Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ШОУ-БИЗНЕСI ҚАНДАЙ? ШУЫ КӨП ШОУ-БИЗНЕС

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ШОУ-БИЗНЕСI ҚАНДАЙ? ШУЫ КӨП ШОУ-БИЗНЕС

Ұлттық журналистiк зерттеу орталығы қоғамдық қорының көтерген мәселесi көптiң көңiлiнде жүрген сұрақтарға жауап iздедi. Рас, қоғамда сұрақ көп. Әсiресе бұл, ұрпақ тәрбиесiнде санамызды сан-саққа жүгiртедi.

Өйткенi мемлекеттiң тәуелсiздiгiн толық нығайту үшiн, оны бәсекеге қабiлеттi 50 мемлекеттiң қатарына қосуда экономикалық, қоғамдық-саяси, әлеуметтiк және құқықтық мүдделердi дамыту ғана емес, сонымен қатар мемлекеттiк идеологиямен үндес ұлттық мәдениеттi дамыту аса қажет. Руханият саласында ұлттық құндылықтарды қайта қалпына келтiрiп, қолдап әрi дамытып отыруымыз керек. Бұл орайда, жастар мен жасөспiрiмдер барынша назар аударатын шоу-бизнестi ұлттық рухани құндылық ретiнде қалыптастыру талқыланатын басты мәселе болды. Қазақ шоу-бизнесi ұрпақ тәрбиесiнде оның iшiнде жастар мен жасөспiрiмдерге әскери-патриоттық тәрбие беруде қоғам талабын қанағаттандыра ала ма? Батыстың кейбiр жабайы мәдениетiне қарсы тұруда қазақ ақын сазгерлерi мен эстрада жұлдыздары және олардың пиар-менеджерлерi мен продюсерлерiнiң қауқары қаншалықты? Ұрпақ алдында өз жауапкершiлiктерiн сезiнетiн өнер өкiлдерiнiң әлеуетi қандай? Қазақ шоу-бизнесiн ұлтсыздыққа қарсы “иммунитет “ ретiнде қарастыруға не кедергi деген сұрақтардың жауабы қызықтырған едi. Алайда “Ұрпақ тәрбиесiндегi ұлттық шоу-бизнес” атты дөңгелек үстелдiң қорытындысы көңiлге қонымсыздау болды. Ең алғашқы ауқымды шара делiнгенмен, айтылған әңгiме-пiкiрлер тақырыптан ауытқи бердi. Жаңалыққа жаны құштар тыңдарманның сайда саны, қырда құны жоқ әуен мен клиптерге көңiлi қалған. Нағыз әншi мен әншiнiң шапанын киiп жүргендердi ажырату, соларды дайындап шығаратын пиар-менеджерлер мен продюсерлердiң көзi ашық, көкiрегi ояу көрерменге ұсынған дүниелерiнен аңғаруға әбден болады. Әдемi, жанға жағымды ән тыңдап, соның ырғағында билеу үшiн жартылай жалаңаштанатын тәрбиеге керi әсерi көп сюжеттердiң керегi қаншалықты? Мұндай “жұлдыздардың” жеткен жетiстiктерi уақыты келгенде ұмыт болары алдына-ала анық жағдай. Ақша жасау мақсатындағы арзан дүниелер шоу-бизнеске айналды. Жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткен “бетке ұстар “ тұлғалар санамызға сiңiп қалмаса жарар едi. Осындай олқылықтардың алдын – алу үшiн жиналған эстрада жұлдыздарының өзi екiге бөлiнiп алыпты. Олар қазақ эстрада әншiлерi, яғни тек қазақ тiлiнде ән салатын әншiлер және Қазақстан эстрада әншiлерi. Сонда қазақ кiм, Қазақстан кiмдiкi? Жарылқасын Дәулеттiң тiлiнде “мамбеттер” мен “фирмаштар”. “ Мамбеттер “ деген мардымсыз сөздiң шеңберiне алынғандар өздерiне кiр жуытар емес. Жаман дүниелердi жарнамалауға “фирмаштардың” жобаларында жол берiлген деп отыр. Ал “фирмаштар” бұл шараға шақырылмағандықтан өздерiн ақтап ала-алмады. Өз мүдделерiн көбiрек көздеген дөңгелек үстел қонақтары қателiктердi осылайша сырттан iздестiрдi. Жақсы дүниелерiмiздi жарнамалауда, әдемi әндерге түсiрiлген клиптердi көрсетуде бiздерге толық мүмкiндiк жоқ, қолдау жоқ, қорғау жоқ деп, Алматы қалалық мәдениет департаментiнiң өкiлiне жапа-тармағай жабысты. Техналогия дамыған заманда түсiрiлiп отырған қазаққа керек клиптердi көрсетуде телеарналардың, радиолардың 50 де 50 пайызға жұмыс жасап отырғандығы ұлтқа, тiлге, мәдениетке деген немқұрайлылық және БАҚ 4-шi билiктiң әлсiзiгi деп ашынды әншi қауымы. Билiк басындағы өз өкiлдерi Бекболат Тiлеуханнан да ешқандай қолдау жоқ деседi. Мәселе кiнәлiнi iздеу емес, қоғамға ой салу, қоғамдық сананы сiлкiндiру едi. Алайда қара бастың қамын қорғауға көп ұқсап кеттi. Әншiлердiң сүтке тиген күшiктей күйлерiне жанашырлық танытқан “Жұлдыздар” журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың тарапынан жаңа ұсыныс болды. Онысы кәсiби одақ “Ұлттық шоу-бизнес орталығын” дүниеге әкелу. Естерiңiзде болса осыдан тұп-тура үш жыл бұрын Қыдырәлi Болмановтың басшылығымен әншiлердiң басын бiр арнаға тоғыстыратын “Демеу” орталығы жұмысын бастаған болатын. Орталық әншiлердiң мүддесiн қорғау мақсатында құрылғанмен ғұмыры ұзаққа бармағаны да белгiлi. Ескiсiн есiркей бiлмеген елдiң жаңасын жарылқай қояры күмән тудырады. Бiрi шоу-бизнестi жандандыру керек десе, ендi бiрi оны жарамсыз деп санайды. Бастамасы бар, басшылары бар бұл жоба өз ұсыныс – пiкiрлерiн бiр ауыздан жоғарыдағы билiк басындағыларға жолдауды жөн көрiп отыр. Сонымен қатар, Жазушылар одағы жанынан құрылған жаңа одақ – әншi қауымына ақындар мен сазгерлер наразылғынан туындағаны көрiнiп тұр. Өздерi сөзiн жазып, әуенiн жазып, өздерi орындайтын болса ақын – сазгерлердiң қоғамдағы ролi қандай болмақ? Мағынасы жоқ, мәнi жоқ құлақты жауыр қылатын осындай әндер мен өзiмшiл әртiстердiң алдын алу одақтың алға қойған табанды талаптарымен толыққан. Ал бiздiң тiлеуiмiзде осындай игi iстер аяқсыз “Сол баяғы Қойшыбайдың таяғы” кейпiнде қалып қоймаса деген ниет қана.

Манар ӘЛИЕВА