Жаңалықтар

«ҚЫРЫҚ КIТАБЫМ БIР ТӨБЕ, БАЙРОН БIР ТӨБЕ»

ашық дереккөзі

«ҚЫРЫҚ КIТАБЫМ БIР ТӨБЕ, БАЙРОН БIР ТӨБЕ»

Бәдеш апа Хамзина, ақынның жары:

– Ғафу екеумiз 1946 жылы Алматыға келе жатқан жолда, пойызда таныстық. Оқу iздеп алып ұшып келе жатқан бетiмiз. Кiм жолда таныспайды дейсiң?! Танысқанымыз болмаса, қатты араласып кете қойғанымыз жоқ. Оқуға түстiк. Кейiн 1951 жылы ауылға барып қайтып келе жатқанымызда тағы жолықтық. Қасында бiр топ торғайлық жiгiттер бар екен.

– Екеуiңiз де бiр облыстан болдыңыздар ғой?

– Мен Қостанай қаласынанмын. Ал Ғафу болса Торғайдың Жангелдин ауданынан.

– Ол кезде екi облыс бөлек шығар…

– Онда да екi облыс бiрге. Торғай Қостанай облысына қарайтын. Төртiншi курстан бастап, қайта араласа бастадық. Жаңа жылдың алдында ол менен альбом сұрады. Ол кездерi альбомға естелiк, тiлек жазатын студенттердiң арасында бiр дәстүр болатын. Альбомымды жаңа жылдың алдында ғана қайтарып бердi. Тiлектердiң орнына бiр топ өлең жазған екен. Өлеңдерiн оқып, қасымдағы дос қыздарым: “Мына жiгiттiң өлең жазғаны тегiн емес. Саған деген көңiлi бар сияқты” деп менi қаузап қояды. Расында да, арасында “Қызғалдақ” деген өлеңi бар екен. Әлi күнге дейiн жатқа бiлем.

Неге, неге жас қызғалдақ,

Қыста көктеп тұрсың сен.

Қараймын да, қалам ғажап,

Әттең сырын түсiнсем,

О қызғалдақ, айтшы онда,

Көтершi бiр еңсеңдi.

Көз жасыммен суарсам да,

Қуартпаймын мен сенi, – деп бiтедi. Осы өлеңдi оқып қой, қыздардың маған қалжыңдап жүргенi.

Соңғы курс. Емтихан жақын. Ол уақытта Ғафу екi жолдасымен бiрге апайының үйiнде тұратын. Қасындағы екi жолдасы келiп, менi жиi шайға шақырады. Екеуi де қазiр тiрi. Бiрi – Әмiрғали, қазiр Астанада тұрады. Екiншiсi – Жетiасау, бүгiнде Алматыға көшiп келген. Ғафудың өзi келмейдi. “Қайда?” десең, “Қақаң ауырыңқырап қалды”,дейдi. Ерiп барам. Үйiне барған кезде , Ғафекең әп-әдемi отырады. Кетерiмде үндемей қалып қояды. Ғафекең сталиндик стипендияның иесi едi. Достары қалжыңдап: “Қақаң сабақты қойды, емтиханды тапсыра алмай қалмасын” дейтiн. Онда да көңiл аударғым келген жоқ. Сөйтiп жүргенде емтихан да бiттi. Мен де жақсы тапсырдым, Ғафаң да жақсы оқыды. Менi Қыздар институтына алып қалып едi, әдебиет факультетi жабылып қалды да, академияға ауыстым. Ғафу жолдамамен Жазушылар Одағына баратын болды.

Бiр бөлмеде сегiз қыз тұратын едiк. Барлығы шеттерiнен ауылдарына қайтып жатыр. Соңында бөлмеде жалғыз қалдым. “Ендi не iстеймiн?” деп ойланып отырғанымда, есiк ашылып, Ғафу кiрiп келдi. Ғафуды күтпегем, аңтарылып тұрып қалдым. Ол да сасқалақтап: “Есiк алдындағы әжелерiң жоқ екен, соны пайдаланып кiрiп кеттiм. Бөлмеде жалғыз қалғансың ба?”– деп сұрады. “Иә” деп жауап қайырдым. “Онда жүр, бiздiң үйге барайық. Жалғыз қайтып қаласың” дедi де, ша-маданымды жинастыра бастады. Үстiме бар әдемi киiмiмдi киiнiп, мен де дайындалып шыққандай, ерiп жүре бердiм. “Отыз тиын берiп, трамваймен алып қаштым” деп, кейiн жазған өлеңi де бар. Апайы есiктiң алдына шығып: “Бәдеш оқу бiтiрiптi ғой” деп шашуын шашып, қарсы алды. Сол күнi ауылдан немере сiңлiм де келетiн болған. Таңертеңгiлiк вокзалдан Ғафу екеумiз күтiп алдық. Көршi Iле ауданында шешемнiң сiңлiсi тұратын. Анам да сол үйде. Ғафу бiздi шығарып салып тұрып: “Апаңнан рұхсат сұрап кел” дедi. Бұйрық қой. Үйге келген соң, апайыма айтып едiм, ол кiсi: “алыс ауылда нең бар?” – деп ренжiдi. Расында да, Ғафудың ауылы қалаға алыстау жатыр. Алыс болса да, ол ауданнан қазақтың небiр мықты азаматтары шыққан. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов туған қасиеттi мекен. Жақында барып қайттым. Облыс қосылып кеткен. Жол алыс. Қаладан 700 шақырым жер. Жолдың бәрi кедiр-бұдыр. 11 сағат жүрiп бардым. Жағдайлары нашар екен. Үйлердiң көбi бұзылып кетiптi. Көше лас. Ауылдың бұрынғы бет-әлпетi қалмапты. Жақсы болсын, жаман болсын, Ғафудың кiндiк қаны тамған жерi. Балалар да өсiп қалды. Ғафудың өмiрден озғанына да он төрт жыл. Балалар бiр-бiрiн танысын, елiн-жерiн көрсiн деп алып бардым. Апайымның “алыс ауылда нең бар?” деп айтып жатқаны содан ғой. Апайым қарсы болған соң, өз шешеме айта алмадым. Әкем 37 жылдың құрбаны болған. Жалғызбын, анамның қас-қабағына қарап өскем. Анам таңертеңгiлiк шай iшiп отырғанымда: “Қызым, сабағыңды бiтiрдiң. Ендi бiреудiң етегiнен ұстаймын десең, рұхсат” дедi. Анамның рұхсатын алып, Алматыға қайттым. Ғафу өзi қарсы алды. Сөйтiп, үй болып кеттiк қой. Ғафудың орысшасы шамалы болатын. Алғырлығы болар, тiлдi тәуiр меңгерiп, аударманы да жасайтын болды. Демалмастан жұмыс iстеп жүрiп, 1956 жылы ақша жинап, Тастақ жақтан үй салдық. Алғашқы жылдары екi-үш жылда бiр кiтабы шықса, кейiн жыл сайын бiр кiтабы шығатын болды. 40 жыл қызмет атқарса, сол қырық жылда қырық кiтабы шығыпты. 1994 жылы “Жалын” баспасы хабарласып, “Сiз Байронды аудардыңыз ғой. Ендi таңдамалысын толығымен аударып берiңiз” деген өтiнiш жасапты. Өзi ауырыңқырап жүрген соң, “Аудармай-ақ, қоймадың ба?” – деп едiм, “Менiң қырық кiтабым бiр төбе, Байрон бiр төбе” деп жауап қайырды. Ортаншы қызымның туған күнiнде екi папканы қолтықтап барып, сыйға тартты. Сол жылдың қарашасында көз жұмды. Ал кiтап, келер жылы, яғни 1995 жылы шығады деп едi, бiрақ, қиын уақыттар басталып кеттi де, жарыққа шыға қоймады.

Ақша жоқ. Жазушылардың қызмет iстейтiнi ақша алады, қызмет iстемейтiндерiнде олда жоқ. Қаламақы деген мүлдем жоқ. Кiтаптарын шығара алмай қалды. Сондай бiр ақшадан қиналған қиын қыстау уақыт болды. 1996 жылы Мәдениет, ақпарат министрi Алтынбек Сәрсенбаевқа барып, қабылдауында болып, қайттым. Алтынбектiң көмегiменен 1997 жылы “Байрон” шықты. 70 жылдығында министрге тағы кiрдiм. Айналайын, жатқан жерi жайлы болсын, екi томын шығарып берем деп уәде берiп едi, шығарып бердi.

Биыл сексен жылдығына байланысты, министрге хат жазып едiм. “Көп томдығын шығарып беремiз” – деп уәде берген едi, әзiрге 1-томын шығарамыз деп жатыр.

– Ғафу аға сiздi жырға көп қосқан шығар.

– Расында да ағаң менi өте жақсы көрдi. Ағаңның сезiмiне менiң де адалдығым сол шығар, шығармаларының бәрiн жинақтап, басып қосып, кiтаптарын шығартып жатырмын. Бес кiтабын шығарып, қалған дүниелерiн де реттеп, бүкiл кiтабын қайтадан қарап жатырмын. Шынын айту керек, Ленин, Сталин, Хрущев туралы тапсырыспен жазылған өлеңдерi де болды. Тез тапсырыс беретiн. Өзiм жазбасам да, әдебиет факультетiн бiтiрдiм ғой. Өлеңдерiнiң көбiн реттеп отырдым.

– Балалары әкесiнiң жолын қумады ма?

– Бiздiң бiр ұл, екi қызымыз бар. Ұлым жазушы, орыс тiлiнде жазады. Мәскеуге барып, режиссерлiктi бiтiрiп келдi. Қазiр кино режиссер. Ұзақ уақыт архивте отырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерiн жинады. Сөйтiп жүрiп, қазақшаны меңгерiп алды. Қазiр әкесiнiң шығармаларын аударып жүр. Кiтаптары шығып жатыр. Әдет-ғұрып туралы тоғыз фильм түсiрдi. Қызым философия ғылымының кандидаты, кiшi қызым да тарихшы. Шүкiр, балаларым жаман емес, тек Ғафекең жоқ.

– Ғафу ағаның “Ана туралы жырын” бiлмейтiн қазақ жоқ. Бұл әннiң тарихы сiзге таныс шығар.

– Бұл өлең 1957 жылы шыққан. Елу бiр жыл айтылып келе жатыр. Ең бiрiншi бұл әндi Ришад Абдуллин айтты. Ғафу тапсырыс алса, тез жазып бiтiретiн әдетi. Ғафекең қызметiнде отырғанда, Шәмшi ақындарға келiп, “анам қайтыс болып, ана туралы ән жазып едiм. Соған кiм мәтiн жазып бередi?” деп сұрайды. Олар: “Жақында Ғафудың анасы қайтыс болды, Ғафуға бар” деп айтады. Содан Шәмшi кiрiп келiп, Ғафекеңе келген шаруасын айтады. Ол кезде поэзия бөлiмiн басқаратын кезi. Жағдайын айтқаннан кейiн, “отыра тұр” деп, он бес минуттың iшiнде жазып берiптi. Өйткенi, “Есейiп кетсем де, мен саған сәбимiн” деген сөздердi анасының құлпытасына жазған едi. Сол сөз әннiң қайырмасына iлiгiп кеттi. Ойда-жоқта тез жазып бередi де, оны ұмытып кетедi. Әлия дейтiн машинистка үлкен апайымыз бар едi. Сол бiр күнi жылап келе жатты дейдi. Ғафу көрiп шошып кетiптi. “Ой, апа, не болды?” десе, “Ой, айналайын, ана туралы әннiң сөзiн жазыпсың, оған Қалдаяқов ән шығарыпты, рахмет” дейдi. Тез, әрi шапшаң жазылған дүние едi. Ендi мiне, қаншама жыл айтылып келе жатыр, айтыла да бермек.

Шөмiшбай САРИЕВ, ақын:

ЖАРҚЫЛДАП ӨТКЕН БIР ЖАН ЕДI.

– Ғафу – ақын. Ғафекең жазба ақындар мен суырып салма ақындардың арасындағы алтын көпiр едi. Мен өмiрiмде үш шешен адамды мойындадым. Бiрiншiсi – академик Зейнолла Қабдолов. Үшiншiсi – жазушы Әбiш Кекiлбаев. Ал, екiншiсi – Ғафу Қайырбеков. Ғафеңмен тура он бес жыл бiрге қызмет iстедiм. Мен “Жұлдыз” журналының поэзия бөлiмiн басқарсам, Ғафекең бас редактордың орынбасары болып, менi басқарды. Ғафеңмен бiрге болған ғұмыр өте мағыналы, өте мазмұнды әрi қызықты едi. Екеумiз он бес жылдай ақын деген кадрлердi дайындадық. “Жұлдызға” екi өлеңi жарық көрген ақын-ақын едi. Жыл сайын өлеңдерi жарыққа шығатын ақындар Әбдiлда Тәжiбаев, қос ақын Қалижан Бекхожин мен Хамит Ерғалиев, екiншi қос ақын – Жұбан Молдағалиев пен Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытпаев пен Мұзафар Әлiмбаев, олардың iзiн басқан iнiлерi Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлi, Жұмекен Нәжiмеденов, Сағи Жиенбаев т.б Ғафекеңнiң ерекше бiр қасиетi – бiреу үшiн қуана бiледi, бiреу үшiн мұңайып, қайғыра бiлуi. Ақындардың жақсы өлеңiн тауып, алдына әкелсең, “ақын деген осындай болуы керек” деп, тебiренiп, толғанып отыратын. Ғафекең де, бiз де тамаша ақындарды тапсақ, тамаша өлеңдердi оқысақ, бiрге қуанып, артынша бiрге өлең жазатынбыз. Екi ақынды айтып өтейiн. Бiрi – Есенғали Раушанов. Ұмытпасам, Өзбекстанның Гагарин деген жабық қаласынан өлеңдерiн жолдапты. Ғафекең өзi оқып, өлең тойын тойлады, өлеңдерiн жарқыратып шығарды. Екiншi – ақын Көпен Әмiрбеков болатын. Поэзия бөлiмiн басқарған Ақұштап Бақтыгерееваның архивiн қарадым. “Жарамайды” деп жазыпты. Оның алдында ақын Мұқағали Мақатаев басқарған. Сол кiсiнiң архивiн қарасам, “жарамайды” деген, сатира-юмор жанрындағы сықақ өлеңдерi екен. Оқысам, тәп-тәуiр. Сатираның атасы Асқар Тоқмағамбетовтен бастап, бүкiл сатириктерге поэзия тiлiмен анализ берген. Маған қатты ұнады. Ғафекеңе алып барып едiм. Ол кiсi де ұната кеттi. “Мұқағали лирик ақын ғой, асылы сатираны ұнатпайтын болуы керек, “жарамайды” дегенiне қарағанда. Ал мынау нағыз сатирик болатын, болашағы бар жас ғой” дедi. Сөйтiп, Көпен ақынның топтамасын “Жұлдызға” бастық. Көпен содан – Көпен ақын болды. Бүгiнде “Көпен келе жатыр” дейтiн биiктiкке қол жеткiздi. Ғафеңнiң жүрегi осылай танымағанда Есенғали да, Көпен де осылай самғап шығар ма едi, шықпас па едi, Алла бiледi! Ғафекеңнiң үлкен еңбегi – поэзия кадрларын дайындап, оларға үлкен сенiм бергенi. Ғафекеңнiң “жақсы акын екенсiң” деген сөзiн алу, әдебиетке енумен бiрдей. Кейде орташалау, орташадан төмендеу өлең жазатындар келiп, мейрамханаға апарып сыйлайды. Журналға баса алмайтынымды айтып, қашқақтағанымда, “Шөмiшбай, бұл өзi өлеңi нашар болғанымен, азамат ғой. Өлеңiн баса алмағанымызбен, көңiлiн жерге қалдырмайық деп келдiк ғой” дейтiн. Әлгi өлең жазған авторға “сен бұған ренжiмейсiң ғой. Мүмкiн қабылет – дарын кейiн келiп, жазып кетерсiң, сенен ақын шықпайды деп жазуды қойып кетпе” дейтiн.

Ғафу ақын өмiрiн замандастарының портертiн образбен көмкерiп, суретшiнiң суреттерiмен салатын. Мәдениет министрi болған, қайталанбас тұлға Iлияс Омаровқа жазған “Сондай күн” атты өлеңiнде:

Шiлденiң шапшаң таңы жедел атып,

Құшақтап күн сұлуды домалатып,

Басына Алатаудың алып шығып,

Ал “мә” деп,Алматыға жiбердi атып.

Шашырап қарағандай күнде елесi,

Әр үйдiң алтын сурет терезесi,

Тек қана ол олжадан қалды қалыс,

Бiр үйдiң кеше жарық бiр бөлмесi, – дей келiп,

Күн қана ол қайғыны көрдi бұрын,

Алатау тұңғыш естiп, жер күбiрiн

Байқатпай тiршiлiкте бiр теңселдi,

Есiл деп ерте бiткен ер ғұмырын.

Алматы демалыста бақ құшақтап,

Манаурап тiршiлiкте жатты сақтап.

Жаңағы теңселiсте жапалақтар,

Өлеңде көк кiрпiкке жас моншақтап,– деп дүниеден озған Iлияс Омаровтың қайтуы сәтiмен өлеңдi түйiндейдi.

Бас иiп, бауырымдап халық тұрды,

Арқалап азалы ғой алып мұңды,

Азамат қалай болу керектiгiн,

Осы күн он сан жұртқа тағы ұқтырды,

Бәрi де әдiл айтып, ананы айтып,

Ел болып жатты көңiл аямай айтып.

Ол өзi қатты сүйiп қадiрлеген,

Оралды тiршiлiкпен тағы қайтып…”

Мен бұл өлеңдi тәптiштеп айтып жатқаным, Ғафекеңдi дүниеден озғанда, Ғафекеңдi Жер-анасына берген сәтте осы өлеңдi еске алдым. Ақынның жары Бәдеш апай айтады: “Ғафу көз жұмарының алдында “Шөмкенай, Шөмкенай” деп қоштасыпты. Менi ұнатпаса, Шөмiшбай дейтiн де, кейде жақсы көрiп, еркелеткен кезiнде “Шөмкенай, бай шөмiш” дейтiн.

Оның өлеңi табиғи өлең. Қашанда өмiрдiң барлығын сол табиғи қалпында жеткiзе бiлетiн өте дарынды, талантты адам. Бiрақ нәрсе келтiрейiн. Ол кiсiнiң кереметтей Орақ дейтiн өлеңi бар. (Iзтай Мәмбетовке арнаған өлеңi) Жалпы, осы өлең арқылы Ғафу Қайырбеков өзiнiң картинасын, өзiнiң полотнасын, өзi туралы жазғандай сезiнемiн.

Қайыңды сапты қара көк,

Болаттан соққан орақ ед.

Менiң момын әкемнiң

Бар қаруы сол-ақ ед.

Шiлденiң күнi туғанда,

Шалғындар балқып пiсерде,

Ойхой, орақ сумаңдап,

Түсушi едi пiшенге,

Шабытпен әкем бiр жойқын,

Жосылса кiрiп соныға,

Сермеген сайын бiр толқын,

Жығылып қалып соңында,

Шыңылдап жанжақ дөңгелеп —

Дүние билеп кететiн,

Ұша алмай қалған көбелек,

Қанатын қиып өтетiн.

Жұмыскер едi сол орақ,

Тым iскер едi қат қандай,

Жыл сайын көктеп алап,

Сағына тосып жатқандай.

Iздесем шабыт өзiмнен,

Алдымда жайнап жыр алап,

Кетпейдi ылғи көзiмнен,

Жарқылдай соққан бiр орақ!”

Осы Орақ сияқты өзi де жарқылдаған ақын болды. Ғабит Мүсiреповпен, Сәбит Мұқановпен жақсы араласты. Бiз жастаумыз, басқа жаққа кетiп қалғымыз келедi. Ағалар бiзбен жүргiсi келедi. Сондай кезде Ғафекең: “Әй, Шөмiшбай, бiр кездерi мен де осылай қашқақтайтын едiм. Сәбең “тауға барамыз, шығармашылық үйiне барамыз” десе, кетiп қалғым келетiн. Сол сияқты сен де менен қашасың-ау” деп қояды. Ғафең сөзге шебер, аудиторияны өзiне тартып алатын адам едi. Кереметтей күлдiргi сөзбен жиналған қауымды күлдiрiп алатын да, ары қарай ұлағатты ой пiкiрге ауысатын. Талай елге бардық, талай қызықтарды бiрге көрдiк.

Ахаң дүниеге келген, оның бер жағында Қайнекей Жармағамбетов, оның бер жағында Сырағаң , Сырбай Мәуленов дүниеге келген жерде өмiрге келген Ғафекеңнiң ақын болмауға да қақысы жоқ едi. Халықтың жүрегiн жаулау, оның барлық қасиеттерi Ғафекең де болды. Ғафекең жүрген жерде тарихи сөз қалатын. Оның жырлары ешқашан ұмытылмайды.

P.S. Әкесi қуғын-сүргiннiң құрбанына айналып, жетiм қалған, балалық шағы фашизмге қарсы соғыспен пара-пар келген, 13 жасында аудандық комитеттi басқарған Ғафу ақынның бүгiнде өлмейтiн жырлары, прозалары қалды. Қаншама қиындықтарды бастан кешсе де, мойымаған, бар жақсылықты өлеңнен iздеген, өлең жатса да, тұрса да серiгiне айналған Ғафу ақын туралы жазылар сөз де, айтылар сыр да көп. Ақын туралы айтылған толғамдардың бұл басы ғана. Ғафутану ендi ғана басталғандай…

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА