң шешендiк өнерi” деген сықпыттағы “таусылмайтын тақырыптарды” қорғап-ақ, жоғары оқу орындарында лектор болып жүргендер жетерлiк. Ал француздарда бiлiктi маман ешқандай диссертациясыз-ақ университеттерде дәрiс оқиды-мыс.
Бiздiң елдiң ұстанған басты саясаты — алдымен экономика! Бұл бар қазақстандықтардың аузынан тастамайтын афоризмiне айналды. Содан ба, руханиятымызды жадағай, қарнымызды қомағайлардай ойлаймыз.
Жадыра НАРМАХАНОВА