Жаңалықтар

ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ

ашық дереккөзі

ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ

…Оның өмiрбаянын бес саусағындай бiлетiндердiң айтуынша, де Голль бала кезiнде шамшыл, жылауық болған көрiнедi. Сонда жылаған сайын әкесi жанына келiп: “Айтшы өзiң, генерал жылай ма?!” деп, жұбатады екен. Әлгi сөздердi естiгенде бала Шарль кәдiмгiдей тыншып, жылауын тия қойыпты…

ТЕКТIЛIК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ…

Француз ұлтының атақты ұлы, осы елдiң өткен ғасырдағы ең әйгiлi саяси және қоғам қайраткерi Шарль де Голль 1890 жылы 22 қарашада көршi Бельгияның шекарасына жақын орналасқан Лилль қаласында дүниеге келген екен. Оның әкесi Анри орта дәулеттi ақсүйектер тұқымынан шыққан. Жалпы француз тiлiнде тектегi “де” қосымшасы ақсүйектерге ғана қолданылатыны белгiлi. Демек, Шарль ақсүйек және ол осы атағын өмiр бойы қастерлеп өткен адам.

Голльдердiң отбасында бес бала болыпты. Солардың iшiнен суырылып шығып, әлемге танылған — жалғыз ғана Шарль. Қашанда әр ұлттың рухани қазынасы саналатын ақсүйектер отбасынан болғандықтан, оның бала кезiнен Отаншылдық пен салт-дәстүрге, дiл мен дiнге адалдыққа тәрбиеленуi тегiннен тегiн емес. Осы орайда католиктiк дiни колледжде пәлсафадан дәрiс берген әкесiнiң алар орны ерекше. Бұл ғұмырда 80 жыл өмiр сүрген Ш.Голль өле-өлгенше әкесiнiң жарқын бейнесiн ұмытпастан, есiне алып өттi.Оған қарыздар екенiн айтуды ұмытқан жоқ…

Әкесi тiлi шығар-шықпастан баласының құлағына ата тегiнiң ақсүйек болумен қатар, Францияның тәуелсiз мемлекет ретiнде қалыптасуына көп еңбек сiңiрген,қашанда ел билеушiлерi мен католик дiнiне жан-тәнiмен берiлген жандар екенiн сiңiре берiптi. Сондықтан ұлының да атамекен үшiн кез келген сынға даяр тұрып, тауқыметтi төзiмдiлiкпен жеңе бiлуге мiндеттi екенiн баса көрсеткен. Әке өсиетi мен сенiмiне адалдығынан ол еш айныған жоқ.

Мықты да қайсар болу үшiн не керек? Әрине, темiрдей ерiк-жiгер қажет. Қаршадайынан өзiне қатаң талап тұрғысынан қараған Шарль қол еңбегiмен де, спортпен де ерiнбей айналысты. Сөйлегенде нақты да анық, батыл сөйлеуге жаттықты. Ерте тұрып, кеш жатты. Сол күнгi сабағын түгел оқып болмай, ол ас бөлмеге мүлдем жақындамайтын да.

Жан-тәнiмен католик және монархист ата-анасы өзгелерден бiтiмi бөлек ұлының дiндар болғанын қаласа керек. Бiрақ баланың зейiнi математик болуды қалап тұрды. Бельгиядағы арнаулы математика сыныбында ол ерекше дарынымен жұрттың бәрiн қайран қалдырыпты. Әке-шешесi ендi “ол танымал математик болады” деп жүргенде, жас Шарль кенеттен Сен-Сирдегi әскери училищеге оқуға түскен. Оны аяқтап, көп ұзамай Париждегi Жоғары әскери мектептi де тәмамдады. Болашақ математиктiң ойда жоқта әскери адамға айналуы, өмiрдегi осындай күрт бұрылыстың болуы нелiктен? Егер ол математикке айналса, қазiр сол елдiң тарихына есiмi алтын әрiппен жазылған генерал Шарль де Голль болар ма едi, болмас па едi?!

ӘСКЕРИ МАНСАП

Атақты француз бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа да қатысқан. 1916 жылы наурызда ауыр жараланған оны қаруластары өлдiге санап, майдан даласына қалдырып кетiптi. Сол жердi мұқият сүзiп жүрген ұқыпты немiстер әлi де тыныстап жатқан жас сардарды тұтқынға алады. Тұтқыннан бес рет қашып шығады, амал не, елiне жете алмай, қайта-қайта қолға түскен. Тiптi болмағасын, оны жау Пруссиядағы ешкiм қаша алмайтын Кронах түрмесiне қамайды. Мұнда ол келешек орыс маршалы Тухачевскиймен бiрге отырған. Тұтқында болу оның сағын сындырмайды. Керiсiнше ол немiс тiлiн меңгерiп, кейiн сол елдiң баспасөзi материалдарының негiзiнде “Жау жағындағы алауыздық” деген бiрiншi кiтабын 1924 жылы бастырып шығады. “Қылыштың ұшында” атты екiншi кiтабы 1932 жылы жарық көрген.

Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысты капитан шенiнде аяқтаған Шарль екiншi соғысты генерал шенiнде қарсы алды. Соғысқа дейiн танк корпусына жетекшiлiк еткен ол қатаң талапшылдығымен көзге түсiптi. Алдағы соғыстың позициялық емес, маневрлық болатынын көре бiлген санаулы қолбасшылардың бiрi — осы генерал едi. Немiс нацизмiнiң “бөрiкпен ұрып алатын” қарсылас емес, аса қауiптi жау екенiн талай ескерткен оның орынды болжамдарын сол кезде ешкiм құлағына да iлген жоқ…

Тағы да қайсар қолбасшының айтқаны тұп-тура келдi. Жедел қимылдаған жау екi айдың iшiнде Бельгия мен Францияны тiзе бүктiрiп, Парижге таяп қалды. Ш.Голль басқарған француз әскерлерiнiң Сомма өзенi бойындағы жанкештi қарсыласуы жағдайды өзгерте алмады. Одақтас ағылшындар масқара болып жеңiлiп, Дюнкеркте өз елiне үдере қашты. Күшi де мол, қару-жарағы да жеткiлiктi бола тұра, рухы түскен ел басшылары, генералитет, парламент отан қорғауды емес, дұшпанға бас июдi жақтап шықты. Генерал Шарль отандастарының сатқындығы мен намыссыздығына жаны күйiп, 1940 жылдың 16 маусым күнi Англияға кеттi. Осыдан екi күн бұрын “Ашық қала” деп жарияланған Парижге немiс әскерлерi емiн-еркiн енген болатын…

Француздардың дәстүрлi одақтасы ағылшындардың астанасы — Лондонға келген елу жастағы генерал тыным таппады. Ол 18 маусым күнi ағылшын радиосынан сөз сөйлеп, кеудесiнде “отаншылдық оты бар, сүйiктi Франция үшiн жанын қиюға даяр жандарды” өзiнiң төңiрегiне топтасуға шақырды. Iзiнше жау басып алған отаны мен осы елдiң отарлары — Алжир, Вьетнам, Гвиана… басқаларынан келген жүздеген мың қандастары ортақ ту астына жинала бастады. Осында елдестерiнен Шарль “Азат Франция” ұйымын құрып, жаңа әскер жасақтады. Ал ағылшын-американ одақтастары оларды мұздай қаруландырды. Өз елiнде оның бұрынғы ұстазы маршал Петен басқарған қуыршақ үкiмет Ш.де Голльдi сыртынан өлiм жазасына кескен-дi… 1944 жылдың аяғында туған елi түгелге жуық азат етiлгеннен кейiн оның әскери мансабы доғарылып, саяси өмiрi басталған болатын.

ЖАҢА ТАРИХТЫ ЖАСАҒАН ТҰЛҒА

Негiзгi осы тарихи тұлға жөнiнде бiрыңғай қалыптасқан пiкiр жоқ. Бiр зерттеушiлер оны “әй-шәйға қарамайтын қатал билеушi” десе, екiншiлерi кез келген жағдайға бейiмделе кеткiш, нәтижесiнде өз елiнiң мүддесiн құнттап шығатын саясатшыға балайды. Сiрә, екiншi тұжырым ақиқатқа сәйкестеу шығар. Дұрысында, Ш.Голль барлық ұлы адамдар секiлдi қарама-қайшылығы мол тұлға. Онысы заңды да. Талай жерде ол тiзе батыратын әрекеттерге дейiн барды және жеке басының емес, елiнiң мүддесi үшiн осылай еттi. Мәселен, елуiншi жылдардың аяғында Францияда қаржы дағдарысы туғанда ол банкирлердi шақырып алып: “Егерде кiмде кiм елден сыртқа ақшаны астыртын әкетсе, маған өкпелемесiн, бәрiңдi түрмеге отырғызамын”, дептi. Банкирлер қорыққанынан тыпыр ете алмаған. Ол кезде Ш.де Голль президент болатын.

Сонымен ол билiкке екi рет келiп, екi рет кеттi. 1946 жылдың қаңтарында үкiмет басшысы лауазымымен өз еркiмен қоштасты. Өйткенi, ол өмiр бойы парламентке қарсы болды және күштi президенттiк республика құруды аңсаған-ды. Парламенттiк демократия елiн нацизмнiң алдына жығып бергеннен кейiн, ол қайғылы сабақтан тәлiм алу қажеттiгiн ешқашан да ұмытқан емес. Ол осыған дейiн-ақ өз елiнiң әлемдегi беделiн күрт көтерген қадамдар жасап кеттi: аталған мемлекет екiншi дүниежүзiлiк соғыстағы жеңiмпаз державалардың қатарына, БҰҰ-ның және осы халықаралық ұйымының Қауiпсiздiк кеңесiнiң құрамын ендi.

Оны екiншi рет 1958 жылы билiкке қайта шақырады. Сол жылдың 31 мамыры күнi парламент (!) генералды өкiлеттiлiгi күшейтiлген Үкiметбасы етiп бекiттi. 75 жастағы бұрынғы қолбасшы ендi өзiн Елбасына үмiткерлерге ұсынып, сайлауда айқын басымдылықпен жеңiп шықты. Ең жоғары билiкке қолы жеткен соң дереу жаңа Конститутция қабылдау туралы референдум өткiзiп, сайлаушылардың 79 пайыз даусын алады. Сөйтiп Франция Президенттiк Республика болып жарияланып, Елбасының құзырына басым өкiлеттiктер берiлдi. Ешқашан әрекетсiз отырмайтын, сексенге жақындаған Шарль де Голль күнiне 17-18 сағат жұмыс iстеген екен!

Тындырған жұмысы да орасан. Ең әуелi сегiз жылға созылған Алжирдегi мағынасыз соғысты тоқтатты. Франция НАТО-дан шығып, ядролық қаруға ие болды, әлемнiң күштi үшiншi елiне айналды. Кеңес одағы және социлистiк елдермен қарым-қатынасты реттеп, АҚШ-тың Вьетнамдағы, Израильдiң араб елдерiне қарсы соғысын айыптаған президент елiнiң беделiн онан әрi өсiре түстi.

Сөйте тұра 1969 жылы 28 сәуiр күнi ол өз еркiмен билiктен бас тартты. Өкiлеттiгi үш жылдан кейiн ғана бiтетiндiгiне қарамады да. Арада бiр жыл өткен соң ата-бабасының мекен-жайында дүниеден озды. Парижден 220 километр қашықтықта орналасқан Коломбэ атты екiнiң бiрi бiле бермейтiн бұл шағын қалашыққа онымен қоштасу үшiн әлемнiң 84 елiнiң өкiлi келiптi…

Саяси мансап жылдарындағы сияқты жеке өмiрiнде де ұлы француз тасы өрге домалаған жылдар мен сәтсiздiк кезеңдерiн бастан кештi. Алайда жан-тәнiмен дiнге берiк қайраткер соның бәрiне де Құдайдың сыны ретiнде қарап, қыңқ етпеген. Ең бастысы — жұбайы Ивонне Вандру зайыбына адалдығын өмiр бойы сақтап, сенiмдi серiк бола бiлдi. Сүйiктi жарының сиықсыздау екендiгiн тiлге тиек еткен бiреулерге генерал: “Саясаткердiң әйелiнiң сұлу болуы мiндеттi емес. Өзiне көмекшi бола бiлсе, жарап жатыр” деген уәж айтыпты…

Голль атаққұмарлық, дүниеқоңыздық, зұлымдық, екiжүздiлiк сынды жексұрын қылықтардан ада болса керек. Опасыздықты ешқашан кешiрмеу — оның адами қасиеттерiнiң бiрi. Жан-тәнiмен француз болса да оның ешқандай әйелқұмарлығы, шарапқұмарлығы, сәнқұмарлығы байқалмаған. Қарапайымдылық пен қажеттiлiк — мiне, осы тарихи тұлғаның өмiрлiк ұстанымы.

Оның отбасында екi ұл, екi қыз өсiп-өндi. Қазiр ұлдарының бiрi — адмирал болса, кiшiсi — ұлтшыл. Екiншi қызы Анна өмiрге аурушаң болып келiп, жиырма жасында қайтыс болған. Соның қазасында әкесi өмiрiнде тұңғыш рет жылаған көрiнедi.

…Сен-Сирде оқуын бiтiргелi тұрған жас де Голльге бiр курстасы: “Шарль, мен сенiң ұлы тағдырға лайықты екенiңдi сезiп тұрмын”, — дептi. Шарль iркiлместен: “Иә, өзiм де солай ойлаймын” деп, жауап қайтарған. Тағдыры оның үмiтiн толық ақтап шықты…

P.S. Шарль де Голльге қарсы он бес рет қастандық жасалыпты. Бойы екi метрге жуық генерал соның бәрiнен дiн аман қалған және бұл жағдаят “Гиннес кiтабына” енгiзiлiптi…

Досының отаншылдығына және бабасының Орта ғасырларда Жанна д, Арктың жасағында болғанын мақтан ететiндiгiне ерекше қайран қалған У.Черчилль Ш. де Голльдi “Мұртты Жанна д Арк” деп, үнемi әжуалаған көрiнедi…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ