Жаңалықтар

СЫТНИКТIҢ ТАҒЫ БIР САНДЫРАҒЫ

ашық дереккөзі

СЫТНИКТIҢ ТАҒЫ БIР САНДЫРАҒЫ

“Политон” пiкiрсайыс клубының кезектi басқосуына орыс ұлтшылдары мен қазақтың мұңын жоқтап жүрген азаматтар жиналды. Баяндамашы — “Шаңырақ” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Асылбек Қожахметов: “Бiз өмiр сүрiп отырған ұлан байтақ жер — қазақтың жерi, бұл елдi мекендеп жатқан қазақстандық ұлт емес, қазақ ұлты, әрбiрден соң қазақ жерiнде өмiр сүрiп жатқан кез келген диаспора өкiлдерi мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн бiлуi тиiс” деген сияқты нақты тезистердi тiзiп бердi.

Алайда, баяндамашының бұл пiкiрiне ай мен күннiң аманында байбалам жасап жүрген орыстың ұлтшылдары қабақ шытқандай болды. Тiптi, “Русские в Казахстане” (russkie.org) сайтында орыс тiлi аясының тарылып бара жатқандығына дабыл қағып, қазақ елiндегi орыстардың атынан арыз жазуға машықтанған Михаил Сытник отырған орнында тыпыршып қалды. “Лад” славян қозғалысының бұрынғы мүшесiнiң айтуынша, саясат — дiни ағымның жаңаша түрi әрi пiшiнi iспеттес. “Қазақстан өз жерiн, байлығын, шекарасын кешегi Кеңес Одағы кезiнде екшеп алды. Яғни, бәрiн кеңестiк билiк құрды деген сөз. Сол себептен де, қазақ ұлты емес, “қазақстандық ұлт” деуiмiз керек. Қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл дәрежесiнде белгiленсе де, орыс тiлiнсiз ешқандай сала өркендемейдi. Егер Қазақстанда қазақтың саны 68 пайыз болса ғана қазақ тiлi туралы айтуға болар едi. Менiңше, тiл туралы мәселе қозғау әлi ерте” деп салды.

Өзiн “орыс ұлтының патриотымын” деп ашық айтқан ол қазақтың намысына тиетiн жаңсақ пiкiрлерiн үйiп төктi. Бәрi де сол баяғы “қазақта ештеңе жоқ, бәрi тек ұлы орыстың ақылының арқасында келдi…” деген сарындағы шовинистiк пиғылдан туған астамшылдық.

Осындай арандатушы ойларын айтудан жасқанбаған Сытниктiң сөзiнен кейiн негiзгi баяндамашы Асылбек Қожахметов жоғарыдағы пiкiрiнен танбай, елiмiздегi барлық диаспора өкiлдерi жергiлiктi ұлттың тiлiн, яғни, қазақ тiлiн құрметтеуi, бiлуi тиiс екендiгiн тағы бiр рет нық қайталай түстi. Мәселен, ол “Қанша жерден орыс тiлi — мемлекеттiк тiл қатарынан көрiнуi керек десеңдер де, бұл мүмкiн емес шаруа” деп қорытындылады.

Ал, белгiлi саясаттанушы Андрей Чеботарев: “Қазақ тiлiн жақсы көремiн. Қазақтың ұлт патриоттары бiрiншi кезекте қазақ тiлiнiң мектеп, балабақшада сапалы болуын қадағаласын” деген ой айтты. “Қазақстандық билiк бiрiккен ұлттық идеяны таба алмай жүр. Бiздегi орыс, казак, славян ұйымдары неге арыз-шағымын өз нанын тауып жүрген Қазақстанның президентiне емес, Ресейдiң президентiне жолдайды” деген салиқалы пiкiрiн бiлдiрдi. Республикалық “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм мен қозғалыстың орталық басқарма мүшесi Болат Дүйсембi: “Шындықтан қашып құтылу қиын. Кез келген елдiң азаматы ұлтшыл, патриот болмаса бұл мемлекет емес. Сондықтан сендер, диаспоралар қазақ тiлiн, қазақ ұлтын құрметтеп, сыйлауларың керек” деп басу айтты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ